Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Өңірде оң өзгерістер өркен жайып келеді


11 декабря 2015, 09:59 | 860 просмотров



Алматы облысының әкімі Амандық Баталов кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Ол шарада облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде әңгімелеп, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Әуелгі сөзін Мемлекет басшысы өңірге келген кезінде жүктеген тапсырмалардың орындалу барысынан бастаған әкім облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында 3 пайызға дейін өсім бар екенін айтты. Негізінен өңірде мемлекеттік даму бағдарламалары нәтижелі жүзеге асырылып, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде бірқатар игі шаралар қолға алынған көрінеді. Оны Мемлекет басшысы да өңірде болған жұмыс сапарында және таяудағы Жолдауын халыққа жариялау барысында назарға алып, өзгелерге үлгі ретінде атап өткен болатын.

Айтпағымыз, Алматы облы­сының әкімі жеке сектор мен мемлекеттің бірігіп жұмыс істеуін өте тиімді үйлестіре білген. Нәти­же­сінде, бірнеше халықтық шаруа табыспен атқарылған. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарды салу мен оларды пайда­лануға беру істері бойынша жақ­сы көрсеткіштерге қол жеткі­з­ілген. Енді нақты деректерге сүйе­нер болсақ, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдар­ламасы аясында үлкен жетістікке иек артқан. Оның мәліметіне қара­ғанда, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл Ұлттық қордан 10,4 млрд. теңге бөлініп, 23 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыруға 6,8 млрд. теңге қарастырылыпты. Осының арқасында бүгінге дейін 8 жоба аяқталып, тағы 4 жоба жыл соңына дейін іске қосылады екен.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы облысқа жасаған жұмыс сапары кезiнде бiрқатар тапсырма берген болатын. Агроөнеркәсiп, шағын және орта бизнестi дамыту жөнiндегi Елбасы тапсырмаларын бiз негiзгi бағдарлама ретiнде қолданып, соның арқасында облыс экономикасын өсіруге қол жеткiздiк. Он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсiпте 4,5 пайыздық өсiммен 456 млрд. теңгенің өнiмi өндiрiлдi. Ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi 365 млрд. теңгенi құрап, жыл соңында 3 пайыздық өсiм қамтамасыз етiлдi. Құрылыс жұмыстарының көлемi 169,5 млрд. теңгенi құрап отыр. Ал ағымдағы жылы бюджет түсiмдерiнің жоспары 2 пайызға артығымен орындалып, 125,4 млрд. теңгеге жетті», деді облыс әкімі.

Қыстың көзі қырауда бас­пана жайы және оны жылумен қамту мәселесіне тоқталған әкім, «ҚИК» АҚ Талдықорған қаласында 290 пәтерлі бес үйдің құрылысын жүргізуде. Жылумен қамту бағытында 14 жобаны жүзеге асыруға 3,1 млрд. теңге көзделген. Ал Сарқан қаласының орталық қазандығының және жылу жүйелерінің құрылысы, Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Текелі қаласында 3,6 шақырым желілік жылу жүйелері салынды», деді.

Алматы облысына инвестиция тарту жұмысы да ойдағыдай жүріп жатқанын айтқан өңір басшысы оның жемісін халық көріп отырғанын жеткізді. Сөйтіп, тартылған инвестициялардың арқасында 10 мыңға тарта адам жұмыс орындарына ие болатынына тоқталды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында біз инвестициялар тартуды ең бас­ты жұмыстардың бірі ретінде белгіледік. Алматыда алдыңғы қатарлы отандық бизнестің өкілдерімен бірнеше кездесулер ұйымдастырдық. Өз кезегінде олар 140 ұсыныс енгізіп, оның ішінде 532 млрд. теңгенің көлемінде 75 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басталды. Бұйыртса, осы игі істің арқасында 9912 жұмыс орындары ашылады», деді А.Баталов.

