Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ешкім де мемлекет назарынан тыс қалмайды


4 сентября 2015, 10:20 | 1 100 просмотров



Биылғы жылы денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік-еңбек саласында көптеген өзгерістер болып жатыр. Қазіргі кезде әрбір қазақстандықтың өміріне қатысты бұл екі салада заңнамалық тұрғыдан ғана емес, іс жүзінде де жаңғырту істері жүргізілуде. Қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіліп, жаңа заңдар әзірленіп жатыр, әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету тәсілдері өзгертілуде. Түбегейлі өзгерістердің енгізілу қажеттілігі немен түсіндіріледі және бұл өзгерістер қатардағы қазақстандықтарға не береді, міне осы мәселелер жайында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара ДҮЙСЕНОВАДАН сұрағанды жөн көрдік.

– Тамара Қасымқызы, қазіргі таңда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде Ұлттық дәрілік формуляр әзірленуде. Бұл не үшін керек және қазақстандықтардың дәрімен қамтамасыз етілуіне қандай ықпал етеді, осы жайында нақтырақ айтып берсеңіз?

– Сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету еліміздің ұлттық биологиялық қауіпсіздігінің кепілі болып саналады. Сол себепті әрбір мемлекетте тұрғындарына ұсынатын дәрілік құралдардың сапасы, қауіпсіздігі және қолжетімділігі мәселелерін шешуді көздейтін өзінің ұлттық, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясаты болуға тиіс. Дәл осы мәселелерді шешу мақсатында Дүниежүзілік банк сарапшыларының қатысуымен Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр (Ұлттық формуляр) әзірлену үстінде. Ұлттық формулярдың негізіне әлемде «алтын стандарт» болып саналатын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) модельдік формуляры болып табылатын британдық ұлттық дәрілік формуляр алынды. Формуляр әзірлеуді биылғы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

– Бұл формулярдың қол¬да¬ныс¬тағы модельден айыр¬машы¬лығы неде?

– Қолданыстағы республикалық дәрілік формулярда кепілдік берілген тегін медициналық көмек көрсету үшін мемлекет сатып алатын дәрілік құралдардың тізбесі бар.

Ал жаңа Ұлттық формуляр Қазақстанда тіркелген дәрілік құралдардың барлық тізбесін, олардың дәлелденген клиникалық тиімділігі туралы ақпаратты, олардың ықтимал теріс әсері және әрбір препараттың шекті бағасы туралы ақпаратты қамтитын болады. Осылайша, Ұлттық формуляр кең ауқымды, дәрігерлер үшін де, еліміздің азаматтары үшін де қажетті анықтамалық болады деп отырмыз. Бұған қоса, әрбір медициналық ұйымға өз дәрілік формулярын қалыптастыруға, препараттың бейіні мен бағасына қарай өз бюджетін дұрыс жоспарлауға мүмкіндік беріледі.

– Жаңалық жалғыз Ұлттық формуляр ғана емес. Министрлік 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын да дайындауда. Дәрілік қамтамасыз ету саласын жетілдіруден басқа бұл бағдарламаға тағы да қандай бағыттар енгізіледі?

– Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруін межелеп берді, бұл денсаулық сақтау сапасы жоғары болуға тиіс дегенді де білдіреді.

Бұл мақсатқа жету үшін барлық күш-жігерді қысқа мерзімде жеке және халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне негізделген денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді моделін құру төңірегінде топтастыру талап етіледі. Бұл модель әлемдегі және отандық экономиканың кез келген ауыспалы кезеңдерінде қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін болады.

Аталған міндеттерді іске асыру үшін жаңа бағдарламада өзара жүйелік байланысты 3 мәселені шешу көзделеді.

Біріншісі – денсаулықты басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыру және дамыту. Бұл тапсырмалардың мәнін ашу үшін ДСҰ-ның мына бір деректеріне назар аударғым келеді: дүние жүзіндегі тұрғындардың 78%-ы дені сау адамдар, 15%-ы белсенді өмір сүру кезеңінде алдын алуға және қадағалауға болатын сырқат адамдар, 7%-ы – емдеу қомақты қаржы талап ететін науқас адамдар. Алдымыздағы мақсат – ауру қаупі бар адамдарды ғана емес, сау адамдардың да денсаулығының алдын алу шараларымен қамту.

Осы мақсаттарда медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту ең басты бағыт болып саналады. Бүгінгі таңда МСАК-қа кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде бөлінген қаражаттың 24%-ға жуығы жұмсалады. Бірақ, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, МСАК қызметімен халықты қамту қажеттігі және тиімді қызмет көрсетуге МСАК қаржыландыру көлемі жалпы денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығыстардың кемінде 40%-ы жұмсалған жағдайда ғана қол жеткізіледі. Біз де осы мақсаттарды көздеп отырмыз.

