Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұлы дала елінің қаһарманы


26 октября 2015, 09:55 | 2 106 просмотров



Тақырып түстен кейін қоямын......

«Мен барша жастарымызды өз елінің патриоттарының алдыңғы қатарында болуға шақырамын. Нақты істермен Отанымыздың гүлденуіне үлес қосу ортақ міндетіміз. Қазақстаннның Туы алдағы уақытта да талай ғарышқа көтеріліп, құрмет тұғырларында желбірей беретіндігіне сенімдімін, Қазақ елі мәңгілік жасасын!»

Айдын Айымбетов

Уақыт өткен сайын заманның да, адамның да құндылықтары өзгереді. Бұрын ерекше болып көрінген құбылыстар үйреншікті дүниеге айналады. Бүгінгінің адамдары құндылықтардың құлдырауы туралы жиі сөз қылады. Заманмен қатар қадам басса да, бұрыңғыны аңсайды, ескілікті іздейді. Өткенге көз жүгірткен сайын еліміздің даналарын, халқымыздың қаһармандарын еске алады. Тарихты жасайтын да, көпке үлгі болатындар сондай бір туар азаматтар. Олар өз заманының батыры болды. Бүгінгі жаңалық ертеңгі тарих, бүгінгі адамдар тарихты жасаушы тұлғалар. Біз ертеңгі тарихты қалыптастырушы әрі куәгерлеріміз. Әр адам үшін өзінің үлгі тұтатын батыры болады. Бірақ барша бірдей батыр санайтын әрі сыйлайтын тұлға кем де кем. Біздің бүгінгі батырымыз –Айдын Айымбетов. Ғарышты бағындырған Қазақстан азаматы, Ұлы дала елінің ардақты перзенті арманынан бір сәтке де алшақтамай, еңбектенді, күтті, сенді. Тәуелсiз Қазақстанның өз күшiмен ұшырған тұңғыш ғарыш­керi атанды.

Жерлестерімен жүздесу

Қазақтан шыққан үшінші, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш ғарышкер Айдын Айымбетовке Елбасы «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Отан» ордені мен Алтын Жұлдыз медалімен марапаттады. Жасыратыны жоқ, бұл хабарға барша халық қуанды. Айырықша қуанышқа Талдықорған жұртшылығы бөленді. Олар үшін 2015 жылдың 15-қазаны ерекше күн болды. Жерлестерімен жүздесу үшін туған жеріне Айдын Айымбетов арнайы келді. Жеті суды қатар еміп жатқан алақандай ғана шаһардағы кездесуді біз де асыға күттік. Талдықорған әуежайынан ғарышкерді аймақ басшысы, қала әкімі және қалың халық күтіп алды. Қалың жұртышылық ішінде жасы да, кәрісі де бар. Барлығы бір сәтке болса да батырын «тірідей» бір көріп қалуға құмар. Батырын батыр деп құрметтеген қазақпыз ғой. "Ұлы дала елінің ғарышкері". Жерлестері Айдын Айымбетовтың құрметіне дәл осындай атаумен салтанатты қабылдау өткізді. Облыс орталығы төріндегі "Жастар" спорт сарайында ине шаншар жер жоқ. Он жеті миллион қазақстандықтың мақтанышы, Жетісудың тумасымен қауышуға жиналғандар көбейе түсті. Ер елдің атын шығарады, ердің абыройы- елдің абыройы деген сөздің растығына осындайда көз жетікізесің. Қазақстанның көк байрағын ғарыш көгінде желбіретіп, аман-есен еліне оралған ғарышкерді Жетісулықтар атынан аймақ басшысы Амандық Баталов құттықтады.

