Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дәрігерге әуелі білім қажет!


11 сентября 2015, 09:52 | 2 473 просмотра



Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте хирургия -травматология және ортопедия саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Заманбек Есенұлы Смаилдың өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік.

Заманбек Есенұлы Смаил 1954 жылы 14 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген. Туған жерінде білім нәрімен сусындаған кейіпкеріміз, арман қуып, асу асып 1972 жылы Семей қаласына келеді. Семей медициналық институтына хирургия бөліміне бағын сынап, оқуға түседі. Қазақта бір жақсы сөз бар «Жақсы көрші-төрің, жаман көрші - көрің» деген. Міне, Заманбек Есенұлының да көршісі төрі болған. Арманына арқау, мамандығына себепші көршісі-хирург кісі екен. Үйінен азанда шығып, күн батқан да келетін көршісіне қызыққан. Кей сәттерде демалыс күндерін көрмейтінін де байқаған. Тыңбайтын еңбегіне тәнті, мамандығына беріктігін өз бойына дарыта білген Заманбек Есенұлы бүгінде Талдықорған қаласы Әскери госпатальда хирург-травматолог-ортапед болып қызмет атқарады.

Заманбек Есенұлының емін қабылдаған жандардың барлығы оны өте тәжірибелі, өз ісіне берілген еңбекқор маман деп айтып, ризашылықтарын білдіруде. Тіпті көпшілік Заманбек Есенұлын «қолы алтын дәрігер», «алғыс арқалаған азамат» деп құрметтейді. Өйткені талай сырқаттың сауығуына себепші болған Заманбек Есенұлы 37 жыл, саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.

- Заманбек Есенұлы, 37 жылдан астам ақжелеңді киіп, халыққа соның ішінде әскери салада қызмет етіп келесіз, өзіңізді басқа саладан елестете аласыз ба?

- Жоқ, елестетпек түгіл, ойлап та көрмеппін. Мамандығым – мақтанышым. Оқуға түскенде қалай ант қабылдасам, сол антыма мен адалмын.

- Үлкенді емдеу-оңайлау, балалардікі-қиындау болады деген пікірді жиі естіп жатамыз. Өйткені, ересек адам қай жері, қашан ауырғанын айтып дәрігерге жол сілтесе, кішкентай буын жылағаннан басқа ештеңе білдіре алмайды. Дәл осы кезде дәрігер кімге, неге сүйенеді?

- Кез-келген науқасты емдеу дәрігерлерге оңайлыққа түспейді. Рас, ересектер қай жерлері ауырғанын түсіндіре алса, балалар ата-аналарға немесе үлкендеріне жүгініп келіп, айтып жатады. Осы ретте дәрігердің білімділігі мен тәжірибелігі үлкен рөл атқарады деп есептеймін. Дәрігерлердің жүрегі мейірімге толы болса, адамды көру, есту арқылы тану қабілеттері жоғары болса еш қиындыққа дұшар болдырмайды деген ойдамын.

- Біз екі ғасырдың куәгері болып отырмыз. Осыдан он жыл бұрынғы жағдай мен бүгінгі күннің деңгейін кәсіби маман ретінде салыстырып, айырмашылығын айтып бере аласыз ба?

- Маман ретінде айтарым, айырмашылықтар өте көп. Салыстыруға мүлдем келмейді. Он жыл бұрын заманымыз қалай еді, қазір қалай? Арасы жер мен көктей. Біздер он жыл бұрын айтып отыратынбыз кеңестік кезіміз қалай еді деп. Ал, қазір артта қалған күнді емес, алға қарай дамыған заманның көшінен қалмауды ойлаймыз. Дұрыс айтасыз, біз екі ғасырдың күәгеріміз. Кеңестік кезбен, қазіргі кез. Ол кезеңнен бүгін медицина саласы қатты дамыған. Салыстыруға мүлдем келмейді.

– Қарапайым халық әуелі Аллаға, сосын ақ халаттыларға сенеді. Бірақ қазір сіздерге деген сенім қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?

