Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІГЕРГЕ ЗӘРУЛІК неліктен орын алып отыр?


19 октября 2015, 04:36 | 1 342 просмотра



Елімізде үстіміздегі жылдың қаңтарындағы есеп бойынша 3164 амбулаториялық-емхана (2174-і – мемлекеттік, 921-і – жекеменшік) және 911 аурухана (729-ы – мемлекеттік, 148 – жекеменшік) жұмыс істейді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің вице-министрі А.Цойдың берген мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні бұл мекемелерде 68864 дәрігер, 160061 орта медициналық қызметкер еңбек етуде.

Медицина мамандарының тапшылығы әсіресе Астана, Алматы қалаларында, Маңғыстау, Қостанай облыстарында көбірек байқалады. Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының жағдайы да осы іспеттес. Бүкіл республика бойынша 242,25 акушер-гинеколог, 222,5 терапевт, 173,5 педиатр, 163,75 анестезиолог-реаниматолог, 123,5 жалпы практика дәрігерлері жетіспейді. Қостанай облысының бір ғана Қамысты ауданы он дәрігер маманға зәру екен. Бір аудан он маманға зәру болса, қалған облыс, аудан, елді мекендерді есептей беріңіз…

Ауылдық жерлерде терапевт, педиатр, невропатолог, гастроэнтеролог, офтальмолог, эндокринолог, онколог, кардиолог, фтизиатр, стоматолог, уролог, гинеколог және тағы басқа өз саласының мамандары жоқтығы салдарынан тұрғындар зардап шегуде. Бұған қоса емхана-ауруханалардың қажетті құралдармен толыққанды жабдықталмауы да кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, жергілікті жерлерде зертханалар жоқтың қасы. Аудан орталығына немесе облысқа барып қаралуға екінің бірінің жағдайы көтере бермейді. Жол-пұлы, қонақүйінің қаражаты және т.б. тағы бар. Осы­ның салдарынан ауруы асқынған нау­қастардың қатары күн санап өсіп келеді.

Инфекциялық және жұқпалы аурулармен ауыратын науқастардың саны да жыл сайын көбейе түсуде. Бұған жүйке жүйесі сыр берген науқастарды қосыңыз. Туберкулез, Адамның иммундық тапшылығы вирусы (АИТВ), иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС), жүрек қан-тамырлары, қатерлі өкпе обыры, гинекологиялық саладағы қабыну, уақытына жетпей босану, жүкті кезіндегі түсік тастау, ана мен бала өлімі азаймай тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы құрт ауруына шалдыққандардың саны әлем бойынша 9 млн. болса, 1,5 млн адам, оның ішінде АИТВ жұқтырған 360 мыңы осы кеселден көз жұмған екен. Бүгінде дүние жүзінде 35,3 млн адам АИТВ-ға шалдықса, оның екі миллионы жасөспірімдер. Өтпелі кезеңдегі жеткіншектердің ауыспалы мінез-құлқы қатерлі АИТВ-ны жұқтыруға бейім болатын себептердің бірі. 2012 жылдың мәліметі бойынша осы вирусты 2,3 млн адам жұқтырған. Иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес жө­ніндегі республикалық орталықтың мәліметтері бойынша Қазақстан Рес­публикасында АИТВ инфекциясының індеті шоғырланған деңгейінде тұр.Бұл науқас түрлері елдің барлық облыс­тарында тіркелген.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, қан ауруларының 35 түрі кездеседі. Олардың әрқайсысының өз ерек­шеліктері, емдеу тәсілдері бар. Алғашқы белгілері без түрінде білінетін бұл ауруды анықтау үшін жан-жақты зерттелуі қажет. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде созылмалы лимфолейкоз дертіне шалдыққан 25 адам есепте тұрады екен. Мұндай қатерлі аурулардың алдын алу үшін білікті мамандар өте қажет. Ал бізде маман тапшы. Сонда еліміздегі медицина саласының мамандарын даярлайтын институттарымыздың түлектері қайда, неге білікті маманға зәру болып отырмыз деген сауал кез келген адамды ойландыратыны рас. Осы оймен сараптама жасап көруге тырыстық.

Маман тапшылығының басты кедергісі жалақы мөлшерінде жатса керек. «Сананы тұрмыс билейтін» қоғамда өмір сүріп жат­қандықтан, ең алдымен жалақы мәселесі алдымыздан кесе-көлденең шықты.

Денсаулық сақтау саласын, әсіресе ауылды аймақты медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында ауылды жерлерде жұмыс істеу үшін келген мамандардың жалақылары ең кемі 25%-ға, көтерме ақыларын 70 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) арттыру, тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК жеңілдіктер қарастырылған екен.

Жоғары оқу орнын бітірген жас маманның ә дегендегі еңбекақысы 50-55 мың теңге, ал медициналық колледж бітірген медбике айына 28-35 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Мына қымбатшылық заманда бұл ақшамен қалай күнелтуге болады?..

Жалпы білікті дәрігерлердің жалақысы өндірістегі тәжірибемен тікелей байланысты, белгілі бір категорияның деңгейіне жеткен сайын үстемақы қосылып отырады. Ал жас маман категорияға тапсыру үшін кем дегенде үш жыл еңбек өтілі болуы шарт.

