Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Скрингтер тексерулердің көмегі мол


26 октября 2015, 10:02 | 4 807 просмотров



Сүт безі — өмірдің бастауы, адамның ең алғашқы тағамы — ана сүтінің жиналатын орны. Адамның әр ағзасының өзінің орындайтын функциясы бар. Сүт безінің негізгі қызметі — бала емізу, яғни сүт жинау және оны шығару. Егер ол өз функциясын уақытында орындамаса, әйел ауруға ұшырауы мүмкін. Ең қорқыныштысы — сүт безінің қатерлі ісігі. Алайда, сүт безі ауруларын асқындырмай, дер кезінде емдесе, одан толықтай айығуға болады дейді мамандар.

Сүт безі қатерлі ісігі деген қандай ауру? Одан толық емделуге бола ма? Сақтанудың жолдары қандай? Ол неден пайда болады және тұқым қуалай ма? Алғашқы белгілері бар ма?

Бұл сұрақтарға сұхбаттасым, Талдықорған қалалық емхананың маммологы Бесимов Секен Темірханұлы жауап береді:

- Секен Темірханұлы, сүт безі ісігіне соңғы кездері нәзікжандылардың жиі шалдығуына не себеп деп ойлайсыз?

- Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына ықпал ететін факторларды айтатын болсақ, адамның өмір сүру салтына, кәсіптік дағдыларына байланысты жіктер болсақ, бұл дерт ағзадағы гормондар деңгейінің бұзылуы (етеккір, генеративтік, лактациялық қызметтер) әйелдің жыныс жүйесінің созылмалы аурулары, тұқым қуалаушылық, жиі күйзеліске ұшырау. Сондай-ақ, осы қатерлі ісіктің ерте білінетін белгілері; сүт безіндегі ауырмайтын, байланған түйіннің болуы, түйін үстіндегі терінің тарылуы, сүт безі мөлшерінің едәуір ұлғаюы, емшек ұшының тартылуы немесе қозғалмауы, терінің нақты бір жерінің қызаруы, қолтықтағы бір немесе бірнеше байланған түйіндердің болуы, емшек ұшынан білінетін бөлінділер немесе оны патологиялық өзгерістерден байқауға болады.

Бүгінде сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтын деңгейге жетіп отыр. Сондықтан, қыз-келіншектер бұл дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Егер де бойдағы  дерт дер кезінде анықталып, ем жасалса, аурудың асқынуына жол берілмейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осының ізінде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бастап 50-60 жас аралығындағы әйелдерді толық тексеруден өткізетін «маммографиялық скрининг» деп аталатын Ұлттық бағдарлама дүниеге келді. Бағдарламаның мақсаты - сүт безінің қатерлі ісігі ауруын алдын ала анықтау, өлім-жітімді азайтып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту. Осы мақсатта тексеру үшін қала, аудандарда рентгеннен өткізетін маммограф аппараттары емделушілерге қызмет көрсетуде. Онда 50-60 жас аралығындағы барлық азаматшаларға тұрғылықты мекен-жайына қарасты емханаларда екі жылда бір рет тексеруден өтуіне мүмкіндік жасалды. Десек те, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан көптеген әйелдер ауруы асқынған кезде, яғни 3-4-ші сатыда ем алуға мәжбүр болады.

—    Сүт безі қатерлі ісігі ауыл әйелдерінде көп пе, әлде қала әйелдерінде ме?

—    Ауылдағы әйелдерге қарағанда қалада тұратын қыз-келіншектер арасында өте көп. Себебі қалада біз таң атқаннан кеш батқанша қапырық кеңседе компьютердің алдында отырамыз. Компьютердің алдында көп отыруға мүлде болмайды, өйткені, оның радиациялық сәулесі тікелей сүт безіне түседі ғой. Екіншіден, қала әйелдерінде қозғалыс аз, калориясы мол «жасанды» тағамдарды көп пайдаланамыз, ал бұл «нысана органына» кері әсер етеді. «Нысана органы» дегеніміз — сүт безі. Ашуланшақ, уайымшыл әйелдер де қауіпті топқа кіреді.

Отыз жастан асқаннан кейін «бала тумаймын» де отырып алатын әйелдер де өз денсаулығына қауіп төндіретінін білмейді. Батыс елдерінде сүт безі қатерлі ісігі неге көп? Ал бұрынғы батыр аналарымызда неге аз болған? Өйткені, баланы неғұрлым көбірек өмірге әкеліп, көбірек емізсе, ол әйел соғұрлым аурудан алыс тұрады.

Тағы бір айта кетерлігі — гармонды дәрілерді көп пайдалануға болмайды. Әсіресе, жасы жиырмаға толмаған жас қыздарға жүктілікті болдырмайтын гармонды дәрілерді пайдаланбаған дұрыс. Климакс кезінде де гармонды дәрілерді абайлап пайдалану керек.

—    Ал егер адам гармонды дәрілерді пайдаланбауға болмайтын аурумен ауырған жағдайда ше?

—    Ондай жағдайда міндетті түрде маммологпен және гинекологпен кеңесу қажет, солардың үнемі бақылауында болу керек. Мысалы, бірінші бедеулік диагнозы қойылған әйелдер жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеруге ниет еткен жағдайда алдымен міндетті түрде маммологтың алдынан өтуі керек. Өйткені, жасанды ұрықтандыру — гармон арқылы жүзеге асырылатын процесс. Яғни, әйел жасанды ұрықтандыру арқылы бала туса, бір жылдан кейін оның сүт безі қатерлі ісігіне шалдығуы әбден мүмкін. Егер анасы науқас болса, ол бала кімге керек? Әйелдер осы жағын ойлауы керек.

—    Бұл қатерлі аурудың алдын алуға бола ма?

—    Жасы жиырмадан асқан қыз бала үнемі өз-өзін бақылауы керек. Етеккір басталғаннан кейін 5-6 күндері, ал етеккір келмейтін болса, айдың бір күнін белгілеп алып, сол күні өз-өзіңізді тексеріңіз. Сүт безінің көлеміне, терісіне, үрпісіне назар аударыңыз, қандай да бір өзгеріс байқасаңыз, бір сүт безі екіншісінен үлкен не кіші болса, емшекте қандай да бір түйін байқасаңыз, қолтық астында қандай да бір без шошыса, емшек үрпісінен сұйықтық бөлінгенін байқасаңыз, уақыт өткізбей дереу маммологқа жүгіріңіз. Ең алғашқы жүктілікті міндетті түрде сақтауға тырысыңыз. Некеге тұрып, 25 жасқа дейін сәби сүюге асығыңыздар. Баланы көбірек емізген дұрыс. Ас мәзірінде майлы, қуырылған, тұзы тым көп тамақтар аз болғаны жөн. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаттығу залдарына барып тұруға тырысыңыз.  Компьютердің алдында көп отырмаңыздар, не болса соны уайымдап, іштей өзіңізді мүжи бермеңіздер, оның барлығы денсаулықтарыңызға зиян.

Тағы бір айта кетерлігі — қазір мастопатиямен ауыратын кейбір әйелдер «бала тусам, барлық ауруымнан айығамын» деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Өйткені, экология, психоэмоционалды фактор, күн сайынғы жұмыстағы жайсыздықтар, басқа да жағдайлар мастопатиясы бар жүкті әйелге одан сайын салмақ түсіріп, ауруын асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан, мұндай ауруларды жүкті болмас бұрын емдеу керек.

—    Қазір елімізде 50-ден асқан әйелдер жыл сайын тегін скринингтен өтеді. Яғни, бұл ауру 50-ден асқан әйелдерге ғана қауіп тудыруы мүмкін деген сөз ба?

—    Ертеде сүт безі қатерлі ісігі 50-60 жас аралығындағы әйелдерде көп болды, сондықтан, мемлекет 50 жастан бастап тегін скринингтен өткізуді жолға қойды. Қазіргі жағдай мүлде басқа — сүт безі қатерлі ісігі жастардың арасында да көбейіп кетті. Қазір бұл ауруды 25-30 жастағы әйелдерден анықтасақ, таң қалмайтын болдық. Бұрын 40 жастағы әйелдердің өзінде аз болатын. Мемлекет әйелдерді 40 жастан бастап тегін скрининг өткізу мәселесін жолға қойса дұрыс болар еді, қазір еліміздегі рентгенологтар құзырлы министрлікке осындай ұсыныспен шығып жатыр.

Бір өкінштісі, әйелдер мемлекеттің бұл қолдауын түсіне бермейді. Тегін тексеруге келуге ерінеді. Мысалы, бір әйелді скринингтен өткізгенде оның сүт безінен без байқалды да, оны дереу маммологқа жіберді. Ал әйел қаңтардан бастап желтоқсанға дейін маммологқа бармай жүре берген. Ақырында сүт безіндегі без бірінші деңгейдегі қатерлі ісікке айналып кеткен. Абырой болғанда ота жасап, әйелді аман алып қалдық. Міне, әйелдердің өздеріне деген қарым-қатынасы осындай. Сүт безіндегі түйін, без ауырмауы да мүмкін, бірақ, оның аз уақыттың ішінде қатерлі ісікке айналып кеткенін сіз байқамай да қалуыңыз ғажап емес.

