Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жаһан жүзі жанып кете жаздап тұр


11 сентября 2015, 10:01 | 1 244 просмотра



Қыздырма қызыл сөз үшін айтып отырған жоқпыз, шын мәнінде де қазір жаһан жүзіндегі жағдай өте-мөте қиын. Қыл үстінде қылтылдаған қауіптің теңі қалай қарай ауып кететінін де ешкім білмейді. Бұл қауіп Еуропаның ендіктерін күн санап толтырып жатқан босқындардың нөпірінде емес. Оның кәрі құрлық мемлекеттеріне қосымша қиындықтар мен шығындар, мазасыздық пен тұрақсыздық әкелетіні рас. Бірақ, одан да қатерлі, бұдан әлдеқайда әлеуетті басқа мәселе бар.

Осыған орай соңғы күндері базбір сарапшылар «Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті», деп жарыса жазысып та жатыр. Алайда, бұл – оқ-дәрінің иісін бұрқыратпайтын соғыс. Бұл – қаржы соғысы, бұл – экономикалық соғыс. Және дағдарысқа қарсы да соғыс емес. Сол дағдарысты өзінен басқа жаққа қарай аударып жіберу жолындағы тартыс. Мұның басталып кеткенін көзі қарақты жұрт әлемнің көптеген мемлекеттерінің, соның ішінде БРИКС елдерінің АҚШ долларына қарсы әспетті әрекеттері қолға алынған кезде-ақ байқаған. Бұдан әрі юань девальвациясы мен Шанхай биржасының құлауы сол шабуылдың күшейіп келе жатқанын көрсетті. Қалай дегенде де, Қытай өте батыл қадамға бастады. Қазір екі жікке бөліне бастаған тараптардың текетіресінде қайсысы түбінде үстем шығатыны белгісіз. Белгілісі, жеңілген жақтың сосын еңсе көтеруі өте қиынға түседі. Дегенмен, осы шақыруды жасап отырған жақтардың экономикалық тұрғыда сүйенері көбірек сияқты.

Ал алмағайып әлемде босқындардың шұбыруы бұрынғыдан бетер күшейіп, талай елдің басты бас ауруына айналып тұр. Әр жерден бұрқ етіп шығып жатқан терроршылар екпіні басылар емес. Жемқорлықпен күрес жер-жаһанның көптеген елдерінде негізгі міндеттердің бірі саналып барады.

Венгрияда мигранттар балаларымен теміржолға жатып алды

Венгрияда Германия мен Австрияға қарай асқылары келетін мигранттар қандай бір жолмен болса да, сол мақсаттарына жетуге ұмтылуда. Олардың тасқынынан қорыққан Будапешт билігі 1 қыркүйекте елдегі ең ірі вокзалды жауып тастады. Бірақ бұдан беттері қайтқан босқындар жоқ. Олар әлсін-әлсін полицейлер құрған шепті бұзып өтіп, вокзалға кіруге әрекеттеніп қояды.

Енді бір келушілер темір-жол рельстерінің жанына балаларын алып жатып, өздерінің ашу-ызаларын білдірмек болуда. Дегенмен, ара-арасында мигранттар пойыздарға отырғызылып, біртіндеп сырт жақтарға жіберіліп те жатыр. Қыркүйектің 3-і күні Будапешттің келесі вокзалынан Австрияға қарай баратын жүздеген босқынды аттандырды. Бірақ состав Бичке қаласында тоқтатылды. Осы жерден олар түсіріліп, өздеріне арналған лагерьге жіберілді.

Қазір лек-лек болып үсті-үстіне босқындар келіп жатқан Еуро­паның қайсы бір елі де жетісіп тұрған жоқ. Мұндай шарпуға Грекия, Македония, Сербия, Венгрия, Германия қаттырақ ұшырап тұр. Сондай тасқын Италия мен Испанияда да, Франция мен Австрияда да бар. Жағдай күннен күн өткен сайын ушығып, жағдайды одан бетер нашарлата түспесе, жақсара бастаған сыңайы байқалмайды. Осы тасқын Шенген аймағының да шебін біржола үзіп жіберген сияқты. Мұның арғы жағында Еуропа одағы елдері арасында да босқындарды әділ бөлісіп алу мен оларды мүлдем қабылдамау турасында көтерілген мәселенің сыңайында алауыздық туып жатыр.

