Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Торғайда балапанын қорғайды...


27 ноября 2015, 03:58 | 2 626 просмотров



Бір кездері «Бозторғай» деп жырлаған ел, бүгін кейбір ата-аналардың баласын далада не болмаса қоғамдық орындарда “ұмытып кететін” “әдеттеріне” де үйренді. Кезінде жетімін жылатпаған халық едік. Заман азды ма, әлде адам азды ма, білмеймін, қазіргі уақытта осы асыл қасиетімізден қол үзіп бара жатқан секілдіміз. «Тастанды балалар» деген бір қауым ел пайда болды. «Көкек ана» дегенге тіпті де таң қалмайтын болдық. Балалар үйіндегі бүлдіршіндердің қатары күн санап көбейіп барады. «Неге бұлай болды?» дегеннен гөрі «Енді не істеу керек?» деген қабырғаға аяздай батар салмақты сауал санамызды сан соққылайды. Сонда енді «қолдан келер не қайраң бар, капиталистік қоғамның бұл да дерті шығар» деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра береміз бе? Әлде анау жетімдер үйіндегі жанары жаутаңдаған бүлдіршіндеріміздің санын азайтуға септігін тигізер бір шараларды қарастырамыз ба? Болмаса, тығырыққа тірелдік пе? Жоқ, олай емес екен.

Қазіргі қоғамда жетімдіктің де түр-түрі бар. Тұл жетімнің орнын басып келе жатқан әлеуметтік жетімдік санатына ата-анасы бар, бірақ олар өз келісімдерімен баладан бас тартқан немесе оны тәрбиелеуде ата-анасы құқығынан айрылған бала жатады. Осылай көзі тірі ата-анасы бола тұра әлеуметтік тұрғыдан жетім атанғандардың қатары артып, олар жалпы санның 80 пайызын құрап отыр. Өңірімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны – 1960. Олар интернаттық, қамқоршылық, патронаттық ұйымдарда тәрбиеленуде. Естеріңізде болса, бұрынғы Кеңес Одағы кезінде экранға шыққан “Мама для мамонтенка” деген мультфильмде анасын іздеген мамонттың баласы: “Дүниеде мұндай болмайды ғой, балаларды жоғалтып алатын жай”, деп әндететіні бар. Қазіргі қоғамда жоғалтпақ түгілі, баласын далаға өз еркімен тастап кететіндердің қатары көбеюде.

Қазақта жақсы мақал бар ғой: “Балалы үй – базар, Баласыз үй – қу мазар” – дейтін. Осы мақал кейбір отбасыларына түрпідей тиетін сияқты. Шындығында бүкіл әлемде бала сүйе алмайтын қаншама отбасылар бар. Бұлар осы мақалды естісе, онсыз да қанталаған жүрегіне жаншып пышақ сұққандай болатын сияқты. Бұрынғы ата-бабаларымызда “тастанды бала” деген болмаған дейді. Ал қазіргі кезде біздің елде жетімдер үйінің бар екендігі және онда балалар санының көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Және көптеген асыраушылар шет елдіктер екенін құлағымыз шалып жатады. Менің ойымша, қазақ менталитеті неге екені, тастанды бала асырап алуға бейім емес. Жетімектерге көмектесіп, жанашыр болуға бармыз. Бірақ тек асырап алуға емес. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Не кедергі? Әлеуметтік жағдай? Немесе эгоистік сезім: өз жағдайымызды жасап алайық, не бар балаларды жеткізіп алайық деген сияқты. Не біреудің баласы біреуге бала бола алмайды деген ба?

Қорғағымыз келеді… бірақ бәрі тек көңілдің ішінде ғана, бәріне қамқор болу қайда деп қана тыныш отыра береміз. Қатты болып барамыз ба?

Соңғы жылдары әлемде жетім балалардың саны артып отыр. БҰҰ-ның

балалар қорының хабарлауынша, төрткүл дүниеде 100 миллионнан астам бала ата-анасының қамқорлығынан айырылған. Жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған ел едік. Алайда бүгінгі деректер мұны жоққа шығарып тұр. Елімізде соңғы уақыттарда жетім балалар саны мен баласын тастап қашатын безбүйрек аналардың саны артуда. Ресми деректерге сенсек, қазір республика бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 33 680 бала бар.Олардың 21 мыңнан астамы қамқорлыққа алынған, 1900 бала патронатты тәрбиеде, қалған 9 мыңнан астам бала мемлекет қамқорлығына өткен. Қазір елімізде жетім балаларға арналған 188 мекеме жұмыс істейді. Оның 43-і денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінде. Мұнда 2 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. 7784 бала тәрбиеленіп жатқан 145 мекеме білім жүйесіне қарайды. 

