Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Он күндік басталды


19 октября 2015, 10:42 | 885 просмотров



Сүт безінің қатерлі ісігімен дүниежүзілік күрес күнінің он күндігі басталды. Қоғамның бұл дертке ерекше мән беруінің себебі зор. Соңғы жылдары аталған дертке душар болып, жарық дүниемен қоштасып жатқан әйелдердің саны артып барады. Қатерлі ісік – жаһанды алаңдатып отырған   індеттің бірі болып саналады. Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша,   жылына  10 миллион адамның онкологиялық  сырқатқа шалдыққаны анықталып, соның салдарынан 8 миллион адам қайтыс болуда.  Аурудың алдын алмаса, одан көз жұматындар  саны әлем бойынша 2020 жылға қарай 1,5 – 2 есеге артуы мүмкін деген болжам бар. Бұған басты себеп - ластанған экология мен әйелдердің жаман әдеттерге бой алдыруы. Бұл ретте дәрігерлер қыз-келіншектердің шылым шегіп, ішімдікке құмартып жатқанын қынжылыспен алға тартады. Мұның сыртында, нәрестелерді ана сүтінен ерте айыратыны да бар. Осыған орай 2005 жылдан бері қатерлі ісікке қарсы халықаралық қоғамдастықтың ұйымдастыруымен жыл сайын Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруымен күрес күні  атап өтіліп келеді. Бұл күннің мақсаты - қоғамдағы адамдардың назарын осы бір жаһандық мәселеге аудару және онкологиялық аурулардың қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіру. Халықтың назарын қатерлі ісік ауруларының алдын алу мен ерте анықтау мәселелеріне аудару, сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың маңыздылығы жөнінде әйелдердің сауаттылығын арттыру, өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыру, уақытылы скринингтік тексеруге (маммография) және салауатты өмір салтына бейімділікке ынталандыру. Ауруды ерте анықтау мен уақытылы емді бастау – әйелдер денсаулығын сақтаудың басты кепілі.

Статистика сөйлейді

2014 жылы қатерлі және қатерсіз сүт безі ісіктерін ерте анықтау скринингінің аясында 386112 әйел тексерілді, 45077 (11,7%) қатерлі ісік және ісік алды жағдайлары анықталды. Алматы облысы бойынша аталмыш ауруға шалдыққандар саны биыл  12925 адамға жеткен.  Осының өзі-ақ сырқат санының  жыл санап өсіп келе жатқандығын көрсетеді.  Скринингтік тексеруден өткізу қатерлі ісіктің алдын алу, ертерек  анықтауға  арналған. Осы тексерістің нәтижесінде өткен жылы облысымызда 14 сүт безі обырымен , жатыр мойнымен сырқаттанған 6 адам, тоқ ішек пен тік ішек обыры 13 адамнан табылған. Жалпы, ем-домға бөлінетін қаржы, құрал- жабдықпен қамтамасыз ету барынша жақсарып келе жатыр. Облыстық диспансерде химиялық терапиямен емдеу үшін күндізгі стационар жұмыс істеп тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын бұл ауру 1,38 млн адамда анықталады, сонымен қатар, 458 мың өліммен аяқталатын жағдайлар тіркелген.

Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі жаңадан пайда болатын қатерлі ісіктер құрылымында, сонымен қатар, жалпы құрылымда да бірінші орында. Аталған ауру бойынша өлімдер 2014 жылы 100 мың адамға шаққанда 7,8-ді құрады. Сүт безі қатерлі ісігінің I және II кезеңі 2013 жылмен (77,1%) салыстырғанда 80,6%-ны құрады.

Қатерлі Дерттің де емі бар!