«Қазақстан – 2050» Стратегия­сының басты мақсаты Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі екендігін ескерсек, ең алдымен адам өмірімен тығыз байланыс­ты дәрігерлердің жағдайын жасап, күнделікті күйбең тірліктен арылтқан жөн-ау.

Ел ішінде медициналық институтқа оқуға түскен жастардың жетпіс-сексен пайызы әртүрлі жағдайда оқуды тастап кетеді немесе шығып қалады, тек жиырма-жиырма бес пайызы ғана оқуын бітіреді екен деген жел сөз көбірек айтылып жүр. Себебін бірі жеті жыл оқу тым қиын деп түсіндірсе, екіншісі әлеуметтік жағдаймен байланыс­тырады. Оның үстіне, енді резидентураны оқу міндеттелген. Резидентураның ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін созылады. Егер балаңыз ақылы бөлімде оқыса, орта есеппен жылына жеті жүз-сегіз жүз мың теңге төлейсіз. Қарапайым ауылдың тұрғыны мұндай ақшаны қайдан тауып бере алады?.. Оның үстіне, бұл қаражат жыл сайын өзгеріп отыруы әбден мүмкін. Ол студенттің жалдамалы пәтері, ішер асы, киер киімі тағы бар дегендей. Осындай қиындыққа шыдамағандардың көпшілігі оқуын орта жолдан тастап, басқа жұмыс іздеп, күнкөріс қамымен кететіндігін студент­тер­дің өздері де жасырмайды. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын бірнеше жоғары оқу орнының басшыларына хабарласқан едік. Алматыдағы С.Ж.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры А.Ақановтың атына жолдаған сауалымыз жауапсыз қалды. Арада біраз уақыт өткенімен аталған университеттен бізге жауап берер тірі жан табылмады.

­Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің берген мәліметтеріне сүйенсек, аталған оқу орнына соңғы он жылда 6543 талапкер қабылданыпты. Оның 4245-і мемлекеттік білім грантымен, ­2298-і ақылы бөлімде оқыған. Осы он жылдың ішінде 250 студент оқудың толық курсын аяқтамай, әртүрлі себептермен оқудан шығарылған. Орта есеппен жыл сайын 85-113 түлек ауылға жұмыс істеуге барады.

Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне жыл сайын орта есеппен 1200 студент қабылданады. Бүгінгі таңда оқу орнында жеті мыңнан астам студент білім алуда. ҚММУ проректо­ры Вилен Борисовичтің айтуынша, аталған университетті оқуға түскен жастардың 80 пайыздан астамы тәмамдайды екен. Проректор В.Б.Молотов-Лучанский оқудан шығарылатын студенттердің де бар екенін айтты. Олардың бірі мамандық таңдаудан қателессе, енді бірі ЖОО-ның күрделі бағдарламасына үлгере алмайтындығын, сондай-ақ жеке, отбасылық мәселелері оқуын жалғастыруға мүмкіндік бермейтінін жеткізді.

Дәрігер мамандығының жауап­кершілігі өте зор. Адам өмірімен байланысты болғандықтан қателік жіберуге жол жоқ. «Бір үйге – бір дәрігер керек» қағидасын ұстанатын ата-ананың осы мәселені ескергені жөн секілді. Күнделікті өмірде әртүрлі жағдайларды кездестіріп жатамыз. «Елдің баласы істегенді сен неге істей алмайсың, жұмыс та табылады» деген желеумен баласының қарсылығына қарамастан, дәрігерлік мамандықты оқытатын жағдайға да талайымыз куә болып жүрміз. Меніңше, бір шетінен маман тапшылығының бір ұшы осында жатқандай көрінеді. Өзінің жүрек қалауымен оқымаған маман өмірде кездесетін қиындықтарға шыдамай, орта жолдан басқа кәсіпке бет алады.

Қарағанды медицина колледжі­нің жалпы медбике бөлімін биыл бітірген жас маман Рысжан Мұратбек­қызы өзінің мамандық таңдауда қателескенін айтып, налиды. Оның айтуынша, дәл осы бөлімде оқыған 27 оқушының 4-еуі ғана өзінің қалауымен оқуға түскен. Қалғандары ата-анасының, ағайын-туғанының кеңесімен оқуға түсіп, адасып жүргендер. «Менің жүрек қалауым – өнер еді. Айтуға оңай сияқты көрінгенімен, дәрігерлік білім алудың машақаты көп. Оқу да анау айтқандай жеңіл емес. Оқу бітіріп келіп, ауылда жұмыс істеп жатқаныммен, өмірім өкінішпен өтіп жатыр. 3 жыл 8 ай оқып, күндіз-түні жұмыс істейтін медбикенің айлық табысы 35 мың теңге, қолына алатыны 28 мың теңге. Жұмысы ауыр, еңбекақысы аз айлықпен өмір бойы жүргім келмейді. Бұл нақты шешімім» дейді жас маман.

«Адамның басты байлығы – ден­саулық» дейміз. Ендеше, сол ден­саулықтың шырақшылары – дәрі­гер­лердің еңбегі атқарған жұмысына қарай бағалануы тиіс. Осыны ескере бермейтініміз өкінішті. Әрине, мамандықтың бәрі жақсы. Алайда адам денсаулығына жанашыр болып жүрген жандардың орны бөлек.

Автор:
Бағдагүл Балаубаева