Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстандық «BRANDO» зауытының болашағы әлеуетті


19 октября 2015, 10:44 | 941 просмотр



Қазақстандықтар үшін отандық өндірістің ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі дамуының қуатты ынталандырғышы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп берудің басқа іс-шараларымен қатар, индустрияландыру бағытының да жалғасы екенін атап өткен болатын. Қазақстан Президенті бес институттық реформа ұсынды. Оның ішінде Индустриаландыру мен экономикалық өрлеу де бар. 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы да Индустриаландыру саясатының үдесінен шығуды мақсат еткен. Бұл бағдарлама еліміздегі 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасының заңды жалғасы. ҮИИДМБ сәйкес, Қазақстанда жаңа зауыттар салынып, жаңа өндірістер игерілді, халық үшін жаңа мамандықтар ашылды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру арқасында, отандық өнімнің жаңа 150 түрін шығаруға қол жеткізуге мүмкіндік туды. Оның ішінде, фармация саласы да бар.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2014 жылға дейін халықтың дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға деген сұранысының 50 пайызын отандық фармөндіріс өнімі қамтамасыз етуі керек болатын. Осы мақсатқа қол жеткізуге «СК-Фармация» жүзеге асыруымен 2009 жылы арнайы құрылған Бірыңғай дистрибьютор жүйесі себепші болды. «СК-Фармация» ЖШС жұмысының негізгі стратегиялық бағыттары - медициналық мақсаттағы бұйымдар және дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету, бюджет қаржысын үнемдеу, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау. Стратегиялық бағыттың екінші бағыты отандық тауар өндірушілер үшін, әсіресе, отандық фармөндірісінің дамуына үлкен қолдау болды.

Айталық, ҮИИДМБ бойынша Атырау қаласында бой көтерген бір реттік шприцтер шығаратын «BRANDO» зауыты бүгінде толық қуатына қосылып, ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп, өнімдерін экспортқа шығаруда.

Батыс аймақтағы алғашқы жоба

Фармация өндірісі бойынша Атырауда тұңғыш рет негізін қалаған «BRANDO» ЖШС-ның бір реттік шприцтер шыға­ратын зауыты 2009 жылы тамыз айында пайдалануға берілді. Жылдық қуаты 250 млн данаға негізделген зауыт 2 мл, 3 мл, 5 мл, 10 мл, 20 мл медициналық шприцтерді алдымен ішкі нарыққа шығарды.

ҚазАқпарат.

«BRANDO» ЖШС-ның директоры Аслан Қабдуллиннің айтуынша, бір реттік шприцтерді шығару жобасын жүзеге асыруды қолға алар кезде ел нарығының экономикалық ахуалы сарапталып, зерделеніп қана қоймай жаңа жобаның елімізге экономикалық және қазақ­стандық үлес салмағы мұқият пысық­талған.

- Біздің жүзеге асырған жобамыз ең алдымен халықтың бір реттік шприцтерге деген сұранысын қамтамасыз етуді мақсат етті. Бұл елімізде Павлодар қаласынан кейін ашылып тұрған екінші зауыт. Жобаның жалпы құны - 675 млн теңге. Зауыттағы құрал-жабдықтар Оңтүстік Кореядан алынды және оны меңгеру үшін зауыттың инженерлік тобы Оңтүстік Кореяға барып тәжірибеден өтті. Мұнда еңбек ететін 250 қызметкердің бәрі жергілікті тұрғындар. Зауытты пайда­лануға берген кезде біздің алдымызда жоғары сапалы өнімдерімізге деген сұраныстың қаншалықты болатыны және кімдерден біздің өнімге тапсырыс бо­латыны туралы мәселелер толғандырғаны ақиқат. Өйткені біздің отандық сапалы өнімдеріміз шыққанға дейін медициналық мекемелердің барлығы Түркия мен Қытайдың сапасы нашар бір реттік шприцтерімен қамтылды. Бізге олармен бәсекелес болуға тура келді. Дегенмен, Елбасының отандық өнімдерді қолдауға арналған бағдарламаларын жүзеге асыру аясында медицинада отандық өнімді 50 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы біздің өнімдердің кең қолданыста болуына жол ашты, - деген зауыт директоры Аслан Қабдуллин қазіргі күні «СК Фармация» ЖШС-мен 7 жылға келісімшартқа отырғанын айтты.

Бүгінгі таңда, «СК-Фармация» ЖШС-мен қолжеткізілген келісім нәтижесінде отандық зауыт өз өнімдерін бірыңғай дистрибьютор жүйесі арқылы еліміздің барлық емдеу-сауықтыру мекемелеріне сата алады.

Медициналық қолғап пен система өзімізде де бар

Батыс өңірлеріндегі тұңғыш бір реттік шприцтер шығаратын «BRANDO» зауыты 2012 жылы өнім шығаруда тағы екі жобаны іске қосты. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында зауытқа 16 сы­ғымдағыш-машина мен үш стерилизатор сатып алынды. Соның нәтижесінде ме­дициналық қолғаптар мен инфузиялық ерітінділер құюға арналған системалар шығаруға мүмкіндік туды. Жылына 60 000 000 дана медициналық қолғап пен 20 000 000 дана инфузиялық ерітінділер құюға арналған системалар шығаратын зауыт өнімі үшін шикізат Оңтүстік Корея, Бельгия, Ресей, Румыния, Түркия елдерінен тасымалданады. Зауытта шикізатты өңдеуден бастап, залалсыз­дандырып, дайын бұйым шығаруға дейінгі үдеріс түгелдей автоматтандырылған. Қоршаған ортаға зиянды болмау үшін қалдықтың өзі зауыт ішінде қайта өңдеу­ден өткізіледі.

«BRANDO» зауыты басшылығы шприц көлеміне байланысты жыл санап тұтынушылар санының да, сұраныстың да арта түскенін айтады. Бұл алдымен халықтың денсаулықтарына мән беріп, екпені уақытылы алуы, сол сияқты емдеу мекемелерінің көбеюі сынды факторлар­дың ықпалы мен жергілікті тұрғындардың отандық өнімді тұтынуға деген сұраны­сынан орын алып отыр деп сеніммен айтуға болады. Оған себеп те жоқ емес. Бір реттік шприцтерді шығаратын «BRANDO» зауыты еліміз бойынша сапалы отандық өнім өндірушілер арасынан үздік деп танылып, 2011 жылы «Алтын сапа» конкурсында жүлделі бірінші орынға ие болды. Үш жылдық мерзімде отандық фармацияда жеткен жетістіктерімен зауыт еліміздің жаңа индустрияландыру картасы аясында өндірісін ұлғайтуды жалғастыра беретін болады.

Бір қолданыстан соң пайдасыз болатын шприц шығарылады

Фармацияда өзіндік орны айқын­далған, бүгінде өнімдері сұранысқа ие «BRANDO» зауыты келер жылдың алғашқы тоқсанында жаңа өнім түрін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда осы жоба пысықталуда.

Айтарлығы, бұл өнім түрі қазіргі күні ғаламдық медицинада қолданылатын өзінен-өзі бұзылатын (блокталатын) шприцтер. Қазіргі күні кеңінен қол­даныста жүрген біржолғы шприцтердің өзін кей жағдайларда нашақорлар секілді әлеуметтік қолайсыз топтардың екінші қайтара қолданып жүрген деректері белгілі болып отыр. Жаңа шприц түрі ондайды мүлдем жоққа шығарып, қолданылып болғасын дереу істен шығып қалады.

Болашақта Атырау мұнай өңдеу зауытының жанынан қалдықтарды өңдейтін химиялық кешен пайдалануға берілгенде шприц шығаруға қажетті полипропилен шикізаты жергілікті өзімізден өндірілетін болады. Шикізаттың отандық болуы, бір реттік пайдаланудан соң өзінен-өзі бұзылатын шприцтердің ішкі нарықтық құнына оң әсерін тигізетін болады.

Бұл өнімді де өндіру үшін құрал-жабдықтар Оңтүстік Кореядан әкелінеді.

Нар тәуекел ұстаным нәтижелі боларына сенімді

Елде туындаған күрделі экономикалық жағдай әсерінен, барлық отандық өн­дірістер қаржылық қиындықтарға тап болып отыр. Девальвация - «белді бекем бууға» мәжбүрлеуде. Отандық өндірушілер мемлекеттік жүйе тарапынан көрсетілетін қолдауға бұрынғыдан бетер зәру болып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Бұл жағдай отандық өндірістегі фармация саласындағы жетекші өнеркәсіп «BRANDO» зауытына өзіндік әсерін тигізбей өтпек емес.

«BRANDO» ЖШС-ның медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауытына қажетті шикізат импортталатын болғандықтан, туындап отырған эко­номикалық жағдайға байланысты шикізатқа кететін қаржы шығыны еселене түсті. Осының әсерінен, қосымша қаржылық шығындар, не жұмыс орын­дарын қысқартуға, не жалақыны азайтуға итермелеуде. Алайда зауыт басшылығы аталған шараларға бармау үшін барын салуда. Онымен қоса, зауыт жұмысы бірыңғай дистрибьютор жүйесімен тікелей байланысты болғандықтан, «СК-Фармация» ЖШС-ның қолдауы, әлбетте қажет-ақ.

- Қаржы-қаражат айналасындағы осынау құбылыстың кәсіпкерлер көңілін күпті қылғаны да жасырын емес. Әсіресе, өздерінің кәсібіне қажетті шикізатты өзге елдерден, басқа мемлекеттерден тасымалдайтын біз секілді кәсіпкерлерге шыныменен ойлануға тура келді. Қиындығы сол, өнімнің өзіндік құны қымбатқа түсуде. Қазір бізде 250 адам жұмыс жасайды. «Өнімді өндіру мен өткізуде үлкен қиындықтар кездессе, не істейміз?» деген ой да қылаң бермей қоймайды. Өйткені бұл - нарық. Ал нарықтың заңы қатал. Әйткенмен жұмысшылар мен қызметкерлердің бәрі бала-шаға асырап отырған отбасылы жандар болғандықтан біз қолымыздан келгенше жұмыс орындарын сақтауға тырысамыз. Ертеңімізден үлкен үміт күтеміз. Үкіметіміз кәсіпкерлерді қолдайтын шараларды қолға алады деп сенеміз. Сөз жоқ, бұл мәселе өзіміздің жергілікті жерде де шешімін табуда. Облысымыздың бірінші басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов осы мәселеге орай өткізген кездесуінде мұндай қиындықтың кез келген елдің басында болатынын, сәл шыдасақ, тұрмы­сымыздың қалыпқа келетінін, сауда орындарының бағаны еріксіз өсірмеуі тұрақты бақылауда болатынын айтқан еді, - деген зауыт директоры Аслан Мәлікұлы, осының бәрі ел үшін, халық үшін, солардың бақытты да баянды тұрмысы үшін жасалып жатқан жағдайлар екенін естен шығармауымыз керек деген пікірін айтып жеткізді.

Сайып келгенде, еліміздің Индустрия­ландыру картасына енгізілген фармация саласындағы Атыраудағы тұңғыш «BRANDO» зауыты талапқа сай қызмет етіп, шын мәнінде, жүзеге асқан өміршең жобалардың бірегейі болып ТМД елдеріне танылып отыр. Көптің сұранысына ие өнімдерді шығарып отырған зауыт болашақта сыртқы нарықта да өзін танытарына сеніміміз мол. Сол өрісті шақта «BRANDO»-ның «Қазақстанда жасалған» маркасы арқылы еліміздің әлемдік фармация саласы бойынша да озық жобаны жүзеге асырғанын көретін күн алыста болмаса керек. Бұл жетістікке «BRANDO» зауытының ұжымы сапалы өнім мен ұйымшылдықтың нәтижесінде қол жеткізуге талпыныс жасауда. Қорыта келгенде, Бірыңғай дистрибьютор жүйесін енгізіп отырған еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен отандық өнім өндірушілердің арасындағы ортақ мүдде тұрғысындағы әріптестік байланыс, халықтың денсау­лығы мен оның болашағы үшін қандайда қиындықтарды жеңіп, қоғамның басты құндылығы халық үшін іс атқара берері сөзсіз.

Автор:
ҚазАқпарат.