Көпшілік «Қатерлі ісіктің маған қатысы жоқ» деп ойлайды. Бұл ауруға шалдықпасына ешкімнің кепілдігі жоқ. Сондықтан сақтану керек.  «Ауру айтып келмейді». Әр адам өз денсаулығын ерекше күтсе, қиын жағдайларға тап болмайды. Дер уақытында ауру анықталса, ауруды ауыздықтауға болады. Онкологиялық ауруларды дер уақытында анықтау алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігердің біліктілігіне, сауаттылығына да байланысты. Кеңес Одағындағы онкологияның негізін салушы  Николой Петров «Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың тағдыры бірінші барған дәрігерінің қолында» деп бекер айтпаған. Егер дәрігерде онкологиялық сақтық, онкологиялық ауруларға қатысты қырағылық болса, онда ол науқастың дертін дер кезінде анықтап, дереу онкологқа жібереді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауда скринингтік тексерулердің пайдасы зор. Жыл сайын елімізде халықтың денсаулығы бойынша жылдың есебі шығарылады. Сол есеп арқылы қандай дертпен қанша жастағы тұрғындар жиі ауыратындығы анықталады. Мысалы, сүт безі обыры 50-60 жастағы әйелдердің арасында көп кездеседі. Сол себепті осы  жастағы әйелдерге әрбір 2 жыл сайын  маммографиялық тексеру жасауымыз қажет. Жалпы, соңғы жылдары ер мен әйел адамдардың арасында тоқ ішек обырымен ауыратындар көбейіп бара жатыр. Сол себепті 50-70 жастағы адамдарға тоқ ішек пен тік ішек обырының алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер жүргізілуде.

Қатерлі ісіктің І, ІІ сатыларындағы дерттерді анықтасақ, онда науқастардың өмір сүру мүмкіндігін 90 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Дерттің  ІІІ, ІV сатысындағы науқастардың жағдайы өмір мен өлімнің арасында деуге болады.  Егер науқастың денсаулығы отаны, сәулелік және химиялық емдерді көтеретін болса, оларға да мүмкіндігіміз келгенше көмектесеміз. Дерттің ІV сатысында да ота  жасау арқылы науқастың өмірін кейде 2 жыл, кейде 3, кейде 5 жылға дейін ұзартамыз. Өмір сүру ұзақтығын 5 жылға арттыру науқастардың біраз игіліктерді көруіне мүмкіндік туғызады. Мысалы, 65 жастағы адам отбасындағы біраз қуаныштарды көреді: қыз ұзатып, келін түсіреді. Бір емес екі немере сүюі мүмкін. Қазақ үшін, қазақтың қарттары үшін немере сүю, немересінің маңдайынан иіскеу — ең қымбат армандардың бірі.

Ұлттық скринингтік бағдарламасы қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Өлім көрсеткішінің азаюы, ең алдымен, қатерлі ісіктерді ерте сатыларда диагностикалауды жақсартуға және емдеу қорытындысының тиімділігіне байланысты. Айта кету керек, Ұлттық скринингтік бағдарламаны жүргізіп отырған әлем бойынша екі ел бар. Оның бірі — Жапония. Екіншісі — Қазақстан. Скринингтік тексерулер өте қымбат. Тексерулер жасау қымбатқа бағаланатын болғандықтан, дамыған елдер халқына Ұлттық скрининг жүргізу үшін қаржы аудармай отыр. Оларда қатерлі ісікке шалдыққандардың саны бізден көп болмаса, аз емес.

Онкологиялық ауруларды емдеу 4 басымдық бойынша жүргізіледі. Біріншісі —скринингтік тексеру. 

Екіншісі — профилактика. Яғни, науқас салауатты өмір салтын сақтауы тиіс.

Үшіншісі — мультимодалді емнің барлық түрін пайдалану. Мемлекет халықтың денсаулығын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Бұрын науқастар химиялық ем алудан қорқатын еді. Қазір науқастар бұл емнің өмірі үшін маңыздылығын түсінді.

Төртіншісі — бірыңғай ем стандарттарын жасау. Қазақстанның барлық облыстарында емнің стандарты бірдей. Бұдан былай науқас қайда барып емделгісі келсе де, оған барлық өңірде ем бірыңғай стандартқа сай жүргізіледі.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