Сонымен қатар, санитарлық көмек көрсету тәртібі да қайта қаралады. Бұл ауруларды анықтап қана қоймай, қатерлерді де айқындау, тұрғындарды хабардар етіп отыру, бастапқы себептерді және ықтимал салдарын уақтылы жою дегенді де білдіреді.

Екіншісі – ауруларды басқару жүйесін жетілдіру немесе денсаулық сақтау қызметтерін интеграциялау жолымен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру.

Сөздің реті келгенде, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында көзделген барлық іс-шараларға Дүниежүзілік банктің нәтижелі деп баға бергенін атап өткім келеді. Бірақ бұл ретте, банк сарапшылары түрлі деңгейде медициналық қызмет көрсету кезінде қажетті сабақтастықтың жоқтығына байланысты медициналық ұйымдардың жұмысының тиімсіз екендігін де айтып отыр.

Мысалға, егер әйелдер жүктіліктің соңғы кезінде келеңсіз жағдайлар туындаған кезде, соңғы инстанцияны (стационарды) айыптай бастайды. Алайда, бұл мәселе емханада отбасын дұрыс жоспарлау жөніндегі консультациядан бастау алып, болашақ ата-ананың репродуктивтік денсаулығын бағалау және даярлық, жүкті болған соң ертерек есепке тұру, жүктілік кезеңінде медиктердің барлық кеңестерін орындай отырып сапалы және уақтылы патронаж көрсетумен жалғасын табуға тиісті. Яғни, осы бағыттағы қызметтердің барлығы бірге жұмылып жауапкершілікті көтеруге тиіс.

Қазіргі кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында үш ауруды (артериалды гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек ақауы) басқару жүйесін енгізу жөніндегі қанатқақты жоба іске асырылуда. 2016 жылдан бас¬тап бұл жоба тағы да 5 өңірде (Астана қ., Алматы қ., Қостанай, БҚО, Қарағанды облыстарында) өз жалғасын табады.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шет мемлекеттердің тәжірибесі бойынша өлім-жітім деңгейін төмендету және қазақстандықтардың өмір сүру жасының орташа ұзақтығын ұлғайту үшін медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейін қамтитын және байланыстыратын денсаулық сақтау ұйымының бағдарламалық моделін енгізуді жоспарлап отырмыз.

Әрбір бағыт бойынша: профилактика, оңалту, диспансерлік қадағалау қызметтерінің, медициналық және әлеуметтік қызметтерді қосқанда емдеу іс-шараларының барлық түрлері көрсетілетін болады. Бұл орайда, медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлері өзара байланыстырылады.

Күрделі технологиялық құрылғыларды және мамандардың біліктілігінің жоғарылығын талап ететін денсаулық сақтау қызметтері ауданаралық, өңірлік, облысаралық және республикалық деңгейлерде орталықтандырылатын болады. Сонымен қатар, күрделі технологиялық құрылғылар қажет емес денсаулық сақтау қызметтері керісінше, таратылып, пациенттің тұрғылықты жеріне жақынырақ денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.

Күтім және әлеуметтік қамқорлық бойынша қызметтер пациенттердің қажеттіліктеріне сәйкес біріктірілетін болады.

Үшінші міндет – денсаулық сақтау ресурс¬тарын оңтайлы пайдалану.

Бірінші кезекте, бұл қаржылай қаражатқа қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі, бұл ретте әлеумет денсаулығы үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші (қызметкерлер үшін) және қызметкер (өзі үшін) арасында бөлінетін болады. Бұл жүйе денсаулық сақтауға жұмсалатын қаржыны ұлғайтуға бағытталады.

Мәселен, денсаулық сақтауға шығыстардың үлесі ІЖӨ %-ге шаққанда Түркияда – 6,7, Оңтүстік Кореяда – 7,2, Норвегияда – 9,1, АҚШ-та – 17,9, ал ЭЫДҰ елдерінде орта есеппен – 8, ал Қазақстанда бар-жоғы 3,8%.

Заманауи медицина жаңа технология дамыған сайын ресурс қажет бола бастады. Және де бұл қадам ең алдымен, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталатын болады. Екінші жағынан, бұл – денсаулық сақтаудың барлық жүйесін басқару тиімділігін арттыруды талап ететін лимит. Осыған байланысты, бағдарлама жобасына дәрілік құралдарды, медициналық техниканы оңтайлы пайдалану, кадрлық қамсыздандыруды және медициналық ұйымдарды басқаруды жетілдіру жөніндегі нақты шаралар енгізілді. Мемлекеттік бағдарламаның жобасына енгізілген барлық ұсыныстардың қазіргі таңда кеңінен талқылаудан өтіп жатқанын атап өткім келеді. Министрліктің сайтында медициналық ұйымдардың, дәрігерлердің және жұртшылықтың қатысуымен белсенді түрде пікірсайыс жүріп жатыр.

