Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тұмауға қарсы екпе желтоқсан айына дейін жүргізіледі


19 октября 2015, 10:43 | 961 просмотр



Алматы облысы бойынша жіті респираторлық вирусты жұқпаға шалдығу 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші – 31,8%, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,3 есеге төмендеген.Сырқаттанғандардың басым көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер. Бұл туралы 14-қазанда Алматы облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етілді.

Облыс көлеміндегі БАҚ өкілдері қатысқан ауқымды жиында тұмауға қарсы профилактикалық шаралар қолдану жөнінде хабарлама жасалынды. Алматы облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Рая Байшалқызы Ақашеваның мәлімдемесіне қарағанда, облыс бойынша жіті респираторлық вирусты жұқпаға шалдығу 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші – 31,8%, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,3 есеге төмендеген. Сырқаттанғандардың басым көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер.

Дәрігерлердің айтуы бойынша, облыста жұқпаның алдын-алу үшін ең тиімді шара ретінде тұмауға қарсы иммундау жүргізілуде. Жыл сайын облыстық бюджеттен тұмауға қарсы иммундауға қаржы бөлінеді. Үстіміздегі жылдың қазан айынан бастап облыста ақысыз түрде вакцинациялау арнайы топтарға жүргізіледі – жабық мекемелердің контингенттері, (бүлдіршіндер, балалар, мүгедектер, қарттар үйлері және арнайы мектеп-интернаттар) жиі ауыратын балалар мен жүкті әйелдер.

Биылғы жылы 25000 дозалық мөлшерде тұмауға қарсы вакцина түсті. Қосымша тағы да келеді. Тұмауға қарсы екпе желтоқсан айына дейін жүргізілмекші.

Жалпы екпенің қай түрі болмасын, міндетті түрде дәрігердің тексеруінен және берілген рұқсатынан кейін арнайы егу кабинеттерінде жүргізіледі.

Тұмауды алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтаудың да пайдасы өте мол, қолды даладан келісімен сабындап жуу әдетке айналғаны дұрыс. Түшкірген және жөтелген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек. Мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу немесе бетпердемен барған жөн. Ауыра қалған жағдайда төсекке жатып емделу керек, сұйық тағам түрлерін пайдаланып, науқастың бөлмесін жиі желдетпесе болмайды. Сырқаттың алғашқы белгілері байқалғаннан соң дереу дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Ауырып ем іздегенше , ауырмайтын жол ізде - деп кеңес береді ақ халатты абзал жандар.

Автор:
Берден Қадір