- Туған қалаңызға, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіз! Қазақтың абыройын асырған Сіздей азаматтың Алматы облысында дүниеге келіп, білім алып, қызмет жасағандығы – біз үшін үлкен мақтаныш. Сіздің бала кезіңізден ғарышкер болуды армандап, Қазақ елінің туын ғарышқа алып шықсам деген балалық арманыңыз орындалды. Үстіміздегі жылдың екінші қыркүйегінде бәріміз Сіздің ғарышқа ұшқан тарихи сәтіңізге куә болдық, қатты қуандық, ерекше толқыдық. Көптің тілегі қабыл болып, аман-есен жерге оралдыңыз. Қарапайым қазақ баласының арманы орындалып, осы күнде Ұлы дала елінің мақтанышына айналдыңыз.  Кеше ғана Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағын табысталып, Айдынның космос кеңістігінде оннан аса ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргізгенін ерекше атап өтті. Сіздің отандық космос саласын дамытудағы еңбегіңіз - жастар үшін өнеге. Сіздің ғарышқа жасаған осы бір сапарыңыз арқылы біз бірлік пен ерліктің не екенін өскелең ұрпаққа көрсетіп, Отанды қалай сүю керектігін үйрететін боламыз, - деп сөзін түйіндеді.

Құттықтауды қала әкімі Ермек Алпысов жалғастырып, Талдықорған жұртшылығы атынан тілек-лебізін білдірді.  Ұлт болып ұлықтап жатқан Айдын Ақанұлы Айымбетовке «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын беріп, су жаңа темір тұлпардың кілті табыс етелді. Алаштың арманын асқақтатқан айбынды ұланы жерлестерінің ықыласына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, туып-өскен қаланың өзі де, адамдары да жүрегіне жақын. Ғарышқа сапарында жер шарын 150 мәрте айналыпты. Әрбір айналымда да жалықпастан, дәл Жетісу жеріне, қазақтың байтақ даласына сүйсіне қарай беріпті.

«Мен Елбасының қолынан үлкен марапаттарға ие болғанда да, бұл жолы да өте қатты тебірендім. Іштей өзіме өзім бар күш-жігерімді, білім-білігімді ел дамуына,Қазақстан космонавтикасы дамуына сарп етуге серт бердім. Өзімнің сүйікті қаламның құрметті азаматы атану мен үшін үлкен аманат, үлкен жауапкершілік. Ал, ғарыш туралы айтсам, тұңғыш комонавт Юрий Гагарин айтқандай, Жер өте әдемі және нәзік екен. Адамзат оны қорғауы, сақтауы тиіс» -деп оймен бөлісті. Ғарышкер жерлестерімен амандықта қауышқандығына қуанышын жасырмады. Ғарышқа сапарының ойдағыдай болуы бірінші кезекте Елбасының, одан кейін барша жерлестерінің арқасында екенін айтып,сол үшін баршаға үлкен алғысын білдірді. Сөзінің соңында Айдын йымбетов «Қазғарышта» жұмысын жалғастырып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында әлі талай еңбек ететіндігіне уәде берді.