– Медицинасы дамыған қандай мемлекет болсын, кемшіліктер кездеседі. Өйткені, бұл халыққа қызмет көрсететін сала. Сіз қазір қайда барсаңыз да, кілтипан табасыз. Шаштаразға, мейрамханаға барсаңыз, әйтеуір ұнамайтын жағын көзіңіз шалады. Ал біз адамның денсаулығына жауаптымыз. Халық көп жағдайды дұрыс түсінбейді. Ауруы асқынса да, қайтыс болса да, дәрігерден көреді. Дәрігер – құдай емес. Оның да мүмкіндігі шектеулі. Егер ауруы асқынып, өлуге келсе, дәрігер қалай көмектеседі. Сондықтан халықтың 100 пайыз көңілі толуы мүмкін емес. Риза болмайды да. Себебі, медицина сондай сала. Қолымыздан бәрі келе бермейді. Әрине, қателіктер де жеткілікті. Бұл білімсіздікке байланысты. Қазір дәрігерлер науқас пен оның туыстарымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды. Дер кезінде түсіндірмейді. Бір-екі минутын қиып, науқастың жағдайын тәпіштеп айтып берсе, олар да ойланып, ақылдасады ғой. Қанша жерден уақыт жоқ десе де, мәлімет беріп тұру керек.

– Дегенмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген бар. Денсаулық сақтау саласына көңілі толмайтындар көп.

– Ақпарат көздеріне жүгінсек, алып-қашпа әңгімелер көп. Бәріне дұрыс деп қолды бір сілтеуге болмайды. Барлық нәрсе адамның өзінің сана-сезіміне байланысты. Әрбір адам дұрыс ойлап, әр нәрсеге түсінікпен қарап, медицина саласын даттаудан бұрын, өзінен кеткен қателіктерін бір мезет ойлануы керек. Өзінен бір мін таппаған жағдайда барып, ақ халаттылардан жөн сұрағаны дұрыс деп ойлаймын.

– Гиппократ антына адал дәрігерлер аз ба, көп пе?

– Кез-келген сала маманы таңдаған жолына адал да берік болуы керек. Қай саланы таңдасаң да сол салаға жан-тәніңмен берілуің қажет. Әр адамның ішкі ары, тазалығы, жан қалауы болса, берген антына адал, берік деп соны айтамыз. Сондықтан да оны аз ба, көппе деп мөлшерлеуге келмейді. Сол жолды таңдадыма, соған ары мен жан тазалығы арқау болуы керек.

– Жаңа білімсіздік, біліксіздік туралы айтып қалдыңыз. Бүгінде медициналық оқу орындарында білімнің сапасыздығынан біліксіз дәрігерлер дайындалып жатыр дегенді жиі естиміз...

– Білім сапасының нашар екені рас. Кеңестік кездегідей талап күшті емес. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ, көбінің білімі жоқтың қасы. Дәрігерге әуелі білім қажет. Біздің жұмысымыз отын шабу, үй сылап, әктеу емес қой. Біз адам емдейміз. Сондықтан мүлт кетуге, қателесуге болмайды. Қазір байқасаңыз, білім сапасының төмендігі медициналық қана емес, жоғары оқу орындарындағы өзекті мәселеге айналған. Бәлкім, дәріс беретін оқытушының білімі төмен бе, оқу бағдарламасының жеткіліксіздігінен бе, әлде оқу орнына қабылданатын мектеп түлектерінің жалпы білімі төмен бе? Әйтеуір, жақсы жағдай емес.

– Демек, мамандықты таңдағанда да «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек дейсіз ғой...

– Әрине, тап солай. Әсіресе, біздің мамандық адамның өміріне байланысты болғандықтан, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кезінде біз оқуға түскенде медициналық оқу орындарының беделі жоғары еді. Ата-анамыз «Балам медициналық институтта оқып жатыр...» деп басын жоғары ұстап айтатын. Қандай дәреже еді!

- Жас мамандарға үнемі қол ұшын беруге дайынсыз. Ал сол жас буын дәрігерлерге көңіліңіз тола ма?

- Көңілім толмайды. Жоғарыда айтып өткенмін. Адам баласы өмір бойы ізденеді, оқиды. Ғылымы мен ілімін жетілдіреді. Кезінде шет елдермен тәжірибе алмасу өте жоғары болатын. Бүгінде бәсең. Білімге деген талап өте жоғары болатын. Қазір орташа деңгейде. Біз өмір сүріп отырған уақыт компьютер заманы. Бала өз бетімен ізденбейді. Біреудің жазған дүниесіне жүгінеді. Бұл дегенің үлкен қателік. Ал, біз оқығанда өзіміз жүгіріп жүріп ізденетінбіз, оқулыққа кезекке тұрып оқитынбыз. Соның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Күн өткен сайын өзгеріп отырған заман ағымына қарай бізде ізденуімізді тоқтатпауымыз керек. Соның көшінен қалмай, бізде өз үлесімізді қосуымыз қажет деп есептеймін.

- Заманбек Есенұлы, өз тәжірибеңізде шет елмен байланысу бар ма?