Қазіргі күндері Еуропа елдері басшыларының негізгі айналысатын басты проблемалары да осы болып тұр. Олар күнде әңгіменің осы мәселеден бастап, кешке осымен аяқтайды.

Соғыс салдарынан 13 млн. бүлдіршін мектепке бара алмай отыр

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің 13 миллионнан астам баласы өз жерлеріндегі әскери қақтығыстардың салдарынан мектепке бара алмай отыр.

Қыркүйектің 2-сі күні БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының берген мәліметі бойынша, бұдан бірнеше жыл ғана бұрын жұртты жалпыға ортақ орта біліммен қамтамасыз етуге жақындап қал­ған аймақтар бір ғана сәтте солар­дың бәрінен айырылып қалып, апатты жағдайды бастан кешуде.

Аталған аумақтағы елдерде оқу орындары жиі шабуылдарға ұшырайды. Көбіне ол алдын ала жоспарланған жорықтар болып жатады. Осындай тағылықтар салдарынан Сирияның, Ирактың, Йеменнің және Ливияның қатты бүліншілікке ұшыраған 8 850 мектебінде сабақ өткізу мүмкін болмай қалған. Тағы бір жерлерде мектеп ғимараттарын содырлар басып та алған.

Бұл елдерде өз өмірлерін қауіптен сақтау үшін «ыстық нүк­телерден» қашып шығып жат­қан мұғалімдер де жетерлік. Балаларының қауіпсіздігін ойлаған ата-аналардың өздері де оларды қазір мектепке жі­бере бермейді. Бұған қоса, Иор­дания, Ливия және Түркия мем­лекеттерінде жүрген 700-ден аса сириялық босқындардың перзенттері жергілікті мектептер толып қалып, жаңа оқушылар қабылдауға мүмкіндіктері болмай тұрғандығынан оқуларын жалғастыра алмай жатыр.

Осыған орай БҰҰ сарапшылары жағдайды біршама түзету үшін балалардың өздерін өздері оқыту, дистанциялық білім беру, сондай-ақ, оның дәстүрден тыс басқа да тәсілдерді қолдануды ұсынып отыр. ЮНИСЕФ жұртты, ұйымдар мен елдерді осылайша қақтығыстардан зардап шеккен аймақтардың білім беру жүйелері үшін көбірек қайырымдылық көмектерін беруге шақырады. Осылай жиналған қаржылар балаларға білім беретін сыныптар санын арттырып, оларды керекті оқулықтармен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс.

Нигерияда исламистер шабуылынан 26 адам қаза тапты

Нигерияда «Боко Харам» исламист-содырлары елдің солтүстік-шығыс жағында орналасқан екі деревняның опалаң-топалаңын шығарды. Осы қарапта кем дегенде 26 қаза тапты.

Көргендердің айтуларынша, атпен шауып келген терроршылар оның туған ауылы Колори мен көрші Борно штатындағы Баан-иммам елді мекеніне 3 қыркүйек күні кешке қарай шабуыл жасаған.

Келесі бір куәгер түні бойы ағаштың басында тығылып отырып, таңертең жерге түскенінде, айналада теңкиіп өліп жатқан қарт кісілер мен балалардың мәйіттерін көреді. Африкада көптен бері ойран салып жүрген «Боко Харам» радикалды исламистер террорлық тобыры негізінен Нигерия жерінде белсенді іс-қимыл жасайды. Оның мүшелері батыстың білім беру жүйесін құртып, бүкіл елде оқудың ислам шариғатына сай жүргізілуін талап етеді. Мұнымен қоймай, қайта-қайта терактілер мен ашық шабуылдар жасап, еш жазықтары жоқ бейбіт тұрғындарды қырып салып отырады.

Биылғы тамыз айының со­ң­­­­­­­­ында елдің арнайы қызметі «Бо­ко Харамның» бірнеше басшы­сын қолға түсіргені туралы ақпар тарады. Ұлттық қауіпсіздік департаментінің есебі бойынша, шілдеден тамызға дейінгі аралықта Нигерияның бірнеше штаты содырлардың бақылауына көшкен көрінеді.