Ұлтының ұланы, халқының батырының әрбір айтқан сөзін жиналған қауым зер салып тыңдады. Шара облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты. Айдын Айымбетов Талдықорғанға санаулы уақытқа келсе де, өзі білім нәрімен сусындаған № 14 орта мектепке барып, білім ордасының ұжымымен жүздесті. Дәл осы мектеп қабырғасында білім алып, "Жас техниктер" үйірмесіне қатысты. Бұл оның мектеп ғарышқа ғашықтық, аспан туралы алғашқы арманына, балалығына куә шаңырақ. Мектепте оны ұстаздары, құлын-тайдай тебісіп өскен сыныптастары қарсы алды.  Еліміздің жан-жағынан Айдын Айымбетовтың сыныптастары да жиналды. Барлығы мектеп қабырғасында жүрген кездерін еске алды. Ақ пейіл мен ынтымақтың белгісі ретінде мектеп оқушылары аспанға ақ шарларды ұшыру арқылы, өздері оқып жатқан мектеп түлегіне деген қуаныш сезімдерін білдірді. Олар Айдын Айымбетов үлгі, батыр. Балалар ішінде Айдын ағасының жолын қуып, ғарышкер болуды армандайтындар көбейе түсті. Білім алған ордасынан кейін Айдын Айымбетов еңбек жолын бастаған мекемеге де кірді. Кезінде өзі басшылық еткен №21751 әскери бөліміне барып, бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Арнайы келіп, алғысын айтты. Өткен-кеткенді еске алысты. Талдықорғандағы авиабазада бөлімше командирі қызметін атқарып, ғарышкерлер жасағына алынғанша, өзін кәсіби тұрғыда өсірген  әскери бөлімге де құрметі зор. Астанаға қайтар алдында қаладағы "Иман" мешітіне де арнайы кірді. Тілек тіледі. Ата-баба рухына құран бағыштады. Ғарышта да ұлтының, елінің-жерінің амандығын осылай тілеген. Ал туған елінің халық түгелдей ұланының амандығын дұға қылды. Ғарышқа аттанар сәттен бастап, жерге қай оралғанына дейін тілеуін тіледі. Сонымен Айдын Айымбетовтың туған жердегі сапары осылай болды. Ғарышқа ғашық болған Талдықорғанның тумасы үлкен арманына жетіп, бүгін ұлтының мақтанышы, халқының қаһарманы. Өзі уәде еткендей алдына үлкен жұмыстар күтіп тұр. Қазақстанның ғарыш саласына аянбай еңбек етіп, әлі де алар асуы мол. Ал Жетісу жұртшылығы болса жерлесінің әр бір жеңісіне, жетістігіне бірге қуанбақ!

Халқының қаһарманы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының ғарышкері  Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. А.А.Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында былай делінген: «Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Ақанұлы Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын». Осы Жарлыққа 2015 жыл 14 қазан күні қол қойылып, қолданысқа енгізілді. Дәл осы күні кейінрек, Елбасы Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Отан» орденімен марапаттады және бұл жоғары наградаларды салтанатпен өз қолымен тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағы берілгендігі туралы куәлікті табыс етті. Президент Айдын Айымбетовті «Халық қаһарманы» атағымен, ал барша қазақстандықтарды жаңа батырымен құттықтады. «Мен «Қазақстан жолы» кітабымда еліміздің Тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталды деп айтқан болатынмын. Біз 1991 жылы тамызда Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі 2 айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да еліміз  аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды», - деді Елбасы. Айта кетерлігі, әлемде өз ұлтының 3 немесе одан да көп перзенті ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар екен. Міне, соның қатарына Қазақстан да қосылып отыр. «Біздің батыр ғарышкерлеріміздің ізбасарлары әлі талай көк жүзіне аттанатын болады. Біздің Мәңгілік еліміз ғарыштың шексіз мәңгілік кеңістігіндегі ең жарық жұлдызы. Ол жыл өткен сайын жарқырап, жайнай береді деп сенеміз», - деді Н.Назарбаев.  Айдын Айымбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарышта болып келген Мемлекеттік Туды табыстады. «Аса мәртебелі Елбасы! Мен сіздің тапсырмаңызбен ғарышқа сапар шегіп, оралдым. Маған және еліміздің ғарыш саласына жасаған зор қамқорлығыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Еліме адал қызмет етемін. Біздің ұшуларымыз кезінде Халықаралық ғарыш стансасының бортында Қазақстан Респубилкасының мемлекеттік туы да болды. Ол біздің Жер шарымызды 150-ден астам рет айналып ұшты. Бүгін осы туды мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі көшбасшысы Сізге табыс етуге рұқсат етіңіз», - деді марапаттау рәсімінде А.Айымбетов. Ғарышкердің қолынан еліміздің Мемлекеттік туын алған Елбасы: «Барлық табыстарың құтты болсын! Біздің ғарышкерлеріміз енді үшеу болды. Әлі де көбейе береді деп сенеміз. Болашағымыз әр уақытта да ғарыштың биігіндей болсын! Біздің көк байрағымыз сонау ғарышқа барып, Жерді  айналып келгені бізді желеп-жебеп, қолдап жүрсін! Бүкіл ғаламның күші, ғаламның қасиеті Қазақстанда болсын! Құттықтаймын!», - деген тілегін білдірді. 