– Бүгінгі таңда экономикадағы өзекті проблемалардың бірі – жұмыспен қамту. Бүкіл әлем бойынша кәсіпорындар жұмыс орындарының қысқарғаны немесе жабылғаны туралы жарыса хабарлап жатыр. Қазақстан да осы экономиканың бір бөлігі ретінде дағдарыстың теріс әсерінен тыс қала алмады, бұл проблема бізге де ықпал етіп жатыр. Мемлекет тарапынан жұмыссыздық мәселесін шешу үшін қандай шаралар қолданылуда?

– 2015 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бекітілген өңірлік кешенді жоспарларының шеңберінде 322 мың адамды қамту межеленіп отыр. Азаматтарды жұмысқа орналастыру «Жұмыспен қамтудың жол картасының» және «Нұрлы Жол» бағдарламасының, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мен басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобалар арқылы жүзеге асырылады.

Өңірлердің деректері бойынша, бүгінгі күнге 234 мың адам, оның ішінде, тұрақты жұмыс орындарына 121 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұдан өзге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде кәсіптік оқудан өтуге, жеке ісін ашуға, субсидияланатын жұмыс орындары мен жастар практикасына жұмысқа орналасуға ниет білдірген жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылған адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастырып келеміз. Сонымен қатар, азаматтардың жұмыс күші артық өңірлерден еңбек ресурстарына деген сұранысы бар өңірлерге қоныс аударуына жәрдемдесудеміз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде қоныс аударудың жақсы бір үлгісі ретінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласын айтып өтуге болады. Бұл жерге жұмыс күші артық өңірлерден 30 отбасы қоныс аударды, олар үшін көп пәтерлі екі тұрғын үй салынып, жұмыс берілді. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы бюджет және ауыл шаруашылығы салаларына жұмысқа орналас¬тыра отырып, сондай-ақ, балаларды мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда орындармен қамтамасыз ету мәселелерін шеше отырып 154 отбасын қабылдай алады.

Алайда, ағымдағы жағдайда еңбек нарығы қызметкерлердің жұмыстан ықтимал босатылу қатеріне душар болып отыр. Осыған байланысты бір жағынан, толық емес жұмыс күні мен толық емес жұмыс аптасы режімдерін қолдануды кеңейту, екінші жағынан, атаулы әлеуметтік қолдау шараларын қолдану арқылы қызметкерлердің жаппай қысқартылуын болдырмау үшін шаралар қабылданатын болады.

Қызметкерлерді жұмыстан босату картасы әзірленіп, жұмыстан шығарылатын қызметкерлерді салалары мен санаттарына қарай тиісті қолдау шаралары қолданылады. Өндірістік кәсіпорындардың білікті қызметкерлерінің жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында жұмыс уақытын қысқарту кезінде жоғалтылған табыстың 2/3 бөлігін мемлекеттің уақытша субсидиялау тетігін енгізу ұсынылады.

Бұдан басқа, өндірістен қол үзбестен немесе қол үзе отырып, бірақ жұмыс орындарын сақтау шартымен өз қызметкерлерін қайта даярлауды немесе біліктіліктерін арттыруды ұйымдастыруға дайын жұмыс берушілерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде грант беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр. Бұл ретте шығыстардың 80 пайызы аталған бағдарлама есебінен төленеді және 20 пайызын жұмыс берушілердің өздері жабады.

Сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейтін 18 бен 24 жас аралығындағы жастардың жұмыс орындарын сақтай отырып, оларға бағдарлама есебінен кәсіптік оқыту ұйымдастыру ұсынылады.

Жалпы, қызметкерлер жаппай жұмыстан босатылған жағдайларда, мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарына бірінші кезекте орналастыру шаралары қабылданады, өңірлердің деректері бойынша 2015-2016 жылдардағы кезеңде 88 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

– Қоғамда Еңбек кодексіне енгізілетін өзгерістер де кеңінен талқылануда. Олар қандай өзгерістер, осы өзгерістерді енгізудегі мақсат қандай?

– Еңбек кодексінің жобасы Президент белгілеп берген Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 қадам Ұлт жоспарын іске асыру аясында әзірленуде. Жаңа Еңбек кодексі – Қазақстанда тиімді экономика нарығын қалыптастыру және еңбек нарығын заңдастыру жолында жасалған тағы бір маңызды қадам. Кәсіпкерлік пен тиімді еңбек нарығын дамытып, шетелдік инвестицияларды тарту үшін еңбек қатынастарын үйлесімді реттеу тетігін кеңейту ұсынылады.

Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық моделі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары саласына мемлекеттің араласу шегін нақты айқындауды ұсынады. Мемлекет ең төменгі еңбек стандарттарын белгілеп, жұмыс берушілер тарапынан олардың орындалуын бақылауды қатаң қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастар айтарлықтай дәрежеде қызметкерлерді жалдау, кадрлық ауыстыру және жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеу салаларындағы ұжымдық келіссөздер мен олардың арасында жасалатын келісімдердің әлеуетін күшейту арқылы өзін-өзі реттеу қағидаттарының негізінде құрылады.

Қолданыстағы шектеулер шеңберінде жұмыс беруші қалыптасып үлгерген еңбек қатынастары шарттарында жұмыспен қамтудың икемді нысандарын пайдалана алмайды. Еңбек шартының талаптарын қайта қарауға қатысты оның тарапынан болатын кез келген бастама өндіріс ұйымдарында болатын өзгерістер және (немесе) жұмыс көлемін қысқарту жағдайларымен қатаң шектелген. Осыған байланысты экономикалық тұрақсыздық кезеңінде кәсіпорындардың тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін тетіктерді белгілеу ұсынылады (қызметкерлерді басқа жұмыс берушіге ауыстыру, өндірістік қажеттілікке байланысты басқа жұмысқа уақытша ауыстыру және басқа).

Бұл шаралар жұмыспен қамтуды ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еңбек қатынастарын заңдастыруға қосымша күш береді деген сенімдеміз. Сонымен бірге, ұжымдық шарттарды орындау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін қоса алғанда талаптар мен кепілдіктерді сақтау бойынша жұмыс берушінің жауапкершілігі арттырылды.

Аталған модель шеңберінде жұмыс берушімен еңбек қатынастарында қызметкер әлсіз тарап болмайды, өйткені Кодекс жобасында кепілдіктер, сондай-ақ, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құралдары жеткілікті түрде дәл белгіленген. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуде кәсіподақтардың рөлі және жұмыс берушілермен келіссөз үдерістерінде қызметкерлер үшін маңызды болып табылатын әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешудегі олардың мүмкіндіктері, оның ішінде жуық уақытта жаңадан қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» заңда көзделген мүмкіндіктер ескеріле отырып күшейтілді.

Сөз орайында, жаңа Еңбек кодексін әзірлеуге бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін білдіретін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, республикалық және салалық кәсіподақтардың сарапшылары, еңбек құқығы саласындағы ғалымдар, Халықаралық еңбек ұйымының, Дүниежүзілік банктің өкілдері тартылғанын атап өткім келеді.

– Сарапшылардың айтуынша, теңгенің еркін бағамын енгізу еліміздің экономикасына оң әсер етеді екен. Ал табысы аз азаматтар немесе бюджет саласы қызметкерлеріне қалай әсер етеді? Олардың табыстары онсыз да көп емес еді, ендігі жерде оларға кедейлік шегінде қалу қатері туындамай ма?

– Үкімет оған жол бере қоймайды. Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың одан арғы шаралары жөнінде болған кеңесте қазіргі таңда қалыптасқан жағдайды ескере отырып, 2017 жылға межеленген әлеуметтік бастамаларды іске асыруды, яғни азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделін енгізу, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысын, мүгедектерге жәрдемақыларды және стипендия¬ны көбейту міндетін 2016 жылға ауыстыруды тапсырды.

Осыған орай мемлекет өзінің бұрын қабылдаған әлеуметтік міндеттерін орындайды, ал олардың бірқатары, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуға байланыс¬ты берілетін жәрдемақыларды қосқанда, келесі жылдың басынан 25 %-ға жүзеге асырылатын болады. Мұнымен тағы да 670 мыңдай жәрдемақы алушы қамтылады.

Бұған қоса, 2016 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне байланыс¬ты, республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылардың барлық түрлері, оның ішінде, балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар индекстелетін болады.

Бұдан басқа, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу біздің алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда Үкімет бес бағытты қамтитын әрі экономиканы және олардың салаларын қолдауға бағдарланған Шұғыл шаралар жоспарын әзірледі.

Үкіметтің, Ұлттық банктің бүкіл іс-әрекеті нақты экономика секторларын қолдауға және жеке инвестицияларды тартуға, жұмыспен қамтуға және жұмыс орындарын құруға ынталандыру, қаржылық тұрақтылықты қолдап отыруға жұмылдырылатын болады. Қорыта келе, елімізде азаматтарды әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесінің, табысы аз азаматтарды қолдау шаралары кешенінің қалыптасқанын атап өткім келеді. Бірқатар жылдардан бері қолданылып келе жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» ел экономикасындағы қиындықтарға қарамастан, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осы бағдарлама бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің өсуіне тосқауыл болып қана қоймай, оның деңгейін төмендетуге қол жеткіздік. Бұл жұмыс келешекте де өз жалғасын табады, қиын жағдайға тап болған бірде-бір қазақстандық азамат мемлекеттің назарынан және қолдауынан тыс қалмайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».