Гватемала прокуратурасы ел президентін қамауға рұқсат берді

Гватемаланың бас прокурату­расы елдің іс басындағы прези­денті Отто Перес Молинаны қа­мауға алу туралы қаулы шығарды. Мұны артынша елдің соты қолдап, осындай ұйғарым жасады.

Елдің басшысына кеден органдарында жүзеге асып жатқан кең ауқымды жемқорлық әре­кеттер жүйесіне басшылық жасап келеді деген күдік таңылып отыр. Мәселен, прокуратура Пе­рес Молинаға жемқорлық, алаяқ­тық және қылмыс әлемімен келі­сімге келу баптары бойынша айып тағуға ниет білдірді. Бірақ мем­лекеттің бұрынғы басшысына әлі ресми түрде айып тағылған жоқ.

Биылғы 21 тамыз күні аталмыш жемқорлық схемасына қа­тысы бар деген күдікпен Гвате­маланың бұрынғы вице-пре­зиденті Роксана Бальдетти ұсталған болатын. Ал президент Молина өзінің бұл схемаға ешқандай қатысы жоқ екенін талай мәрте айтып, ант-су ішкен. Ол өзіне таңылған айыптардың бәрін жоққа шы­ғарып келді.

Осы кең ауқымды жемқорлық жан­жалының салдарынан үкі­меттің бірнеше мүшесі өздерінің от­ставкаға кеткендерін жария­лады. Бұдан бірер күн бұрын Гватемала конгресі пре­зидент Молинаны сотпен қу­далаудан сақтайтын иммунитеттен айыруды дауысқа салды. Аталмыш шешімді елдің бір палаталы парламентінің 158 мүшесінің 132-сі қолдады. Осының негізінде Гватемалада 6 қыркүйекте жалпы көпшілік сайлауын өткізу жоспарланып отыр.

Малиде кеме суға батып кетті

Малидегі Нигер өзені арнасында кеменің аударылып кетуі салдарынан 18 адам қаза тапты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Құтқарушылар тағы 4 адам­ның хабар-ошарсыз кеткендер санатында екенін айтады. Олар денелері табылғанша, осылай із-түзсіз кеткендер есебінде болады.

Reuters агенттігінің мәлі­метіне сай, кеме Малидің ор­талық бөлігіндегі Мопти қаласы тұсында аударылған. Одан 70 адам құтылып шы­ғыпты. Апаттың алдын ала себебі су көлігіне адамдардың шамадан тыс көп алынғанында делініп отыр.

Суретшілер теңізде қаза тапқан 3 жасар баланы бейнелеп жатыр

Әлемнің алуан түрлі елдері суретшілерінің қазіргі күндергі суреттері Түркия жағалауында қаза тапқан 3 жасар Айлан Курдиге арналуда. Сирия дағдарысының символы сияқты бұл баланың қазасы дүйім жұрттың жүрегін ауыртып отыр.

Қыркүйектің 2-сі күні жұрт теңіз жағасында беттерін жерге қарай беріп, құлап жатқан 3 жасар Айлан Курди мен оның 5 жастағы бауырының мәйіттерін тауып алды. Олардың екеуі де түріктің Бодрум қаласынан шығып, Кос аралына қарай жүзіп бара жатып, аударылып кеткен қайықтың ішінде болған. Екі кішкентай мұңлық жұртпен бірге шығып, Канадада тұратын тәтелеріне жетіп алмақшы болған екен.

«Әр тәулік сайын әлемде бас­паналарынан айырылып жататын 42 мың адам бастары ауған жаққа қарай қашуда. Ұғынықтырақ болуы үшін былай дейік: қазір Жер бетіндегі әрбір 122-ші адам босқын немесе көшке ілесуші болып тұр», – деп жазады сарапшы Владимир Абринов осы орайда.

Бірақ өздерінің ата қоныс­тарынан үдере көтерілгендердің бәрі бірдей Еуропаға жетіп жатқан жоқ. Олар не өз елдерінен шыға алмай қалады, не көрші елден арыға асуға шамалары жетпейді.

