Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Әлем әлеуетінің әлсіз тұстары сыр беріп жатыр


10 октября 2015, 07:32 | 1 476 просмотров



Соңғы апта тағы да құрлықтар құлақ түрген оқиғаларға толы болды. Солардың қатарында, әлбетте, Ресей әуе күштерінің Сирия президенті Башар Асадтың өтінішіне сай сол елдің территориясындағы «Ислам мемлекеті» террорлық тобырының позицияларына әуеден нақты соққылар беруі де бар. Осыдан кейін лаңкестердің лагері ұйпа-тұйпа болды. Бұл олардың біразына «батқан кемеден қашқан егеуқұйрықтардың күйін» кешірді. Әйткенмен, осы соққылар үшін наразы болып жатқан топтар да табылды. Солардың алдыңғы легінде Сириядағы «өлшемді оппозиция» деген топты қолдап келе жатқан АҚШ дау сала жаздады. Бірақ артынан «ақылға келіп», Ресейді сол маңдағы исламистерге бірлесе соққы беруге шақырды.

Осы қарсылық білдіргендер сапынан кеңістігі жүзінен рұқсатсыз орыс ұшақтары ұшып өткен Түркия да көрінді. Ал Сауд Арабиясы тіпті соққыны шұғыл тоқтату турасында ультиматумға бергісіз байбалам салды. Мұның соңы осы елдегі билікке оппозиция саналатын дінбасы топтарының Ресейге жиһад жариялауына дейін жеткізді. Мұндай ғазауатты соның алдында «Ислам мемлекетінің» содырлары да жариялап үлгерген еді. Алайда, сарапшылар бұдан пәлендей қауіп күтіп отырған жоқ. Қатердің үлкені шығыстағы Ауғанстан аумағында «талибан қозғалысының» барған сайын күш алып бара жатқанынан туатын сияқты. Осының бәрі әлем құрылысындағы әлсіз тұстарды біртіндеп көзге ұрып көрсетіп жатыр.

400 мың мигрант кері қайтарылады

Еуропа одағы алдағы бірнеше аптаның көлемінде құрлыққа жасырын жолдармен өз беттерінше келген әлденеше жүздеген мың босқынды кері қарай қайтаруға шешім қабылдады. Алдын ала есеп бойынша ғана олардың саны 400 мың адамға толатыны айтылып жатыр. «Егер Нигер және Эритерия секілді елдер өздерінің экономикалық мигранттарын қайтып алудан бас тартса, Брюссель оларға жасап отырған көмегін қайтып алып, сау­да келісімін үзетінін және жаңа келісімдердің жасалмайтынын айтып, қорқытып отыр», деп жазады бұл туралы ағылшынның Times басылымы. Газет сондай-ақ жоғарыда аталған елдерге Ауғанстанның, Ливия мен Сирияның қосылып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Шенген аймағына кірмейтін Ұлыбритания мигранттарды депортация жасау науқанына қатыспайтынын жеткізді. Алайда, елдің сыртқы істер министрі Тереза Мэй осы екі арада өзінің «бұл бастаманы қолдауға әзір» екенін мәлімдеп үлгерді. Ол, әсіресе, француздың Кале қала­сында орналасқан босқындар лагерін Біріккен корольдікке келуге ұмтылып отырған топтан тазартып алуға ынталы екенін келтірді. «Біз елімізде баспанаға құқылы барлық мигранттың оны алатынын, ал экономикалық мүддемен келгендердің бірден сыртқа шығарылатынын түсі­нуіміз керек», – деді ол.

Еуропа одағының сыртқы шекара қауіпсіздігі жөніндегі Frontex агенттігі бұл процестерді «мигранттарды қайтару жоспарына» сәйкес жүргізбекші. Осы орайда рұқсатсыз келген мигранттарды депортациялау жөніндегі халықаралық құқықтық нормаларды басшылыққа алмайтын елдерге Еурокомиссия айыппұл салатын болып отыр.

«Одаққа мүше-мемлекеттер депортация жөніндегі шешімді ұдайы басшылыққа ала отырып, оның тиісті ресурстарға сай атқарылуын қамтамасыз етулері тиіс», – делінген қабылданған құжатта.

