Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Денсаулық сақтау: болды мен болады


22 декабря 2015, 17:35 | 1 432 просмотра



Мемлекеттің даму және әл-ауқаты көрсеткіштерінің негізгісі әрі маңыздысы –халқының денсаулығы. Халықтың өмір сүру көрсеткіші, өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала денсаулығы –бұл мемлекеттің әлеуметтік жағдайын бағалаудың негізгі критерийлері. Ұлттың саулығы – мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Шыны керек, медицина саласы қоғам тарапынан ең көп сын айтылатын саланың бірі. Денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар мен өзгерісті халық белсене талқылай түседі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, медициналық білім, ауыл медицинасы, дәрі-дәрмек сапасы, мамандар тапшылығы мәселесі, медицина қызметкерінің бүгінгі келбеті. Осы айтылғанның барлығын біздің газет бетінде үнемі жарияланады. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап медицина саласында болған өзгерістер сан алуан. 24 жыл ішінде Денсаулық сақтау министрлігінде талай реформалар қабылданып, 10 шақты министрлер ауысты. Бүгінгі уақытты өткен күндермен салыстыруға келмейді, себебі 24 жыл өтті. Бәріне уақыт сыншы. Біз болашаққа бағдар беру үшін ғана өткенді саралаймыз. Нақты деректер мен дәйектерге негізделіп, бағамдаймыз.

Статистика сөйлейді

Медицинамызда жағдай бұрыңғыдан қарағанда жақсырақ деп айтамыз. Бірақ нақты дәлел келтірмейміз. Жалаң сөз болмас үшін, айтқанымызды айқындайық. Сендіру үшін сандарды сөйлетейік . 1991 жылы Қазақстанда 66 мың дәрігер, 198 мың орта буын медициналық қызметкер жұмыс жасап, 1805 аурухана болған. 1993 жылдан бастап медициналық мамандар саны күрт азайа бастайды. 1992-1997 жылдары Қазақстан денсаулық сақтау саласы үшін ғана емес, жалпы посткеңесттік мемлекеттер үшін ең қиын кезең болды. Дәрігерлер жалақысы тіптен аз болды. Ұлттық статистикалық агенттік дерегі бойынша 1993 жылы елемізде 64 мың дәрігер, 189 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1994 жылы ауруханалар саны 1651-ге дейін азайып, дәрігерлер саны 61 мың, орта буын медицина қызметкерлер 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны -54 мың, орта буын қызметкерлер саны -129 мың ғана болды. Сөйтіп, көрсеткіш бойынша 1992-1997 жылдар аралығында 12 мың дәрігер мен 67 мың орта буын медицина қызметкеріне дейін азайған. Талай мамандар медициналық мамандығын тастап, қаржы табу жолында кетеді. 2000 жылы Қазақстанда дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын медицина қызметкерлері 106 мың ғана болды. 2001 жылдан бастап мамандар саны қайта көбейе бастайды. Сөйтіп, 2002 жылы дәрігерлер саны 53 мыңға жетіп, 113 мың орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайтын болды. 2004 жылы бұл көрсеткіш дәрігерлер -54 мың, орта буын медицина қызметкерлері 117 мың адамға жетеді. Республикада халықтың саны 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда 49,6 мың адамға өстi және 2004 жылдың басында 14 951,2 мың адамды құрады. 2009 жылы бала туу көрсеткiшi халықтың 1000 адамына шаққанда 17,2-ні құрады және 1999 жылмен салыстырғанда 1,2 есе өстi. Республикада бала туудың өсу үрдiсi 1999 жылдан бастап байқалып отыр. 1999 жылдан бастап халықтың өлiм-жiтiм коэффициентiнiң болмашы өсуi байқалды, ол 1000 адамға шаққанда 2009 жылы 1999 жылғы 9,7-ге қарағанда, 10,5-тi құрады. Халықтың өлiм-жiтiм құрылымында жүрек-қан тамыры, онкологиялық аурулар, жарақаттану жетекшi орын алды. Республика халқының болжамды орташа өмiр сүру ұзақтығы 2004- 2005 жылдар iшiнде тұрақтанды және 2009 жылдың соңына қарай 65,9 жасты: ерлерде — 60,5 жасты, әйелдерде — 71,5 жасты құрады. Қазақстан Республикасы халқының жалпы науқастанушылық көрсеткiшi серпiндi өстi және 2009 жылы халықтың 100 мың адамына шаққанда 1999 жылғы 47972,8-гe қарағанда 56413,9-ды құрады.