«Өткен жылы босқындарды барынша көп қабылдаған ел Түркия болды. Онда барып, 1,59 миллион адам тұрақтады. Оның соңынан Пәкістан (1,51 миллион), Ливан (1,15), Иран (982 мың) келеді. Босқындардың 86 пайызын дамушы елдер қабылдауда. Барлық босқындардың бестен бір бөлігі – 3,6 миллион адам әлемдегі ең кедей елдерден пана табуда», – деп жазады автор тағы да.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жартылай қирап қалған Еуропада 50 миллиондай босқын мен кезбелер болған екен. Бү­гінде жоғары дамыған Еуропа елдеріне сондай босқындардың қатарларынан өз бастарын бәйгеге тіккен 340 мың байғұс қана жете алған. Қазіргі таңда Еуропа одағы елдерінде жарты миллиард адам тұрып жатыр. Нақты саны 509 миллион 216 мың адамды құрайтын осы жұрттың ара­сын­дағы босқындардың үлес-салмағы небәрі 0,067 пайыз ғана болады.

Ереванда электр тарифіне орай тағы толқу басталды

Арменияның астанасы – Ереван қаласында қыркүйектің басынан бері тағы да шерулер өтіп жатыр. Ол бұдан бір ай бұрынғыдай тағы да электр қуаты тарифінің өсіп кетуіне наразылық ретінде бұрқ ете қалды. Айта кетейік, шерушілер бұдан бұрын сол талаптарын орындаттыра алмай тарқасып еді.

Шеруге шығушылар сонда да айтқандарынан қайтпай, тамыздың 1-інде күшіне енген электр қуатының тарифін алып тастауды талап етті. Полиция манифестанттардың алдарынан қорған болып тұрып, олардың қозғалысты қиындату үшін көпірге шығып кетпеулерінің алдын алды. Алғашында 200 қаралы адам шамасынан бас­талған наразылық акциясына қатысушылар күн санап көбейіп келеді. Осыған орай олардың қоятын талаптары да арта түсуде. Соның бірі ретінде наразы топ Армения президенті Серж Саргсянмен кездесуді сұрайды. Бірақ әзірге бұл талап орындала қойған жоқ.

Полиция алғашқы күні-ақ манифестанттар қатарындағы барынша белсенділерін қамауға алды. Бұдан кейін шерушілер оларды босатуды талап етуге көш­ті. Қазір демонстранттар талаптарының басы осы әріп­тестерін шығарып алудан басталады. Алайда, билік өзінің ешқандай ымыраға бара қой­майтынын бірден танытты.

Енді бұл текетірестің қаншаға созылары да белгісіз.

Мыңдаған мигрант Лесбос аралын дүрліктіріп жіберді

Грекия полициясы кеше Лесбос аралындағы Митилини портында Blue Star1 паромына басып кірмекші тұра ұмтылған мигранттарға жарық шашып, шу шығаратын гранаталар лақтырып, олардың жолына бөгет қоя алды. Бұл жерде негізінен Ауғанстаннан келген босқындар бас қосқан екен. Олар бірнеше күннен бері айлақтағы су көлігіне мініп, Еуропа жағалауына жетіп алудан үмітті болып отырған көрінеді.

Жұма күннің таңғы сағаты 8-і кезінде шамамен мың қаралы ауғандық «Афина! Афина!» деп ұрандата айқайлап, Эллада астанасына алып баратын паромға қарай лап қойған. Шепте тұрған полиция мен жағалау күзеті жауынгерлері өздерінің бұл тобырға қарсы тұра алмастарын білгеннен кейін, жандарына жақындатпай, алыстан әлгіндей гранатамен атқылаған. Қалың көпшіліктің бұған да тоқтай қоймасына көздері жеткесін, паромның аппарелін жоғары көтеріп, олардың жолдарын кес­кен.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауларынша, бейсенбі күні Кос аралындағы полиция бөлімшесі жанында мигранттар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс орын алған. Екі жақ бір-бірлеріне тас ата бастаған. Ал босқындар полиция учаскесін басып алуға әрекет жасаған кезде тәртіп сақ­шы­ларына көзден жас ағызатын газды пайдалануға тура келген. Қаланың теңіз жағалауында екі сағат бойына жаппай тәр­тіпсіздік жайлаған.

Жұма күні Кос аралына Еуропа ко­мис­сиясының вице-президенті Франс Тиммерманс пен көші-қон жөніндегі еурокомиссар Димитрис Аврамопулос келіп, жағдаймен етене таныспақшы болды.