ЕО сыртқы шекаралар қауіпсіздігі жөніндегі агент­тіктің (Frontex) мәліметі бойынша, 2015 жылдың басынан 4 қазанға дейін Еуропа одағы ел­деріне 630 мың мигрант келіп үлгерген. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары Антониу Гутерреш өз кезегінде әлемде басқа жақтардан баспана сұрап отырған, ішкі көші-қонға үміт артатын адамдар саны 60 миллионнан асып кететінін, олардың қатары алдағы уа­қытта әлі де өсе түсетінін мәлім етті. Жоғарғы комиссар Еуропадағы қазіргі таңдағы босқындар дағдарысы жайлы айта келіп, кәрі құрлықтың 160 мың келушіні қабылдау жөнінде алған шешімін «дұрыс бағыт» ретінде бағалады. Ол сонымен бірге, «жүйе жақсы жұмыс жасаса, бұдан зор міндеттерді шешуге болатынын» атап өтті.

Ресей Таяу Шығыс операциясын Пентагонмен бірге жүргізеді

Ресей қорғаныс министрлігі Пентагонның Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресті жүзеге асыру жөніндегі ұсынысын қабыл алуы мүмкін. Қазір сарапшылар осы жайын талдап көріп жатыр. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің өкілі, генерал-майор Игорь Конашенков мәлімдеді.

«Ресей қорғаныс министрлігі Пентагонның өтінішіне бірден құлақ түріп, америкалықтардың Сирия территориясындағы «Ис­лам мемлекеті» террорлық тобырына қарсы күрес шеңберіндегі іс-қимылды үйлестіре жүргізу жөніндегі ұсынысын жедел түрде қарап шықты. Тұтастай алғанда, аталмыш ұсыныс жүзеге асырылып қалуы мүмкін», деді Ко­нашенков.

«Тек бүгін Ресей әскери ведомствосы мен Пентагонның сарапшылық деңгейдегі өкіл­дерінің жекелеген техникалық детальдарды анықтап алулары ғана қалып тұр», дегенді қосты ол.

Ресей әуе-әскери күштері Си­рия президенті Башар Асадтың сұрауымен 30 қыркүйекте ИМ-ның осы елдің территориясындағы позицияларына әуеден нақты соққылар беруді бастаған болатын. Авиасоққылар жасауға Су-25 штурмовигі, Су-24М, Су-34, майдан бомбардировщиктері қатысып, Чу-30СМ истребителі оларды қорғап жүрді. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, осы соққылардың нәтижесінде исламистердің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесі айтарлықтай бүліншілікке ұшыраған. Мұнда сондай-ақ жанкешті-лаңкестерді даярлау инфрақұрылымы да қатты зардап шеккен.

Сириядан үш мың содыр қашып кетті

Ресей әуе күштерінің іске қосылуымен Сириядағы анти­террорлық операцияның қызу қарқынмен жүргізіле бастауы үш мыңнан астам содырдың шекара асып, шетелдерге қашып кетулеріне себеп болды. Осы ретте РИА «Новости» агенттігі өзінің әскери қызмет саласындағы мәнбесіне сүйене отырып, 4 қазан күні Сирия армиясы исламистердің Дамаск қаласы маңындағы, сондай-ақ, Дейр-эз-Зор и Хомс провинциясындағы позицияларына соққы бергенін жеткізді. Әскерилер Дейр-эз-Зор жерінде «Ислам мемлекеті» содырларын бірқатар елді мекендерден қуып шығуға әрекет жасаған. Ұрыстар барысында 160-қа жуық лаңкес жер жастанған.

Мәнбенің дерегінше, әскерилер Хомс провинциясындағы Пальмира қаласына жақын маңда исламистердің екі колоннасын жойып жіберген. Артиллериядан берілген соққылар нәтижесінде тағы 17 содыр қаза тапқан. Осы­ның салдарынан «Ислам мем­лекеті», «Джебхат ан-Нусра» және «Джейш аль-Ярмук» лаң­кес­тік тобырларының мүшелері Иордания аумағына қашып ты­ғылған.

Бұдан бұрын Ресей Феде­рациясы Қарулы күштері бас штабы жедел басқару басқармасының бастығы, генерал-майор Андрей Картаполов «Ислам мемлекеті» тобырының 600-ге жуық со­дырының өз позицияларын тас­тап, Еуропаға қарай қашуға бет алғанын мәлімдеген еді. «Олар­­дың қатарында үрей мен қор­қыныш орын алуда», – деді Кар­тополов.

Автор:
Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».