Жетім балалар қазір үкімет қарауында болғанымен, кәмелет жасқа толған соң оларды қандай жағдай күтіп тұрғаны бізге беймәлім. Мектеп бітіріп, оқуға түскендер 4 жыл жатақханада күнелтеді. Ал оқуға түсе алмағандары қайтпек? «Жетім көрсе жебей жүретін» қазақ емеспіз бе? Соңғы уақыттарда жетім қалған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларды қорғаншылыққа алу қазір қарқынды жүргізілуде. Қазақ халқы әрқашан бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Туған баласы болмаса да жат біреудің көзі жәудіреген баласын бауырына басып, жиған-тергенінің бәрін беретіндердің барына шүкірлік етеміз. Өзгенің баласын өзегінен теппей, алақанына салып аялайтын кең жүректі отбасылармен қатар бауыр еті баласынан безінетін безбүйректердің де бары бір жағынан қатты қынжылтады. Әрбір сәби балдәурен балалық шағының бөтеннің босағасында емес, туған ата-анасының жанында өткенін қалайтыны да жасырын емес. Бесіктен белі шықпай жатып-ақ өмірдің ащысы мен тұщысын көрген бүлдіршіндер қамқорлыққа, ыстық ықыласқа, мейірімге зәру. Оларды қамқорлыққа алу – қазақстандықтардың азаматтық парызы.

Қазақ халқының ана сүті­мен бойына дарыған ерекше қасиетінің бірі – шүкіршілік. Сол қасиет арқылы қазақ халқы «нәпсі» атты жүгенсіз жүйрік аттың жетегінен өзін қорғаштап, зиянды әрекеттерден бойын­ аулақ ұстап келеді. Теңіздей тасыған көңілі­мізді шүкіршілік етумен, қиын-қыстау кезең­дерді артқа тастап, келешекке кемел оймен, жас баладай кіршіксіз таза сезіммен­ қадам басамыз. Шынында, қазақ халқы қазіргі күнге дейін «қиын-қыстау кезең, ашаршылық кезеңі, дүрбелең заман, жалған өмір, зар заман» деген сияқты өмір өткелдерін басынан өткерді, ал қазір сайқал өмір деген сұмдық сөз тіркесіне табан тіреді. Неткен сұмдық! Теледидардан жаңалықтардың әрбір санында жеңіл жүрісті қыз балалар туралы, сонымен қатар СПИД ауруының ел ішінде белең алып жатқандығы туралы айтылып жатыр. Қыз бен жігіттің жауапсыздық әрекет­терінің кесірінен қаншама сәбилер туа сала жетім атанып жатыр. Ата-аналары тірі бола тұрып, жетімдер үйінде жалғыздық қасіретін тартқан қандай қиын! Алла тағаланың қалауымен жастайынан ана мен әкенің аялы ала­қанынан кейбіреулері айырыл­ып жатса, енді бір сәбилер тірі жүрген жеңіл ойлы жастардың кесірінен тірі жетім күйін кешіп жүр. Қорыта айтқанда, менің бес күндік тірлігімнен түйгенім – тірі жетімдердің жай-күйін, жан күйінішін түсінуге тырыса отырып, өз жайыма шүкір ету. Тірі жетімдерге қарап отырып, мен өз жағдайыма сан шүкірлік айтар болсам, ал сіздер, яғни ата-аналары аман-есен, таңның шапағатын, түннің жарық жұлдызын бірге қарсы алатын жанашыр­ларыңыздың жаныңда жүргенін ескере отырып, шүкір етсеңіздер екен!

Бала кетті бел асып...

Адам баласы біріне-бірі неге жатбауыр? Жүрегінің бір бөлігін баласына үзіп беруге дайын ана неге безбүйрек? Өз кіндігінен тараған ұрпағын әке қалайша өлімге қияды? Бүгінде осы сауалдардың алдымыздан күн сайын көсе-көлденеңдейтіні жасырын емес. 

Шын мәнінде, қоғамның дәл осылай қатыгезденуіне не себеп?  Ел басына күн туған алмағайып заманда да қазақ даласында жетімдердің саны көп болмапты. Сонау зұлмат соғыс жылдарында да баласын тастап кеткен ана туралы естігендер санаулы. Тіпті, бір уыс бидайға зар болған аштық кезінде де құндақтаулы немесе жетектеген сәбиінің амандығын ойлаған шарасыз ананың мейіріміне жететін ештеңе жоқ шығар, сірә. Ал, қазір ше? Бейбіт заманда өмір сүрсек те, қоғамда жетім балалардың саны өспесе, азаймай отыр. Елімізде тастанды балаларды тәрбиелейтін мекемелер үстін-үстін ашылуда. Ал оны толтырып жатқан қаракөздеріміздің саны қанша? Бала асырап алуға ниетті шетелдіктердің де Қазақстанға келгіштеп кеткені бекер емес. Еліміз шетелге бала беру көрсеткіші жағынан әлем бойынша үшінші орында тұр екен. Қолда бар мәліметтерге зер салсақ, бүгінгі күні ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 35 мыңға жетіп қалған. Оның ішінде, 12 жарым мыңнан астам бала – тұл жетім. Бұл көрсеткішті аңдамай жүріп, от басқан қыздар жылдан-жылға өсіріп жатқаны тағы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Парламентте жетімдер үйіндегі балаларды нәрестенің иісін аңсап жүрген жергілікті отбасыларға асырап алуға беру тетігін жеңілдету керектігі айтылған еді. Алайда, бала сүю бақытын армандаған ата-ана мұның оңай емес екендігіне әлдеқашан көз жеткізген. Бір-екі мәрте тырысып, кейіннен амалсыз күдер үзгендерді де баршылық. Есесіне өзімізге қимаған қаншама қарадомалақ шетелдіктің бауырында кетті.  Қазақстанда халықаралық асырап алушылыққа 1999 жылдан бері рұқсат етілген. Мәселен, елімізде 34 мың 785 жетім бала болса, оның 24 мыңға жуығы потранаттық тәрбиеде көрінеді. Ал 10 мың 887 сәби интернат-мектептерде күнелтуде, 8 мың 806 жетім баланы шетелдік азаматтар бауырына алған. Бір айта кетерлігі, қазақ балаларын асырап алуға көбінесе АҚШ мемлекетінен ұсыныс түседі екен. Білуімізше, олар қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын ежелгі дәстүріне, яғни қанның тазалығына аса мән беретіндігін үнемі аузына алады. Содан ба екен, бүгінде шетке кеткен 9 мыңға жуық көгенкөздің 6 мыңы АҚШ-та өсіп жатыр. Демек, Қазақстан – АҚШ-тың бала асырау тізіміндегі жетінші ел екендігіне және дүниежүзі бойынша жетімін шетелге жәутеңдеткен мемлекеттер қатарынан үшінші орынға белең алғанымызға таңданатын жөніміз жоқ. Алайда, сол бүлдіршіндердің бәрі дін аман ба? Ең қиыны, көз алдымызда жаутаңдап, шетелдіктің қолында кете барған бүлдіршіндердің тағдырына алаңдайсың. Жетімін жылатпаған елдің, бұрынғыға қарағанда бала асырап алушылардың да қатары қалың. Қуанамыз ба, әлде мұңаямыз ба? Жылына 8 млрд. теңгеге жуық ақша жетім балалар үйлеріне жұмсалады. Алайда мемлекет балалар үйінде қанша жағдай жасаса да, отбасының жылуы бір бөлек екені сөзсіз.

Жаугершілік заманда іргесін қымтап, ұлын ертең жау қорғайтын азамат болады деп, қызын ұлттың санын арттыратын болашақ ана болады деп шашау шығармай, бір мүддеге жұмылдыра білген бабаларымыз неткен дана еді. Осындай қағиданың арқасында жер бетінен жойылып кетпей аман қалған қазақ емес пе едік. Бүгінде көп қорқытатын, терең батыратын заманда не санымызды, не сапамызды арттыра алмай отырғанда шетелге бала сатып, әлдебіреулердің шекелерін көк қағазбен шылқытқандары кімге керек. Бүгін сатқан балаң ертең өзіңнің қас жауың болып оралмасына кім кепіл... Тастанды тас жүрек, бере салған без бүйрек, кеудесін кек кернеген пендеден жақсы адам шықпайтыны айтпаса да түсінікті. «Обал» мен «сауап» деген түсініктердің бүгінгі қоғам санасынан алшақтап кеткенінің белгісі де осы болар. Тіпті бұл әрекеттер Қазақстан азаматтарының құндылығы туралы жазылған Ата Заңымыздың бірінші тармағына қайшы келетіні де ескерілмейтін сияқты. Бір кездері бекітіліп кеткен бала сату туралы халықаралық конвенцияның шартын бұзуға себептер де жоқ емес. Осындай ұрымтал сәттерді пайдаланып, өз мүддеміздің ұпайын түгендейтін қадамдарға баратын кезіміз жеткен сияқты. Әрине, құрығы ұзындардың құлқы болса егер. Потранатты ата-аналардың саны оларда жыл өткен сайын артып келеді. Біз ол жағына әзір жақсы көңіл бөле қойған жоқпыз. Күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселеге бас қатырғаннан гөрі жеңіл жолмен ақша табуды алдыңғы орынға қоямыз. Әлі де баласын сатқан ел бақытты болмайтынын ойланбай келеміз.

Елімізде бала асырап алу неге қиын?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): – Ешкімі жоқ жетім балаларды өз асырауына алған адам менімен жұмақта бірге көрші болады. Қазір елімізде бедеулік, белсіздік, некесіз бала туу, тастанды нәрестелер, жетімдер үйі деген секілділер тым көбейіп барады. Тіпті қызды-қыздымен кейбір мамандар перзентханалардың жанынан да тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар ашу керек деп даурығып жүр. Біз өзіміз тастанды балалардың санын азайтып, жетімдер үйін қайтып жабамыз деп жүргенде, енді тағы да перзентханалардың жанынан тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар ашатын болсақ, онда тастанды нәрестелер санын одан сайын екі-үш есеге дейін көбейтіп алмаймыз ба? «Көтеріп қалсам, перзентханадағы арнайы орынға тастап кетермін» дейтіндер көбеймей ме? Қалғаны тұлдыр жетім. Сонымен елімізде тастанды сәбилер санын азайту үшін не істемек керек? Оны шешудің бірден-бір жолы – қазақстандықтардың бала асырап алуын жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау.

–Жасыратыны жоқ, бізде жетімдер үйінен бала асырап алу өте қиын. Ана құ­жат, мына құжатты сұрап, «ертең кел», «ар­ғы күні кел» деп әуре-сарсаңға салады. Сон­дықтан мұны жетілдіру үшін осы сала­ның мамандарымен, ғалымдармен, заң­гер­лермен бірлесе отырып, жан-жақты талқылап, егжей-тегжейлі зерттеп, тара­зы­ға салып, әрине, мүмкіндік болғанша, өз азаматтарымызға бала асырап алу ісін жеңілдеткеніміз дұрыс. Қалай десек те, жетімін жылатпаған қазақтың бүгінгі ұрпағының тастанды сә­билерді көбейткені, жетімдер үйінің жыл­дан-жылға саны артып келе жатқаны жақ­сы­лықтың нышаны емес. Мұны шешудің жолдарын мемлекеттік деңгейде ойлас­ты­рып, бала асырап алудың құжаттарын азай­тып, асырап алғандарға жәрдемақыны кө­бейтіп, түрлі жеңілдіктер жасап, кешенді түрде шаралар қолдансақ, қандай тамаша болар еді.

Дерек пен дәйек

Елімізде қазір жалғызбасты аналардың саны – 444 мың 800, ал жалғызбасты әкелердің саны 42 мыңнан асып-жығылады. Сондай-ақ бүгінгі таңда некесіз туылған сәбилердің саны 352 мыңнан асады. Соңғы он жылда еліміз бойынша 37 450 бала асырап алынды. Оның ішінде қазақстандық азаматтар – 28 мыңнан астам баланы (77 пайыз), шетелдік азаматтар 8 мыңнан астам баланы асырап алған. Шетел асқандарды таратып айтсақ, АҚШ – 6406, Испания – 600, Бельгия – 343, Германия – 173, Канада – 167, Ирландия – 140, Франция 131 баламызды асырап алған.

Түйін.

Дүние есігін ашқан әр сәби жетім болу үшін не тастанды бала атану үшін өмірге келмейді. Ата-ананың жылуын сезінуге әркімнің құқығы бар. Ата-бабамыз ежелден-ақ бұл ақиқатты білген, сондықтан отбасындағы баланы ешуақытта жетім қалдырмаған, тіпті туыстарының да балаларын өз отбасына алып тәрбиелеген. Бүгінгі нәресте ертеңгі күні ұлттың болашағы, мемлекеттің потенциалы, байлығы болатынын түсінген. Республикамыздағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар көрсеткіші жылдан жылға азаю үдерісі – көңілге медеу болуда. 2014 жылдан бастап Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жеке ынтасымен Қазақстанда жаңа стратегиялық іс-шара – «Отбасы күні» тойланатын болды. 2013 жылдың 8-қыркүйегінен басталған бұл мейрам қыркүйектің әр екінші жексенбісінде аталып өтетін болып бекітілді. Бұл жөнінде ұлт көшбасшысы: Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек.Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді.Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың байқуатты да табысты болашағының кепілі», – деген болатын.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – демекші әлемнің бәсекеге қабілетті ең дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруді ойласақ, алдымен бала тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарға көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы да адам екендігін бір уақытқа да естен шығармаған абзал.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