Грекия билігінің мәліметі бойынша, жылдың басынан бері елге 230 мыңнан аса мигрант келіп үлгерген.

Босқындар тасқыны соңғы екі айда күрт көтерілген. Олар мұнда негізінен бес арал арқылы келеді. Соның ішінде Лесбостың үлес-салмағы бәрінен көп, ол барлық келушілердің жартысына жуығы үшін осы қызметті көрсеткен. Бұдан әрі Кос мигранттардың 28 пайызын жеткізген болса, Хиосқа – 14, Самосқа 12 пайыздық үлес тиеді. Ал Лерос арқылы келетіндер бәрінен аз. Мигранттардың қаптап кетуі негізінен туризм арқылы күн көріп отырған бұл аралдар тұрғындарының табыстарын да күрт азайтып, нәпақаларынан қағып жатыр.

Грек билігі қазір босқындары саны айрықша артып кеткен аралдардан оларды арнайы пароммен елдің материктік бөлігіне жеткізуге кірісті. Атап айт­қан­да, 4 қыркүйек күні таңертең Эгей те­ңі­зіндегі төрт аралдағы жұртты жинап алу үшін Пирея портына тағы бір па­ром жөнелтті.

Германияны астыртын келушілер басып қалды

Кәрі құрлықты Еуропаның барлық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде ірі планда жарияланған бір сурет естен тандырып жібергендей болды. Онда түріктің Бодрум қаласы маңына теңіздің толқыны Сириядан қашып шыққандардың ішінде болған үш жасар баланың жансыз денесі жағалауда етпетінен түсіп жатыр еді. Осы бір жүрек ауыртарлық көрініс жергілікті жұрттың босқындарға деген көзқарастарын күрт өзгертіп жібергендей болды.

Осы жерде қазақтың «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар», деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі. Шынында да өз елдері жайлы болса, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің көп жұрты осылай бәрін тастап, жат жерге қарай жосылар ма еді! Ал амалсыз көштің керуенін түзгендердің арасында емшектегі баладан еңкейге кәріге дейінгі өкілдердің бәрі бар. Бұған қоса, әртүрлі басылымдар осы үдере көшіп жүрген көпшіліктің ішінде айы-күні жетіп отырған екіқабат әйелдердің де жеткілікті екенін айтады.

Әлбетте, мұның бәріне себеп болып отырған олардың өз елдерінде – Ауғанстанда, Иранда, Иракта, Сирияда, Йеменде, Ли­вияда тыныштық болмай отыр­ғанында, жерлерінің асты мен үстінде оқ борап тұрғанында, ұрыс қимылдарының тоқтайтын түрі жоқтығында. Сол қанды қасаптан қорыққан халық сосын ата-бабаларының мекендерін тас­тап, алды-арттарына қарамай безіп кетуге мәжбүр болып отыр. Алайда, түптеп қарағанда, мұның бәрі де себеп емес, негізінен салдар. Ал себеп АҚШ-тың соңғы жылдары жүргізіп келе жатқан сыртқы саясаты болып тұр. Бұған себеп, сол зұлым саясаттың пәрменімен тарихтан орын тепкен – «Араб көктемі», Сирияның заңды үкі­метін күшпен ығыстырып, алып тастауға деген бетбұрыс. Мұның арғы жағында қазір қалай, неге және кімдердің жасағаны толық ашылып айтылмай отырған «Ислам мемлекеті» тұр. Оның да арғы жағында тағы бір сондай ра­дикалды исламистердің «Боко Харам» атты террорлық тобыры көлбеңдейді.

Бір нәрсе анық, аталған аймақ­тардан жұрттың осы қашқаны – қашқан, осы босқаны – босқан. Олар ендігі жерде алдарында қандай бір қиындық пен ғазауат тұрса да, ашықтан ашық жауған оқ пен лапылдап жанған оттың ортасында қалғаннан гөрі, осы зауалдарды бастан өткеріп алуды хош көреді. Қозғалып кеткен бұл сеңді енді тоқтату қиын. Бұған осы кезге дейін Солтүстік Африка аумағынан Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетпекші болған қаншама адамның сол ен судың үстінде опат болып жатқанына қарамастан, осы жолмен жүріп өтуден бас тартпай отырған тасқынның әлі басылмай тұрғаны бірден-бір дәлел.

Тек биылғы жылдың ішінде ғана Венгрияның шекарасы бойымен 150 мың астыртын келушілер, яғни, «нелегалдар» өткен екен. Бірақ олардың бәрінің діттеп шыққан жерлері Германия болып шықты. Шамасы, тұрмыс дәрежесі өзгелерге қарағанда, айтарлықтай жоғары болғанынан шығар, босқындардың арасында Алман аумағына барып тұрақтағысы келетіндер көп. Басында Ұлы­британияға барғысы келетін шоғыр да тап сондай жеткілікті еді. Алайда, онда жетудің өте қиын екендігіне байланысты, жолда осыған қойылған тосқауылдардың көптігіне орай келушілер көшінің Альбион аумағына қадам басуға деген ықыластары соңғы кездері басылып қалғандай сыңай танытады. Мұның есесіне, неміс федералды жерлеріне көз тігіп келетіндер көбейіп келеді. Бұған екінші жағынан канцлер Ангела Меркель бастаған биліктің келімсектерді қабылдауға барынша оң көзбен қарап отырғаны да себеп сияқты. Дегенмен, осы кезге дейін келіп үлгерген «нелегалдардың» саны ойлағаннан да асып түсуіне қарай Германия үкіметі де бұл тарапта ойлануға мәжбүр бола бастады. Соның ең басты шарасы мұндағы билік енді астыртын келгендерді қабылдамауға ұйғарым жасап отыр. Бұл үшін олар келушілерді осыған рұқсаты болса ғана осында қалдырады да, ондай құзырға ие бола алмағандарды «сыпайы түрде» елдің шетінен асырып, шығарып салады. Күні кеше канц­лер осыны айтты.

Бірақ мұның бәрі босқындар проблемасын шешуге жатпайды. Ол қайта бұрынғыдан да қоюлана түсуде.

Өзбекстанда екі күнде екі ірі жарылыс болды

Осыдан бірнеше күн бұрын Науаи облысындағы аммиак пен карбамида өндіретін «Науаиазот» ірі химиялық зау­ытында күшті жарылыс болып еді. Енді, міне, кеше Ташкенттегі мешіт жанында тағы бір сондай күшті жарылыс орын алды. Ал бұдан бір апта бұрын Ташкент сыртындағы жанар-жағармай стансасы жанындағы газ құбыры бойында сондай оқиғаға жол берілген болатын.

Науаи облысынан алынған мәліметтерге қарағанда, мұның нәтижесінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. «От 302А ғимаратына орналасқан бірінші цехтағы үшінші тұрбаның 4-ші газ компрессорының жалпы тұрбасымен қосылатын жерінде, яғни 302Б ғимаратына баратын дәлізде тұтанған. Осының салдарынан жарылысқа ұқсас нәрсе болған», – деді зауыттағы дереккөз.

Ал құқық қорғау органдары цехтағы екі жұмысшының зардап шеккендерін айтып отыр. «Собиров Баходыр Даниярович әйнек жарықшақтары тиіп, басынан жарақат алған. Екінші жұмысшы – Фармонов Ильхом Хасанович шыны сынықтары тиюіне байланысты иығынан жараланған», – деп мәлімдеді құқық қорғау органдарының өкілі. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Науаиазот» акционерлік қоғамының аталмыш екі жұмысшысы да ауруханада жатыр.

Жарылыстың салдарынан зауыттағы техникалық жаб­дық­тардың көпшілігі іске алғысыз болып қалған. Сол сияқты өрт кезінде 30 метрлік кабель сымдары жанып кеткені айтылады. Қазіргі таңда мұнда құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Жұма күні Ташкенттегі Тох­табой мешітінің жанында намаздан соңғы жарылыс та жұртты біраз дүрліктіріп отыр.

Полицияның хабарлауынша, мешіт жанындағы автобус аялдамасына тастап кеткен қолдан жасалған жарылғыш зат жарылған. Полиция жарылыстан ешкім зардап шекпегенін, қазір куәгерлер бомба қалдырып қашып кетті деген адамды іздеп жатқанын айтты.

Автор:
Серік ПІРНАЗАР. «Егемен Қазақстан».