Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БЖЗҚ – дағы қаржы қайда жұмсалады?


22 января 2016, 04:48 | 1 262 просмотра



Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражаттарының қайда жұмсалатыны келесі айда белгілі болатындығы туралы мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрі:  «2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық Қорды басқару мен БЖЗҚ басқару кеңестері біріктірілді. Зейнетақы қорындағы қаражаттарды қайда инвестициялау қажеттігі туралы шешім көп ұзамай қабылданады. Меніңше, бұндай шешім ақпанда орын алуы мүмкін. Сол кезде кеңес отырысы өтеді. Онда Ұлттық банк пен Үкімет 2016 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаттарын қайда бағыттау керектігін анықтайтын болады. Сондай-ақ, ол – Үкіметтің, Ұлттық банктің қаражаты емес, біздің зейнеткерлеріміздің, xалқымыздың ақшасы. Сондықтан, инвестициялардың міндетті табысы жеткілікті деңгейде болуы  тиіс. Екінші мәселе – оның қауіпсіздігі. Сол себепті бұл мәселеде өте салмақты   шешім шығаруға тырысамыз. Экономиканың нақты секторларын   қаржыландыру мүмкіндіктері едәуір үлкен. Ұлттық банкпен жұмыс  жалғасуда. Біз барлық аймақтардан барлық ұсыныстарды жинадық. Қазіргі  уақытта жобаларға зейнетақы қорынан бөлінетін қаражат көлемі анықталып  жатыр», – деді.

Сонымен қатар, Ерболат Досаев экономикалық қиындықтардың Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде орын алып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстан  өткен жылғы көрсеткіштер бойынша өсім көрсеткен. Ал мемлекетте қолға алынған негізгі жобалар биылғы жылы да қарқынды түрде жүзеге асырылмақ. «Дағдарысқа қарсы жоспарда көрсетілген мәселелердің барлығын тармақ-тармақ бойынша орындайтын боламыз. Біз мұнай бағасының құлдырауына қатысты түзетулерді айтып отырмыз. Даму сценарийлері бар, біз қазір жоспардың барлығын жаңартып жатырмыз», – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Баспасөз мәслихаты кезінде коммуналдық жүйелер, инфрақұрылымдық құрылыстарды қаржыландыру мәселесі де сөз болды. Бұл орайда Ұлттық экономика министрі қаржыландыру бағытының қысқармайтындығын ескертті. «2015 жылы екі бағдарламадан қаржы бөлінді, біріншісі – «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында 60 миллиарл теңге,  екіншісі – «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бағытында 66,2 миллиард  теңге. Биыл қосымша «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 90 миллиард теңге қарастырылып отыр. Осы қаражаттың барлығы жергілікті әкімдіктерге трансферттермен келіп жатыр», – деді министр. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкімен келіссөздер нәтижесінде бөлінетін 153 миллиард теңге де есепте бар. Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл қаражаттың барлығы еліміздегі коммуналдық саладағы құрылыстарға бағытталмақ. «Мұнайдың бағасы түсе бергеннен кейін, бюджетте қандай өзгерістер болатынын алдағы уақытта көреміз. Дегенмен, 2016 жылға  «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы қамтылған 90 миллиард теңге қысқартылмайды», – деп қорытындылады сөзін Ұлттық экономика министрі.

Автор:
Әсел ӘНУАРБЕК. «Түркістан» газеті».