—    Қатерлі ісікке шалдыққан әйелдің сүт безі түгел алынып тастала ма?

—    Егер ауруы ерте анықталса, ісіктің көлемі кішкентай болса, сүт безін сақтап қалуға тырысамыз. Сүт безінің өзі төрт бөлікке бөлінеді. Оны төрт квадранты деп атайды. Егер ісік, сүт безін ойша төрт бөлікке бөлгендегі сырт жағында, яғни, қол жағындағы сыртқы квадрантының жоғарғы және төменгі жағында орналасқан болса, егер оның көлемі 2 см-ден аспаса, қолтық астында без болмаса, онда сүт безін сақтап қалуға болады. Ал егер ішкі төменгі және ішкі жоғарғы квадрантында, сүт безінің үрпісінде болса, онда емшекті сақтап қалу мүмкін емес. Көп жағдайда әйел адамның формасына да байланысты болады — арық әйелдерге қарағанда толық әйелдердің сүт безін сақтап қалуға мүмкіндік мол. Елімізде жалпы қатерлі ісікті емдеудің барлық кезеңі тегін жүргізіледі.

—    Жасанды сүт безін салуға бола ма? Ол да тегін бе?

—    Болады. Онкопластикалық хирургияның көмегімен сүт безін толықтай алып тастап, орнына селикон имплантантын тігуге болады. Оның адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Жасанды сүт безін салу — әр науқастың өз құқығы. Және оны мемлекет қаржыландырмайды, науқастың өз қалтасынан төленеді.

- Скринингтік тексеруден өткізу қандай нәтиже көрсетті?

- Маммограф аппараты арқылы тексеруден өткен бірнеше жүздеген әйелдер арасында тек он шақты әйелдің өздері білмейтін ауруы анықталады. Мысалы, көптеген елді мекендерде тұратын әйелдер өздерінің ауру-саулығын тексеруді қиынсынады, керісінше, «денім сау» деп тексеруден қашқақтап жүреді. Ал, ондайларды жергілікті дәрігерлер еріксіз әкеліп түсіруге мәжбүр болады. Жұртшылық арасында «бұл жаман аурумен» ауырсаң жазылмайсың, қалай емделсең де одан нәтиже жоқ» деген теріс түсініктер де жоқ емес. Біз мұндай жаңсақ пікірдегі адамдар арасында ақпарат көздері арқылы түсінік жұмыстарын жүргізіп келеміз.  Себебі, тәжірибемізден белгілі, сүт безіне, теріге, ерінге түскен қатерлі ісіктері бар адамдар алғашқы сатысында қаралып, тексеруден өтіп, ем алған болса, ол науқастардың 80-90, тіпті 100 пайызға дейінгісі бұл қатерлі сырқаттардан сауығып кетулеріне мүмкіндіктері бар. Бізге түрлі қатерлі ісік ауруларымен келіп, емделіп шыққандардың бес жылдан он жыл, тіпті одан да көп жыл өмір сүре алатынын айтуға тиіспіз.

Біздің мақсатымыз, әйелдерді маммографқа түсіріп, іздейтініміз - көбіне сүт бездерінде кездесетін түрлі түйіншектерді тауып емдеу. Ол кезінде сүт қатып қалған, не болмаса оқыстан жарақат алған жағдайлардан да болуы мүмкін. Бұл жағдай сүт жүретін түтіктерді бітеп, түйіншектерге әкеліп соқтырады. Әйелдер көбіне бұл жағдайға мән бермейді. Жалпы, қатерлі ісік сау адамның ағзасында болмайды, оған түрлі себептер әсер етеді.

- Мұндай ауруға шалдыққандар көбіне дәрігерді емес, емшілерді жағалап жүретіндері жасырын емес қой...

- Дұрыс айтасыз. Өкініштісі, кейбір әйелдер сүт безінің қатып, түйіншектелуі білінсе, алдымен емшілерге, экстрасенстерге қаралуға бейім тұрады. Науқас сол емшілерге барғанда сырқатынан жазылып кетсе жақсы, керісінше, ауруын асқындырып алады. Емшілердің бәрі бірдей емес, арасында қолы шипалы емшілер де баршылық, олардың кейбірінің сырқаттар үшін емінің пайдасы да жоқ емес. Бірақ, сол емшілерден өтініп сұрайтынымыз, қатерлі ісік ауруларына араласпаса екен. Кейде орынсыз жерге пышақ ұрып, көрініп тұрған ісікке ананы-мынаны жағып,  емдеген болып, ол науқастың ауруын бұрынғыдан да асқындырып, өміріне зақым келтіруі мүмкін. Бастапқыда пайда болған ісікті жоғары сатыға дейін асқындырып алып, «енді болмайды, дәрігерге барып қаралыңыз» деп шығарып салады. Егер бойыңызда пайда болған сырқаттан ісік ауруы деп күдік алсаңыз, алдымен дәрігер-онкологқа қаралғаныңыз дұрыс.