Ана өлім-жiтiмi көрсеткiшiнiң 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 65,3-тен 42,1-ге дейiн азайғандығы байқалды. Республикада ана өлiмi негізгi себептерiнiң бiрi — әйелдер денсаулығы индексiнiң төмендiгi болып, ол 20- 30%-тi құрады.

Заманмен заң өзгерді

1991 жылы Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында Қазақстанның тарихында тұңғыш рет «Халықтың денсаулығын сақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. 1996-1998 жылдары денсаулық сақтау жүйесiне принциптi түрдегi жаңа екi элемент енгізілді. Олар: сатып алушы мен сатушы қатынастарының және медициналық көмектiң көлемi мен сапасына байланысты сараланған еңбекақы төлемiнiң пайда болуына мүмкiндiк туғызатын денсаулық сақтауды қаржыландырудың бюджеттiк- сақтандыру моделi. 1999 жылдан бастап бөлінетін қаражатқа байланысты түпкiлiктi нәтижеге бағдар ұстануға мүмкіндік беретiн бағдарламалық қаржыландыру енгiзiлдi. Сонымен бiрге, реформаларды талдау көрсеткендей, олар елеулi өзгерiстерге бағытталмады, өзiнің қисынды ақырына жеткiзiлген жоқ, және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды түбегейлi өзгерте алмады. 1997 жылы денсаулық, білім беру және мәдениет саласы бір министрлікке бағынатын болды. 1999 жылы министрлік атауы тағы өзгертіліп Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі болды. Одан кейін Білім, спорт, денсаулық болып жеке министрліктер құрылды.

Мемлекет басшысының 2005 жылға арналған Жолдауында саланың басқару жүйесiн, денсаулық сақтау iсiн қаржыландыруды, ұсынылатын медициналық көмек берудi ұйымдастыруды, денсаулық сақтау жүйесiнiң нормативтiк базасын, саланың статистикасы мен оны ақпараттандыруды, есептілiктi оңтайландыруды жетiлдiруге, сондай-ақ қаржы ресурстарын тиiмдi пайдалану мен сатып алуды міндеттi түрде орталықсыздандыру бөлігінде байыпты өзгерiстер жүргiзу қажеттiгi көрсетiлген. Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған осы мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстанның 2030 жылғы кезеңге дейiнгi Даму стратегиясын, Президенттiң «Бәсекеге қабiлеттi Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн, бәсекеге қабiлеттi халық үшiн!» атты 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру мақсатында әзiрленді. Бағдарламада Қазақстан Республикасында қолжетімді, сапалы, әлеуметтiк бағдар ұстанған және экономикалық тиiмдi денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға бағытталған қажеттi экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдастырушылық және басқа да шаралардың жиынтығы белгiленді.

2006 жылы орта буын медицина қызметкерлерінің саны 125167-ға көбейеді. Ауруханалық мекемелер саны 1086 болды. Денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткенімен, Ерболат Досаев үкімет жұмысынан алшақтаған емес. Бүгін ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметін атқарады.

