Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

550 жылдың бүгінгі биігі


21 сентября 2015, 05:36 | 1 256 просмотров



550 жылдың бүгінгі биігі

Елбасы қазақ ғарышкерін әуежайдан қарсы алды

Қыркүйектің 12-де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайында «Союз ТМА-16М» экипажының мүшелерімен – кеме командирі Геннадий Падалка, бортинженерлер Андреас Могенсен және Айдын Айымбетовпен кездесті.

Дәл осы күні Астана халқының Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатуы бұл оқиғаға тарихи және мерекелік сипат беріп тұрды. Ғарышкерлерді қарсы алуға олардың туған-туыстарымен қатар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Астанадағы «Ғарышкер» арнаулы мектебінің оқушылары, Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласының қызметкерлері, Ресейдің Қазақ¬стандағы елшісі және бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, осы оқиғаның алдында ішінде қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, Ресей ғарышкері Геннадий Па¬далка және Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавы даниялық Андреас Могенсен бар ғарыш кораблінен бөлініп шыққан капсула Қарағанды облысындағы Жезқазған жеріне келіп сәтті қонған болатын. Бұл оқиға Жез-қазған қаласының оңтүстік шығысындағы 146 шақырымдық қашықтықта Астана уақыты бо¬йынша 12 қыркүйек күнгі таңғы 6 сағат 51 минутта тіркелген еді.

Ғарышкерлерді арнайы дайындалған топ күтіп алды. Соның ішінде қазақстандық журналистер сапарға арнайы жарақтандырылған Toyota Fortuner және Toyota Hilux автокөліктерімен оқиға орнына жетті. Бұл оқиғаны қазақстандық журналистермен қатар, ресейлік және халықаралық БАҚ өкілдері сол сәтінде әлемге таратып жатты.

Арнайы мамандар үш ға¬рышкерді де капсуладан шы¬ға¬рып алды. Дәрігерлердің мәлім-деуінше, олардың қан қысымдары қалыпты жұмыс істеп тұрды. Ғарышкерлерге шай және апорт алмалары берілді. «Өзімді жақсы сезінемін. Өзіме жүктелген жос¬парлы тапсырмаларымды орындадым. Тағы да ұшуға әзірмін», деген еді қазақстандық ғарышкер журналистерге берген алғашқы сұхбатында.

Айдын Айымбетовтің ға¬рыш¬¬қа Қазақстан Туын алып ұшқан¬дығын атап өту керек. Ол оны аман-есен Жерге жеткізді. Кап¬суладан шығарып алғаннан кейін ғарышкерлер өздерін Жерге жеткізген аппарат бүйіріне қолдарын қойды. Онан кейін 2 сағаттық медициналық тексеруден өткізілді. Айдын Айымбетов Қазақстан Туын алып суретке түсті. Мұнан кейін ғарышкерлер Астанаға Елбасымен кездесуге аттанған еді.

Ғарышкерлерді Жезқазған жерінде алғашқы күтіп алушылар қатарында оның ұлы 17 жастағы Әмір де болды. Ол елордадағы №53 мектептің 11-сыныбында оқиды екен. Ал Астана әуежайында жұртшылық өкілдері ғарышкерлер келер алдында шеру құрып, ерекше қуанышты көңіл күймен күтіп тұрды. Аман-есен Жерге оралған халықаралық ғарыш экипажының өкілдері өздерін осында жеткізген тікұшақтан түскен соң, арнайы автобус оларды өздерін асыға күткен халықтың алдына алып келді. Елбасы ғарышкерлерді дәл осы арада, жұртшылық алдында қарсы алып, әуежайға бастап кірді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы экипаж мүшелерін аман-есен оралуымен және Халықаралық ғарыш стансасындағы маңызды миссияларының аяқталуымен құттықтады. – Біз ұшу барысын бақылап, әрқайсыңыз үшін алаңдап отырдық. Әрине, қазақстандықтар ел тарихындағы үшінші ғарышкер болған Айдын Айымбетовтің ті¬леуін тіледі. Оның әлемдегі ал¬ғашқы және ірі ғарыш айлағы – Байқоңыр құрылысының бас¬тал¬ғанына 60 жыл толғанда ғарышқа ұшуы да айшықты оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті нақ осы Байқоңырдан алғаш рет ғарышқа адам ұшқанын, содан бері Қазақстанның жерінен тартылыс күшін еңсеріп ұш¬қандардың бәрін отандастарымыз жақын дос ретінде қарсы алатынын атап өтті.

– Біз ғарышқа ғарышкерлер ұшы¬рылып отырған әлемдегі санаулы ел¬дердің біріміз. Әлемде 200 мемлекет болса, тек солардың арасында осын¬дай мүмкіндікке қол жеткізген ел сау¬сақпен санарлық. Жерімізде орналас¬қан «Байқоңыр» ғарыш кешені бізге осындай мүмкіндіктер береді. Ресей Феде¬рациясымен бірлесе отырып, біз бұл мүмкіндіктерді пайдаланып келеміз. Біз ғарышқа үш ғарышкер ұшырдық. Тоқтар, Талғат, енді, міне Айдын ұшып, аман-есен ортамызға оралды. Бұл – үлкен оқиға, – деп атап өтті Елбасы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ғарышқа қазақстандық азаматтың бұл ұшуы Байқоңыр ғарыш айлағының мерейтойлық жылмен сәйкес келгендігін атап өтті.

