Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик: Қоғамды арзан атаққұмарлық жайлап барады


26 октября 2015, 10:08 | 1 392 просмотра



Хакім Абай: «Арсыз болмай, атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?» дейді. Абай мұны тегін айтқан жоқ. Ғы­лым­ды арзан атаққұмарлық ауруы дендеп барады.

Құндылықтар құлдырауы туралы бұған дейін де айтқам. Тағы да қайталап айтамын, бүгінгі кезең-кезеңмен бағыт алып бара жатқан арзанқол дүниелер құндылықтарды құлдыратып бітті. «Мен болдым, толдым, кереметпін» деп бар мүмкіншілігін той жасауға немесе мансапқорлыққа бағыттайтындар көбейді. Адал еңбекпен емес, еңбексіз тапқан нанның бағасы артты. Үлкен еңбекпен келетін академик дейтін атақтар, талантпен келетін дәрежелердің бәрі құрдымға кеткендей көрінеді маған. Өйткені жалған атақ, жалған дарын, өзінің қадір-қасиетіне қарама-қайшы, еңбексіз келетін дүниелердің құны артып барады. «Профессор», «ғылым докторы» болмаса, басқа да түрлі атақ-дәреже­лер­дің бағасы төмендеді. Бұрын ғылымға шын жаны ашитындар келетін болса, қазір «мансапқорлар» көбірек иек артатын болды. 

Кезінде Ұлттық ғылым академия­сында 80-дей академик болса, қазір академиктер мен корреспондент-мүше­лердің деңгейі теңестіріліп, академик­тердің саны 400-ден асты. Тіпті «акаде­мик» атағын қолдан жасап алатын жағдайға жеттік. Мұның бәрі құндылық­тардың құлдырауы емес деп айта аламыз ба? «Саны көп, сапасы жоқ» құр көр­сеткіш ғылымның нақты бағасын арттыра алмайтыны тағы бар. 

Мұның бәрі ешкімді таңғалдыр­майтын күйге жеттік. Қаптаған «акаде­миктердің» саны көбейген сайын ғылымның да парқы түсе бастады. Әлемге әйгілі ғылым мен білім орда­ларының атына жұрнақ жалғап, жалған атақ-дәреже тарату кәсібі артқан сайын атақ-дәрежесі көп жалған «ғалымдардың» да көбейетіні дәлелсіз нәрсе. Атақ-дәреже адамның еңбегімен, талантымен келуі тиіс. Бұл экономикамызға да зиян. Моральдық тұрғыдан қарағанда, адамның өзіне де қауіпті құбылыс. Жеңіл, оңай келген дүниенің бәсі артпайды. Қазір Еуропадан келіп жатқан бизнестегі жетістіктерді көрсететін медальдар көбейді. Ешқандай еңбегі сіңбесе де, «академикпін, ғылым докторымын» деп кеуде қағатындар көбейді. Мұның бәріне талантымен жеткен жоқ. Оны ақшамен де сатып алуға болады. Бұл қоғамға төнген қауіпті құбылыс деп есептеймін.

Қазір дүниеге бала келсе де, айғайлап, әлемге жар салып, ұлан-асыр той жасаймыз. «Жасым пәленбайға келді» деп мүмкіншілігіне, айналасындағы адамдардың жай-күйіне қарамастан, дүркіретіп той жасау да әдетке айналды. Ысырапшылдық басым. Мұның бәрі жақсылық емес. Уақыттың талабына сай ысырапшылдықтан сақтануымыз қажет. 

Құндылықтардың бұлай құлдырауы – жақсы дүние емес. Ертең опық жемеу үшін қауіпті құбылыстың алдын алуды бүгіннен бастауымыз тиіс. Зиянды әрекеттерді, жөнсіз-жосықсыз мінез-құлықты бүгін жоя алмасақ, ертең кеш болады. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегім келеді. 

Автор:
Айқын-ақпарат.