- Сонда бұл қатерлі ісік ауруларының алдын алу жолдары бар ма?

- Дәрігер-маммолг ретінде айтарым, әйелдер өзін-өзі жүйелі тексеруден өткізіп тұруды естен шығармаса екен. Кейде бізге келген әйелдердің бірі «мен суға түсіп жатқанда байқадым» немесе «бала емізіп отырғанда көрдім» деп мұң шағады. Ал, кейбір әйел адамдар денесіндегі осындай көрініп тұрған ақауларды елемей жүріп, артынан опық жеп жатады. Осындай келеңсіз жағдайды болдырмас үшін дәрігер-онкологтар келген науқастарға өзді-өзін қалай тексеру тәсілдерін үйретіп, кеңестер береді. Айтпағымыз, әрбір әйел міндетті түрде айына бір рет сүт бездерін өзі тексеруден өткізіп тұрсын. Артық дене салмағын болдырмау үшін майлы тағамды көп мөлшерде пайдаланбағаны жөн. Бірінші жүктілікке міндетті түрде сақтанып және 1 жасқа дейінгі балаға емшек емізіп отыруы тиіс. Сондай-ақ, ретсіз жыныстық қатынастан немесе іштегі шарананы алдырып тастау, жүктілікті болдырмаудың жолы деп дәрі-дәрмектерді орынсыз пайдалану аталмыш қатерлі ісікке душар етуі мүмкін. Гинекологиялық ауруларды уақытымен емдетіп тұруы керек. Ал, табылған қатерлі ісік ауруларының емі жөнінде айтсақ, қазір ғылымның алға дамып отырған кезінде дәрі-дәрмектің жеткіліктігі немесе осы ауруларды тексеріп анықтайтын аппараттарды сапалы пайдаланудың нәтижесінде аталмыш сырқаттардың алдын алып, емдеуге толық негіз бар.

Бұрын көп жағдайда сүт безін операция жолымен сылып тастап, не дәрі-дәрмекпен емдеуге көңіл бөлінетін. Қазіргі кезде бұл сырқаттарды кешенді түрде емдеуге қол жетіп отыр. Мамандар бірінші химиятерапия арқылы ісік тұрған жердің айналасындағы қызарып, не қалың тұрған жерін азайтуға тырысады. Науқасқа екі-үш мәрте химиятерапиялық ем жасалынып, сосын барып операциялық жолды пайдаланады, одан кейін сәулемен бұл аурулардың ұшып түсетін белгілі-белгілі ошақтарын тауып күйдіріп, сәуле арқылы радиологиялық терапиялық ем көрсетеді. Облыстық онкологиялық диспансерде осындай жолмен науқастарға ем жасауға барлық мүмкіндік бар. Емдеу жүйесінде тәжірибелі дәрігер онколог-маммологтар жеткілікті, әрі дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ.

Айта кетейін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша денсаулықтың 50 пайызы адамның өзіне, атап айтқанда, оның өмір сүру жағдайына байланысты, ал 10 пайызы ғана дәрігерге байланысты болады екен. Адам өз денсаулығына қаншалықты дәрежеде көңіл бөлсе, бізге соншалықты дәрежеде оның шалдыққан ауруымен күресу оңай.

- Секен Темірханұлы, маммолог-дәрігер ретінде қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес бересіз?

- Турасын айтсам, біз өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын халықтың біріміз. Қатерлі ісік ауруларына шалдыққанын сезіп тұрса да дәрігерге ауруы әбден асқынғанда бір-ақ баратындар бар. Сондықтан, әр адам ауырып емес, ауырмай тұрып алдын ала дәрігерге қаралуы тиіс.

Медицина сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің өз бетімен емделуін қостамайды. Біздің тәжірибемізде сырқатына қазақы ем-дом жасап, ақырында ісіктің соңғы сатысында бізге кешігіп келіп, опық жегендер көп. Тағы да ескертіп айтамын, бұл сырқатқа шалдыққандарды тек маммолог мамандар ғана құтқарады. Қатерлі ісіктің құрығынан сақтану үшін алдын-ала тексеріліп тұрғаны жөн екендігін қыз-келіншектерге және бір мәрте ескертемін.

- Әңгімеңізге рахмет. Халық денсаулығы жолында жасап жатқан еңбектеріңіз жемісін берсін!

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