Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ғылым дәлелдеді


26 октября 2015, 10:02 | 1 106 просмотров



Ғылымның әр саласын бірінен-бірін бөліп қарауға болмайды, бәрі бір тамырдан таралған бұтақтар болып саналады. Әр ғалымның ашқан жаңалығында оның өзі білмейтін тағы да сырлары болады, оны келешек ұрпақ толықтырып, жаңа сипат беріп жаңартады. Ғылымға сенбеген адам шындықтың не екенін біле - білмейді. Сенімге, серпілгендей сенімсіздікті танытпау үшін, ғылым соңына түсеміз. Ғалымдар не дейді?

Асқазаны темірді де қорытып жіберетін тіршілік иесі

Оңтүстік Корея ғалымдары әлемдегі ас қорыту жүйесі ең күшті тіршілік иесін анықтады. Ол - тазқара болып шықты.Тазқара (лат. Aegypius monachus) - өте ірі құс: денесінің ұзындығы 1 м, қос қанатының жалпы ұзындығы 2 м 20 см-дей, түсі қара қоңыр. Екі көзінің айналасы мен мойны жалаңаш. Тазқара көбінесе таулы жерлерде тіршілік етеді, өлексемен қоректенеді. Кейде тірі хайуандарға да шабуыл жасайды, малдың алдымен етін, одан кейін ішек-қарнын жеп, ең соңында сүйектерін бітеу жұтады. Тасбақаны да екі аяғымен ұстап тұрып, тұмсығымен үңгіп жейді. Бір жұмыртқа табады.Мамандардың айтуынша, бұл құстың асқазаны ірі-ірі сүйектерді оңай қорытып жібереді. Ол ол ма, тіпті асқазанына түскен металдар да қорытылып кетеді екен. Бұған қоса тазқараның иммундық жүйесі де өте күшті болып шықты. Ол оба ауруы жұққан, құтырған және басқа да өте қауіпті жұқпалы ауруларға шалдыққан жыртқыштардың етімен қоректене береді екен. Зерттеу жобасының авторларының бірі - генетик Чон Пактың айтуынша, оның асқазанынның мұнша қуатты болуына асқазан сөлінің қышқылдылығы өте жоғары деңгейде болуы басты себеп. 

Үйдің тұңғышы өзінің бауырларына қарағанда ақылдырақ болады

Негізі, адамның алғыр әрі ақылды болуына оның нешінші болып өмірге келуі аса әсер етпейді. Алайда, үйдің үлкені - баланың тұңғышының өзінен кейінгілерге қарағанда IQ-і (интеллект коэффициенті) жоғарырақ болады. Зерттеуге АҚШ, Британия, Германия елдерінен 20 мыңға жуық адам қатысқан. Олардың бәрінің бауыр-қарындастары немесе іні-сіңлілері болған. Қатысушылар IQ, сондай-ақ психологиялық тесттен өткен. Зерттеу қорытындысы бойынша, ғалымдар адамның тез тілтабысқыштығы, сезімталдығы, мінезінің ашықтығы, шыншылдығы және басқа да мінез-құлық қасиеттері оның үйдің нешінші баласы екендігіне байланысты болмайтынын, алайда тұңғыштардың IQ көрсеткіші расымен жоғарырақ болатынын анықтады. Көрсеткіш айырмасы шамамен 1,5 балды құрайды. Зерттеушілер бұған генетикалық және биологиялық факторлардың еш қатысы жоқ деп санайды. Керісінше, бұл жерде тәрбиенің ықпалы зор көрінеді. Көп жағдайда үйдің кенжесін әке-шешелері қатты еркелетіп жібереді де, оған тұңғыш баласына қарағанда көбірек еркіндік береді. Осы себепті сабақтағы үлгерімі тыңғылықты қадағаланбай қалады. 

