Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІЗДІҢ МЕДИЦИНА: СЫН МЕН МІН


18 января 2016, 03:59 | 1 414 просмотров



Денсаулық сақтау саласының 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аяқталып, халыққа несімен ерекшеленді, не берді? Ал, ақ халаттылар бағдарламадан не ұтты, не үйренді? Бұл бағдарлама аяқталып, 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық » бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл сайынғы жарыққа шығып жатқан бағдарламалар халық игіліне ұтымды ма? Міне, осы тұрғыда медицинаның кем-кетіктерін ашық айтқандар да аз болмады. «Халық айтса, қалт айтпайды» -деген қазақ халқы. Тегінде дұрыс айтылған. Бірақ, пенде болғасын сүрінбейтін жақ, құламайтын тұяқ болмайды. Қарапайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейтін сала бойынша тұстары болады. Ашулық пен я болмаса сынның да сындарына тоқтала бермей, жариялап жатады. Оның үстіне медицинаны жалқау ғана сынамайтын шығар. Ал, осы тұста қарапайым халықты қоя тұрып, халық қалаулылары нендей пікірде екенін ескеріп, 2015 жылы денсаулық сақтау саласының қандай кемшіліктерін тапқанын еске алсақ. Қарапайым халық көп айтады. Бірін рас, бірін қосып айтады. Елдің сөзі көп жағдайда еленбейді. Ал, ел қалауларының айтқанын елемей өтпей кетпейді.

Қолдау бар, өрлеу жоқ!

Дариға Назарбаева депутат болғанда да, премьер министр қызметіне тағайындалғаннан кейін де денсаулық саласына тоқталмай кетпейтін. Міне, сол сындардың біразы:

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

2014 жыл, 17 ақпан-парламент сенат отырысы

- "Денсаулық сақтау министрлігін жауып тастаса да артық емес" деген пікір білдірді. Өйткені, денсаулыққа бөлінетін қаржы көлемі 5 есеге артқанымен, адами факторлар кесірінен, оның ісі кері кетіп барады. Бұған қоса, саладағы біліктілікті арттыру мен аккредитациядан өткізу ісін пысықтар көлеңкелі кәсіп көзі етіп алған. "Ақжол" партиясының фракциясы болса, "шетелдік дәріні шенділер тым қымбатқа алды" деп, жинаған хаттарын қаржы полициясы мен Бас покуратураға апарып тапсырған.

Денсаулық сақтау министрі Мәжіліске арнайы ерте келіп, мақтанышпен көрсеткен қос кәсіпорынның жұмысы бүгін қатаң сынға алынды. Өйткені электронды денсаулық сақтауды дамыту орталығы 7 жылда 6 миллиард теңге жұмсаған. Алайда жұмыстың оңтайлы жолын әлі таппаған. Денсаулық сақтау саласында аса ірі көлемдегі қаражат қолды болып жатыр. Ол жауапты министрлік емдеу мекемелерін аккредиттеу мен медициналық қызметкерлердің біліктігін бағалауды бизнес көзіне айналдырып алғанын айтты. Өзгесі аздай Самұрық-Қазына Фармация сатып алатын отандық дәрі-дәрмек көлемін 3 миллиард теңгеге азайтқан. Осы тұста депутаттар гепатитке қарсы қолданылатын дәріні Қазақстан өзге елден бірнеше есе қымбатқа алып жатқанын айтты. Мәселен Украина тура сол дәріні бізден 2, ал Грузия тіпті 3 есеге арзанға алып отыр.

2015 жыл, 28- қазан-парламент сенат отырысы

- «Мемлекет медицина және денсаулық сақтауға өте көп қаржы салды. Сондықтан көршілес аймақтар Ресей мен Қытай тәрізді бүгінгі таңда бізде де медициналық қызмет сапасын көтерудің орасан зор мүмкіндіктері бар. Бәрінен бұрын қазақстандықтар тарапынан әділ баға алу біздің әрқайсымыздың қазіргі уақыттағы басымдықты міндетіміз». Бізге медициналық көмектің қолжетімділігіне, сондай-ақ медициналық қызмет сапасына байланысты шағымдар көп түседі. Жалпылай айтқанда, көңіл толмаушылық деңгейі жоғары екені байқалады. Бұл қос тарапқа - дәрігерлер мен азаматтарға да тән болып отыр. Сіздер де жақсы білесіздер, шетелдерде медициналық қызметті пайдаланатындар саны артып барады.