–1960 жылы оның құрылысы басталған болатын. Айдын Айымбетов бұл сапарда жай ғана ұшып қойған жоқ, берілген ғылыми тапсырманы орындады. Ол біз үшін қажет, – деді Президент.

Астана әуежайында өткен баспасөз мәслихатында әрбір ғарышкер өздерінің алған әсерлерімен бөлісті. «Бүгін халықаралық ғарыш экипажындағы 3 елдің өкілі өздерінің ұшу бағдар¬лама¬ларын орындап, қонақжай қазақ жеріне қайта оралды. Бұл сіздер және біз үшін үлкен мереке», – деді Ресей ғарышкері Геннадий Падалка.

«Қазақстандық зерттеулердің ғылыми бағдарламасы орындалды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің басшылығыңызбен біз¬дің еліміз алға жылжып келеді. Ғарыш¬тық қызмет саласы да дамудың үстінде», – деп мәлімдеді қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов Мемлекет басшысына қарата.

«Біз осыдан 10 күн бұрын ғарышқа сапар шектік және біздің алдымызда ғажайып міндет тұрды. Бұл шынымен де нағыз халықаралық миссия еді. Әртүрлі елдердің 5 өкілі ғарышта кездестік. Бұл ешқандай да бір шекарасыз бір-бірімізбен ынтымақта жұмыс істесек, біздің қандай нәтижеге қол жеткізе алатынымызды білдірген аса жарқын мысал болды», – деді Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавы Андреас Могенсен.

Елбасымен кездесу барысында Жерге оралған экипаж мүшелері мис¬сия¬ларының жемісті аяқталғанын айта келіп, бүкіл Қазақстан халқын айшықты оқиғамен құттықтады. А.Айымбетов еліміздің атынан Ха¬лық¬аралық ғарыш стансасында өкілдік ету мәртебесін сеніп тапсырғаны үшін Мем¬лекет басшысына және Қазақстан халқына алғыс айтты.

БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде әлемдегі мемлекеттердің тек санаулысы ғана азаматын ғарышқа аттандыра алатынын айта келе, Қазақстанның ғарыш саласы табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

Біз – ғарыш саласын меңгерген елміз. Орбитада орналасқан төрт спутнигіміз бар. Олар өз жұмыстарын орындап жатыр. Әлемде өз ғарышкерлерін ұшыра алмай отырған елдер жеткілікті. Ғарышқа жұмсалған қаржы бірден қайтпаса да, бүкіл әлем бұл саланы игеруге тыры¬сып жатыр. Мәселе бүгінгі пайдада емес. Бұл – ғылыми-техникалық өр¬кен¬¬деу әкелетін жұмыс. Сондықтан мем¬лекеттің ғарыш саласына жұмсаған қар¬жысының орны толады. Біздің бұл салаға құйған қаржымыз өз жемісін береді. Серіктесіміз, жақын көршіміз ретін¬де біз Ресеймен жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Роскосмос пен Ре-сей Федерациясы басшылығының қол¬дауымен біз ғарышкерлер даярлау¬ды жүзеге асырамыз. Бүгінде Қазақстанның Жер серік¬тері маңызды коммуникациялық және ғылыми-зерттеу қызметтерін атқаруда. Полковник Айымбетов сапар барысында өзіне жүктелген барлық міндетті орындады. Осы мақсатқа бөлінген қаражат ұзақ мерзімді келешекте өзін ақтайды және іс жүзінде зор пайда әкелетін болады, – деді Қазақстан Президенті. Ғарышкерлерді қарсы алуға арналған баспасөз мәслихаты осылайша аяқталды.

Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев ғарышкерлерді Жезқазған жерінде қарсы алған болатын. Астана әуежайында ғарышкерлерді күту барысында ол кездесуден алған әсерлерін журналистермен бөлісті. А.Айымбетовтің Қазақстан аэро¬ғарыш комитеті бастаған жұмысты бірқатар ғылыми эксперименттерді жүргізу арқылы орындап келгендігін мәлімдеді.

«Мен Қазғарышқа басшы болған кезде тағы бір ғарышкеріміздің ғарышқа барғанын мақтан тұтамын. Біз бұған ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Еліміздің маңызды ғылыми бағдарламасы орындалды. Айдын Айымбетов осыдан 21 жыл бұрын мен бастаған дәстүрді жалғастырды. Мен өз сапарларымда да ғарышқа Қазақстан Республикасының Туын алып ұшқан едім. Маған Қазақстан Президентіне Туды үш рет тапсырудың сәті түсті. Айдын Туымызды ғарышқа төртінші рет апарып келді», – деді Қазғарыш басшысы. Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев ғарышкерлерді алғаш қарсы алу барысында олардың өздерін жақсы сезінгендігін атап өтті. «Біздің жігіт өзін жақсы сезінді. Ғарышқа барып келгендердің бар¬лығының жағдайы жақсы бола бермейді. Бұл оның туған жері үшін ұмтылысын, ал туған жерінің оны қолдағанын білдіреді. Ол Жезқазғанның ауасын жұтып, өзін бұрынғыдан да жақсы сезінген болу керек», – деді Мұсабаев.

Баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін Айдын Айымбетовтің отбасы, туған-туыстарымен сөйлесудің сәті түсті.

Әкесін Жезқазған жерінде қарсы алған Әмір Айымбетов өзінің журналис¬терге берген шағын сұхбатында оны жерге қонғаннан кейін алғашқылардың бірі болып көргеніне қуанатынын жеткізді. «Әкемді мақтан тұтамын. Дәл қазіргі сәтте өз сезімімді жеткізуге сөз таба алмай тұрмын. Мені теңіздей сезім тұтып алып тұр. Оны капсуладан шығарған кезде «әке» деп айғайлап, оған қарай жүгірдім. Менің ұшқыш болғым келеді. Бұл арман маған әкем арқылы жұқты. Биыл Астанадағы мемлекеттік авиациялық орталықта жазғы тәжірибеден өттім», – деді Әмір Айымбетов. Ол бүгінгі күнге дейін 32 сағат әуеде болса, соның 18 сағатында ұшақты өзі басқарыпты. Демек, оның ұшқыш болатындығына сенім зор.

«Біз бүгін балаларымызбен бірге өте бақыттымыз. Балаларымның әкесі аман-есен жерге оралды. Біз бұл сәтті әр минутын санап отырып күттік. Ол бізге ғарыштан хабарласып тұрды. Сондықтан өзімізді жақсы сезіндік», – деген ғарышкердің жары Лилия өз күйеуін мақтан ететіндігін жасырмады.

Айдынның жұбайы Лилия Байқоңыр қаласының тумасы екен. Ол сонда дүниеге келіп, орта мектепті бітірген. «Бірақ, біз Байқоңырда кездескен жоқпыз. Біз Талдықорғанда кездестік. Себебі, біздің отбасымыз Талдықорған қаласына көшіп келгеннен кейін Айдынның отбасымен көрші тұрды. Біз сол кезде кездесіп, таныстық. Әкем әскери бөлімде жұмыс істеді. Ал Айдын Армавир жоғары әскери училищесін бітіргеннен кейін Талдықорғанда әскери борышын өткеріп жүр екен. Байқоңырда тұрғанда мен болашақ жарымның ұшқыш не ғарышкер болуын армандаған едім. Бірақ оның дәл осылай шынайы өмірде жүзеге аса қоятынына шын дәмеленіп көрмеп едім. Сондықтан өзімнің тағдырыма және қолдау көрсеткен Алла тағалаға шексіз ризамын», – деді Лилия.

Ғарышкердің 14 жастағы қызы Диана да авиация жүйесінде жұмыс істеуді қалайды екен. Ал 8 жасар кіші қызы Даяна болса ғарыштан аман-есен келген әкесіне сыйға тарту үшін ракетаның суретін салғандығын айтты. «Зымыран ғарышқа ұшқанда біз өте бақытты болдық және бәріміз жыладық. Мен әкеме зымыранның суретін салдым», – деді Даяна. Ғарышкерді қарсы алу үшін Астана әуежайына оның анасы Жұмагүл апа да келді. Ғарышкерлердің Елбасымен кездесу сәтінде ол кісі өте толқып тұрды. Бақытты анадан да сұхбат алудың сәті түсті. «Біздің отбасымыздың иесі Ақан Ырыскелдіұлы аман болғанда 74 жасқа келер еді. Ол осыдан 8 жыл бұрын өмірден озды. Ақан марқұм Айдынның ғарышқа ұшатындығына үлкен сенім артты. Айдынымыз – отбасымыздағы екінші ұл. Тұңғышымыз Айдар шекара әскерлері департаментінің әскери қызметкері. Қызым Дана үй шаруашылығымен айналысады. Кіші ұлым Алимир – 33 жаста. Ол «Эйр Астана» ұлттық компаниясында жұмыс істейді. Айдын ғарышқа ұшқан сәтте қатты толқу сәтін бастан кешірдім. Ол сезімнен әлі де арылып болғаным жоқ. Айдын ғарышкер болу үшін барлық күш-жігерін арнап жұмыс істеді. Оның бұл арманын Елбасымыз жүзеге асырды. Сондықтан ол кісіге деген алғысымыз шексіз», – деді ана.

Сондай-ақ, «Ғарышкер» мектебінің оқушылары да өздерінің алған әсер¬лері, арман-сезімдерін журналистер¬мен бөлісті. Болашақта Айдын аға¬лары¬на ұқсап, ғарышкер болғылары келе¬тіндіктерін жеткізді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана қаласы бөлімшесінің төрайымы Назгүл Әбдірахманқызы ғарышкер Ай¬дын Айымбетов ғарыштан қазақ тілінде тіл қатқанда өте қуанышты сезімде бол¬ғандығын, оның орыс, ағылшын тілдерін де меңгергендігін ұрпақтарға үлгі ету қажеттігін айтты.

Автор:
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.