Иә, қазақтың батыры –Айдын Айымбетов. Ол айтылған мақтау, берілген марапаттың бәріне лайық. Халқының қаһарманы. Нағыз батыр болғысы келетіндер осындай тұлғаларға теңелу керек. Голивудтың ойдан шығарған кейіпкерлері емес, өмірдегі тірі тұлға, өз ұлтыңның атын асқақтатып жүргендерді үлгі тұту керек. Иә, қазаққа батыр керек. Батырларымыз көп болсын. Уақытқа, заманға қарамастан арамызда батырларымыз шығып жүр. Соларға қарап, бой мен ойды түзейтін шақ. Құндылықтарды құлдыратпаудың бірден бір жолы да осы. Даму үшін батырының батырлығын мойындап, данасының даналығын мойындаған абзал. Бұл ұлтты тәрбиелеудің, дұрыс жол көрсетудің тәсілі.

Ғарышқа жетелеген жол

Адам әр уақытта ғаламның ғаламытын аспаннан көруге қызықты. Биікке самғауға ұмтылды. Басында бәрі қиял болды. Уақыт өте адам қиялындағы дүниенің барлығы шындыққа жанасты. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғарышқа ұшу қиялы да өмір шындығына айналды. Мың-миллион азотты тесіп өтіп, бір ғаламнан екіншісіне зулап жететін алғашқы зымыран қазақ жерінен көтерілді. Арман мен аңсаудың нәтижесі Байқоңырдан нақты жетістікке ұласты. Юриий Гагариннің ғарышты бағындырғаннан кейін, адамзат аспан әлемін зерттеумен келеді. Адамның ғарышқа алғашқы ұшуынан кейін Ғарышкер, астронавт, космонавт деген мамандық пайда болды. Энциклопедияға сүйенсек, Ғарышкер – деген ғарышқа ұшу кезінде ғарыштық техниканы сынақтан өткізетін әрі оны пайдаланатын адам. Алғашқы уақытта ғарышкерлер әскери ұшқыштар мен ұшқыш-сынақшылар қатарынан таңдалып алынды. Себебі ғарышқа ұшуға қажетті қасиеттер, оның ішінде ұшу шеберлігінің жоғары деңгейде болуы, апатқа ұшырау жағдайында жылдам шешім қабылдауы, шу, діріл, үдеу, әр түрлі факторларға төзімді болуы, бақылау жұмыстарын жүргізіп, оны қорытындылай білуі осындай мамандыққа лайықты еді. Кейінірек Кеңес Одағында да, АҚШ-та да ғарыштық кеме экипажына қажетті арнайы білімі бар инженерлер мен ғалымдарды қоса бастады. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннен бастап ғарышқа төрт жүзге жуық адам ұшты. Олардың ішінде қазақ ғарышкерлері де бар. Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы ыдырар алдында аспанға ұшып, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкері болды. Тоқтар - қазақтың тұңғышы. Одан кейін ғарышқа бір емес, үш рет сапар шекен ғарышкер Талғат Мұсабаев. Бұл екі азаматтың атын білмейтін қазақ жоқ. Тоқтар Әубакіров 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Арада 8 күн өтіп, ол 10 қазанда жерге оралды. Талғат Мұсабаев қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері. 1994 , 1998 және 2001 жылдары ғарышқа ұшты. Арада біраз жыл өтті. «Тоқтар мен Талғаттың ісін жалғар азамат жоқ па?» деген сауалдың жүргеніне де көп болды. Әлемдегі ең үлкен ғарыш станциясы Байқоңырда жылына 20 зымыран-тасығыш ұшырылып, қанша ғарышкерлер ғарышты бағындыруға аттанса да ішінде қазақ азаматтары болмады. Жоғары білімді, білікті ғарышқа ұшуға дайын қазақ азаматтары бар . 2007 жылы Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов Ресейдiң Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында дайындықтан өттi. Екi қазақтың бiрi 2009 жылы ғарышқа ұшуы тиiс едi. Қазақстандық ғарышкердің ұшырылуы 2009 жылғы қыркүйектің 30-ына жоспарланған болатын. «Роскосмос» пен «Қазғарыш» арасында келісімшарт жасалған еді. Бірақ 2009 жылдың басында әлемдік экономикалық дағдарыс басталды. Осыдан кейін сол жылдың наурыз айында республикалық бюджеттік комиссия ұшуға бөлінген қаржыны кері қайтарып алды да, қазақстандық ғарышкерлердің жоспарлы ұшырылуы кейінге қалдырылды. Қазақстан мен Ресей президенттерінің арасында қазақстандық ғарышкерді экипаж құрамына қосу туралы келісім болғанымен, бірақ қазақтың ұшырылу уақыты белгісіз еді. Қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы туралы келісім-шарт жойылған соң екі ғарышкер екі түрлі жолды таңдады. Ғарышқа ұшу мүмкіндіктері тек Ресей азаматтарында болғандықтан Мұхтар Аймаханов азаматтығын ауыстырады. Ал Айдын Айымбетов ұлттық ғарыш агенттігінде қызметте қалды. “Сабыр түбi – сары алтын” дейдi қазақ хал­қы. Биылғы жылдың еліміз үшін ең бір ерекшелігі - көптен көкейде жүрген арманның бірі - қазақ баласының ғарышқа сапары жүзеге асты.

