22 декабря 2015, 11:40 | 3 640 просмотров
Тамырын тереңге жайған тарихыма көз жіберер болсам, сананы талай ой тұңғиығына батырып, көкейге талай сұрақтың келетіні рас. Мысалы, "Біз кімбіз?", "Жұмыр жер бетінде қашан пайда болдық?", "Қай жерді мекен еттік?", "Тіліміз, мәдениетіміздің деңгейі қандай?".
Біз Өр Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен сақтан қалған сарқыты, ғұннан қалған жұрнағы, үйсіннің жүріп өткен ізіміз. Біз қазақпыз!
Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы сынға түскен жаугершілік заманда, яғни, 1458 жылы Әбілқайыр хандығынан іргесін бөлген Жәнібек пен Керей сұлтан Моғолстан жеріне Шу бойы мен Қозыбасқа алғаш еркіндіктің ақ жалауын тіккен едік.
Он бес отауды біріктірген қара шаңырағымыз 1991 жылы ыдырады. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы есті. Көңіл көк аспанындағы қасірет бұлты сейіліп, әнші бұлбұл шаттықтың әнін шырқады.
Өмірге жаңа сәби келді. Ол енді тәуелсіз елдің ұрпағы. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенде. Тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік етеді. Бұл сәбиге биыл 24 жыл. Осы сәбидің күні, ертеңгі тағдыры үшін боздақтарым жанын қиған. Асқақ арманға қол созып бүгінгі бейбіт уақытты көре алмай кеткен асылдар қаншама?! Ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда сап алтындай баға жетпес байлығымыз ұлт құндылығын берік сақтауымыз керек.
Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз. Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, ата — бабаларымыздың ғасырлар бойы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екені сөзсіз. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді. Не көрмеді бұл дала? Даласынан жауынан, ұлтын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата-бабамыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жер аударып көшумен болды. Тереңінде Абылай, Қабанбай, Бөгенбай батырлар мен Исатай, Махамбеттер елін, жерін жаудан қорғау жолында «қара қазан, сары бала қамы үшін», лай кешіп жүріп, қасық қандары қалғанша жандарын қиса, бері кезімізде Алаш атын сақтап қалу үшін жұртына «Оян қазақ!» деп ұран салып, маса боп ызыңдап, қараңғы халықтың санасын оятуды мақсат еткен М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтар орыстармен алысып жүріп, өмірден өтті. Тарих өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі. Қазақ жері қасиетті, өйткені ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атының тұяғымен дүбірлетіп өткен атамекенін аманат етіп қалдырды. Сол аманатын қиянатқа айналдыра жаздаған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы еді. Қазақтың ұлт тәуелсіздігі жолындағы ең соңғы күресі. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген бұл оқиға – қазақ жастарының еркіндікке, демократиялық жүйеге ұмтылысының беташары болды. Ұлан-байтақ жерімізді ат үстінен түспей жанқиярлықпен қорғаған ата-бабалардың ерлік-өнегесін, ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген алаш жастарының қайрат-жігерін осы желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың бойынан көруге болады. Ал, тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейінгі туылған сәби, бүгінде құрдас! Олар не ойлайды? Жасары мен берері қандай? Қайрат-жігері ше? Тілі мен діні, арлы ма намысты ма? Міне, осы сұрақтар төңірегінде тәуелсіздікпен құрдас, жас маман Ақмаржан Ерболатқызымен дидарласқан едік.
Ташимова Ақмаржан Ерболатқызы Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық аурухананың терапия бөлімі жедел жәрдем көрсетудің терапевт-дәрігері. Ақмаржан Ерболатқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында 1991 жылы маусым айының бірінде ұстаздар отбасында дүниеге келген. Балалық шақ кезінен медицина саласына ынтық өскен Ақмаржан Ерболатқызы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы КазҰМУ-дың терапия бөлімін бітірген.
- Ақмаржан Ерболатқызы, мамандықты балалық шақтан армандапсыз. Сіздің түсінігіңіздегі «дәрігер» ұғымын білсек?
- Менің түсінігімдегі дәрігер пейілі таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен дәрігерлік білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі-жылы, көңілі-дархан адам. Қолы ғана шипа емес, жан баласына шынайы көңілімен, емделушінің жан-түйсігін түсініп, тереңіне бойлайтын абзал жан болуы тиіс. Ақ халатты абзал жандарды Жаратушыдан кейінгі құтқарушы деп айтып жатады халық, сол атқа лайық қызмет атқаратын медицина қызметкері.
- Дәрігерлік жолдағы мақсат-мұратыңызға тоқталып өтсеңіз?
