Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бұғанасы қатпаған баланы табыс табуға итермелеу орынсыз


27 ноября 2015, 03:56 | 1 976 просмотров



Бірде үйлену тойының нағыз қызған уағында мейрамханада шу шықты. Асаба мен жалданған әншілер талдырмаш қызды кеудесінен итеріп, «Билемейсің дедік қой, билемейсің!» деп ежіктеп тұр. Бақсақ, олар қонақтардың бірі ертіп әкелген кішкентай бишіні бәсекелес санап, ортаға шығармауға ты­рысып жатыр екен. Ата-анасының қолқалауымен, той иесінің өтінішімен оқушы қыз биін билеп, азын-аулақ ақшаны қал­тасына салып әкетті. Жылы төсекте тәтті ұйқыда жататын бала­ның ырду-дырду жүргеніне  алаңдағанмен, ересектердің ешқайсысы араша түсе қойған жоқ. Мүмкін, әке-шешесі қастарында жүргесін араласпаған болар.

– Біздің білім ошағында ата-аналар мен академияның арасында келісімшарт жасалады. Ол бойынша ата-аналардың беймез­гіл уақытта балаларға жұмыс жа­са­туына құқығы жоқ, – дейді Н.Ті­лендиев атындағы Кіші өнер академиясының директоры Доло­рес Тасқарина, – Мұнда өнер­лі шәкірттер білім алады. Сол себепті, оларға сұраныс та көп. Кейде біздің өзімізден оқушы­лары­мызды жіберуді сұрап келіп жатады. Әрине, бас тартамыз.

Долорес Сүндетқызының ай­туынша, шараларда, той-тома­лақ­тарда өнер көрсетуге дағды­лану баланың психикасына әсер етеді. Ондайда оқуға деген құл­шы­нысты табыс табуға деген құ­марлық басып кетуі бек мүм­кін. Кейде бұл балалар сабақ үс­тінде де «мені қазір алып кетеді, бір жерге баруым керек» деп қо­паң­даумен отырады.

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2015 жылдың 29 қазанына дейін кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін) заңды өкілдерінің бір­ге жүруінсіз ойын-сауық меке­ме­сінде болуына жол беруі, яғни, ӘҚБтК-нің 132-бабы 1-бөлі­гі­мен 39 әкімшілік іс түсіп, 38 іс қара­лып, 37 тұлғаға қатысты әкім­ші­лік айыппұл салынып, құқықбұзу­шылық құрамы болмауына байланысты 1 тұлғаның әкімшілік ісі қысқартылған.

Биыл 15 қыркүйек күні түн­гі сағат 02.44 сағатта поли­ция қызметкері қала мейрам­ханаларының бірінен кәме­летке толмаған сегіз бала­ның даяшы болып жүргенін анық­таған. Мейрамхана бас­шысына Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодекстің 819-бабы 2-бөлігімен 41622 теңге айып­пұл салынған. Бұл жерде айып­талушының кәмелетке толмаған балаларының барлығы, отбасы­ның жалғыз асыраушысы екен­дігі жайлы жазаны жеңіл­дететін мән-жайлардың бол­ғанын ескер­те кетелік.

Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының дирек­торы Нина Темірбаева кәсіп­кер­лердің жұмысы бары­сында заң­ға қайшы әрекеттердің ұшырасып қалатынынан жақ­сы хабардар. «Кей жағдайда ол жай ғана біл­мес­тік­тен де болуы мүмкін. Сол себепті, іс­кер жандарға құқықтық ақыл-кеңес­тер беру қызметі жол­ға қойылған. Жоғарыда айтылғандай, заңбұзушылық орын алмас үшін кәсіпкерлер құқық­тық сауаттылығын арттырып, қай жағдайларда кәме­летке толмаған баланы жұмыс­қа алуға болатынын білуі тиіс» деген пікір­де ұйым басшысы.