АлағшындаХалықаралық ғарыш стансасына саяхат жасамақ болған британдық опера әншісі Сара Брайтман кейін ойынан айнып, оның орнын қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов алмастыратын болды. 2015 жылдың жаз айларында ақпараттық агенттіктер қазақстандық ғарышкер туралы мәліметтерді жиі жариялап отырды. Халықтың қызығушылығы артып, Айдын Айымбетов туралы кезекті ақпаратты асыға күтетін болды.

2015 жылғы мамырдың соңында А.Айымбетов Гагарин атындағы ҒДО дайындығын қайта бастады. Осы жылғы 20-27 маусым аралығында ол америкалық ХҒС сегментін зерделеу мақсатында Хьюстонда (АҚШ) Джонсон атындағы НАСА Ғарыш орталығына барып қайтты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 3-шілдеде өткен Қауіпсіздік кеңесінің жедел жиналысында Елбасы Халықаралық ғарыш стансасына ұшыруға Айдын Айымбетовтің кандидатурасын бекітті. 8-шілде күні Елбасы ғарышкер-сынаушымен кездесу өткізді. Бұл кездесуде Қазақстан Президентіне Айдын Айымбетовтің штаттық режім бойынша Халықаралық ғарыш стансасына ұшуға дайындығының барысы жөнінде хабарланды. Бұл уақытта ғарышкер барлық қажетті тестер мен емтихандарды сәтті тапсырғанын айтқан еді. Одан кейін Айдын Айымбетов бірден дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Алғашында қазақстандық ғарышкер «ғарыш ұшырылымының қатысушысы» ретінде ұшатын болған. Кейін оның станса бортындағы миссиясы небәрі 10 күнге созылатынына қарамастан, «2-ші бортинженер» ретінде лауазымы өзгертілді. Әрине, ғарыш сапары әншейін дүние емес. Бұған тыңғылықты, тиянақты ұзақ жылдар бойына жалғасатын әзірлікпен қоса қыруар қаражат та қажет етіледі. Ресейлік тарап қазақстандық ғарышкердің ұшу сапары үшін 20 млн. АҚШ долларын сұрады. Бұл сомаға РосКосмостың қазақстандық ғарышкердің ұшу сапарын қамтамасыз  ету бойынша барлық шығындары кірді. Ал Қазақстан бұл ақшаны 2016 жылы төлейтіндігі жөнінде ортақ келісім жасалды. Ал 2-тамыз күні Роскосмос ХҒС-қа аттанатын 45/46 экспедиция экипажын бекіткендігі туралы нақты ақпарат жария болды.Негізгі экипаж құрамына «Союз ТМА-18М» кемесінің командирі, Роскосмос ғарышкері Сергей Волков, бортинженер-1, ЕКА астронавты Андреас Могенсен, бортинженер-2, Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов кірді. Экспедиция экипажы ХҒС-қа  Байқоңыр ғарыш айлағынан 2015 жылдың 2 қыркүйегінде ұшырылады деп жоспарланды. Айдын Айымбетов «Казкосмостың» бірінші ғарышкері дәрежесін алды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ғарышқа ұшқан бірінші қазақ азаматы болды.

