22 декабря 2015, 11:27 | 2 570 просмотров
Барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық.
Олар аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін жасайды. Әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, «Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығады. Сондай адамзат баласы ерекше қадір тұтатын мамандық иесі – Сәуле Нұрақымқызы. Жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Ол осы қызметтің негізгі бағыты – халқының амандығын қамтамасыз етіп, денсаулық саласындағы Елбасы Жолдауында ерекше аталған тапсырмаларды жүзеге асыруға аянбай еңбек ету қажеттігін толық мойындайды. Кейіпкеріміздің өмір белестеріне оралатын болсақ, Бейсебаева Сәуле Нұрақымқызы Алматы облысы Сарқан ауданы қазіргі Шатырбай ауылында 1957 жылы 16 –желтоқсанда қарапайым да өнегелі отбасында дүниеге келген. 1964-1972 жылдары Новопокровка ауылында 8 классты жақсы тәмамдап, Талдықорған қаласының медициналық училещесіне 1972 жылы оқуға түсіп, 1976 бітіреді. 1976 жылдың 1-тамызында Сарқан аудандық орталық аурухананың хирургия бөліміне медбике қызметіне қабылданады. Кейіннен 1983 жылы қаңтар айынан бастап хирургия бөлімінің анестезия медбике қызметіне ауысады. 1988 -1991 жылдың мамыр айында «Полевая почта 70646» әскери бөлімі Германия жерінде Шверин қаласындағы госпитальда қызметіне сәйкестігі емтиханын тапсырып, сол жерде Сәуле Нұрақымқызына жоғорғы санатты медбике куәлігі берілді. Анестезиология – реанимация бөлімінің аға медбикесі қызметін атқарады. Содан 1991 жылдың маусым айынан хирургия бөлімінің анестезия медбикесі болды. 1993жылдың қазан айынан бастап Сарқан ауданы орталық ауруханасының жоғарғы санатты бас медбикесі қызметін атқаруда.
-Сәуле Нұрақымқызы, кеңестік заман мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан медицинасындағы негізгі айырмашылықтарға тоқталып өтсеңіз. Қай кезеңнің медицинасы жақсы?
-Әр уақыт, әр заманның өзінің ерекшелігі, естелігі бар. Біз кеңес заманында туып-өсіп, білім алған адамдармыз. Ол заманда біздің балалық шақ, жастық өмір байланысты. Ал бұл сәттер естен кетпес естеліктер. Кеңестік уақыттың білімі мықты болды. Сол уақытты бізге беделді, білімді профессорлар сабақ берді. Ол кездегі тәртіп те, тәлім де мықты. Бүгінгі заман медицинасы да жаман емес. Қазіргі біздің ауруханадағы медициналық техника өте жақсы. Заманауи құрал - жабдықтар мүмкіндігіне таңғаласың, кеңестік кезде бұндай жабдықтар болмады. Техника, технологияның қарқынды дамуы бүгінгі заманның көрінісі.
- ХХІ ғасыр - білім мен ғылымның дамыған ғасыры десек, осы медицина саласында жаңа заман талабына сай қандай жұмыстар атқарылып келеді?
- Иә, шындығында ХХІ ғасыр ғылым кеңістігінде жаңа технологияларымен, ғаламтор жүйесінің дамуымен ерекшеленеді. Денсаулық саласындағы Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі азаматтарға емделуші дәрігері мен медициналық ұйымды еркін таңдауына құқық беретіндігін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар портал арқылы ауруханаға жатқызу да нағыз бүгінгі заман талабына сай шығарылған дүние. Ал бүгінде интернет жүйесі арқылы ауруханаға жатқызу порталын өзімізде жүргізіп отырмыз (негізі аудан орталығында жүргізілуі қажет). Бұл халықтың уақытының тиімділігіне үлкен үлес қосып отыр. Портал бойынша тоқталатын болсақ, оның негізгі мақсаты - науқасты ауруханаға жоспарлы жатқызушылықтың жылдамдылығы болып келеді. Жоспарлы емге жатқызу былай жүреді: Науқас таңдаған емханаға өз шағымын айтады. Егер, жағдайы шұғыл емді қажет етпесе дәрігер емхана деңгейінде емге жатқызар алдыңғы тексерісін жүргізіп, қай аурухананы таңдағанын сұрастырады. Науқастың таңдауы бойынша дәрігер ауруханада бос орынды қарап тексереді, содан соң портал арқылы науқасты жоспарлы емделуге жатқызу туралы хабарлайды. Автоматты түрде науқасқа жеке код пен талон беріледі, екі күн арасында порталда жоспарлы емге жатқызылу күні анықталады. Сонымен қатар әр түрлі бөлімдердегі аппараттар да аурудың диагнозын анықтауда мол көмегін тигізеді. Ауруханада компюьтермен жұмыс жасау алға қойылған. Яғни бұдан он жыл бұрынғы медицина өмірінде заман талабына сай көптеген өзгерістер болды деп айтуымызға болады.