Ол құрылатын міндетті медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелер мен дәрігерлерді рейтингті көтеруге, халықаралық аккредитация алуға және жалпы алғанда, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ынталандыратынына сенімді. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінде дұрыс психологиялық ахуалды қалыптастыру мәселесіне де баса назар аудару қажет.

2015 жыл, 10-қараша-парламент сенат отырысы

Денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктердің бар екенін, әрине, білеміз. Біз мұны Парламентте де айттық және бүгін осы тақырыпты кеңінен талқылауға мүмкіндігіміз барда проблемалардың қалып отырғанын және өз шешімін талап ететінін көріп отырмыз. Әрине, денсаулық сақтау сияқты үлкен салада қандай да бір шұғыл өзгерістер мен жұмақтағыдай өмір келе салмайды. Бұл әрдайым жүріп отыратын процесс. Оған адами ресурсы көп қажет, қаржылай да, басқа да талаптар қажет етіледі. Сондықтан, әрине, бәріміз шыдамды болуымыз керек. Біз бүгін халықтың көріп отырған медициналық жәрдемге қатысты шағымы жайлы, медициналық көмектің қолжетімділігінің деңгейін айтып отырмыз. Жалпы алғанда көңіл толмаушылық және қанағаттанбағандық жоғары деңгейде байқалып отыр. Екі тараптың да көңілі толмайды. Дәрігерлердің де, азаматтардың да көңілі толмайды". Елімізде медициналық көмекті шетелден алғысы келетіндердің қатары көбейген. "Қаржыландыру алады, кезекте тұрады, барлық жолды пайдаланады. Ал шетелдік көптеген мамандар дәрігерлеріміздің дайындығының деңгейі жақсы дейді, оның үстіне операция жасату үшін адамдарды сырт елдерге бекер жіберетінімізді айтады, олар сол операцияны өзімізде де жасауға болатынын айтты. Десек те, кемшіліктер жойылмай отыр. Мұнда мәселе медициналық жұмысшылардың төмен құзыры жайлы, осы саладағы мамандарды дайындаудың төмен деңгейде екені жайлы. Мұны бәріміз жақсы білеміз". Денсаулық сақтау саласына соңғы жылдары құйылып жатқан қаражаттың көбейген. "Бұл арқылы жаңа ауруханалар салдық, жаңа емханалар аштық, ең жаңа медициналық жабдықтарды сатып алдық, бірақ проблемалар өте көп. Медициналық мекемелердің айтарлықтай бөлігі апаттық жағдайда тұр, ескі. Сондықтан бұл мәселе дереу арада шешілуі тиіс. Және мұның барлығы да қауырт жағдайда болып отыр. Шикізатқа деген халықаралық экономикалық конъюнктураның қандай болып отырғанын біліп отырмыз, сәйкесінше, мемлекеттік бюджетіміздің табысы азайып отыр. Бәріміз де шығындарымызды қатаң түрде үнемдеу фазасына өтіп жатырмыз. Бірақ Мемлекет басшысы әлеуметтік сала - денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғаныс және білім беру деген сияқты салаларда бюджет қысқартуының болмауы керектігін айтты. Әрмен қарай дами бергені және қызметтің жақсарғаны керек. Бұл осындай басты постулат".

4 мың бос жұмыс орны бар!

2015 жыл, 29 қаңтар-парламент сенат отырысы

Тағы бір проблема - кадр тапшылығы. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 4 мың бос жұмыс орны бар. Бұл проблеманың одан әрі өсу белгілері де байқалады. Медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің шамамен 40 пайызы мамандықтары бойынша жұмыс істемейді.

Медицина саласы сын көтере бермейді!

Халық денсаулығы-мемлекеттің байлығы. Медицинаның маңызы ерекше. Осы тұрғыда кемшіліктерді бетке басып, қателіктерді мойындай білу де қажет. Қ.Тоқаев-еліміздің медицинада негізгі мәселелерге тоқталған еді.