Еңбек шартын жасауға жол берілетін жас мөлшері 2007 жыл­ғы 15 мамырдағы ҚР Еңбек кодексінің 30-бабында көрсе­тілген. Онда ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қам­қоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келі­сімі­мен он алты жасқа толған азаматтармен; орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы білім алған жағ­дайда он бес жасқа толған азаматтармен; сабақтан бос уақытында, ден­саулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушы­лар­мен; кинематография ұйым­дарында, театрларда және кон­церттік ұйымдарда, цирк­тер­де денсаулығына және адам­гершілік тұрғысынан дамуы­на нұқсан келтірмей шығар­малар жасауға және орын­дау­ға қатысу үшін он төрт жасқа тол­маған адамдармен еңбек шар­ты жасалуы мүмкін екендігі айтылған.

Жақында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің плен­арлық отырысында депу­таттар жаңа Еңбек кодексінің жобасын мақұлдады.

– Қазіргі заман өзгерістері жаңа Еңбек кодексіне деген қажеттілік туғызып отыр. Жаңа жоба еңбек заңдылығының еңбек келісімшартына қатысты тұсында барынша қолайлы болуын, жұмысшылардың бар­лық категориясы үшін сынақ мер­зімінің қойылуын, кадрлық ауыстыру кезіндегі өзгерістерді қарастырады, –дейді Атырау қалалық сотының судьясы Жанар Шакенова, – Жобаға сәйкес, еңбек келісімшартының шарт­тарын өзгерту процедурасы қара­пайым етіліп, жұмыс беру­шінің бастамасы бойынша ең­бек келісімшартын тоқтатуға негіз болатын жайлардың тізімі кеңейтілген. Еңбек кодексінің бұрынғы нұсқасында кәмелетке толмағандар үшін сынақ мер­зімі көрсетілмесе, жұмысқа орна­ласқанда сынақ мерзімін қою­ды реттеу нормалары өз­геріске ұшыраған. Осылайша, жаңа Еңбек кодексінде кәме­лет­ке тол­мағандар құқы­ғы бұрын­ғыдай кәмелет жасына толған азамат­тардың құқық­тарымен теңестіріліп, еңбекті қорғау, жұмыс уақытын белгілеу және басқа да кейбір жағдайларда жеңілдіктер белгіленген.

Енді мәселенің заңдық жағын қалдырып, психология­лық қыры­на тоқталайық. «Есектің ар­тын жусаң да мал тапты» ұс­танған нарықтық қоғамда оң-солын тани қоймаған жас­тың да, бала­сының ақша тап­қанын теріс көрмек түгіл, қуана қолдайтын әке-шешенің де көлденең табыс­ты теріс көр­мей­тіні байқа­лады. Түскі ас мез­гілінде 6-сыныпта оқитын қыздарын дүкенде қал­дырып кететін көршілер оның «есеп-қисапқа әлден-ақ жүйрік­тігін» айтып мәз. Бұл кісі­лер үшін жас баланың сауда орнында тұруы заңсыз екенін айтпағанның өзінде, қауіп туғыза­тыны – екінші кезекте. Үлпер­шектей ұл-қызын той-тома­лақтарға сүйрелеп жүрген тағы бір таныстар олай етуге «күнкөрістің қиындығы себеп» деп ақталады. «Шашудан», яғни «тойшыл қауымның» берген ақшасына балалар өздеріне киім алады-мыс. Сабақ уақытында дәріс тыңдаудың орнына даяшы немесе бала күтуші болып жүр­ген колледждің кәмелет жасына толмаған оқушылары осылайша оқу ақыларын төлей­тін болып шығады.

Алайда, сылтау қанша көп болғанмен, бұлтартпас заң – біреу. Бала балалығын жасай­ды десек, заңға қайшы әре­кетке көпе-көрінеу баратын үлкен­дердің қылығына не жорық?! Буыны қатып, бұғанасы бекіме­ген балаға қиянат жасап, еңбе­гін пайдалану адамгершілік қағи­дасына да жат екенін ес­керсек-етті.

Автор:
Құралай ҚУАТОВА, «Заң газеті»