- Бар. Семей медициналық институтта оқып жүргенімде бізді тәжірибе алмасуға, білімді жетілдіруге жиі жіберетін. Сол кезде алған білімімді мен жұмысымда пайдаланамын. Шет елмен байланысымды үзбеу үшін, Ресейде кандидаттық дисертациямды қорғадым.

- Уақыт талабына сай жаңа медициналық жабдықтардың жаңаруына байланысты сөз қозғасаңыз?

- Уақыттың сырғып өтуі кейде білінбей кетеді. Жұмыс істеп, уақыттың зымырауына да қарай алмаймыз. Біздің жұмыс әскери госпаталь болғандықтан жыл сайын өкімет тарапынан жақсы қолдаулар келеді. Үнемі материалдық базамыз заманның ағымына қарай жаңартылып отырады. Жоқ, жетпей қалу деген заттарымыз жоқ. Өкімет тарапына айтар алғысымыз шексіз. Біздің ұжым тек жарақаттанған әскер қызметкерлерін ғана қарап қоймаймыз, олардың отбасыларына, бала-шағаларына да көмек қолын созамыз. Бұл жерде әскери тәртіп, уақытылы тамақ, ем-домдарыда жоғары сапада көрсетіледі. Емделушілеріміз дән риза.

- Заманбек Есенұлы, азаматтық медицина мен әскери медицинаның қыр-сырына тоқталсаңыз?

- Айырмашылық тек бізде жауынгерлеріміз толық тексерілуден өткен болса, азаматтық медицинада жаңа туған сәбиден, еңкейген кәріге дейін қарайды. Әскери медицинада қатардағы жауынгерлер мен, әскери қызметтегі адамдарды ғана қараймыз. Бұл қызметтегі азаматтар мен азаматшалар медициналық комисиядан өткен. Міне, айырмашылығы осы ғана. Ал, әскердегі дәрігерлер мен азаматтық дәрігерлердің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Екеуінің де негізгі қызметі науқасты қарау.

-Әскери госпитальде әскери тәртіп болады емес пе?

- Тәртіп қатал. Бірақ, қай салада істесеңде өзінің қояр жеке тәртібі болады. Бұл да сол секілді өз ортасының ережесі. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Тәртіп болған жерде, сапа болады. Біздің мамандыққа қатаң тәртіп керек.

Оның тәртібіне бой алдырмасаң, қателескенің. Медициналық жолда қателесуге, жалаң ойлауға, бейтараптыққа жол тартпау керек. Емделушінің өмірін, өз өмірім деп есептеу керек.

– Бүгінде дәрігер мамандардың жетіспейтіндігі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Шындық, жетіспейтіндігі рас. Менің ойымша, жастардың көбісі бұл мамандықты таңдауда қорқады. Сұрауы мен жауабы көп болғандықтан, жауапкершіліктен қашатын шығар. Негізінен қай саланы алсақта, ұқыпты, жауапты болуымыз керек. Ақ халаттылар адам денсаулығына тікелей жауапты болса, басқа салада өзінің қажеттіліктеріне жауапты болып келеді. Сол себепті де қорқатын еш нәрсесі жоқ. Таңдаған жолыңа адал, берік, өзіңе сенімді болсаң болғаны.

- Дәрігер біліктілігін арттыру үшін не істеу керек?

- Үнемі ізденіс керек. Курстарға жиі барып, тәжірибе алмасу қажет. Теория мен практика жағына жиі көңіл бөлу керек. Оқулықтар мен жаңарып отырған бағдарламаларға да зер салу қажет. Бір сөзбен айтсам, оқу мен ізденуді тоқтатпауымыз керек.

- Заманбек Есенұлы, дәрігерлік жолыңызда өкінішіңіз бар ма?

- Өкіну туралы ойламаппын. Әттең дейтін де кезім болған емес. Менің үйдегі аяулы жарым да, қыздарым мен қарындастарым да медициналық қызметте. Олар да таңдаған жолдарына өкінішсіз, алдарына мақсат қойып, алға жылжуда. Дәрігерлік жолда отбасылық тобымыз бар десек те болады.

Әрбір іс, әрбір мамандық маңызды. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған адам нағыз батыр десек артық айтпаймыз. Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал, жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт жоқ шығар. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Дәрігерлер жүрегінде Гиппократ антын сақтап еңбек етеді, өмір сүреді. Сол берген антына берік, мамандығына адал Заманбек Есенұлы отбасының отағасы, әкесі, атасы. Алғыстан ешқашан кенде қалмаған кейіпкеріміз «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Жоғары категориялы травматолог-ортапед», бірнеше әскери төс белгілер мен медальдары да бар. "Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат", - дейді ол. Иә, қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні шындық. Ол кісі халық ризалығын алып отыр. Халық алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