- Жас маман ретінде алға қойған мақсатым тек біреу ғана. Ол-білікті мамандардан жоғары дәрежеде тәжірибе жинау. Мен тәжірибе жинау арқылы ғана білімімді одан әріге шыңдай аламын. Білікті дәрігер боламын. Бүгінгі таңда жұмыс атқарып отырған облыстық ауруханадан бүгінгі күнге дейін үйренгенім көп, үйренерім әлі алда. Мұндағы дәрігерлеріміз келген жас мамандарға қолдауы жақсы, көмегін аямайды.
- Сізге алғашқы еңбек жолыңызды облыстық ауруханадан бастау алу қиын емес пе? Неліктен Алматы облыстық аурухананы таңдадыңыз?
- Негізі қиындық көрмей, өрге қарай жүру тіпті қиындау болады. Ал, қиындықты көріп, ізденіп өссең жұмысыңның жемісін бермей ме? Өз басыма қиын емес. Алғашында қиыншылықтан бастаған ісіңді, мойымай көтере білсең, қалғаны жеңіл. Мен өзіме осындай талап қойғанмын. Қиыннан бастап, жеңілге қарай бет аламын. Алматы облысын таңдаған себебім, студент кезімде осы ауруханадан іс-тәжірибеден өткенмін. Содан маған аурухана ұжымы ұнады. Оның үстіне ауылдық жерден өсу-өркендеу қиындау. Тәжірибе жинақтауда біраз қиыншылықтар туындайды деп ойлаймын. Жас маман ретінде бізге заманның сұранысына қарай шыңдалу қажет. Ал, оны ауылдық жер көтере алмайды деп түсінемін. Енді ауылдық жер мен қалалық жердің айырмашылығы жер мен көктей. Тағы бір айтарым, мен бұл ұжымнан алар тәжірибем мол, асар асуым алда.
- Сіздің ойыңызша ауылдық медицинаның талабы төмен болғаны ма?
- Ауылдық жердің талабы төмен дегенім жоқ, тек өсу қиын. Бүгінгі бәсекелестік заманда жас мамандардың білікті, білімді, ғылымды болуы керек. Сонда ғана елге, жерге деген бір үлесіңді қоса аласың.
- Ақмаржан Ерболатқызы, сіз жас маман ретінде бүгінгі медицина саласындағы білімге деген көзқарасыңыз?
- Күннен-күнге дамып отырған елімізде, өзгерістер болғаны дұрыс деп ойлаймын. Әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі болатын секілді, заманда да ерекшелік болғаны дұрыс. Неге десеңіз, бұрын соңды оқып жүргенде бір компьютерге екі адамнан отырушы едік, қазір әр баланың үйінде бар. Заманына қарай адамы деген осы. Білім саласы да осы заманның талабына қарай өзгерістер енудің үстінде. Бір жағынан қуантса, екінші жағынан қиындық туғызады. Білім тереңдей берсе, тәжірибеміз шыңдала түседі. Ол қиындаған сайын, біз шыңдала түсеміз.
-Алдағы бірнеше жылда өзіңіздің дәрігерлік мансабыңыздың дамуын қалай бағамдайсыз?
- Ең әуелі білімімді шыңдап, мол тәжірибе жинақтау. Білімімді дамыта отырып, жұмысымның қыр-сырларына тереңінен үңілсем, мен үшін үлкен бір белес болар еді. Тәжірибелі дәрігерлерден үйренерім мол. Сондықтан сол кісілер секілді мамандығымның мақтанышы болу.
- Ақмаржан Ерболатқызы, жас мамандарды қаражат жағы мазалайды деп жиі естіп жатамыз. Осы мақсатта сіз қосымша табыс көздерін табуға бет бұрасыз ба?
- Қазіргі біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда жас маман болсын, тәжірибелі мамандар болсын жалақылары төмен. Мен ойлаймын, әр маманның қосымша табыс көзін табуға уақыттары жеткіліксіз. Олар ақша табудың емес, жұмысының әуре-сарсаңына үлгеруін ойлайды. Ал, менің жеке басымда қосымша табыс табуға уақытым жоқ.
- Ақмаржан Ерболатқызы, сіз аурухана тәжірибесінен қандай проблемаларды жиі кездестіресіз?
- Жеке өз басымда дәрігерлік жолымнан орын аларлықтай проблемаларым жоқ. Таңдаған мамандығым балалық шағымның естелігі. Бұл жолыма күрсінетіндей, өкініп жүретін сәтім болған емес. Болашақта да болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Және де қиындықтарға тап болмағанымның бір себебі, осы аурухана ұжымдары жас маман деп бөле жармағандығынан болар деп ойлаймын. Олар әр келген жас мамандарға қолдарынан келгенше көмек
көрсетуге, медициналық жолдың қиын да, қызық та жолдарынан өтудің жолдарынан бағыт беруге ешқашан салғырттық танытпайды. Ұжымымның арқасында алға басып, мамандығымның шебері болуға талпынып келемін.
