Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жасанды түсік жауға айналып тұр


19 октября 2015, 10:41 | 1 071 просмотр



Атыс-шабысы көп, аласапыран замандардың сай-саланы саудыраған қу сүйекке тол­тырған аштығы мен қанды сойқанының ел болып еңсе көтере бастаған қазақты қынадай қырып, тарыдай шашыратып, тентіретіп жіберген сорақылығын тарих жылнамасына жазылып қалған деректер ұмыттыра қойған жоқ. Сол балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен қилы замандарда кіндік қаны тамған ата қонысынан үдере көшкен үркердей қазақ берісі Қытай мен Түркия асып, әрі қарай Алманияға босып кетті. Ресей патшалығы мен қылы­шынан қаны сорғалаған қызыл империяның қолдан ұйымдастырған нәубеті ұлт болып ұйыс­қан қазақтың қатарын шөп шапқандай отап, селдіретті. Қалғандарын соғыс жалмады.

Соңғы жүріп өткен санақ еліміздегі халық са­нының 17 миллионнан енді асып жығылғанын көрсетіп отыр. Бірақ бұл иісі қазақтың нақты санын емес, еліміздегі бүкіл ұлыстардың қара-құрасын қосқандағы жалпы көрсеткіш. Осынау цифрдың ішінен тілі мен дінін ұмытпаған, сал-дәстүрін берік ұстанған нағыз қазақтың санын бөліп алып, шотқа салып есептесек, ол ауыз толтырып айтуға да келмей қалар еді. Ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ – Менің жалғызым» деп жабырқайтыны да сондықтан.

Тәуелсіздікпен бірге табалдырықтан аттаған қиыншылық пен күн көрістің төмендігі, қоршаған ортаның ластануынан бел алған түрлі ауру-сыр­қаулар онсыз да аз қазақтың өсімін тежеумен келеді. Қолдағы бар деректерге жүгінсек, соңғы жылдары ел арасында аса қатерлі науқастардың түрі көбейіп, дүниеге келетін нәрестелердің шетінеуі жиілеген. Әйелдер арасында тамырын тереңге тартып бара жатқан бедеулік пен ер аза­мат­тардың белсіздігі де бір перзентке зар болып өткен Байбөрілердің қатарын көбейтіп отыр. Бүкіл­әлемдік денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметтеріне сенсек, жыл сайын жер шарында 5 миллионға жуық сәби түрлі ауру мен сырқаудан, аштық пен жала­ңаштықтан балалықтың базарлы шағына жете алмай шетінеп кетеді екен.

Қазақстандағы қалыптасқан ахуал­ды да сол әлемдегі жағдайдан алыс деп айта алмаймыз. Қайбір жылы сол кездегі Мәжіліс депутаты, қазіргі Пре­мьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева қауіпті ісік ауруына шал­дық­қан әрбір сәбидің 9-ына ғана мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтқан еді. Мұның өзі еліміздегі сыр­қат балалардың алдыңғы қатарлы мем­ле­кет­терге барып емделуіне бөлінетін үлестің әлі де теңізге тамған тамшыдай аз екендігін көрсететін дерек. Сон­дық­тан да, жоқшылықпен бетпе-бет қала­тын шарасыз ата-ана жұртқа ала­қан жайып, жылу жинауға мәжбүр. Бұл – қазақтың санын көбейтуге теріс ықпалын тигізіп отырған көп кеселдің бірі ғана.