Көптен күткен сапар

Байқоңыр ғарыш айлағы. 2 қыркүйек. Сағат 10.38. «Союз-ФГ» зымыран ұшырғышы ғарышқа ұшып шықты. Қазақстандық ғарышкердің көптен күткен арманы орындалды. Ол Барша қазақ халқы жерлесінің тілеуін тіледі. «Союз ТМА-18М» кемесі 4 қыркүйекте Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті. Астана уақытымен сағат 16.15 «Союз-ТМА-18М» басқарылатын ғарыш кемесінің экипажы Халықаралық ғарыш стансасының бортына ауысты. ХҒС-44 экипажының командирі Геннадий Падалка мен бортинженерлер Михаил Корниенко, Олег Кононенко, Скотт Келли, Челл Линдгрен және Кимия Юи ХҒС-ға келген ғарышкерлерді қарсы алды. Сонымен ХҒС бортында тоғыз адамнан тұратын интернационалды экипажы бес елдің: Ресей, АҚШ, Қазақстан, Корея мен Дания өкілдері болды. Айдын Айымбетов ХҒС бортынан Қазкосмос басшысы Талғат Мұсабаевқа қоңырау шалды. Бұл қоңырау туралы Талғат Мұсабаев : «Мен осы уақытта  жұмыс кабинетіндемін. Бірнеше сағат бұрын тікелей эфирден  ХҒС штаттық түйісуін көрдім, экипаждың стансаға ауысуы туралы ақпаратты күттім. Тап сол сәтте қоңырау шылдырады. Тыңдасам, Айдынның даусы. Қатты қуандым, әрине, бұл ойда жоқ күтпеген оқиға болды» -деді. Қазкосмостың бірінші ғарышкері статусын алған ғарышкер Қазақстанның ғарыштық ведомоствосының басшысына «ғарыш үйіне» аман-есен жеткендігін баяндап, кейін ғарыштық бағдарламаны орындауға кірісетіндігін айтқан. 8-қыркүйек күні Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ХҒС экипажы мүшелерімен өткізілген телеконференция барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол: «Менің арманым орындалды, мен Жер орбитасындамын, ауызбіршілігі жарасқан ұжыммен, швейцар сағаты тәрізді жұмыс істеудеміз»,-деді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдары, әсіресе, «Жігіт» кеспе сорпасы, ірімшік пен құрт ғарышкерлерге қатты ұнағандығын атап өтті.

Ғарыштағы сапары туралы Айдын Айымбетов твиттердегі парақшасында ой бөлісіп отырды. Сондай жазбалар: «Жердің үстінен секундына 7,66 шақырым жылдамдықпен ұшып өтемін. Бұл тіпті оқтан да 10 есе тез дегенді білдіреді. Ұшу биіктігі — 402 шақырым». «Здесь, в тишине бескрайнего космоса опять задаю себе вопросы. Кто мы? Зачем мы здесь?». «С одной стороны Земля, с другой - огромное космическое пространство. Невероятные расстояния без искусственных границ, придуманных людьми».