- Жақында Елбасы халыққа кезекті өз жолдауын ұсынды. Сіздің пікіріңіз?
- Қазір дүниежүзінің көптеген елдерінде дағдарыс. Өзіміз кейде үлгі тұтатын Батыс елдерінде де жұмыссыздық, жұмыс орындарын қысқарту белең алып жатыр. Оны күнде көріп, біліп жүрміз. Енді осындай жағдайда Қазақстанға не істеу керек? Бұл сұраққа жауапты Президент Жолдауда жақсы айтты. «Он екі мүшең сау болса, жұмыс істе», - деді. Қазақ еріншек, жалқау халық емес. Біз өзімізді өзіміз осылай кемсіте береміз. Қазақ – еңбекқор. Кешегі 90-шы жылдарда қиындыққа мойынсұнбай, елдегі ауыр жағдайды жеңіп шықты. Қазір біздің халыққа осындай рух керек. Елбасы жастарға қаратып өте орынды сөз айтты. Қазір білім алудан шаршауға болмайды. Жалқаулық танытып, бүгін жасайтын нәрсені ертеңге қалдырған адам, қазақшалап айтқанда, көштің соңында қалады. Себебі, қазір күн сайын емес, минут, тіпті секунд сайын бір ғылыми жаңалық ашылып жатқан кез. Ал сондай сәтте бір тәулікке кешігудің салдары кері әсерін тигізеді. Осыны ескерген Елбасы жастарды белсенді болуға, ерінбеуге, әр нәрсеге жауапкершілікпен қарауға, батыл әрекеттер жасауға шақырып отыр. Президенттің бұл сөздері жастардың рухын көтеріп, жігерін жандыратыны анық. Бәсекеге қабілетті ел болудың негізі – алдымен сол елдің жастарын соған лайық тәрбиелеу. Ендеше, жастардың жалындап жанатын шағы туды деп санаймын.
- Желтоқсан әкелген Тәуелсіздік! Сіз құрдассыз! Сіз не дейсіз?
- Қазақ халқы сан ғасыр армандаған, армандап қана қоймай жан алысып, жан берісіп күрескен тәуелсіздігіне осыдан 24 жыл бұрын қол жеткізді. Иә, дәл сол 1991 жылдың желтоқсанында ақ түйенің қарны жарылып, елім еркіндік алды. Бұл тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ.
Ал тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр, қайғыға толы кезеңдерімен есте қалады. 1916 жылғы көтеріліс 1928-1932 жылдардағы аштық, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы жерді дүр сілкендірген желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазақ жеріне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де, біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы желтоқсан! Осы бір жан түршігерлік оқиға қазақ халқының мәңгі есінде қалады. Желтоқсан көтерілісі — елімнің болашағы, бостандығы, егемендігі үшін болған соңғы күрес деп білемін. XXI ғасыр – білім ғасыры. Біздің алға қоған мақсатымыз — өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңімізге сеніммен қарайтын азамат болу. Тәуелсіздік — біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан бұлтармай алға баса береміз. Осы бақыт үшін баршамыз тәубе дейміз, осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қанымызды аямай жұмсаймыз.
Тәуелсіз ел тарихы – отаншылдықтың, ерліктің не екенін дәлелдейтін тамыры терең бай тарих. Елім, Отаным, деген қасиетті ұғымдар әр азаматтың өз табалдырығынан, өз ауылынан, өз өлкесінен басталады. Егемен еліміздің ертеңін нұрлы етер «барыс» текті намысты ұрпақ бойында ұлттық сана көрініс тапса, ақыл ойы мен жүрегінде туған жері мен еліне деген сүйіспеншілік орын тепсе, бұл қоғамымыздың қалыпты дамуы, өркениетке ұмтылу жолындағы нәтижелі көрінісі болып саналмақ.
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл — ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші – ең қадірлі күш. Бүгін Қазақстан әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел.
Ендеше, қазақ халқы, барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздік алуымыздың өзі үлкен жетістік деп білемін, яғни дербес мемлекетте өмір сүріп отырған ұрпақ шын мәнінде бақытты деп ойлаймын. 24 жыл тарих бедерінде көп уақыт емес. Бірақ бұл жылдардағы Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін аз деп айта алмаймыз. Тәуелсіздік –ел дәулеті,халқымыздың ертеңі. Ертеңімізді сақтайық, қазақ елі!