Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады


11 декабря 2015, 03:52 | 2 551 просмотр



Бұрынғы шешімді қате санайды

Премьер-министр Беата Шидлоның кабинеті үшін ең бастысы – Польша мен поляктардың қауіпсіздігі. Бұл мәселеде біз ешқандай бітімге бармаймыз, дейді Мариуш Блащак.

25 қазанда өткен парламенттік сайлаудың қорытындысы бойынша құрылған Польшаның жаңа үкіметі бұрынғы биліктің Еуроодаққа келіп жатқан мигранттар ішінен 7 мың босқынды елге қабылдау туралы ұй­ғарымын қате шешім деп есеп­тейді. Бұл туралы таяуда поляк радио­с­ына республика ішкі істер минис­трлігінің басшысы Мариуш Блащак хабарлаған.

Бұрынғы үкіметтің 7 мың бос­қынды қабылдау туралы шешімі қателік болды. Беата Шидло каби­неті үшін ең бастысы, Польша мен по­ляктардың қауіпсіздігі. Бұл мәселеде біз ешқандай бітімге бармақ емеспіз, деп атап көрсеткен министр.

Өткен жұма күні Брюссельде бол­ған ішкі істер министрліктері бас­шы­ларының кездесуінің қоры­тын­ды­ла­рына түсінік бере келіп, Блащак Еуро­палық одақ азаматтарына тәуекелді ба­ға­лау тұрғысынан бақылау жасау жө­нін­де шешім қабылданғандығын атап өт­кен. Оның айтуынша, кімнің қатер төн­діріп, кімдердің қатер төн­дір­мей­тіндігін шекара күзеті анықтай­тын болады. Біз соңғы жылдары жо­йы­лып кеткен шекара күзеті бекетте­рін қайтадан қалпына келтіруге тырысатын боламыз, деп түйіндеген сөзін М.Блащак.

Неміс бизнесі алдағы жылға алаңдаушылықпен қарайды

Қытайдағы, Бразилия мен Ре­сейдегі экономикалық көрсет­кіштердің төмендеуі, сондай-ақ, Еуропадағы миграциялық дағдарыстың зардаптары мен болашақтың бұлыңғыр күйде болуы неміс компанияларына оптимистік көңіл-күй әкеле алмай отыр.

Қытайдың, Бразилия мен Ре­сейдің экономикаларының әлсі­реуіне байланысты, сондай-ақ, миг­рациялық дағдарыс себептерінен неміс бизнесі 2016 жыл перспективаларына асқан ұстамдылықпен баға беруде. Оған Кельндегі Неміс экономикасы институтының өткен дүйсенбі күні жарияланған зерттеулері дәлел. Сарапшылар Германияның ішкі жалпы өнімі алдағы жылы 1,5 пайызға ғана өседі деген болжам жасап отыр.

Сарапшылар Меркель бас­қарған 10 жылдың ГФР экономикасына қалай әсер еткенін анықтаған.

Сұрау салынған кәсіпкерлер 2016 жылы экономикалық көрсет­кіштердің өсетіндігіне қатысты оншалықты оптимизм таныта қой­маған. Олардың тек төрттен бірі ғана экспорт көлемі ұлғаяды деп үміт­тенеді. Ал үстіміздегі жыл­дың көктемінде мұндай адамдар сұ­рау салынғандардың үштен бі­рін құраған болатын. Ал компаниялардың 38 пайызы ғана өндіріс көлемі арта түседі деп есептейді. Бұл көрсеткіш те бұған дейін 43 пайызды құраған болатын.

Соған қарамастан сауалнамаға қатысқандардың 28 пайызы 2016 жылы өз кәсіпорындарының штатын кеңейтуге ниетті болса, тек 17 пайызы ғана оны қыс­қартпақ ойда. Босқындар ағы­нына байланысты экономистер жұмыссыздық деңгейінің де аздап өсе түсетініне болжам жасап отыр.

Айта кету керек, жүргізілген зерттеулерге 3 мыңға жуық неміс компаниялары қатысқан.

Концерн өз  шығындарын қысқартпақ

Немістің Wolkswagen концернінің 2016 жылға арналған инвестициялық жос­парына сәйкес, компания алдағы жылы күрделі шығындарын 1 млрд.еуроға қысқартпақ.

Мұндай шешім биыл компания төңірегінде туындаған «дизель дауы» әкелген шы­ғын­дарды жабу үшін қар­жы үнемдеу мақсатында қабыл­данып отыр.

Өткен жылы алдағы бес жыл бойына жыл сайын 13 млрд. доллардан жұмсалады деп жариялағанымен Wolks­wagen компаниясының келер жылғы ең үлкен шығыны 12 млрд.еуроны құрайтын болады, деп жазады Financial Times басылымы.

