Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Біздің бұйымдар шетелде де сұранысқа ие


19 октября 2015, 04:39 | 1 658 просмотров



Еліміздің медицина нарығын жоғарғы сапалы өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 2005 жылы құрылған «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясына бүгінде 10 жыл. Осы жылдар ішінде халықтың игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан отандық компания көптеген жетістіктерге жетті. Тұтынушылармен қатар өнім көлемі де күн санап артып келеді. 

2006 жылы біздің компания фармацевтикалық іс жүргізуге лицензия алса, 2007 жылы мемлекеттік сатып алу жүйесіне белсене қатыса бастады. Ал 2008 жылы Шымкент қаласында медициналық жиһаздарды құрастыру цехы ашылып, медициналық тағандар, қалқалар, кушеткалар және профилактикалық емдеу мекемелеріне қажетті басқа да медициналық жиһаздар шығару жүйесі жолға қойылды. 2009 жылдан бастап «ISO-9001» СТ ҚР ИСО 9001-2009 сапа стандартына көшкен компания бүгінде өндірісті дамытумен және өнім түрлерін көбейтумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде кәсіпорын бұйымдары функцио­налды кереуеттер, гинекологиялық креслолар, сәулелегіштер, медициналық шырағдандар мен сорғыштар, центрифугалар және басқа да техникалармен толықты. Жиырма шақты өнім түрлері Ресей Федерациясының аумағында сатылуға рұқсат беретін тізімге тіркелген. 2010 жылы «КамАЗ» жартылай тіркеме және тартқыш базасында жедел медициналық жәрдем көліктерін және жылжымалы медициналық кешендерді жабдықтау жобасын бастадық. «IVECO» автокөліктерін өндірушілермен серіктес отандық компания бұл автомобильдерді арнайы медициналық автокөлік етіп қайта жабдықтауға кірісті. Сонымен қатар салалық және реанимациялық жедел медициналық жәрдем көрсетуге арналған алғашқы автокөліктер, дентомобильдер, неонатальды автокөліктер, донорлық пункт және санитарлық автокөліктер шығара бастадық. Мұнымен қоса, жедел жәрдем автокөліктерін жабдықтау цехын аштық. Бүгінде медициналық мекемелердің көпшілігі осы көліктерді қолдануда және медицина мамандары тарапынан жақсы пікірлер айтылуда.

«IVECO» автокөлігі халықаралық стандарт талаптарына сәйкес жабдықталады. 2011 жылы өндірістік қуатын 4 есе арттыруға мүмкіндік беретін қосымша өндіріс кешенін іске қостық. Сонымен бірге ISO 13485:2003 еуропалық сапа стандарты енгізілді. Сондықтан болар, «KAZMEDPRIBOR Holding» өнімдері еліміздегі емдеу мекемелерінде жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ республикада 200-ге жуық медициналық мекемелер компанияның тұрақты клиенті. 2012 жылы біз «ISO-9001» СТ ҚР ИСО 9001-2009 сапа стандартының сертификатын растадық. Сол жылы «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясы «Мінсіз» ұлттық сапа белгісіне лайықты деп танылды және «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсында жеңімпаз атанды. 2013 жылдың шілде айында көп елдерде әлі қолға алынбаған, жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтар өндірісінің жаңа кезеңіне қадам бастық. Соның нәтижесінде жұмысшылар саны 250 адамға дейін өсті. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндірісті жетілдіру жұмыстары екі жыл қатарынан жүргізілді. Сонымен қатар кәсіпорын Үдемелі-индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында Индустриалды картаға енгізілген.

«KAZMEDPRIBOR Holding» өндірістік технологиялар мен кадрлар даярлайтын және диагностикалық құрал-жабдықтар өндіретін әлемдік көшбасшы саналатын жапондық «SHIMADZU» компаниясының сенімді серіктесі.

Өткен жылы біздің кәсіпорын рентген аппараттарының бірнеше түрін шығару жөнінде жапондық әріптестерімен бірге жоспар құрды. Сөйтіп, рентгендік кешен, палаталық рентген аппараты, телебасқармалы диагностикалық және рентгенографиялық кешендер өндіру саласы бойынша бірлескен зауыт ашуға уағдаластық. Аталған жоба бойынша зауытты іске қосу келесі жылдың күзінде жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз. Ал биыл «Gesan Production Srl» компаниясымен бірлесіп CHEM-200 автоматты биохимиялық анализаторды және диагностикалық, зертханалық құрылғыларға арналған медициналық реагенттер өндіретін зауыт тұрғызу жөнінде келісімшартқа қол қойдық. Жобаның мақсаты — Қазақстан мен көршілес елдердің профилактикалық-диагностикалық емдеу мекемелерін сапалы әрі қолжетімді медициналық құрылғылармен және GMP EU халықаралық стандарт бойынша медициналық реагенттермен қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясы республикадағы жоғары технологиялы медициналық құрылғылар өндіретін жетекші компания болып саналады. Кәсіпорынның барлық өнімдері сапасын айғақтайтын тиісті тізімдерде тіркелген және СТ-KZ сертификатына ие. Өзге жетекші компаниялармен технологиялық іс-тәжірибе алмасу мақсатында мамандарды шетелдерде оқытып, білікті жұмысшы күшін арттырудамыз. Сондай-ақ мемлекеттік емдеу мекемелеріне демеушілік көрсетіп, қайырымдылық шараларын өткізу арқылы еліміздің әлеуметтік саласын жақсартуға өз үлесімізді қосып келеміз.

«KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясының жұмысын бірнеше бағыттарға бөліп қарастыруға болады. Олар медициналық жиһаз өндіру, жоғары технологиялы медициналық және зертханалық құрылғылар шығару, әртүрлі медициналық автокөліктер құрастыру және емдеу мекемелерін кешенді жабдықтау. Кәсіпорынның ең басты армандарының бірі – денсаулық сақтау мекемелерін мықты медициналық техникалармен қамтамасыз ету арқылы отандық медицинаны халықаралық деңгейге көтеру.

Айта кету керек, биыл Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» өткен «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік көрме-байқауында біздің компания «Өндірістік бағыттағы үздік ­тауар» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ 24-26 қыркүйекте Астана қаласында денсаулық сақтау саласы бойынша өткен 12-қазақстандық халықаралық «AstanaZdorovie 2015» көрмесінде «Ең үздік технологиялық экспозиция» аталымы бойын­ша арнайы дип­ломмен ма­ра­пат­тал­дық.

Ендеше, санаулы уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің медицина саласының дамуын даңғыл жолмен бастап келе жатқан «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясының ұжымына тек қана сәттіліктер тілеймін.

Автор:
Айдос МӘУЛЕНҚҰЛОВ,«KAZMEDPRIBOR Holding» ЖШС-ның Бас директоры