Ол «Қазғарыштың» ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жүргізді. Микрогравитация барысында микробөлшектердің физикалық ерекшеліктеріне зерттеулер жасады. Аталған шаралар отандық ғалымдардың термоядролық  энергетика, медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібі салаларындағы зерттеулерінде кәдеге жарайтын болады. Сонымен 12 қыркүйек күні Бортында экипаждың үш мүшесі бар басқарылатын "Союз ТМА-16М" ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасынан бөлініп шықты. «Союз ТМА-16М» кемесінің түсірілетін капсуласымен Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен таңғы сағат 06.00-дан 51 минут кеткенде Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 шақырым қашықтықта жерге қонды. Айдын Айымбетовты жерде «Қазғарыш» өкілдері мен туған ағасы, ұлы және елбасының өзі қарсы алды. Бұл тарихи оқиға күллі алаш жұртшылығының қуанышына һәм  мақтанышына айналды. Айдын Айымбетов арманына жеттi. Тәуелсiз Қазақстанның өз күшiмен ұшырған тұңғыш ғарыш­керi атанды.

Қазағымның болашағы

Ғарыш саласы ақпараттық ғасыр дәуірінде аса маңызды салаға айналып отыр. Ғарыш қызметін дамыту технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына ғана емес, экономиканың көптеген салаларына араласа алады. Мәселен, ғарыш қызметі байланыс, ақпараттандыру, геология, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл ғана емес, жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешуде де ғарыштық құралдарды пайдаланудың өзектілігіне мән беріле бастады. Бәсекеге қабілеттілік үшін де ғарыш технологияларын өнеркәсіптік өндіріске енгізу маңызды болып табылады. Әлемдегі ғарыш державаларының қатарына Ресей, АҚШ, Франция, Украина, Қытай, Үндістан, Жапония, және Израиль сияқты елдер кіреді. Сонымен бірге, әлемнің жетекші елдері жаһандық дағдарысқа қарамастан, ғарыштық бағдарламаларды одан әрі дамытуға қыруар қаражат бөле бастады. Осының өзі бір жағынан ғарыш саласына жұмсалатын қаражаттың қайтарымы бірнеше есе артық болатынын дәлелдесе керек. Қазақстан ғарышқа ғарышкерлер ұшырып отырған әлемдегі санаулы елдердің бірі. Әлемде 200 мемлекет болса, тек солардың арасында осындай мүмкіндікке қол жеткізген ел саусақпен санарлық. Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқан үшінші қазақ, «Казкосмостың» бірінші ғарышкері. Ол ғарышқа сапарында жай ғана ұшып қоймағанын, берілген ғылыми тапсырманы орындағанын айтып, оның еліміз үшін де аса қажет екеніне маңыз берді. Халықтың қаһарманы болу –өзі үшін белгілі бір жетістікке жету емес, артынан ерген ұрпаққа үлгі болу. Астанада жас ғарышкерлер мектебінде сабақ берген Айдын Айымбетов балалардың ғарышқа ұшуға деген үлкен тілегі барлығын және олардың арманы  іске асуы мүмкін екендігін атап өткен. 12 жыл бойы өзінің жұлдызды сәтін күткен Айдын Айымбетов ғарышқа самғау үшін тыңғылықты дайындалып қана қоймай жұбайы Лилиямен бірге тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Айымбетовтер отбасының үлкені Әмір 17 жаста, одан кейінгі Диана мен Даяна есімді қыздар бар. «Әке көрген оқ жанар» демекші Әмірдің де арманы әке жолны қуу. «Мен де әкем сияқты ұшқыш болғым келеді. Ал ол үшін жақсы білім алып спортпен айналысу керектігін білемін», - деген еді. Ол бірнеше жыл бойы Астанадағы авиа мектепке барып жүр. Бүгінгі күнге дейін ол 32 сағат әуеде болса, соның 18 сағатында ұшақты өзі басқарған. Мүмкін таяу уақытта Айдын Айымбетовтің ұлының да арманы орындалып, қазақстандық ғарышкерлердің сапы тағы бір адамға толыға түсер.

Автор:
Дайындаған: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА