Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ХАЛЛЮ: ТАРТЫМДЫ МӘДЕНИЕТ «ЭКСПОРТЫ»


28 сентября 2015, 05:19 | 2 429 просмотров



Елімізде жас өспірімдер арасында кәріс телехикаяларына, әншілеріне үлкен қызығушылық бар екенін білеміз. Алайда ол қызығушылықтың деңгейін қаншалықты жоғары екенін түсінеміз бе? Бұл сұраққа жауап іздеп, біраз зерттеу жүргізіп, саралауға өз басымнан өткен жағдай түрткі болды. Биылғы жылы 24-26 шілдеде Алматы қаласында әлемге әйгілі Оңтүстік Кореялық S.M. Entertainment продюсерлік компаниясының «Global Audition» кастингі өтті. Аталған кастингте компания өкілдері келіп, Қазақстан жастары арасынан болашақ жұлдызды іздеді. Сегізінші сынып оқитын сіңілім ата-анасының рұқсатын алып, осы кастингке қатысуға бел буды. Ән айтқанды жаны сүйетін қыздың көңілін ата-анасы қалдырмады, ал оған жанкүйері ретінде мен бардым. Сөйтіп, «жаһандық тыңдаудың» куәгері болып қана қоймай, корея мәдениетіне біздің қара көздердің құмарлық деңгейі жоғары екеніне көзім жетті. Сонымен «Корея толқыны» бізге не береді? Ол қашан, қайда және қалай пайда болды? Қазақ балаларының тәлім-тәрбиесіне қалай әсер етеді? Бұл туралы барлық ұстаздар, ата-аналар тіптен жеткіншектердің өздері де біліп, ойланған жөн.

«Жаһандық кастингтен» кейінгі әсер

Жоғарыда баяндап өткендей жазда Алматыда өткен кастинг «Global Audition» яғни, «Жаһандық кастинг» деп аталды. Неге? Қазақстаннан басқа бұл кастинг Корея, Ресей, Қытай, Монғолия, Малайзия, Тайланд, Индонезия, Сингапур және Канадада болды. «2015 S.M. Global Audition» кастингі 5 категория бойынша таланттарды іздеді. Олар: ән айту, би, актерлік шеберлік, модель бизнесі және автор-композитор. Кастингке кез-келген адам жасына, жынысына, ұлтына қарамастан қатыса алады. Тек алдымен продюсерлік компанияның ресми сайтына электронды пошта арқылы сұраным жіберуге міндетті. Кейін компаниядан жауап күтіп, кастингтің өзіне шақырылады. Менің сіңілім де кастингке шақыру алған. Қуанышында шек болмай, бар ойы осы кастингке барып, бағын сынап көру болды. Кастинг туралы өзінен сұрағанда, «өтсем, кореяда оқимын» деді. Іріктеуден өткен балаларды ата-анасының рұқсатымен Сеулге алып кетіп оқытады. Барлық жағдай жасалады екен. Осы мәселе жайында кеңірек білу үшін, аталған продюсерлік компания туралы ақпарат жинауға кірістім.

Ғалаторды шарлай, S.M. Entertainment 1996 жылы құрылған Кореядағы ең ірі және әлемге танымал продюсерлік компания екеніне көзім жетті. Қазір өте танымал әнші және топтардың көбі осы продюсерлік орталықтың тәрбиеленушілері . Бұл компанияның жұлдыздарды дайындайтын арнайы мектебі де бар, мектепте өнерлі жас талантын шыңдай түседі. Бәрі заңды әрі қауіпсіз. Күнделікті дайындық, репитиция. Бірнеше сағаттан вокал, хореография, актерлік шеберлік. Үлкен өнер мектебінен өткен жастардың ішінен де ең үздігі ғана таңдалады. Американдық The Wall Street Journal бұл компанияны «K-поп электростанция» деп атаған. Бір сөзбен айтқанда бұл «Жұлдыздар шығаратын» фабрикасы іспеттес. Компания бірінші кезекте санына емес, сапасына қарайды. Әлемді бағындыра алатын жоғары сапалы «өнім» шығаруды көздейді. S.M. - Star museum, «жұлдызды музей» деген мағына береді. Жұлдызды музейдің әншілері басында Кореяны, кейін Қытай, Жапонияны бағындырады. Сөйтіп, бұл компанияның Жапонияда, Қытайда филиалдары пайда болды. 1996 жылдан бері үлкен биіктерді бағындырған компания бүгін әлемді бағындыруға көшкен.

Кастингтің өзіне оралатын болсақ, Алматының бір қонақ үйлерінде өткен жиынға кілең жас өспірімдер жиналды. Біз сағат кешкі беске бардық. Әрбір қатысушыға компания өкілі келетін уақытты белгілеген. Бір топ балаларға сағат 2 десе, екіншілерге 3, 4, 5 деп бөліп берген. Бұл менің түсінгенімше, қатысушының да, компания өкілдерінің уақытын үнемдеп, жүйкені де тоздырмау үшін жасалған шара. Келген қатысушыға асистенттер реттік номер беріп, кезекке қояды. Барлық қатысушылар өз кезегімен кіріп тұрды. Қатысушыларға қойылған негізгі шарт – табиғилық. Сән салтанатымен киініп, боянып келгеннен қарапайым ғана, өзінің табиғи сұлулығы ерекшеленгендерге сұраныс болды. Кезегін арнайы залда күткен жеткіншектер экраннан S.M. Entertainment жұлдыздарының орындауында видеоклиптарды тамашалап тұрды. Бағын сынаушылардың барлығы дерлік сол әншілердің әндерін қосылып, жарыса айта түсті. Кәріс тілінде ән орындау олар үшін еш қиынға соқпады. Біздің жастардың корея телехикаялары, әндеріне қызығушылығы барын білгенмін. Бірақ, бұл қызығушылық соншалықты жаһандық деңгейде екеніне көзім сол кезде жетті.

«Корей толқыны» феномені

Қазақстанда кәріс тілін үйренгісі келетін жастр саны артып келеді. Шығыстану факультеттерінде де Кореяны оқуға ынталы талапкерлер өте көп. Бұндай құбылыс Вьетнам, Малайзия, Сингаурде де байқалады. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяның «тауарлары», тағамынан өнеріне дейін сәнге айналғаны құпия емес. Мұндай құбылыс азия, еуропа елдері мен америка құрлығында да байқалады. Кореяның дүниесіне қызғушылық феноменін «Халлю» «корей толқыны» деген терминмен белгілейді. «Корей толқыны» деп кореяныңы поп-мәдениетінің басқа елдерге жаппай тарау құбылысын атайды. Алғашқы кезекте бұл құбылыс Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тараудан бастау алады. Бұл толқын бірінші болып қытай жағалауына жетіп, «Корей толқыны » («Халлю») термин қытайда пайда болған. Бастапқыда барлығы «Что такое любовь» телехикаясынан басталды. Кейіннен басқа да корей телехикаялары (дорамалары) және әндері қытай халқы арасында үлкен сұранысқа иеленді. Қазіргі уақытта «корей толқыны» 60-тан астам елдерге тарап үлгерді, негізінен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері: Тайвнь, Жапония, Тайланд, Филлипин және т.б. Біртіндеп корея мәдениетіне қызығушылық Таяу Шығыс елдері, тіптен Африканың кейбір елдерінде де пайда болды. Қазір бұл толқын Европа жағалауларына да жетті.

«Халлю» қалыптасу кезінде көптеген сыншылар бұл тек уақытша құбылыс екенін айтқан. Алайда жыл өткен сайын «Корей толқыны» күшейе түсті. Соңғы тенденциялардың өзі сыншылардың бұл пікірі қате болғанын дәлелдеді. Халлю жаңа шыңдарды бағындырып, корея мәдениетінің экспорты қалыпты деңгейде ұзақ мерзімді даму жолына түскен. Кореялық поп-музыканың танымалдығы бүкіл әлемде өсіп келеді. Кәріс әншілерінің концертіне билеттері Жапония және европа елдерінде бірнеше сағат ішінде сатылып кетеді. KBS World Radio өткізетін кәріс тіліндегі үздік орындалған ән конкурсы милиондаған қатысушыларды тартты. Бір сөзбен айтқанда «Корея толқыны» әлемді басып келеді.«Корей толқынының» шетелдік жанкүйерлері жас кәріс әншілерінде оларды вокалдық мүмкіндіктері, әндерінің сөзі және ырғақты әуені, кәсіби хореография қызықтыратынын айтады. 2011 жылы Сидней және Париж қалаларында өткен кәріс музыкалық топтарының концерттері K-POP әлемді бағындырып келетіндігінің дәлелі. Корея музыкасының табынушылары К-ПОП-тың одан әрі дамуына үлкен үлес қосады. Ерекше айта кететін жайт, әлемге әйгілі американдық музыкалық индустрияға арналған Billboard журналында "Korea K-POP Hot 100" дауыс беру чарты пайды болды.

