11 сентября 2015, 10:30 | 1 493 просмотра
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына Питтсбург университеті медициналық орталығы (UPMC) мен Назарбаев университетінен арнайы делегация келіп, Қазақстандағы онкология қызметімен және институт жұмысымен танысып қайтты.
Шетелдік 13 ғалым 2 күн бойы отандық онкология қызметінің құрылымы, қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау бағдарламалары және тіркеуге алу жүйесімен танысты. Қонақтар онкоинституттың негізгі бағыттары туралы ақпарат алып, түрлі бөлімдер мен орталықтар жұмысын бақылады. Скрининг бағдарламалары бойынша да өзге қалалық емханаларға бас сұқты. Сапар соңында АҚШ-тан келген делегацияны Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Александр Цой қабылдап, екіжақты келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, екі ел арасында алдағы уақытта тығыз қарым-қатынас орнап, біріккен жобалар іске асырылатын болды.
UPMC – АҚШ-тағы Денсаулық сақтау саласындағы үздік әрі коммерциялық емес ұйым. Бұл ұйым әлемдік медициналық мекемелер мен орталықтардың басын біріктірген. Штатында 60 000 қызметкері бар. Жалпы, 20 аурухана қызметін орталықтандырып отыр. UPMC науқастар күтімін жақсарту мен тиімділігін арттыру үшін жаңа жүйелерді ойлап табумен айналысады.
Бұл ұйым Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру жобасы бойынша Назарбаев университетінің стратегиялық әріптесі саналады. 2017 жылға жоспарланған жоба ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдауы негізінде жүзеге аспақ.
– Жалпы, UPMC делегациясы еліміздің бас онкологы, Онкология және радиология ҚазҒЗИ институт директоры Қ.Нұрғазиевке және бірқатар онколог-мамандарға алғыс білдіріп, отандық онкологияның бүгінгі деңгейін жоғары бағалады. Біздің қызметіміздегі оң өзгерістерді атап айтты. Одан бөлек шетелдік және отандық мамандар екі елдің онкология саласындағы айырмашылықтарын да сөз етті. Жиын соңында болашақтағы әріптестік мәселесі де күн тәртібінде қаралды, – дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының стратегиялық мәселелер бойынша орынбасары Дәулет Байпейісов.
Айта кетейік, ресми мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 1-қаңтарындағы есеп бойынша 150 436 қазақстандық онкоаурулар есебінде тұр. 2013 жылы бұл көрсеткіш 146 404 болған еді. Мамандардың айтуынша, қатерлі дертке шалдыққандар санының көбеюі обырды алғашқы сатысында анықтау мүмкіндігінің артуымен тікелей байланысты. Республика бойынша жыл сайын қатерлі ісіктен 17000 мың адам көз жұмады. Өлім-жітім бойынша онкологиялық аурулар екінші орында.