Суықтап қалсаңыз, жануарлар майын пайдаланыңыз

Адам ағзасы үшін аю, борсық, суыр майлары өте пайдалы, ол тамырды кеңейтіп, бойдағы суықты шығарады. Халық медицинасы мен диетологтар әсіресе, құрамында цитаминдер, ағзаға нәрлі заттардың енуін жақсартатын пептид биореттегіштері бар аю майын ең пайдалы деп атайды. Аю майын күніне үш қасықтан қабылдаса, ол астың сіңімділігін алмастыра алады. Тіпті, аю майымен ғана азықтанып жүруге болады. Мамандар аю майын ұзақ жол жүретін жүргізушілер негізгі тамағы ретінде қабылдауға кеңес береді. Суыр майын гастрит пен асқазан жарасы кезінде қабылдаудың пайдасы көп. Ол үшін күніне үш шай қасық қабылдау жеткілікті. Борсық майының иісі жағымсыз болғанымен, теріге пайдалы. Борсық майын тері аурулары - нейродермит, дерматит, күйік шалу немесе үсіп кету кезінде өте қолдану қажет. Кез келген жануар майы - бронхтың қабынуы мен суық тигенде таптырмайтын нағыз ем. Сүтті жылытып, бір қасық бал, бір шай қасық май қосып, суық тигеннен емделуге болады.

 

Сүт қатқан шай денсаулыққа зиян

Ғалымдардың соңғы зерттеуіне қарағанда, шай мен сүтті араластырып ішу денсаулыққа зиян. Екеуінің қоспасы адам ағзасына қиын сіңіріледі, деп есептейді мамандар. Сондай-ақ шай мен сүт бір-бірінің пайдалы қасиеттерін жойып жіберетін көрінеді. Сондықтан да оларды бөлек ішкен абзал. Сонымен бірге маманда сүт қатқан шай ер адамдарға қарағанда әйел адамдарға зияны көбірек екенін айтып кетті. Осыған дейін британ ғалымдары салмақ тастауға арналған көк шай адам өміріне қауіпті деп мәлімдеген болатын. Оны жиі ішу ішкі органдардың ауруын тудырады, әсіресе бауырға зиян деп санайды зерттеушілер. 

Ана сүті баланың мінез-құлқына әсер етеді

АҚШ ғалымдары ана сүтінің құрамында белгілі мөлшерде болатын күйзеліс гармоны - кортизол баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін дәлелдеді. Ғылыми қызметкерлердің мәліметінше, ол бала емуді тоқтатқаннан кейін де әсер етуін доғармайды. Ана сүтінің құрамында болатын картизол ұл балаларға да, қыз балаларға да әсер етеді. Алайда ұл балалар бұл гармонның ықпалына көбірек ұшырайды. Бұл орайда картизол не себепті көбейетінін, одан қалай сақтану керектігін білген, содан сақтанған абзал. 

 

Фаст-фуд тағамдарын мүлде жеуіне болмайды

Фаст-фуд ешқашан пайдалы болмаған, сондықтан оны шамадан тыс көп тұтыну емделуі қиын ауруларға соқтыруы мүмкін. Ғалымдар балалардың фаст-фудты көп жеуі олардың сүйек тінінің дамып-жетілуін тежейтінін

анықтады. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу барысында кішкентай балалардың тағамның бұл түрін мүлде жеуіне болмайтыны дәлелденді. Зерттеуге мыңнан аса кішкене бала қатысты. Фаст-фудты жиі тұтынатын балалар мен оны аз жейтін немесе мүлде жемейтін балалардың сүйек тіні салыстырылды, нәтижесінде соңғыларының сүйек тініндегі минералды заттардың тығыздығы анағұрлым жоғары екені анықталды. Сүйек тіні кенже жетілген балалар сау балаларға қарағанда әлдеқайда әлжуаз, тез шаршағыш келеді. 