Қ. Тоқаев, Қ.Р Парламенті Сенатының Төрағасы

2015 жыл, 20- қараша-парламент сенат отырысы

- Мойындауымыз керек, бұл бағытта біздегі жағдай жақсы емес, сын көтермейді. Жыл сайын қоғамдық өмірдің стратегиялық саласы саналатын медицинаға біздің жоғары оқу орындарымызды тамамдаған жүздеген даярлығы төмен мамандар келіп жатыр. Қажетті білім мен дағдының жоқтығынан олар ұлттық денсаулы сақтау жүйесіне залалын да келтіруде. Бұл - жалпыға мойындалған факт. Ол туралы баршаңыз да білерсіздер.

Дей тұрғанмен, Қазақстанның қалаларында жоғары білікті мамандар бар екенін, олар қарапайым ауруханалар мен клиникаларда қызмет етіп жатқанын да тілге тиек етуіміз қажет. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері, еңбекақыларын төлеудің жаңа моделіне сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысы 7-ден 25 пайызға артады. Бұл ретте спикер аталған шараны маңызды қадам ретінде санағанымен оны жеткіліксіз деп есептейді. Дәрігерлерді баспанамен қамту проблемалары баршылық. Тұтастай алғанда медицина маманының беделін арттыра түсу қажет. Біз қыруар жұмыстар істейтін медбикелер мен санитарлардың еңбекақыларына үлкен назар аударуға тиіспіз. Біз өзіміз ұмтылатын батыс елдеріндегі жүйеде бұл бірнеше есеге жоғары. Медицина саласында бұрынғы қателіктерді қайталауға жол бермеу керек.

Қағазбастылықтан арыла алмай келеміз.

2015 жыл, 18 ақпан-парламент сенат отырысы

- Денсаулық сақтау саласындағы қалыптасқан ахуалға басымдықтардың ұдайы өзгерістерге ұшырауы әсер етіп келеді. Қаптаған бағдарламалық құжаттар, стратегиялар, нормалар мен ұсыныстарды толтырудан дәрігердің қолы босамайды. Денсаулық сақтау саласы бюрократтанып кетті. Азаматтар дәрігерлердің өздерін қараудан бұрын қағаздарды рәсімдеп, формулярларды толтырумен айналысуға мәжбүр екенін айтып, таң қалады, осыған шағымданады. Ал дамыған елдерде орнықты модельдер бекітіледі, сосын бағдарламалар мен стратегияларды өзгертуге ешкім құлықты болмайды. Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы үшін бір ғана оңтайлы модельге тоқталатындай уақыт жеткенін айтып, соны табанды түрде жүзеге асыру қажет. Бізде осы жылдары денсаулық сақтау министрлері аз ауысқан жоқ. Келген әр министр өзінің бағдарламасын ұсынып, Парламент депутаттарын соған сендіріп, әркім өзінің үлгісі оңтайлы екенін, сынақтан сүрінбей өткенін айтумен болды. Алайда олардың барлығының аяғы қалай болғаны да бәрімізге белгілі. Депутаттарға азаматтар тарапынан дәрі-дәрмек бұйымдарына, оның сапасына қатысты көптеген шағымдар түседі.

Дәріханалар контрафактілі өнімдерге толып тұрғаны да жасырын емес. Мұнда мемлекеттің реттеуші рөлі болмай отырғаны да анық.

Кадр тапшылығы

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жұмысына бағытталған сын-пікірлерге ведомстводағылар қалай жауап береді? Қолдарында бар деректерге негізделеді, және проблеманың шешу жолдарын қарастырады.

Қағазбастылықты азайту қажет...

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

2015 жыл, 20- қараша-парламент сенат отырысы

-Қазіргі қоғамда да депутаттар да қағаз бастылық жөнінде айтып жатыр. Ол мәселе бар. Дүниежүзілік банкімен бірге ақпараттық жүйені түзіп жатырмыз. Тура сондай әрбір мекемеде өзінің ақпараттық жүйесі бар. Біздің ақпараттық жүйемен медициналық мекемелердің арасында байланыс орнатуымыз қажет. Сонда ғана біздің әріптестеріміз ауру жөніндегі мәліметті екі жүйеге жазбайтын болады.

Депутаттар ведомство басшысына ақылы негізде медициналық колледждерде білім алған жастардың сапасы төмен екендігін айтып қалды. Кейбіреулері мұндай орта білім беру мекемелерін жабу керек деген де пікір білдірді.