- Бүгінгі медицина қызметкерлерінің қадірі құлдырап, құнсызданып барады, деген пікірге сіз келісесіз бе?
- Өз басым бұлай деп ойламаймын. Қай сала болсын мемлекетіміз үнемі ден қоюда. Назардан тыс қалып жатқанымыз жоқ. Біз үшін қолдаулар жақсы көрсетілуде. Жыл сайынғы шығатын Елбасымыздың жолдауынан да назардан қалмаймыз. Бізге бұдан артық не керек. Қаңқу сөздер таратыла береді. Оны өзімізден көрейік. Дәрігерлердің қадірі құлдыраған емес, керісінше даму үстінде. Енді көбісінің айтары мына жұмыстың күнделікті күрделенуі шығар. Ол дұрыс. Заманыңа қарай бет алуың керексің. Оған мысал, біздің кезімізде ғаламтор, компьютер, телефон дегендер болмады. Бірақ, біз өз қатарымыздан қалмай оқыдық, тырыстық, білдік. Ал, қазір бәрі бар. Тек соны дұрыс қолдана білуіміз керек. Мамандығын жақсы көретін адамға қандай өзгерістер еніп жатса да, еш қиындықтар туындамайды деп ойлаймын. Әр жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Шыдау керек. Шыдамдылықтың арқасында мамандыққа деген адалдыққа үйренесің. Заманның ағымына қарай өзіңді жетелейсің. Бізге жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалынған. Оны дұрыс қолдана білуіміз керек. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының арқасында бізге тағы да көптеген жағдайлар жасалынды. Бізге енді жетпейді. Көрсеткен қолдауларын дұрыс меңгере білсек, бізге сол да жетеді.
- Ауруханада жұмысқа қабылданған жас мамандар бар ма?
- Адам өмірінің ең басты байлығы - денсаулық екені белгілі. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар жетерлік арамызда. Осындай қасиетті мамандық- дәрігер мамандығының ыстық-суығына көніп, аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандар да баршылық. Болашақ жастардың қолында десек, біз осы жас мамандардан келешекте үлкен үміт күтеміз.
- Олардың жұмыс істеу қабілеттеріне көңіліңіз тола ма?
- Жас мамандардың жұмыс істеу қабілеті әр түрлі жаман деп айтуға болмайды. Әркімнің өзіндік қабілеті бар ,келген жас маманды баурап үйрету біздің басты міндетіміз болып саналады.
- Мамандыққа беріктік, адалдық дегенді қалай түсінесіз?
- Әрине берікпін. Өмір қайта оралса мен де осы өзімнің сүйікті мамандығымнан өмір жолын бастар едім. Өз отбасына қалай адал болсаң, таңдаған жолыңа да дәл солай адал қызмет атқаруың керек. Ол өйткені, сенің екінші отбасың. Оның үстіне дәрігердің міндеті аянбай еңбек етуді, адамдарға деген асқан мейірімділікті талап етеді. Ұлық мамандыққа өз өмірін арнай отырып, өзгелердің өмірі үшін де жауапкершілікті мойындарына алады. Өмір бойы оқып, озық қондырғылардың қыр-сырын және ауруларды емдеудің жаңа амал-тәсілдерін меңгеруі талап ететін дәрігер мамандығы-мамандықтың төресі деп санаймын. Сондықтан медбике болғанымды мақтан тұтамын.
- Сәуле Нұрақымқызы, медицина қызметкерлеріне бүгінгі күнде қаншалықты көңіл бөлінеді?
- Өте жақсы. Уақытында кезекті демалысымыз да, еңбекақымыз да, бәрі уақытында. Бізге бұдан артық не қажет.
– Бүгін медицинада не жеткіліксіз?
- Бүгінгі медицина саласына көңілім толады, өйткені мен алғаш еңбек жолын бастағанда қазіргі қолданып жүрген бір реттік қолданатын шприцтер, инструменттер, медициналық жабдықтарды ,қазіргі заманға сай медициналық аппараттары дәрі-дәрмектерді түсімізде де көрген жоқпыз. Біз бәрін қайнатып, тозығы жетіп сынған кезде бірақ есептен шығаратынбыз. Оның үстіне біздің мекемеде жеткілікті. Өз уақытымызға сай білімгер мамандарымыз бен, заманымызға сай құрал-жабдықтарымыз да бар. Кезінде әр нәрсені, әрбір құрылғыларымызды жуып тазалаумен уақытымызды өткізсек, қазір әрбір емделушіге жеке-жеке қолдануға жетерліктей заттарымыз бар. Аллаға шүкір!
- Медициналық жолыңызда орын алар өкінішіңіз бар ма?
