11 сентября 2015, 10:24 | 1 816 просмотров
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова еңбек қатынастары саласына енгелі жатқан, ел арасында әр алуан алыпқашты әңгімеге тамыздық болған жаңалықтарды қалаулыларға түсіндіріп берді.
Бұл күні Мәжілісте Еңбек кодексі жобасының және оған ілеспе заң жобасының тұсауы кесілді.
Сонымен, министрдің айтуынша, жұмысшыларды жалдау, жұмыскерлердің орын ауыстыруы, еңбек келісімін бұзу, жұмыс уақыты, жұмысшыларға өтемақыны кепілдендіру, біліктілік жүйесі секілді қолданыстағы ұлттық еңбек заңнамасының ең бір институционалды бөлімдері өзгергелі отыр.
– Бірінші өзгерістер жұмыс күшін жалдауға қатысты, – деді Тамара Дүйсенова. – Бүгінде жұмыс беруші еңбек келісімін белгілі мерзімге немесе белгіленбеген, яғни шектелмеген мерзімге бекітуге құқылы. Бірақ егер еңбек келісімін ары қарай ұзартса, ол белгіленбеген мерзімге бекітілген болып есептеледі. Енді келісімнің 3 түрі енгізіледі. Біріншісі – мерзімі белгіленбеген келісім. Екіншісі – мерзімді келісім. Үшіншісі – уақытша келісімдер. Бұлар – маусымдық жұмыстар немесе көлемі белгіленген, 1 жылға дейін аяқталатын жұмыстар.
Алдыңғы жылдары ел Парламенті 18-ге толған және бірінші жұмысына кіріскен жасты «сынақ мерзімінсіз» алу туралы заң қабылдаған. Жаңа Еңбек кодексі бұл баптың күшін жояды.
– Сынақ мерзімін бекіту-бекітпеу – жұмыс берушінің құқығы, ол кез келген адамды сынақ мерзімінсіз бірден жұмысқа ала алады. Бірақ сынақ мерзімін белгілесе, жұмыс беруші сол мерзім кезеңінде, кез келген уақытта еңбек шартын бұзуға құқы болады. Бұл жағдайларда сынақ мерзімі 3 айға жетпей біткен жаңа жұмысшы өзінің білікті еңбегі үшін басқа жұмысшылармен тең деңгейде үстемеақы, қосымша төлемдер алуға құқылы. Осының нәтижесінде, үш ай бойы ол адам мазасыз күй кешпейді. Бұл нормалар еңбек келісімдерін бекіту кезінде икемділікті күшейту үшін жасалуда, – деді министр.
Оның айтуынша, Кодекс жобасында қарастырылған негізгі жаңа ережелер «экономикадағы дағдарыс жағдайында еңбек келісімінің шарттарын өзгерту шараларын жеңілдетуге» бағытталуда.
– Бұл новелла жұмыс беруші қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру тиімді болған жағдайдағы шарттарды қарастырады. Мәселен, жұмыс орындарын сақтау мақсатында кәсіпорынның жұмысы тоқтаған жағдайда қызметкерлерді уақытша ауыстыру мерзімін анықтау ұсынылады. Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкердің келісімінсіз денсаулығына зиян тигізбейтін кез келген бос орынға ауыстыру құқығы қарастырылады, – деді ол.
Дәл осы мәселе депутаттар тарапынан да, ақпарат құралдары өкілдері тарапынан да көп сұрақтар туғызды. Қалаулылар өз сауалдарын министрге бағыттаған. Ал журналистерге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов арнайы сұхбат берді:
– Жұмыс берушінің бастамасымен «өндіріс, атқарылатын жұмыс, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы салдарынан ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауы» негізінде еңбек шарттарын бұзу негіздемесі енгізілді. Бірден айта кетейік, қазіргі қолданыстағы Еңбек кодексінде де жұмысшылардың штаты мен санын қысқарту қарастырылған. Оған сәйкес, жұмыс беруші қысқартылатын жұмысшыларға бір ай бұрын хабарлайды, кейін бір айлық жалақы көлемінде өтемақы береді. Біз экономикадағы қалыптасқан жағдайды ескере келе, кәсіпорындарда жұмысшыларды қысқарту жүруі ықтимал деген байламға келдік. Соған тиісінше әзірленудің қамы жасалуда.