 

Күйзеліске ең көп ұшырататын кәсіптер

Қытай мамандары күйзеліске ең көп ұшырататын кәсіптер тізімін құрды. Оларға адамдардың өз денсаулықтарын құртып, өздеріне көп міндеттер алуына тура келетін және өздері түк шешпейтін кәсіп түрлері жатқызылады, деп жазады The Telegraph. Осылайша, жұмысы көп және аз төленетін кәсіп түрлері (мысалы, даяшылар) адамдардың жүрек ауруларына (ишемиялық инсульт алу мүмкіндігі 58 пайызға дейін артып отыр) шалдығу қаупін арттырады. Ал күйзеліске аз ұшырайтын ғалымдар мен сәулетшілер үшін жүрек ауруларына шалдығудың қаупі үлкен емес. Айта кетейік, ауысым кестесімен істелетін жұмыс обырдың дамуы мен жалпы алғанда денсаулықтың бұзылуына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ «қара тізімдегі» кәсіптердің қызметкерлері денсаулықтарына дұрыс қарамай, темекі шегіп, нашар тамақтанады, жаттықпайды деп ойлауға негіз бар. Рейтингті құрғанда жалпы алғанда 138782 адамның мәліметтері есепке алынған (күйзеліс деңгейі, олардың денсаулық жағдайы, жұмыс сапасы тіркелген). Адамдарды 3 жылдан 17 жылға дейін бақылаған. Жалпы алғанда күйзелістің жоғары деңгейі бар жұмыс қызмет көрсету саласында (даяшылар, күтушілер) болған. Сондай-ақ ондай жұмыс ер адамдар арасында инсульт қаупін 4,4 пайызға, ал әйелдер арасында 6,5 пайызға өсірген. 

 

Кішкене балалардың не себепті ашушаң болатынын анықтады

 Франциядағы Денсаулық сақтау және медициналық зерттеулер институтының мамандары бірқатар тәжірибе жүргізіп,  жақындарының темекі тартуы балалардың агрессивті қылығының дамуына себеп бола алатынын байқады.

Зерттеушілер темекі түтіні баланың денсаулығымен бірге оның қылығына әсер етеді деп санайды.Тәжірибеге шамамен бес мың оқушы қатысты. Мамандар әйелдердің жүкті болған кезінде және одан кейін темекі шегуі жағдайларын ескерді. Темекі түтінін жұтқан балаларда жоғары эмоционалдық тұрақсыздық аңғарылды.Әсіресе, екіқабат болғанда және босанғаннан кейін де теріс әрекеттен арылмаған аналардың балалары көбірек зардап шегеді.  Бұл баланың агрессивті болуына ықпал етеді. Ғалымдар жақындарының темекі шегуі және оның түтінін баланың жұтуы оларды агрессияға және эмоционалдық тұрақсыздыққа итеретін жағымсыз факторлардың тізіміне ресми түрде енгізуді ұсынды.  

Жағымсыз жаңалықтар обыр ауруын емдеуге кедергі

Профессор Фреде Олсен медицина мамандарына науқастарға дертіне қатысты жағымсыз жаңалықтарды көп естіртпеуге кеңес береді. Өйткені науқастың жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Психологтар мұны «плацебо әсері» деп атайды.Ғалым барлық медицина қызметкерлеріне науқастарына тек жағымды жаңалықтарды айтуға, алайда жалған үміт ұялатпауға кеңес береді. Ғалымдар зерттеу жүргізіп, сәулелі терапия мен химиотерапиядан кейін кері әсерлер: естен айырылу, ауырсыну болуы мүмкін екендігін анықтады. Бұл әсерлер олардың осылай болады деп күтуіне байланысты туындайды. Науқастың жүйке жүйесіне өзі күткен қаупі әсер ететін көрінеді. Зерттеу көрсеткендей, өз-өзіне сенімді, білікті дәрігерлермен сөйлескен соң науқас өзін жақсы сезінеді екен.  

Автор:
Дайындаған: Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