Кәріс музыканттарының шетелдегі танымалдығы таңғалатындармен қатар, кері пікір келтіретіндер жетерлік. Шоу-бизнес сыншыларының кейбір өкілдерінің пікірінше, К-ПОП тек әсерленгіш жасөсіпірмдер қызығушылығына ие, ал кәріс поп-топтары сымбатты түр келбеттен басқа өнерімен мақтана алмайды. Десе де, бұндай сын әлем бойынша қалыптасқан К-ПОП табынушыларының қызығушылығын кеміте қойған жоқ. Керісінше, күннен-күнге сүйікті кәріс орындаушыларының әнін қосыла орындап отырған жеткіншектердің видео-роликтері интернетте көбейе түсті. Ал жаңа таланттарды іздейтін кореялық түрлі Superstar K және Great Birth ән байқау шоуларына қатысатын шетелдіктер саны артып келеді. Кәріс әншілерінің музыкалық дарыны жоқ дейтін сынды жоққа шығару оңай. Себебі, сахнаға шықпас бұрын жас әншілер тынбай еңбек етеді. Олардың көпшілігі өмірін атақты продюсерлер қарамағында ұзақ жылдар бойы дайындық, репитициялармен өткізеді. Сондықтан кәріс орындаушылардың өз елінде де, өзге елде де танымалдылығы орынды деп айтуға болады.

Бүгін көптеген адамдар интернеттен музыка тыңдап, музыкалық видеоны еркін тамашалай береді. Соның нәтижесінде корея поп-мәдениетінің жаңа табынушыларының көбеюіне кедергі жоқ. Әлеуметтік желілерде кореялық топтардың фан-клубтарында кем дегенде 100 мың жазылушылары бар. Интернетте шекара жоқ, қалаған ақпаратты, қалаған киноны, қалаған әнді сайттар арқылы көріп біліп, тамашалауға жол ашық. Әлеуметтік желілер сайттары «Корей толқынын» дамуға, корей мәдениетінің «экспортына» үлкен серпін берді. "Корей толқыны" – әлемге тез тарауы бірінші кезекте, YouTube, Twitter және Facebook сияқты (в Қазақстан мен Ресейде Вконтакте желісі арқылы) әлеуметтік желілері арқылы жүзеге асты. Кореялық КАРА және Гёрлз дженерейшн топтары Жапонияға гастрольдық турмен келмей тұрып, интернет арқылы танымалдық жинаған. Деректерге сүйенсек Гёрлз дженерейшн тобының "Хут" ("Hoot") видеожазбасы YouTube сайтынан әлемнің әр түпкірінен 10 миллион адам тамашалаған. Ал Gangnam Style әніне түсірілген бейнебаянымен ютубтағы 1 миллиард көрілген клип ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген корейлік рэпер PSY-ды бүгінгі күні әлемде танымайтын адам жоқ шығар. Бұл әлем музыкасында ерекше құблыс болғаны сөзсіз.

Саясат және Бизнес

1997 жылы Оңтүстік Кореяда экономикалық дағдарыс орын алып, мемлекеттің индустриялық модернизациялауында үлкен күдік болды. Сондықтан қоғамға мәдени түрде мәдениетпен әсер ету жолдары қарастырылды. Дағдарыстан шығу үшін мәдени индустриядан пайда табу жүзеге асты. Кореялық доромалар (сериалдар) Азияға тарай бастады, Жапония, Қытай және Оңтүстік-Шығыс азияда табысқа жетіп, Европа және Солтүстік Америка нарығында өз орнын тапты. Оңтүстік Корея саясаткерлері «Корея Толқынын» мемлекеттің имиджін қалыптастырушы және күшейтуші құрал ретінде бағалайды. «Корея толқыны» тіпті мемлекеттің даму бағдарламасына да қосылған. Саясаткерлердің өзі де «Халлю» арқылы мемлекет қалағанына күшпен емес, тартымдылықтың арқасында жетуге болатынына сенеді. Расында да, соңғы кезде әлем бойынша корей тіліне, тауарларына, тағамына, тарихына, ұлттық киімдеріне деген қызығушылық арта түсті. Оңтүстік Корея косметикасына сұраныс күн санап өсуде. Оңтүстік Корея мәдениетін «экспортқа» шығару арқылы, тауарлардың экспортын өсіріп отыр. «Корей толқыны» жұлдыздары жарнамалаған косметиканы, техниканың тұтынушы бірінші кезекте табынушылар болады. Осылай білдіртпей, тартымды кейпімен Оңтүстік Корея әлемді бағындырып келеді.

