Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ақшаң болса...


27 ноября 2015, 04:00 | 1 167 просмотров



Қалтадағы қаражатқа қарай көсілетін кез. Әлемдік экономика үшін қорқынышты сөз «дағдарыс» қазақтарды шет айналып кетпейді. Бұл туралы бұрыннан байыппен баяндап келеміз. Бүгінгі баяндалатын банк болмақ. Жай банк емес, Ұлттық банк. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы деңгейін білдіреді. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады». Бұл Ұлттық банкке берілген ресми анықтама. Сонымен соңғы 10 күнде басты банктің бағамдауын бағалап көрейік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдап, жаңадан тағайындалған бас банкирмен кездесуде Ұлттық банктің қазіргі қызметіне және ақша-несие саясатына, елдегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіне, сондай-ақ банктердің экономиканың нақты секторын несиелеуіне байланысты мәселелер талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк  қазақстандықтардың теңгеге деген сенімін қайта орнықтыру үшін шаралар қабылдап, экономиканы долларсыздандыру жұмыстарын жалғастыруы тиістігін атап айтқан еді. Ұлттың барлық қаражатын қадағалайтын бас банк қазіргі жағдайдың сан қырын айқындады, болжам жасады.

Өткен аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасымен еш келіспеушілік жоқ екенін атап өткен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жақын арада базалық ставка бойынша шешімді жариялайтынын мәлімдеген. «Базалық ставкаға тоқталатын болсақ, бірінші кезекте біз базалық ставканы қарастыру бойынша жарияланған кестені ұстанатындығымызды растаймыз. Соңғы рет біз бұл датаны объективті себептермен шегердік, себебі тереңірек жүргізілген талдау барысы күнделікті саудаланатын түрлі теңгелік нарықтар арасында теңгерімсіздік бар екенін көрсетті. Әрбір банкте түрлі бизнес-стратегиялар бар, сәйкесінше, бұл нарықтарды тереңірек зерделеу керек»,-деді бас банкир.

Сондай-ақ, Ұлттық банкі зейнетақы қоры қаржысын пайдалану тәсілдерін кеңейтуге дайын. Данияр Ақышев сөзіне қарағанда, Ұлттық банкі егер азаматтардың салымдарының сақталатындығына кепіл берудің барлық механизмдері қамтамасыз етілген жағдайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржысын пайдалануды кеңейтуге қатысты ұсыныстарды қарастыруға дайын. Бас банкирдің сөзіне қарағанда, қор қаржысы қандай банктік тетіктерге инвестицияланатындығы айқындалып, одан кейін банктердің бұл ұсыныстармен келісу, келіспеуі шешілуі тиіс.«Осының негізінде біздер айқын алаңда аталған ресурстарды ұсынуға дайынбыз. Дегенмен, бұл мәселе әлі де болса талқылауды қажет етеді. Сондықтан нақты санын айта алмаймын», - деген еді. 

Шетелдік валютаға бағынышты болу -халықты көп әбігерге түсргені рас. Ұлттық банк

Долларсыздандыру мәселелерін әкімшілік тетіктерге қарағанда экономикалық әдістермен ынталандыруға даярлығын мәлімдеді. «Елбасының ҚР Ұлттық банкіне теңгеге деген сенімін қайта орнықтыру тапсырмасына тоқталатын болсақ, біздің пікірімізше бірінші кезекте қазір мемлекеттік ақша-несиелік саясатын жүргізетін институт ретінде ҚР Ұлттық банкіне сенімді қалпына келтіруден басталуы керек. Сәйкесінше, біз бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен біздің қоғамға, халыққа атқарып жатқан шараларды жеткізе алатындығымызға сенім артып отырмыз, сондай-ақ инфляцияны реттеу бойынша, теңге төлемпаздығын реттеу тұрғысында, айырбастау бағамы жағдайы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайынбыз», - деді ол.

Осы орайда Д. Ақышев ҚР ҰБ басшылығы мен мамандары бұрынғыдан белсендірек түсіндіру жұмыстарына қатысатындығын айтты. «Екіншіден, теңгеге деген сенім бұл тұрғыда Ұлттық банктің түсінікті саясаты арқылы нығаюы керек деп санаймыз. Бізге шетелде орын алып құбылыстар ықпал етеді. Сонымен қатар бізге әлемдік тауарлық нарықтардағы конъюнктура әсер етеді».Сонымен қатар Д. Ақышев биылғы 20 тамыздан бері айырбас бағамына байланысты болған өзгерістер төлемпаздық балансқа оңтайлы ықпал ететінін, бұл өз кезегінде төлем балансының тұрақтылығы мен валюта нарығындағы тұрақталыққа әсер ететінін жеткізді.Үшінші бағыт долларсыздандыруға байланысты болып отырғанына тоқталған ол: «Бұл үлкен мақсат-міндет болып табылады. Ол тұрғыдағы мәселе жылдам шешілмейтіні анық. Осы бағыттағы шаралардың тиісті жоспары бар. Долларсыздандыру шаралары халықтың есебінен жүзеге асырылмауы тиіс деп санаймыз. Бұл дегеніміз, біз долларсыздандыру мәселелерін әкімшілік тетіктерге қарағанда экономикалық әдістермен ынталандыруға даяр екенімізді білдіреді», - деді.

