Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Емхана - ел қамы


26 октября 2015, 10:05 | 1 214 просмотров



Көксу аудандық орталық емханасының бой көтергеніне азды-көпті бір жылдың уақыты болып қалыпты. Емхана қызметкерлерімен кездесіп, хал –жағдайын, жай-күйін білу мақсатымен ат басын бұрған едік. Алғаш келген бетте емхана сыртының салтанатты келбеті мен ішкі көрінісінің сәнділігі, дәліздерінің кеңділігі, күн нұрына шомылған кабинеттердің жарықтылығы көңілімізге ризашылық сезімін ұялатты. Орналасқан жері де шалғай емес, қарым-қатынасқа өте жеңіл және аудандық аурухананың дәл жаны, іргелес қатар тұр. Медициналық тұрғыдан алып қарағанда, екі мекеменің осылай қатар тұруының өзіндік тиімділігі өте мол. Себебі, қойылған диагноздың дұрыс немесе дұрыс еместігін қосымша оперативті тексерулерден өткізу арқылы анықтауға өте қолайлы. Көксу бойының ел-жұрты көптен күткен емхананың басшысы Салтанат Советбекқызы Абдрахмановаға жолығып, тілдестік.

-Салтанат Советбекқызы, қоныстарыңыз құтты болсын, мынау жаңадан ашылған емхананың жұмысы мен қызметі жайлы аздап әңгімелеп берсеңіз.

Рахмет. «Кедей болсаң көшіп көр»- деген осы, мінеки бірнеше айдың жүзі болды көшіп бола алмай жатырмыз. Соған қарамастан науқастарды қабылдау және түрлі тексерулер штаттық күн тәртібіне сәйкес өткізілуде.

-Әдетте, жаңадан ашылған ғимараттардың түрлі кемшіліктері көп болады, осы жағынан не айтасыз?

Қуанышқа орай, ондай олқылықтар орын алған емес, ризамыз. Елге қамқор танытқан облыс басшыларына, «Астана Құрылыс» Ұлттық құрылыс компаниясына адал еңбектері үшін, сіздердің газет арқылы тағы да бір алғысымызды жеткізгім келеді.

-«Мамандарсыз іс бітпейді» – деген, маман дәрігерлер жағы жеткілікті ме? Жас мамандар туралы да айта кетсеңіз.

Мекеме ұжымында 90-нан астам медицина қызметкерлері жұмыс істейді, он жеті түрлі дәрігерлік қызмет көрсетеміз. Күніне 250-ге жуық науқастарды қабылдаймыз.Солардың ішінде балалар педиатриясы мен әйелдер кеңесі үздіксіз жұмыс істеуде. Жас мамандар жайына келсек, оларды кеңінен жұмысқа тарту, үйрету, керек болған жағдайда алдын ала оқыту күнделікті күн тәртібіндегі мәселе.

-Халық қандай ауруларға жиі шалдығады?

Жүрек-қан тамыр аурулары, көз ауруы глаукома белең алып тұр. Өкінішке орай қатерлі ісік ауруларының да қарқыны басылмай тұр. Әсіресе әйелдер арасында жиі кездесетін сүт безі ісіктері мен жатыр мойын ісіктері алаңдатуда. Әрине, әрбір аурудың алдын алуға болатыны баршамызға белгілі бола тұра немқұрайдылық танытымыз. Салауатты өмір салты мен алдын ала тексерулерден өту, көптеген ауруларға тосқауыл болатынын естен шығармау керек. Жеке бастың гигиенасы, жүгіру мен жүру, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру жалпы адам денсаулығына ауадай қажет. Дене қимылы болмаса, адам ағзасына ауру түрлері жинала беретіні жайында ғалымдар дабыл қағуда. Адамның қабылдаған тағамы белгілі бір мөлшерде ккал бөліп отырады, егер сол бөлінген ккал саны дене қимылы арқылы кемітілмесе, адам гипертонияға немесе асқазан-ішек ауруларына ұшырайды.

-Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) жетілдіруге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Бұл медицинаның дамуына қаншалықты әсер етеді?

Өзіңіз көріп отырған мынау үш қабатты типтік ғимарат мемлекет тарапынан үлкен көмек деп есептеймін. Мұндай қамқорлықтың аудан көлеміндегі медицинаға әсері айтпаса да түсінікті. Себебі, науқастар үшін дәрігерге қаралу қаншалықты қолайлы болса, дәрігерлер үшін де медициналық қызмет көрсету мейілінше жеңілдетілді. Мысалы, аудандық аурухана мен емхананың, перзентхана мен жұқпалы аурулар бөлімшесінің бір аулада орналасуы науқастарға ғана емес, дәрігерлер үшін де өте қолайлы.

-«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының қорытындысы, денсаулық сақтау саласына әкелген өзгешіліктері?

«Саламатты қазақстан бағдарламасы» өзінің оң нәтижесін берді, бір ғана мақсатты топтарға скринингтік тексерісті жүргізудің арқасында көптеген аурулардың алдын алып, мыңдаған адамдар денсаулығын сақтап қалды.

-Жаңа «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасынан медицина қауымы не күтеді?

«Денсаулық» бағдарламасынан күткеннен гөрі, кірісуіміз көбірек болатын сияқты. Себебі, бұл бағдарламаның баянды өтуі дәрігерлердің біліміне, адал еңбегіне, қабілетіне тығыз байланысты деп ойлаймын.

-Науқастарды жан-жақты емдеу үшін мамандар мен қатар заманауи құрал-жабдықтар да керек, ол жағы жеткілікті ме?

Әзірге жеткілікті, бүгінгі күні біздің қолданысымызда тұрған құрал-жабдықтар; Ресейде шығарылған сандық флюорографиялық аппарат, сүт бездерін зерттейтін Оңтүстік Кореялық маммографиялық аппараты, Италияның рентген комплексі, Жапония мен Оңтүстік Кореядан шыққан УЗИ аппаратары, Кореяның ЛОР – комбайны, Польшалық көз ауруларын тексеретін компьютерленген периметр.

-Біздің газет арқылы оқырмандарға айтарыңыз бар ма?

Ауырмаңыздар, егер ауыра қалсаңыздар көмекке дайынбыз, дана халқымыз айтқандай ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде – деп айтқым келеді.

Автор:
Берден Қадір