28 сентября 2015, 05:20 | 1 643 просмотра
Кеңес заманында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі, тәуелсіздік алған жылдары еліміздің тұңғыш Денсаулық сақтау министрі қызметтерін абыроймен атқарған, мемлекет қайраткері, ғалым кардиохирург, бүгінде А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының профессоры Ақсұлтан Аманбайұлы Аманбаевты біздің заманның көрнекті тұлғасы деп айта аламыз.
Сұрапыл соғыс алдында Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген ол балалық, жасөспірімдік кезеңінен-ақ білімге, еңбекке құштарлығымен ерекшеленген. Осы облыстың (қазіргі Мақтаарал ауданында) орыс орта мектебін Алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы медицина институтының емдеу факультетіне оқуға емтихансыз кабылданды. 1962 жылы институтты үздік бітіргеннен кейін Түркістан, Түлкібас аудандарында дәрігер-хирург болып жұмыс істеді. Әрине, ол кезде ауылдық жерде хирург болудың өз қиыншылығы бастан асатын.
Ақаң хирургияның ең қиын да күрделі саласы кардиохирург мамандығын ғылыми-теориялық зерттеулермен ұштастырғысы келген құштарлығының ықпалымен, арман-мұрат бағдарымен Алматыға аттанған-ды. 1969-1974 жылдары Қазақ клиникалық және экспериментальды хирургиялық ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы) кардиохирургия бөліміндегі теория мен тәжірибе негізделген клиникалық ординатура мен аспирантурада ғылым негіздерін игерді. Одаққа белгілі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор В.С.Сергиевскийдің жетекшілігімен кардиохирургиядағы жүректі алмастыру туралы аса өзекті, күрделі мәселеге арналған тақырыпта 1974 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл еңбегі отандық және шетелдік ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ақаң осы ғылыми орталықта 15 жыл үзбестен кардиохирург, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Көп жылдар бойы жинақталған бай тәжірибе негізіндегі ғылыми-зерттеу еңбектері еліміздің жүрек ауруына шалдыққан тұрғындарына мезгілінде ота жасалып, дендерін сауықтыруға үлкен көмегін тигізді.
Ғылыми шығармашылық пен тәжірибе сабақтастығымен еңбек ететін ұжымның қоғамдық жұмысына да белсене қатысып, 10 жыл бойы партия ұйымының хатшысы болды. Осы хирургиялық орталықта ұзақ уақыт атқарған игі жұмыстары арқылы ұжым мүшелерінің алдында үлкен абыройға бөленіп, аса беделді ғалым атанды. Ол 1984 жылы Үкімет құрамындағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке шақырылды. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың келісімімен, Министрлер Кеңесінің қаулысымен Үкімет аппаратының оқу-ағарту және денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Үш жыл еліміздің қалалық, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының кураторы болып қызмет істеді. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары және 4-ші Бас басқармасының бастығы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Емдеу-сауықтыру бірлестігінің бастығы қызметтерін атқарды. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып қызмет атқарды.
Еліміз егемендік алған жылдары (1991-1992) Денсаулық сақтау министрі болып екінші рет тағайындалған қызметінде де абыройлы еңбек өнегесін көрсетті. ХХ ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағының тарауының салдарынан, еліміздің экономикалық жағдайы әртүрлі қиыншылықтарға ұшырағаны мәлім. Медицина мекемелері де көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп жатты. Ауруханалардың материалдық базасы, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. Осындай ауыр жағдайда министрлік еліміздің денсаулық сақтау саласына нарық заманының талабына сай өзгерістер енгізуі де қажеттілік болып саналды. Осыған байланысты 1991 жылы жаңа заң жобасы дайындалып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында «Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау туралы» Заң қабылданды. Бұл заң уақыт талабына орай аз уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласындағы қордаланып қалған көп түйінді шешуге елеулі ықпал етті.
Үкіметіміз халық денсаулығының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударып, қаржыландыру және медициналық қызметтің нәтижелілігі мен сапасын арттыру тәрізді күрделі мәселелерді шешуді шұғыл түрде қолға алды. Соның нәтижесінде халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту бағытында игілікті іс-шаралар біртіндеп жүзеге аса бастады. Халық денсаулығын сақтаудың білікті, білімді басшысы Ақсұлтан Аманбайұлы өмірінің барлық кезеңдерінде қандай деңгейде қызмет атқарса да кәсіби мамандығын әрдайым бірінші кезекке қойды. Ұзақ жылдар хирург ретінде жүздеген, мыңдаған сырқатқа душар болған жандарға ота жасап, денсаулықтарын түзеді, өмірлерін ұзартты. Бір оқиға оның есінен кетпейді.
Осыдан он жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында ХІІ ғасырда өмір сүрген, Шыңғыс ханды таққа отырғызып, хан сайлаған құрылтайға қатысқан, сол заманда Қаратау, Созақ, Түркістан аймағындағы қазақтың шашыранды тайпаларын отырықшы ел болып бірігуіне өз үлесін қосқан ірі тарихи тұлғалардың бірі болған Саңғыл би бабамызға ас беріліп жатқан кез болатын. Абыр-сабыр жүрген жұрттың назары бір кезде: «Ақсұлтан қарағым! Сенің атыңды естіп, таныдым», деп дауыстаған 80-нен асқан қарт әжейге ауды. Сөйтті де әжей: «Осыдан 30 жыл бұрын сен менің 16 жастағы қызымның ауырған жүрегіне аса күрделі ота жасаған едің, қазір ол дін аман. Тұрмысқа шықты. Бүгінде алты баланың анасы», – деп қасына келіп, қолын алып, «Саған үлкен рахмет!» деп маңдайынан сүйді. «Ажалдан аман алып қалған, дендері сауығып кеткен әртүрлі жастағы адамдар Отанымыздың әр өңірінен осы уақытқа дейін маған хабарласып, алғыстарын айтады. Еңбегімнің осындай нәтижесін ел аузынан есту – мен үшін зор мақтаныш, қуаныш, үлкен құрмет», дейді Ақаң.
Хирург-дәрігерлік жұмысында ол өмірдің талай соқпақтарынан өткен, тәжірибесі мол ғалымдардың, ұлағатты ұстаздардың (А.Н.Сызғанов, М.И.Брякин, А.Б.Райз, Г.К.Ткаченко, В.С.Сергиевский) тәлім-тәрбиесін көрді, мол сабақ алды, үйренді. «Өмірімде осындай абыройлы, қадірлі адамдармен араласқаныма дән ризамын», дейді ол. Ақаң 50 жылдан астам ғұмырын адамдардың денсаулығын сақтау, жақсарту, емдеу жолына арнады. Бүгінде жеті белестің бес жылын артқа тастаса да Ақаң білікті, тәжірибесі мол маман ретінде дәрігерлік жұмысын әлі абыройлы атқарып жүр. «Қанша жасқа келсем де, қай жерде жүрсем де дәрігер болып қала беремін. Өйткені, дәрігерлік кәсіп – өмірлік кәсіп. Ауырып немесе жарақаттанып, жаны қиналған адамға көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға әрқашан да дайынмын. Дүниеде адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Қай қоғам болса да, қай ел болса да, оның басты байлығы алдымен адам. Әрбір адамның дені сау, жанарында мұң, көңілінде кір болмаса, жадырап күлсе, елдің жүзі де әруақытта жарқын, жетістіктері көп. Тәуелсіздік алған мемлекетіміздің Қазақстан Республикасы болып аталған тарихи жылдарда, еліміздің адам денсаулығын қорғайтын күрделі де, жауапты да саласын басқарып, Отаныма, халқыма қызмет етуді Алла маған нәсіп етті. Ол үшін мен тағдырыма ризамын!» – дейді абыз-қайраткер Ақаң тебіреніп. Ол Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жоғары басшылық қызметтерді атқарған жылдары елімізде көптеген нысандар іске қосылды.
Медицина мекемелері мен медицина мамандарын дайындайтын оқу орындары: перинатальдық орталықтар (Алматы, Қостанай, Көкшетау қалаларында), диагностикалық (Қарағанды, Семей, Жамбыл, Шымкент, Алматы қалаларында), 1000 төсектік республикалық клиникалық аурухана (қазіргі Алматыдағы №7-ші қалалық аурухана), республикалық Урология ғылыми-зерттеу институты (Алматы қаласында), Радиациялық медицина мен экология институты (Семей қаласы), Республикалық акушерлік-гинекология ғылыми-зерттеу институты (Алматы қаласында), Алматы медицина институтында санитарлық-гигиена факультеті мен жоғары білімді медбикелерді дайындайтын факультет, Алматы медицина институты филиалының базасында – Фармацевтика институты (Шымкент қаласы), А.Ясауи атындағы Түркістан университеті мен Өскемен университетінде медицина факультеттері, облыстарда медучилищелер ашылды. Ақаңның Қазақстан денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар істеген абыройлы қызметі Үкімет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Алғыс хатымен», «Кеңес Одағы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды. Ардагер ағамызға Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының «Құрметті азаматы» атағы да берілген.
2013 жылы С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасының медицина ғылымы мен білімін дамытуға, денсаулық сақтау саласына және университет мәртебесін жоғарылатуға қосқан еңбегі үшін есімі «Университет Даңқ галереясына» кіргізілді. 2014 жылы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Директорлар кеңесінің шешімімен хирургияға сіңірген еңбегі үшін Алтын медальмен марапатталды. «Жақсы адам – елдің ырысы» деген халқымыздың даналығы осындай абзал тұлғаларымыздың өнегелі өміріне байланысты айтылған. Тәуелсіз Қазақ елінің дамуына өнегелі еңбегімен үлес қосқан Ақаң сынды абзал тұлғаларымыз – біздің ұлттық құндылық қазынамыз.
Отанымыздағы адамдардың денсаулығын сақтау бағдарындағы абыройлы еңбек жолымен келе жатқан ардагер ағамыз Ақсұлтан Аманбайұлының тіршілік тынысын жүрегінің лүпілімен тұтастырған өршіл оптимистік рухты ұстанымы қазіргі және болашақтағы ұрпақтармызды жаңа жарқын істерге жігерлендіре түседі. Иә, қазекем «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаса керек. Себебі, дені сау адам бақытты, дені сау елдің ғана болашағы жарқын болады. Ендеше, Ақаң сияқты адамдарға бақыт сыйлайтын алтынқол азаматтар барда жүрек лүпілі ешқашан жаңылмайды.