- Ерекше белгімен сызып қоярлықтай өкінішім жоқ. Болған емес. Жанымның қалауы осы болса, оны ойып алатын ешкімнің, еш нәрсенің шамасы жетпейді. Бұл мамандық менің жан тыныштығым. Кейде үйде демалып отырған кезімнің өзінде де, жұмысымды аңсап, сағынатын кездерім де жиі болады. Көңілім құлазыған кезде, жұмысым арқылы тыныштық табамын.
- 2011-2015 «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы несімен ерекшеленді?
- Халық үшін дәрілік заттардың қол¬жетім¬ділігі мен сапасын арт¬ты¬руға, денсаулық сақ¬тау ұйымда¬рын медициналық техникамен жа¬рақ¬тан¬дыруды жақсарттты. Денсаулық сақ¬¬тау сала¬сында негізгі басым¬дық медицинаның про¬филак¬тика¬лық және әлеуметтік бағдары кү¬шейді. Медициналық көмектің, әсіресе шалғайда және жетуге жолы қиын өңірлерде тұратын ауыл тұрғын¬да¬ры үшін қолжетімділігін қам¬та¬ма¬сыз ету үшін мемлекет көлік меди¬ци¬на¬сын, оның ішінде санитария¬лық авиацияны дамыту қолға алынды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру ден¬саулық сақтау мәселе-лерінде бүкіл қоғам¬ның келісімге қол жеткізу жолымен қазақ¬стан-дықтардың денсаулығын нығайту¬ға және халықтың өмір сүру ұз¬ақтығын арттыра оты¬рып, жал¬пы және ана мен бала өлім-жітімін, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар ау¬руларды төмендете отырып, ден¬сау¬лық сақтау сала-сы¬ның бәсекеге қабілетті жүйесі қалыптасты¬рылды.
- Сәуле Нұрақымқызы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі медицинаны қалай бағалайсыз?
- Тәуелсіздік алған уақыттан бері медицина саласындағы өзгеріс өте көп. Мысал келтірер болсам, біздің ауданда ғана емес Қазақстан бойынша дүниежүзілік стандартқа сай ауруханалар салынып ел игіліне берілуде. Соның ішінде біздің де 3 ауылымыздың тұрғындары жаңа дәрігерлік амбулаториясын стандартқа сай медициналық аппараттар, құрал- жабдықтармен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта сапалы дәрігерлік көмек пен емшара алуда. Стандартқа сай ауруханалар аккредитизация өтуде. Биыл біздің ұжым 3 жылға аккредитизация өттік. Осының бәрі Еліміздің Тәуелсіздігінің арқысы деп білемін. Елімнің ертеңінен, болашағынан жүрегім қорықпайды, керісінше, қуанады. Ендеше, келешегім нұрлы болмақ. Оған негіз – бүгінгі «арыстандай», «жолбарыстай», «қырандай» күшті жас ұрпақтың, біздің бүгінгі әдемі әрекеттеріміз, ұтымды ұмтылыстарымыз. Мен қазақ болып туылғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Өйткені, мен Тәуелсізбін, тәуелсіз елдің азаматшасымын!
Бала кезінен ойын ойнаса да, аурухана дәрігері болып ойнаған Сәуле Нұрақымқызы бүгінде алтындай қырық жыл уақытын медицина саласына арнаған жан. «Біздің кезімізде резина қуыршақтар болатын соларға укол салатынмын. Әкемнің әппақ үлбіреп тұрған ақ халаты мен қалпағы мені қатты қызықтыратын. Жанұямызда әкем Нұрақым Бейсебайұлы 40 жыл медицина саласында фельдшер болып қызмет атқарған. Ал бауырым Дәулет Нұрақымұлы тіс дәрігері. Бәлкім менің ақ халатты болуыма себеп болған осы кісілер шығар»-дейді Сәуле Нұрақымқызы. Мамандығы десе, жанын беретін кейіпкерімізге мамандыққа деген беріктік пен сенім қанмен дарығаны белгілі. Әкесінің берген өнегелі тәрбиесімен, анасының ақ сүтімен дарыған адалдығы, ағасының шынайылығы Сәуле Нұрақымқызына өмірлік ұстаным мен мақсатына айналған. Бүгінде мамандығына шынайы берілген жандар сирек кездеседі. Мамандыққа деген шынайылығы мен адалдығының арқасында алған алғыстары да жетерлік. Кейінгі жастарға оның мамандыққа деген сүйіспеншілігі үлгі боларлықтай. Бойына қанмен дарыған қасиеттерге бүгінде дақ түсірмей, халқының батасына бөленген аяулы аяжан.
Бүгінгі күнде жан-жағына жақсылық нұрын шашып жүрген ақ желеңді Сәуле Нұрақымқызын 16-желтоқсан төл мерекесі туған күнімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Әрдайым емделушілердің ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіз демекпіз.