Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Демография мен дағдарыс


22 декабря 2015, 11:34 | 5 756 просмотров



Әлемдік қаржылық дағдарысты шешу жолдарының жан-жақты әдістерін қолданғанымен, алпауыт мемлекеттер оң нәтиже шығара алмады. Неге әлемдегі экономикалық өсу көрсеткіштері баршаны қынжылтады? Сарапшылар түрлі себептерді дәйекке келтіреді, бірақ... Алпауыттардың экономисттері енді түсінгендей, барлығы демографияға байланысты.

АҚШ-тың атақты The Wall Street Journal басылымы жазғандай, келесі жылы әлемнің алпауыттарының экономикасы сынды сәтті бастан кешірмек. 1956 жылдан бері осы елдерде еңбек жасындағы халық саны азаяды. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға кемиді. Еңбек ресурстарының күші Ресей, Қытай нарығында да сирей түспек. Сонымен қатар, жасы 65-тен жоғары халық саны артып түседі. Бұл БҰҰ-ның білгірлерінің болжамы.

1950 жылы жер бетінде 2,5 миллиард адам болды. Еңбекке жарамды халық жеткілікті еді, және олар балалар мен қарттарды асырап отырды. Әйел адамдар әдетте дүниеге 5 баладан әкелетін. Бүгін жер бетінде 7,5 миллиард адам бар. Бірақ әйелдер бала тууды «азайтты». Әрбір әйелге 2,5 баладан келеді екен. 2050 жылға қарай біздің планетада 10 миллиардқа жуық адам болады деп божануда. Алайда, табыс көзі жоғары елдерде тек 13% халық қана өмір сүреді. Сондай-ақ, бұл елдерде егде жастағылардың саны артады. Яғни, әлемнің ең мықты деген экономикасы еңбек күшінің үнемі қысқару проблемасына шалдығады. Егер бұрын адам тым көп дейтін болса, бүгінгілердің проблемасы – адам аздығы болып отыр.

Бұл заманымыздың қалыптасып қалған екі тенденциясынан көрініс тауып отыр. Біріншісі- өмір жасының ұзаруы, екіншісі туу көрсеткішінің азаюы. Егер қарапайым нарықтық тілмен айтсақ, компанияларға жұмысшылар мен клиенттер жетіспейді. Нәтижесінде, экономикалық өсу болмайды. Халық қартаяды, сонымен бірге олардың сатып алу-сату әдеттері өзгереді. Нарықтағы сұраныс автокөлік сияқты ұзақ мерзімді тауарлардан кеміп, денсаулық сақтау саласына қарай өседі. Иә, денсаулық болмаса дүниенің қажеті де болмай қалады емес пе?!

АҚШ-та экономикалық өсімнің төменгі көрсеткіші жұмыссыздық мәселесінің 50%-ға азаюуымен тұспа-тұс. Бұл жағдайды олардың демографиялық ахуалы айдан анық түсіндіріп отыр. Экономикаға жаңа жұмыс орындарын қажет етпейді, себебі еңбек ететін адамдар аз. Себебі, құрама штаттардың бэби-бум ұрпағы бүгін зейнет жасына жетті.

Зейнетақының өсуі Греция сияқты европа елдерінде қарызға батуының бір себебі. Германия да осы себептен экономикасын стимулдаудан, яғни ынталандыруға бел бумай отыр. Экономикасы мызғымас болып көрінген Қытай да, бүгін 1979 жылы қабылданған «бір бала саясатын» қолдану арқылы халық санының тез өсуін баяулатпақшы болған. Бірақ бұл саясаттың соңы ел тұрғындарының ішінде қарт адамдардың үлес салмағының артуына соқтырған. 2013 жылы Қытай үкіметі «бір бала саясатын» оңайлатып, миллиондаған отбасыға арнайы шартпен екі бала өсіруге мүмкіндік жасаған. Енді, ондаған жылға созылған Қытайдағы «бір бала саясаты» жойылмақшы. Қытайдың коммунистік партиясы елдегі барлық ерлі-зайыптыға ендігәрі екі баладан өсіруге рұқсат беріп отыр.

Әлемде осындай демографиялық өзгерістерге мемлекет пен бизнес қалай төтеп берудің қарапайым шешімі мен жауаптары жоқ. Себебі, әрбір мемлекетте халықтың қартаю көрсеткіші өзіне ғана сай. Бұл табиғи процесске әр елдің дайындығы да әр қилы. Біреулер автоматизация өндіріс күшін ұлғайтып, ұлғайып келе жатқан қарттарды жәрдем болады дейді. Сондай-ақ, бүгін қартаю бағамын өзгертуді көздейтіндер бар. Бұған дәлел ретінде бүгінгі 65-жастағы адам, бұрын 40 жыл бұрынғы 58-жастағы тұлғамен денсаулығы бірдей деп келтіреді. Нәтижесінде, олар ұзағырақ жұмыс істеуіне болатынын алға тартады.

Ал бай мемлекеттер табысы төмен Африка мен Азия елдерінен келген келімсектер күшіне сенеді. Бұл еңбекке жарамды халықтың санын ұлғайтады. Алайда, біз бүгін европадағы иммигранттар мәселесінен туындаған түрлі қарамақайшылықтардың куәгеріміз.

Халық сананың мәселесі экономисттерді бұрыннан алаңдатқан. 1798 жылы британдық эссеист Томас Мальтус адамзат саны өндіріс пен азық-түліктен жедел өсіп, салдарынан халық аштық пен кедейлікте күнелтетінін болжаған. Ол қателесті. Батыс әлемінің елдері 19-20 ғасырларда тез өсті, тек 1918-1919 жылдарда орын алған Бірінші дүниежүзілік соғыс пен испан гриппы салдарынан біршама халық мерт болған. Өндіріс пен ауыл шаруашылықтың өсімі көп халықты да аштан қалдырмауға болатынын дәлелдеді. Екінші дүниежүзілік соғысы да әлемде халық санының азаюының негізгі себептерінің бірі болды. Бірақ , соғыстан кейінгі уақытта жер бетінде жаңадан жаңғыру заманы басталды.

Бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласындағы прогрес пен тамақтанудың жақсаруынан халық саны арта түсті. Балалар өлімі бірден азайып, өмір сүру ұзақтығы өсті. Осы сәтте көптеген ғалымдар тарапынан жер бетіндегі халық санының тез көбеюі алаңдатты. Бірақ, бірте-бірте дамыған және дамушы елдерде бала туу көрсеткіші төмендеп кетті.

Жапонияда 1996 жылға қарай еңбеке жарамды халық саны азайды, ал бірнеше жыл бұрын тіптен жалпы халық саны кеміді. 2050 жылы әлемде жалып халық саны 32%-ға өседі, алайда еңбекке жарамдық көрсеткіші (15 -64 жас) бар жоғы 26%-ға көтеріледі.

Дамыған мемлекеттер қатарындағы Оңтүстік Кореяда халықтың еңбекке жарамдылығы 26%-ға, Жапонияда 28%-ға, Германия мен Италияда 23%-ға кемиді деп болжайды БҰҰ. Табысы орта деңгейдегі мемлекеттерде бұл көрсеткіштер 23%-ға өседі. Жоғары өсім 33%-бен Үндістанның еншісінде болады. Бразилияда 3%-ға өсіп, Ресей мен 21%-ға кемиді.

Бай мемлекеттер ішінде 2050 жылға қарай еңбекке жарамды халық саны 10%-ға өседі. Бірақ, жалпы халық саны 66-дан 60%-ға кемиді. Бір сөзбен айтқанда демография өсімді тежейді.

Қазақстан демографиясы

Адам – планетамыздың басты баға жетпес байлығы. Адамзат факторының қоғам өмірінің барлық саласындағы алатын орны аса маңызды. Бұл ешкім қарсы келе алмайтын шынайы шындық. Қазақстандағы халық саны жыл басындағы дерек бойынша 17 млн. 400 мың адамға жетті. 2013 жылғы 1 желтоқсанымен салыстырғанда халық саны 251 мың адамға өсті. Ресми дерекке сүйенсек, туылғандар саны 368 мыңға жетіп, 1,6 пайызға артты. Ал қайтыс болғандар 120 мың адамды құрап, 4,7 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, 2014 жылы қаңтар-қарашада елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 15 185 адамды құрады. Ал елден кеткендердің саны 18,8 пайызға көбейіп, 26 869 адамды құраған. Атап айтқанда, еліміздегі негізгі көші-қон бұрынғыдай ТМД елдері аясында сақталып отыр.

Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында байқалды. Ерлердің саны 7201,8 мың болса, әйелдер 7751,8 мыңды құрады. Соңғы он жылда ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мыс., қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Сондай-ақ, күрд (29,1%-ға), дүнген (23,3%-ға), ұйғыр 15,9%-ға), өзбек (12%-ға) халықтарының саны да өсті. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді, немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кеміген. 1960 жылдан бастап көшіп келушілер мөлшері біршама азайып, жыл сайынғы мөлшері 60 – 70 мыңдай адам болды. 80-жылдардың екінші жартысынан, әсіресе, 1990 жылдан кейін Қазақстанды мекендеген шет жұрттықтардан көшіп кетушілер саны өсе бастады. Қазақстан халқының саны 2003 ж. қаңтарда 14862,5 мың адамға жетті (қ. 4-кесте). 1990 жылға дейін Қазақстан халқының демогр. жағдайы тұрғындар санының ұдайы қарқынды өсуімен, қалада тұрушылар үлесінің шұғыл артуымен, ұлттық құрамының қарқынды араласуымен, халық тығыздығының біркелкі болмауымен сипатталды. 1990 жылдан кейінгі кезеңде славян, герман тектес тұрғындардың өз еліне қоныс аударуы көбейіп, республика халқы едәуір азайды, қазақ және басқа түркі тектес халықтардың үлесі артты, сондай-ақ, нарықтық қатынастарға байланысты ішкі көші-қонның әсерімен қала тұрғындарының саны өсе бастады.

Қазақстан жер аумағы үлкен (2724,9 мың км²) болғанымен халық сирек қоныстанған елге жатады. Оның аумағының сәйкес түрде 1 км²-не 5,4 адамнан келеді. Тұрғындар үшін табиғат жағдайы неғұрлым қолайлы өңірлер – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары (Алматы қаласын қоса алғанда). Мұнда республика тұрғындарының 37,8%-ы орналасқан. Салыстырмалы түрде тұрғындары көп келесі аймақтар – Солт. Қазақстан аймағы: Қостанай, Солт. Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының аумағы. Мұнда ел тұрғындарының 24,8%-ы орналасқанШығыс Қазақстанда республика тұрғындарының 10,2%-ы тұрады, Орталық Қазақстанда (Қарағанды облысы) республика тұрғындарының 9,4%-ы орналасқан. Халық ең аз қоныстанған аудандар батыс аймақтар – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Қызылорда облысы Мұнда бүкіл тұрғындардың 17,7%-ы орналасқан. 1999 жылғы санақ жүргізілген кездегі ҚР-ның әкімш.-аумағы бірлігінде 84 қала, 200 кент, 2036 ауылдық округ, 7684 ауылдық елді мекен болады. Ресми статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстан тұрғындарының 56%-ы қалалық елді мекендерде, 44%-ы ауылдық елді мекендерде тұрады.

Автор:
Мадина Омарқұлова