Көрші Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар да бар екен. Нақты айтқанда, ҚХР-мен бірлескен төрт жобаны іске асыру есебінен 201 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарлап қойыпты. «Жыл басынан бері бірқатар елдердің инвесторларымен алты меморандум бекітілді. Оның ішінде алдағы жылы Алакөл ауданында Швеция мен Австрия компанияларымен жел электр стансасының құрылысы басталады», деді облыс әкімі.

Есте болса, Мемлекет басшысы Алматы облысындағы қызылша өндіру ісіне де айрықша көңіл аударған еді. Биыл өңірде 121 мың тонна қант қызылшасы жиналып, зауытқа өткiзiліпті. «Аграрлық салада ауыл шаруашылығы техникасының жетiспеушiлiгi, сапалы тыңайтқыштардың тапшылығы, дайын өнiмдi тапсыратын жердiң болмауы секiлдi проблемалардың орын алуына байланысты қант қызылшасы да бiрқатар кедергiлерге тап болған еді. Бiз Көксай қант зауытын iске қосу, 351 шаруа қожалығын кооперациялау, 240 млн. теңге субсидия бөлу мен 4 020 га жерге қант қызылшасын себу секiлдi қажеттi шараларға қол жеткiздiк. Нәтижесiнде, бiз 121 мың тонна қант қызылшасын жинап, оны зауытқа өткiздiк. Өнiм өңделген соң шамамен 12-15 мың тонна көлемiндегi өз қантымызды алатын боламыз», деген облыс әкiмi, шаруа қожалықтарын кооперация­лау, мемлекет атынан әкiмдiктер тарапынан көрсетiлген қолдаудың арқасында осы көрсеткiштерге қол жеткізілгенін айтты.

Сөйтіп, келесi жылы қант қызылшасын себу аумағын 6000 мың гектарға, 2020 жылға дейiн 14 мыңға жеткiзудi жоспарлап отырғандарын құлаққағыс етті. «Нәтижесiнде, 500 мың тонна қант қызылшасын жинап, 49-50 мың тонна қант алатын боламыз. Айта кету керек, республиканың қантқа деген сұранысы шамамен 500 мың тоннаны құрайды», деді ол.

Облыста шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді екен. «Өңірде өткен жылы 156,6 мың бірлік белсенді шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 103,5 пайызға көбейіп, жалпы саны 162,1 мың бірлікке жетті. Осыған орай, шығарылған өнім көлемі 256,5 млрд. теңгені құрап, жергілікті бюджетке түскен қаражат 19,4 млрд. теңгеден 22,3 млрд. теңгеге артты. Өсім 114,9 пайызды құрап отыр», деген өңір басшысы, осындай игі істің нәтижесінде жергілікті бюджетке түскен салықтың көлемі 21,9 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Мұнымен бірге, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасын іске асыруға Алматы облысына 108 900 млн. теңге бөлінген. Нақты тоқталар болсақ, микрокредиттеуге 75 млн. теңге, гарантты ұсыну үшін 11 млн. теңге, пайыздық став­каны субсидиялауға 14,3 млн. теңге, өндірістік инфра­құ­ры­лымды дамытуға 8,6 млн. теңге қарастырылыпты.

Аймақта осы жылы «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3,8 млрд. теңгеге 168 жоба жүзеге асырылыпты. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 290 млрд. теңгеге 53 жоба жүзеге асырылып, 7636 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 125,4 млрд. теңгеге өнiм шығарылды. Биыл өндiрiстiң жалпы көлемiндегi олардың үлесi 7,6 пайызды құрады. Расында, облыста шағын және орта бизнес субъектiлерiн қолдау аясындағы жұмыстар белсендi жүргiзiлiп жатыр. Нәтижесінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бо­йынша 609 азаматқа шағын несие берiлдi. Осы көрсеткіштерді өткен жылмен салыстырар болсам, ол кезде бұл сома бар болғаны 300 млн. теңгенi құраған еді», деді облыс әкімі.