Алдағы уақытта елімізде медбикелерді даярлаудың финдық үлгісі енгізілмек. Сондықтан да колледждер қайта даярлықтан өтеді. Сапаға сай еместерінің лицензиясы қайтарылып алынбақ.

Е. Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

2015 жыл, 28-қазан-парламент сенат отырысы

- Бүгінде жалпы сала бойынша дәрігерлердің үлкен тапшылығын байқап отырғанымыз жоқ. Халықтың жан басына шаққанда дәрігерлік және мейірбикелік кадрлардың арасалмағы бойынша біз халықаралық нормаларға сәйкес келеміз. Алайда, қала мен ауыл арасында кадрларды дұрыс үлестірмеу мәселесі бар. Қалада дәрігерлермен қамтылу айтарлықтай жақсы. Сонымен қатар ол деңгейлер бойынша медицина қызметінің мамандарын бөлуде проблема бар екенін айта келе: «яғни, медицина қызметкерлері жалпы тәжірибедегі немесе учаскелік дәрігерден гөрі бір бағыттағы маман болып істеуге қызығушылық білдіреді. Осыған байланысты денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасының жобасы аясында салада адами ресурстарды басқару шаралары қарастырылған. Сонымен қатар құжатта деңгейлер арасында медициналық ресурстарды қайта бөлуді қамтамасыз ету ескеріліп отыр. Бұл тұрғыда ынталандырушы тетіктер арқылы дәрігерлер мен мейірбикелердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Біз тоқталып өткен сын-пікірлер ресми түрде айтылған мәлімдемелер. Ойдан құрастырып, өтірік қосудан аулақпыз. Айтылған ақиқатты қоспасыз жеткізу маңызды. Сынның да сындарлысы бар. Әрқайсысымыз кейде өзімізше кімнің де болса бетіне айтамыз, ешкімнің сыртынан сөйлемейміз деп мақтанамыз, рас. Бірақ, шындықты айтып жүрміз бе, жоқ па, ол жағына аса көп алаңдамайтындаймыз. Үлгі алсын, ұлағат болсын деп, жанашырлықпен ізбасарларымызды шыншыл болуға баулып, әлде бетке айтып емес, беталды сөйлеп, ата-анамызбен қатар жандардың жанына қаяу салып, оқырмандарымызды теріс пікір қалыптастыруға бағыттап жүрміз бе? Сын шындық болғандықтан да ол ауыздан-ауызға жетіп, күні бүгінге дейін сақталып отыр. Ал қазір сын да, сыншы да көп. Түрлі басқарма, департамент басшылары немесе ауыл, қала, облыс әкімдерінің жұмыстары, өнер майталмандары, жалпы кім болса да сынға алынуда. Бұл сындардың барлығын шын сын деп айта аламыз ба? Мұнда мәселе, лауазымды тұлғалардың сыналуында емес, мәселе оларды сынап-мінеп жазып жүрген жандар да болып тұр. Өйткені, бүгінде мұғалім де, дәрігер де, балабақша тәрбиешісі де, кім болса сол кімді, нені сынаса да бөгет жоқ. Екінің бірі сыншы. Қарапайым халық немесе мықты сынаушы болсын, оның ортаға салып отырған сынының қаншалықты шындығы жанасады? Сынға алып отырған мәселесінен өзі хабардар ма? А. С. Пушкин кезінде: «Ақынды оның заңдылықтарымен, тәртібімен сынау керек» деген екен. Сол айтпақшы, сынап отырған адамды немесе нысанды жан-жақты зерттеп алу кейде бізге тән емес болып бара жатқандай. Тиісті басшыларды, әрбір сан-салалы салаларды сынға алып отырғандар олардың жұмысы жайлы қаншалықты дерек біледі? Істің мән-жайын толық білмей жатып, өздерін шындықты шырылдатып жаздық деп қалай айта алады? Мәселенің ақ-қарасын ажыратып, аражігін айыруға кәсіби тұрғыда біліктілігі де, өздерінің тәжірибесі аз екендігін аңғармайтын сыншылар , сынаған ақпараттарын бүкіл республика халқы оқитындығын ұмытпаса екен дейсің осындайда. Дәл осындай сындар медицина саласында да, ондағы қызметкерлердің жұмыс сапаларында да өрбуде.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