Тартымдылық сыры

Әлі оңы мен солын танып білмеген жасөспірімдердің корея телехикаяларына деген қызығушылығы жай ғана еліктеушілік дейтін болсақ, ал көпті көрген ересектердің қызығушылығын немен түсіндіреміз? Кезінде ұлттық телеарналардан көрсетілген кәрістің тарихи сериалдарына үлкен сұраныс туды. «Ханзада Жумонг» сериалын көрген бір жеңгеміз: «Шіркін, Жумонгтай күйеубалам болса ғой» деп армандайтын. Сонымен Корея фильмдері мен сериалдарының құпиясы неде? Кәрістердің ресми пайымынша, фильм авторлары өз жұмысында батыс пен шығысты ұштастыра алуында, негізгі тақырып махаббат, адамдардың қарым-қатынасы, мейірімділік пен адалдық сезімін кейіпкердің көңілі арқылы көрсете білуде деп белгіленеді. Жасыра алмаймыз, біз білетін корея дорамаларында шығысқа тән сыпайылық, үлкенге құрмет, тектілік, тәрбиелік, пәктік сияқты қасиеттері қазақ көрерменіне тартымды. Ал Американдық көрермендер болса, корея дорамаларында американдық сериалдардағыдай дөрекілік пен тым созылып кеткен сюжет жоқтығы ұнайды. «Басқа азия елдерінің кино туындыларынан қарағанда кореяның фильмдері адамдар өмірі мен эмоциясын дәл дөп тигізіп ашады, олар сондай-ақ осы уақытқа дейін американдықтар көз жеткізе алмаған корея мәдениетін ерекшелікпен көрсетеді" деп жазылған американдық журналда. Ал корея поп-музыкасына келетін болсақ, бұл отандық және батыстық білікті мамандарының әуен, ырғақ және орындаушылардың келбет үйлесімдігін табуында. Кореялық өнер жұлдыздары басынан аяғына дейін, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, жымиғаны, көзін қысқанына дейін үлкен жұмыс істейді. Мінсіз жұлдыз имиджін қалыптастыру үшін аянбай тер төгеді. Жұлдыздың өзі, продюсері, шенеуніктер де корея мәдениетінің дамуына, әлемге тарауына жұмыс жасайды.

Қорытынды

Әр заманның өзінің адамы болады демекші. Бүгінгі заманның жастары «Корея толқынын» қалайды. Әдемі ән, әсерлі сериалдарына қызығады. Мойындаймыз, кәріс сериалдары балаларымызға, әдептілік, тәртіптілік, жақсы мен жаман, тіпті әдемілік пен талғампаздықты үйретеді. Жеткіншек бойында жақсы қасиеттерді дамытады. Тәрбиелі, мәдениетті адам өсіп-өнеді. Бұл сол жеткіншек шақтағы қызығушылық болып қалса болар. Бірақ, корея тілін, тарихын өз туған еліңнің тілі мен тарихынан артық көруге әкеліп соқпаса болғаны. Жас бала корея мәдениеті мен өнерін жанына азық етеді. Рухани дүниесін сонымен толтырады. Сонда біздің ұлттық құндылықтарымыздың жас бала үшін құны қандай? Ненің керек, ненің керек еместігін қанаты қатпаған балапанға ата-анасы айтуға міндетті, ұстазы оқушысының қызығушылығын түсіне білуге тиіс. Жақсысын үйреніп, жаманын жиреніп алға басқан абзал. Қазақ балалары өзгенің мәдениетіне қызықпасын, өзге елге еліктемес үшін орнына сапалы «өнім» ұсыну қажет. Ұсыныс болғаннан кейін сұраныс та пайда болар... «Корей толқыны» бұл корей мәдениетін тиімді «экспорттау» болып тұр.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА