Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дүниежүзілік банк Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасына қолдау білдіреді


18 января 2016, 03:52 | 1 380 просмотров



Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Аталған келісім Қазақстандағы жоғары сапалы, өзекті зерттеулер жүргізуді, технологияларды коммерцияландыруды ынталандырады. Бұл ретте елімізде қызмет етіп жатқан ғылыми-зерттеу институттары, жобалау бюролары мен инженерлік және ғылыми бейіндегі зертханалар арасындағы ынтымақтастықпен байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.

Тұтастай алғанда Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы инновациялар үшін білім базасын дамыту, инновациялық консорциумдар, технологияларды коммерцияландыру циклін шоғырландыру, ұлттық инновациялық жүйені шоғырландыруды күшейту секілді бөліктерден тұрады. Сонымен қатар, Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы алдағы бес жылдық кезеңді қамтиды.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың айтуынша, жобаның бірінші бағытында инновациялар үшін ғылым базасын дамыту қарастырылады. Оның ішінде ғылыми топтарға арналған грант қамтылады. Ғылым, өндіріс және мемлекет мүмкіндіктерін біріктіретін арнайы консорциумдар құрылатын болады. «Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы бірнеше құрамдастардан тұрады. Оның ішінде бірінші құрамдас аясында 30 млн. доллар бөлінеді, бұл инновациялық-енгізілетін жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Бұл үшін жүзге тарта жобалар іріктеліп алынады. Қаржыландыру сомасы 4 мың доллардан басталады болады. Ондағы мақсат - ғылыми жобаларды тәжірибелік, пилоттық, өнеркәсіптік өндірістік деңгейге шығару. Жобалар ЖОО-лар, зерттеу институттары мен инновациялық компаниялар арасында ашық конкурстар негізінде іріктеледі», - деді министр.

Оның айтуынша, тәуелсіз іріктеу мен одан кейінгі мониторингті қамтамасыз ету мақсатында ғылым мен коммерциялау жөніндегі халықаралық кеңес құрылады, оның құрамына бес шетелдік ғалымдар мен жергілікті өкілдер кіреді. Ал техникалық сараптамалар жүргізу жұмыстары Мемлекеттік ғылыми-сараптамалық орталық базасында жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда Келісімге сәйкес, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Қазақстанға Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасын қаржыландыруға 88 миллион АҚШ доллары сомасында қарыз береді. Аталған қарыздың өтеу мерзімі бес жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 15 жылды құрайды. Төленуге тиісті біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25 пайызына тең. Тұтастай алғанда, жобаны іске асыру ғылыми өндірістік байланысты ынталандырып, технологиялық инкубациялық циклін дамыту арқылы инновацияларды дамытуға жол ашады. Өнімділікті арттыруға және экономиканың бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.

Қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Автор:
Қанат Мәметқазыұлы