2006 жылы үкімет тарапынан жүрек қан-тамырлар ауруларын емдеуге бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылады. Осы жылы Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заң қабылданады. Бұл Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын iске асыруды қадағалайды. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы Қазақстан Республикасының Кодексi 2009 жылы 18 қыркүйекте қабылданды. 2009 жылы дерігерлер саны 60656 маманға жетеді. Орта буын қызметкерлер саны 138610 дейін көбейіп, ауруханалр саны 1020 болды. Қазақстан медицинасында орын алған түбегейлі өзгеріс 2010 жылғы Біріңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі баршаға аян, тәжірибеге 2010 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді. Жүйе қабылданбас бұрын нормативтік-құқықтық база сәйкестендірілді. Бұл бағдарлама – еліміздің медицина саласындағы ең ірі бағдарламаларының бірі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарғысымен бекітілген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өз бейнесін тапты. Ел басының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында БҰДСЖ енгізу үдерісін 2013 жылға дейін аяқтау бойынша тапсырмалар берілді. БҰДСЖ негізгі ерекшелігі - емделушінің дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау қағидасын енгізу жолымен медициналық ұйымдар арасында бәсекеге қабілетті ортаны құру болып табылады. 2011 жылы «Медициналық қызметкерлерге ақы төлеу ережелерін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.05.2011 жылғы № 310 бұйрығына сәйкес соңғы нәтижеге байланысты медициналық қызметкерлерге сараланған еңбекақы төлеу үшін жағдайлар жасалды және бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) ұйымдарына жан басына шаққандағы нормативтің қосымша компонентіне төлем төлеу шараларына мониторинг жүргізу басталды. БҰДЖ- енгізу, «Саламатты Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру жұмысытары 2010 жылдан бастау алды. 2010 жылдар бері денсаулық сақтау саласында болған өзгерістерді (әрине ДСМ-нің дерегіне сүйеніп) саралап көрсек, нәтиже былай болды: Республикада өмір сүру ұзақтығы 2,5 жылға өсті (2008 ж. – 67,11; 2012 ж. - 69,61). Мемлекеттік бағдарламамен 2015 жылы 70 жасқа жету қарастырылған. Кейінгі 10 жылда (2003 жылдан бастап) елімізде туу көрсеткіші 1,3 есе көбейгені байқалады. Халықтың табиғы өсімі 2,1 есе көбейді. Ана өлімі 3 есе азайды, бала өлімі, еліміздің БДСҰ-мен ұсынылған тірі және өлі туу өлшеміне көшуі ескеріліп, 1,5 есе азайды. 2013 жылдың 1 жартыжылдығында республикада ана өлімінің көрсеткіші 15,2%-ға төмендегені байқалады. Бала өлімінің көрсеткіші 17,7%-ға төмендеді. Неонатальдық және педиатриялық көмек біршама жақсарды. Перзентханалар мен балалар стационарлары үшін қажетті медициналық құрал-жабдықты сатып алуын кезең-кезеңмен қаржыландырылуының арқасында перинатологиялық орталықтардың жабдықталуы 60 - 90% - ға жетті.Бүгінгі күні Республикалық санитарлық авиацияның қаржыландырылуы өсіп, 2013 жылы 1,8 млрд. теңге құрады. Кейінгі 11 жылда кардиохирургиялық операциялардың саны 23 есе, оның ішінде балаларға жасалған операциялардың саны 4 есе артты.

Бүгінгі бағыты ертеңге бағдар

Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы деректері бойынша, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың туберкулезбен сырқаттануын төмендетуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Елімізде аталған аурумен сырқаттану 6 жылдың ішінде 1,6 есеге, оның салдарынан туындайтын өлім-жітім 2,6 есеге төмендеді. Биылғы жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау саласы қызметінің қорытындысы туралы ҚР ДСӘДМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің өкілдері баяндаған. Сонымен, 2015 жылдың 9 айындағы ана өлімінің көрсеткіші тірі туған 100 мың адамға шаққанда 11-ді құрады. Бұл 2014 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,7%-ге төмен болып отыр (11,8). Сәби өлімі 6,7%-ға төмендеп, 2015 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 100 мың туылғандарға шаққанда 9,5-ті құрады (2014 жылдың 9 айында – 9,9). Туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 59,7-ні құрап отыр, 2014 жылдың 9 айында 67,3 болған болатын (11,3%-ға төмендеді). Туберкулезден болатын өлім-жітім 21,2%-ға төмендеп, 100 мың адамға шаққанда 3,5-ті құрады, 2014 жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіш 4,4 болатын. Қатерлі ісік ауруларынан болған өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 86,2-ні құрады, 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі 9 айда 100 мың тұрғынға шаққанда 89,8 болған. Қан айналым жүйесінің ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2207,9-дан 2071,2-ге немесе 9%-ға төмендеді Жарақаттану мен уланудан болған өлім 2,6%-ға қысқарып, 100 мың тұрғынға шаққанда 89,9-дан 86,5-ке азайды. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық қызметкерлер алдында 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту міндеті тұр.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің айтуы бойынша, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін кешенді және жүйелі іс-шараларды қарастыру қажет. Сондықтан, жыл аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша арнайы іс-шаралар алгоритмін жасауды тапсырамын. 1 қаңтардан бастап жұмысты осы алгоритмдерді қолдана отырып жалғастыру жоспарда бар көрінеді.

Автор:
Мәдина Омарқұлова