Жер жаннаты Жетісудың көркем табиғаты туризмді дамытуға да таптырмас өлке екені аян. Облыс басшылығы бұл саланы да мықтап қолға алған көрінеді. Мәселен, биыл Алматы облысындағы Алакөл және Балқаш көлдерiнiң жағасында демалушылар саны 1,5 есеге арттырылған. «Алматы облысы туризм аумағы болып табылатынын өздерiңiз бiлесiздер. Осы орайда, бiз туризм саласында Алакөл мен Балқаш демалыс аумақтары бойынша белсендi жұмыс жүргiзудi бастадық. Алакөл көлiнiң жағалауында екі бес жұлдызды қонақ үй салу кезінде бiз инвесторларға жер мәселесiнде көмек көрсеттiк. Аталған қонақ үйдiң бiрiнiң құрылысы бүгiнде аяқталып қалды, екiншiсi ендi басталды. Демалыс аймақтарына 94 шақырымға электр желiлерi жүргiзiлдi», дедi өңір басшысы.

«Алматы-Достық» темiржол байланысы ұйымдастырылғанына тоқталған әкім бұл байланыс алматылықтардың тарапынан үлкен сұранысқа ие болғанын жеткізді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша алдағы уақытта Үшарал қаласында әуежай салу да жос­парланып отыр. Осы мақсатқа бүгiнде 3 гектар жер бөлiнiп те қойды. Бұл шара демалушыларды тасымалдауды айтарлықтай оңтайландырады деп ойлаймыз», деді ол.

Аймақта биылғы жылы жергілікті жолдарға 11 млрд. теңге бөлініпті. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы бойынша 304 шақырым жол қамтылған, алдағы жылы осы жолдың 150 шақырымы пайдалануға беріледі. Биыл жалпы ұзақтығы 264 шақырым болатын «Алматы-Өскемен» жолы­ның 115 шақырымы пайда­лануға тапсырылғалы тұр. Нәти­жесінде, 220 елді мекеннің жол­дары қамтылды. Негізі, Алматы облысының автомобиль жолдары­ның жалпы ұзындығы 9317 шақы­рымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолдар 2529 шақырым болса, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 6788 шақырым болады», деді А.Баталов.

Журналистердің сұрағына орай жауап берген облыс әкімі өңірде демографиялық өсім өте жақсы екенін айтты. «Соңғы жылдары біздің облысымызда демографиялық дүмпу сезіледі. Бұл сөзімді өткен жылы Алматы облысында дүниеге келген 500 мыңнан астам нәресте де айғақтай алады. Сонымен қатар, биылғы жылдың күзінде өңірімізде 42 мың бүлдіршіннің мектеп қабырғасын алғаш аттауы болашағымызды баянды ете түсетіндігін қуанышпен xабарлағым келеді», деді А.Ба­талов.

Осыған орай қазірдің өзінде облыс орталығында балабақша мәселесі оңтайлы шешіліп жат­қан көрінеді. «Мемлекет-жеке­мен­шік серіктестігі аясында біз өңірдегі балабақша тапшы­лығын шешудің тиімді жолын тап­қан­даймыз. Алғашқыда бұл ойымызды кәсіпкерлерге айтқанымызда олар аздап қобалжығаны бар. Дегенмен, бұл жобамыз бүгін­де өзге өңірлерге де үлгі бола бас­тағандай. Яғни, бюджеттен бө­лінетін қаражатты күтіп отыра бермей, қажетті инфра­құ­ры­лым жүргізіп беріп, кәсіп­кер­дің тез арада нысанды іске қосуына көмектесіп, өзіміз де мүдде­лілік таныттық. Оның төлем қа­бі­леттілігі де көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Мұндай бастамаға кәсіпкер де риза. Демек, бұл жоба тараптарға тиімділігімен ұнап жатыр», деді А.Баталов.

Автор:
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».