Сараптау мен статистика

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі жалпы отырыс барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев Қазақстанда ағымдағы жылдың 10 айында шетелдік валютадағы депозиттердің үлесі 55,5%-дан 65,9%-ға өсті, салымдардың жалпы көлемі 4,6%-ға өскенін айтты. «Биылғы 10 айда депозиттер 4,6%-ға өсті. Оған қоса, шетелдік валютадағы депозит үлесі 55,5%-дан 65,9%-ға өсті. Бұл ұлттық валютаның әлсіреуінен кейін болған қайта бағалау көрсеткіші», - деді ол. Жалпы, бас банкирдің мәліметінше, банктердің несиелеу көлемі 12 трлн теңгені құрады. «Ұлттық банктің жалпы халықаралық қоры 2015 жылдың қазанында 28,7 млрд доллар көлемінде болды. Ұлттық қорды қоса алғанда, еліміздің халықаралық қор көлемі 92,5 млрд долларды құрайды», - деп тағы тоқталды. Сонымен қатар, қаржы реттеушісінің мәліметінше, есептік кезеңде инфляция 8,2% құрады. Жылдық мәнде 9,4%. Қазан айында бағалардың өсуі қыркүйекпен салыстырғанда 5,2% құрады. Оған тамыз-қыркүйектегі теңгенің әлсіреуі әсер етті. Ұлттық банк инфляция 2015 жылдың соңына қарай жоспарланған 6-8% дәлізден асады деп болжап отыр.  Ұлттық банктің негізгі міндеті инфляциялық болжамдарды тұрақтандыру және көрсеткіштерді тез арада дәлізге қайтару болып табылады.

 Қазан айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанның халықаралық активтері 92.5 млрд долларға жетті. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. «Қазан айының соңында Ұлттық банктің халықаралық резервтері 28.7 млрд. долларды құрады. Ұлттық Қордың шетел валютасындағы активтері 63,9 млрд долларды құрады. Тұтастай алғанда еліміздің халықаралық активтері 92,5 млрд долларға жетті», - дейді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, 2015 жылдың 10 айында депозиттер 14,6 трлн теңгеге дейін немесе 24,6 пайызға өскен. Сонымен қатар, шетел валютасын депозиттер үлесі 55 пайыздан 66 пайызға дейін артқан. Бұл ұлттық валютаның әлсіреуінен кейін қайта бағалауға байланысты болған. Банктердің экономикадағы кредиттер көлемі 12 трлн. теңгені құрап отыр. Қазіргі күні кредиттерді жандандыру жұмысы жалғасатын болады.  Айырбас бағамының күрт және тұрақсыздыққа әкелетін өзгерістеріне жол берілмейді. «Қазіргі уақытта валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Ұлттық банк валюта нарығына қатысуын барынша азайтты. Валюта нарығында қалыптасқан баланс Қазақстан экономикасына әсер ететін іргелі факторларға сәйкес келеді. Бұлар: мұнайдың әлемдік бағасы, ресей рублінің бағамы, Ресей және Қытай экономикаларындағы ахуал, әлемдік валюталар  бағамдарының анықтамасы», - деді бас банкир. Оның айтуынша, бұдан әрі де аталған іргелі факторлар ескерілетін болады. «Сонымен қатар, ҰБ айырбас бағамының күрт және тұрақсыздыққа әкелетін өзгерістеріне жол бермейтін болады».   

Ипотека тағы ипотека

Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлағандай  ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша қабылданған арыздардың саны - 12 мыңнан асты. «Жалпы сомасы 40,3 млрд. теңге болатын 7 мың арыз бойынша оң шешім қабылданды. Ал күні бүгінге дейін жалпы сомасы 19,6 млрд. теңге болатын 4188 арыз бойынша қарыздар қайта қаржыландырылды», - делінген хабарламада. Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша арыздар мен құжаттарды қабылдау жұмысы жалғасып жатыр. Бұл мейлінше көп уақытты алатын үдеріс. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша деректер қоры күн сайын ұлғайып жатыр. Бағдарлама бойынша арыздарын қайта қаржыландыруға ниет білдіргендер екінші дәрежелі банкке мүмкіндігінше тезірек өтінім берулері тиіс. «Бағдарлама бойынша шешімін таппаған мәселелер бар. Оларға Үкіметтің шешімі қажет. Солардың ішінде мысалы салық салу және әсіресе мүлікке тыйым салынған жағдайда құжаттарды қалай заңдық тұрғыда рәсімдеу мәселелерін айтуға болады. Бұл нақты шешімді талап ететін мәселелер», - деді осыған орай ҚР Ұлттық банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі Департаментінің директоры Александр Терентьев. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл бағдарламаны белгіленген талаптар бойынша жүзеге асыру қажет. Тек содан кейін ғана бағдарлама талаптарына сай келетін қарыз алушылардың қатарын кеңейтуге болады. Айта кетелік, биыл мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру барысында Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 130,0 млрд. теңге бөлінген болатын.Содан, Ұлттық Банк Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 69 қаулысымен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты - қарыз алушылардың (кепіл берушілердің) кепілге берілген жалғыз тұрғын үйін сақтау, қарызды өтеуде қарыз алушылардың ең көп санына жәрдемдесу және  проблемалық кредиттердің үлесін төмендету болып табылады.

Автор:
Дайындаған : Мәдина Омарқұлова