Б.Нұрымбетовтың айтуынша, Үкімет пен жұмысшылар қаласын, қаламасын, жұмыс берушілер бұл шараны бәрібір іске асырады. «Сондықтан біз қысқартудың «экономикалық жағдайдың нашарлауы бойынша» деген негіздемесін жеке бөліп, қарастырып отырмыз және оған қатысты шарттарды да жеке жаздық. Атап айтсақ, егер жұмыс беруші экономикалық негіздемеге байланысты өз жұмысшыларын қысқартуға баруға ниеттенсе, еңбек шартын бұзу келесі шарттарды бір уақытта сақтаған жағдайда ғана мүмкін болады, бұлар – құрылымдық бөлімнің, цехтың, бөлімшенің жабылуы және қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмауы. Егер осы жағдайлар орын алса, жұмыс беруші жұмысшыларын бір ай бұрын құлақтандыруға және екі айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге міндетті».
Осылайша, ел Үкіметі бір жағынан «экономикадағы қалыптасқан жағдайға байланысты кәсіпорындарға осы негізде қысқарту жүргізу құқығын берген». Екінші жағынан оның шарттарын күрделендіріп, «жұмыс берушіні қысқартудан басқа жол іздеуге итермелеуде».
Вице-министр жұмыс берушілерге сондай-ақ жұмысшыларды зейнетақы жасына жетуіне орай қысқарту құқығын беріп отыр:
– Қазіргі кезде осындай норма тек мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге таралады. Біз осы тәжірибені жеке секторға да жаюды ұсындық. Бірақ егер жұмыс беруші ондай білікті қызметкерді ары қарай да ұстағысы келсе, бір жылдық келісімге отырып, оны ары қарай шектеусіз ұзарта алады, – деді Біржан Нұрымбетов.
– Осы жастағы жұмыскерлер зейнетақының қазіргі көлемі еңбекақысыз өмір сүруге мүмкіндік бермейтінін алдан тартады. Олар енді не істейді? – деп сұрады журналистер.
Министр орынбасарының айтуынша, бұл жас мамандарға жол ашу үшін жасалып отыр:
– Қазақстанда зейнетақының орташа деңгейі – 39 мың теңгедей. Бұл жерде мәселе зейнетақының аз-көптігінде емес. Жас мамандар қызметке кіре алмайды, себебі, ол орындарда зейнеткерлік жастағы кадрлар отыр. Жас маман өз отбасын қалай асырайды? Жаңа Еңбек кодексі барлық жұмыс берушілерді ертеңнен бастап, барлық зейнеткерлік жастағы жұмыскерлерді жұмыстан босатуға міндеттемейді. Зейнеткерлік жас жаңа жағдайда қысқартуға негіз бола алады. Кез келген компания құнды жұмысшыларынан бәрібір бас тартпайды,– деді Б.Нұрымбетов.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ел Үкіметінің жаппай қысқартулардың алдын алуға бағытталған шараларды қабылдап жатқанын айтты: «Қазіргі ауыр экономикалық жағдайда мемлекет экономика деңгейін сақтауға, ірі кәсіпорындарды қолдауға тырысуда. Оларға темір жол, энергетика тарифтері бойынша жеңілдік енгізді. Қосымша құн салығын қайтару, әртүрлі даму институттары арқылы льготалы несиелендіру мәселелері қарастырылуда. Бұл жұмыс орындарының сақталуы үшін де жасалуда» деді вице-министр.
Оның айтуынша, жұмыс берушілердің жұмыс орнын қысқартуға бару орнына еңбек шарттарын өзгертуге, мысалы, жұмыс сағаттарын, жұмыс аптасын қысқартуға, немесе еңбекақыны елу пайызға азайтуға, тіпті болмаса, айлықсыз демалысқа жіберуге мүмкіндігі бар.
– Біз бүгінде күрделі жағдайға қарамастан, кәсіпорындар жұмыс орындарын қысқартпауы үшін жұмыс жасаудамыз. Осы мақсатта биылғы жылы кәсіпорындармен 71 мыңнан астам меморандум бекіттік. 2009-2010 жылдары 8,5 мың ғана болған. Кәсіпорын, кәсіподақ және жергілікті атқарушы органдар арасындағы осы үшжақты меморандумдарда жұмыс берушілер жұмыс орындарын сақтауға мейлінше күш салуға міндеттеме алды, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов.
Еңбек кодексі жобасын талқылау жалғасады.