Аналарымыз бен бойжеткендері­міз арасында жылдан-жылға қар­қын алып, үдеп бара жатқан жасанды түсік жасату дертінің үркердей ұлттың бола­шағына төндіріп отырған қатері тілмен айтып жеткізе алмайтын тағы бір қасірет. Қазақстанда жыл са­йын орта есеппен 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбандығына ұшы­райды екен. Дәрігерлер қауымы бұ­рын перзент сүйген кейбір аналардың мұндай қадамға көбінесе ағзасындағы ауру мен тұрмыстың ауырлығынан баратындығын айтады. Ақ халаттылар өз уәждерінің дұрыстығын қанша жерден шегелеп айтып ақталғанымен, жасанды түсік жасатудың жылдан-жыл­ға қаулап өсіп бара жатқандығы алаң­дат­пай қоймайды. 2007 жылы республика бойынша 133 мың адам жасанды түсік жасатса, содан бергі өткен аралықта оның саны 2000-ға жеткен. Әлемде жыл сайын 20 миллионға жуық адам құрсағындағы сәбиін осылай өлімге қиса, соның 300 мыңы қазақтың қаракөз қыздарының еншісіне тиеді екен. Оның 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жасататындар көрінеді. Жыл сайын елі­міз бойынша жарық дүниенің есі­гін 400 мыңға жуық сәби ашса, соның 200 мыңы жасанды түсіктің құр­бан­дығына ұшырайды. Дәрігерлер қа­уымы жасанды түсік жасатудың әйел­дің одан әрі бала сүю мүмкіндігін азай­та­тындығын қатаң ескерткенімен, өкінішке қарай, әзірге оны тыңдайтын құлақ пен қа­былдайтын сана болмай тұр. Былайша қарасаң, заңды жолымен түсік жасату әркімнің өз еркіндегі шаруа. Сол себептен де, Қылмыстық ко­декстің 319-бабындағы заңсыз түсік жа­сай­тын­дарға қолданылатын қатаң жаза арна­йы ауруханаларға барып, дәрігердің рұқсатымен баласын алдыртып тас­тайтын бойжеткендер мен аналарға жүрмейді. Не істеу керек? Кейбір пікір иелері жасанды түсік жасатуға заңды түрде шектеу қою керек деп есептейді. Ақылға салып көрсек, бұл да ұлт өсімін тұйықтан шығаратын тиімді жол емес. Олай дейтініміз, тәртіпке жүгінбей тұ­рып ең алдымен ана мен баланың жағдайын жақсартып, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік кө­мектің көлемін арттырмайынша, жа­санды түсік жасатуға үзілді-кесілді тыйым салғанымыздан түк шықпайтын сияқты.

Халықтың өсімін көбейтіп, демо­гра­фиялық саясатты орнықтыру жөні­нен көршіміз Ресей мен Белоруссиядан әлдеқайда көш төмен қалып келе жатқанымызды мойындауымыз керек. Бұл мемлекеттерде әрбір дүниеге келген сәби үшін қомақты қаражат кө­лемінде көмек көрсетіліп, жаңадан отау көтерген жұбайларға жеңілдікпен пәтер беріледі. Ал, біз жас шаңырақ иелері былай тұрсын, өте сирек кездесетін үшемдер мен төртемдердің өзіне пәтер тауып бере алмай қиналамыз. Халықтың өсіміне деген осындай қасаң көзқарасты түбірімен өзгертпейінше, жаттанды әң­гіме түрінде айтылып, айтылған же­рінде қалып қоятын демографиялық сая­сатта үлкен түбірлі өзгерістердің бола қоятынына сенім аз. Алайда, демограф Мақаш Тәтімов ағамыз бастаған кейбір зиялы қауым өкілдері ұлт өсіміне тікелей әсер ететін мұндай елеулі факторларды орағытып өтіп, халық санын көбейтейік деп жалған ұран көтеріп жалаулатумен келеді. Қазақ «көк көр­пенің бүлкілін» ойламай жүрген жоқ, тек сол ұрпақты заман талабына сай бағып-қағып өсіретін жағдайдың жоқ­ты­ғына алаңдап, отбасын құрып, ұр­пақ санын көбейтуден тайсақтайды.

Жақында осындай пікірді әлеуметтік желілер бетіндегі парақшасында белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтай да көтеріп, «баяғыдан бері ұлт санын көбейте ал­ма­дық» деп өкініпті. Бәлкім, бұл азаматтарымыз о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талып жететін ұлан-ғайыр даламыздың қазақтың құт мекеніне айналып, ата-бабаларымыздың қасиетті қаны төгілген топырақтың күні ертең уысымыздан шығып кетпеуін ойлап уайымдайтын да шығар, алайда, мұндай ниеттің мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмайынша, орындала қоятындығына күмән көп. Сондықтан да, әзірге бәрімізді түңілдіріп отырған жасанды түсік тәрізді қауіпті дертке жаттанды құбылыстай қараудан бас­қа лажымыз жоқ.

Автор:
Елеусіз МҰРАТ, «Заң газеті»