Финляндияда жұмыссыздық өсуде

Финляндия статистикалық орталығының мәліметтері бойынша, үстіміздегі жылдың қазан айында бүкіл халқының саны бес жарым миллионға да жете қоймайтын елдегі жұмыссыздар қатары 234 мың адамды құраған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 14 мыңға көп.

Осылайша, Финляндиядағы жұмыссыздық деңгейі бір жыл ішінде 0,4 пайызға өсіп, 8,7 пайызды құраған. Сонымен бірге, әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейінің 2 пайыз дерлікке өскені де белгілі болып шықты.

Жұмыс істейтін әйелдер үле­сі 68,7 пайызға тең болса, жұ­мыс істейтін ерлер үлесі одан сәл азы­­рақ, яғни 68 пайызды құрап отыр. ­

Осы орайда, еңбек және экономикалық даму минис­тр­лігіндегі мәліметтердің өзгеше екенін де айта кету қажет. Атал­мыш ведомствоның мәліметтері бойынша, өткен қазан айында Финляндиядағы жұмыссыздар саны 338 мың адамды құраған. Еңбек және экономикалық даму министрлігі мен статистикалық орталық мәліметтерінің ара­сын­дағы айырмашылық мәлімет­терге статистикалық есеп жүргі­зу­дің түрлі әдістемелерімен түсін­діріліп отыр.

Еуропа елдері арасында жұ­мыссыздықтан зардап шегіп отырған тек Финляндия ғана емес. Мәселен, Литвада бұл көрсеткіш Еуропалық одақ бойынша орташа көрсеткіштен де асып кеткен. Бұл жөнінде RuBaltic.Ru. хабарлап отыр.

Жасалған келісім заңсыз деп танылып отыр

Glencore компаниясының Ливия мұнайын экспорттау туралы мәмілесі заңсыз болып табылады. Бұл туралы компанияға ел үкіметі хабарлаған.

Өткен аптада компания халық­аралық қауымдастық исламистер қолдауындағы үкімет орналасқан деп есептейтін Триполи ұлттық мұ­най компаниясының батыс бөлім­шесінен Ливия мұнайы экс­пор­ты­ның тең жартысын сатып алу жө­нінде келісімшарт бекіт­кен бо­латын. Дегенмен, Шы­ғыс Ли­вияда орналасқан Бен­га­зи­­дегі ха­лық­аралық дең­гей­де мойын­далған үкімет Glencore компаниясы заңсыз түрде келі­сімшарт жасас­ты деп мәлімдеп отыр.

Ұлттық мұнай компаниясы шы­ғыс бөлімшесінің басшысы Наги Эльмаграби Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында өзінің Glencore компаниясынан түсініктеме талап еткенін, бірақ әзірге ешқандай жауап алмағанын атап көрсеткен.

Ол егер Glencore компания­сы Триполидегі қосарласқан ре­­жім-

­­мен келісімшартқа қол қоя­тын бол­са, онда Бенгази үкіметінің ком­пания танкерлерінің ливиялық порт­тарды пайдалануына кедергі кел­тіруі мүмкін дегенді де ескерткен.

Қол қойылған келісімде Glen­core ком­паниясының Sarir & Mes­sla кен орнынан мұнай алатын­дығы және оны өткізу үшін са­­тып алу­шылар іздейтіндігі қарас­ты­рыл­ған. Ал ол Ливияның шығы­сындағы Тобрук порты арқылы экспортталуы тиіс.

Шығыстағы үкімет болса, өзде­рінің Триполи үкіметімен қол қо­йылған ешқандай келісімді мо­йын­­дамайтындықтарын мә­лім­деп отыр.

Ливия 2011 жылы Каддафиді тақтан құлатумен аяқталған азамат соғысына дейін тәулігіне шамамен 1,6 миллион баррель мұнай өндіріп келген. Содан бері өндіріс көлемі тәулігіне 400 мың баррельге дейін төмендеді. Дегенмен, егер Ливиядағы ахуал мен қауіпсіздік жақсарар болса, бұл көлемнің айтарлықтай өсе түсуі де мүмкін.

Айта кету керек, Glencore әр кез­де де қауіпсіздік пен саяси тәр­тіп­сіз­діктер саласындағы тәуе­кел­дер былайғы инвесторлар үшін ке­дергі болып саналатын елдерге инвес­тиция салумен келеді. Он­дай елдердің қатарында Конго Демок­ратиялық Республикасы мен Ко­лум­бия бар. Соған қарамастан, Қы­тай экономикасындағы өсу қарқы­нының төмендеуі шикізатқа әлем­дік бағалардың төмендеуіне алып кел­гендіктен компания жаңа та­быс көздерін іздеуге мәжбүр бо­лып отыр, деп жазады The Guar­dian басылымы. Сонымен бірге, соң­ғы бірнеше жылда компания акция­ларының өз құнын айтарлықтай жоғалтқанын да еске сала кеткен жөн.

Автор:
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».