Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Баға бақылауға алынуда.


4 сентября 2015, 10:16 | 1 390 просмотров



Үстіміздегі жылдың 20 тамызынан бастап Қазақстан үкіметі мен Ұлттық Банк теңге бағамын еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдады.Үкімет мәлімдемесіне қарағанда бұл мәжбүрлі шара ел экономикасын құлдыраудан сақтайтын бірден-бір қадам көрінеді. Алғашқы сәтте бір доллардың бағасы тез арада екі жүз елу теңгеге дейін көтерілгенімен, шамалы уақыт өтісімен біраз баяулап, екі жүз қырық теңгенің айналасына тұрақтағандай болды.Сонан бері ел арасында АҚШ доллары мен ұлттық валютамыз теңге бағамы жөнінде әңгіме толастар емес. Сонымен қатар Алматы облысы бойынша әлеуметтік тауарлардың бағасы да өсуі мүмкін деген хабарға қала мен облыс тұрғындары үлкен алаңдаушылық білдіруде. Осы және басқа да мәселелер жөнінде мәлімет алу мақсатымен Талдықорған қалалық әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мекеме басшыларына жолығып, келесі сұрақтарды алға тарттық.

1. Теңге еркін айналымға кетісімен бағаның өсу процессін тоқтату жөнінде қандай-іс шаралар жүргізілді?

2. Сіздің болжамыңыз бойынша теңге қай бағада тұрақтануы мүмкін?

3. Біздің ел доллардың ықпалынан шығып кете алады деп ойлайсыз ба?

Атқарылған іс өз жемісін беруде.

Алмас Қабдұлұлы Әділ Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары

1.Тамыздың 20-сынан бастап төл теңгеміз еркін айырбас бағамына көшкенін көпшілік жақсы біледі. Теңге құнын Ұлттық банк емес, нарық реттейтін болады. Осы ретте қала әкімі Ермек Алпысовтың басшылығымен азық-түлік тауарларының бағасын бақылау үшін арнайы штаб құрылды.

Арнайы штаб жанында құрылған 16 жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар деген тауарлардың 33 түрі бойынша бағалардың өсіп кетпеуін күн сайын қадағалап, мониторинг жүргізуде. Атап айтсақ, оның ішінде: нан, сүт, ет, сұйық май, қант, ұн, шай, тұз секілді азық-түлік өнімдері бар. Сондай-ақ, тұрмыстық техника, жанар-жағармай, валюта бағамдары, дәрі-дәрмектер мен кеңсе тауарларының бағалары да назарға алынып отыр. Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әмірхан Үсеновтың сөзіне сүйенсек, атқарылған іс өз жемісін беруде. Бүгінгі күні жұмыс тобының табанды жұмыс атқаруының арқасында бір техника саудалайтын және кітап дүкені бағаны негізсіз көтергендігі анықталып, ҚР-сы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне хат жолданды. Айта кетейік, осы іс турасында қаламызда арнайы сенім телефондары жұмыс жасайды. Яғни, әрбір қала тұрғыны бағалардың орынсыз өсіп кеткенін байқаған жағдайда: 27-22-66, 27-02-41 нөмірлеріне және қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында хабарлауға, сонымен қатар, WhatsApp (+77078780406) желісі арқылы тиісті мәліметтерді жолдауға мүмкіндігі бар.

2.Теңгенің қай бағада тұрақтанатынын дөп басып айту өте қиын, себебі теңге құнын анықтаушы сұраныс пен ұсыныс, яғни нарық заңдылығына тығыз байланысты.

3.Мемлекетіміздің экономикалық потенциалына байланысты біздің ел доллар ықпалынан шығуы өте мүмкін.

Күн сайын мониторинг жүргізіліп жатыр.

Қ. Р. Ұлттық экономика министрлігінің

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Айгүл Құрманғалиқызы Тұрысбаева

1. Теңгенің еркін өзгермелі бағамының» енгізілуіне және инфляциялық таргеттеуге көшуге байланысты тауар нарықтарындағы бағалардың алыпсатарлық өсуіне жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің (бұдан әрі - Департамент) қызметкерлері негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларына күн сайын мониторинг жүргізіп жатыр.

Департамент басшылары облыс және қала әкімдіктердің жанынан құрылған бағаларды бақылау бойынша жедел штабтардың құрамына кірді.

Сонымен бірге нарық субъектілеріне бағалардың алыпсатарлық өсуіне жол бермеу және монополияға қарсы заңнаманың нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы жазбаша ескертулер жіберілді.

Департамент монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, олар бойынша тергеу ашуға құқылы.

Сонымен, тергеуді бастауға нарық субъектілерінің мынадай алыпсатарлық (немесе үстем жағдайды теріс пайдалану) фактілері алып келуі мүмкін монополиялық жоғары бағаны белгілеу өндiру немесе өнім беру мүмкiндiгi болған кезде сұранысқа ие тауарларды өндiру және өткізу бойынша негізсіз шектеулер енгізу, тауарды өнім айналымнан алып қою арқылы нарықта жасанды тапшылық жасау («Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 13-бабы).

Сондай-ақ: тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа шарттарын белгiлеу және (немесе) қолдау, тауарларды өндіру мен өткізуді негізсіз шектеу («Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 10, 11-баптары) бойынша нарық субъектілерінің келісімдері және (немесе) келісілген іс-әрекеттеріне тыйым салынады.

Мұндай іс-әрекеттерді жасау барлық монополиялық табысты тәркілеп (ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабы) 3%-дан 5%-ға дейін айналым айыппұлдарын салуға әкеп соғады.

Бұдан басқа, аталған бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК-нің 221-бабы) көзделген.

Сонымен қатар, монополияға қарсы тергеуге жол бермеу үшін ескертілетін ықпал ету шараларын қолдану кезеңінде нарық субъектілерін өз қызметін негізді бағалық және сауда саясатын жүргізіп, қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкестікте, объективті мән-жайларды, оның ішінде өнім қалдықтарының (қорының) бар болуы,өнімді өндірудің нақты өзіндік құнының немесе сатып алу құнының өзгермейтіндігі, өткізілетін өнімнің артуы өнімнің өзіндік құнының не өнімнің сатып алу құнының артуына пропорционалды болуы (мысалы, сатып алу не өзіндік құн бар болғаны 5%-ға ұлғайған кезде тауарды өткізу бағасының 20%-ға негізсіз ұлғаюы).

Сондай-ақ бағалардың күрт өсу фактілерін жинақтау үшін Департаментте сенім телефондары істеп отыр, 27-12-50, 273559.

2.Тенгенің бағасы оның сұранысына байланысты деп ойлаймын.

3.Әрине уақыт өте біздің ел доллардың ықпалынан шығып кетеді. Бірақ оған біраз уақыт керек.

Біз де сырт қала қоймаспыз.

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қанат Тасболатұлы Қабдиев.

1.Доллар бағасының күрт өсуіне байланысты облыс және қала әкімдіктерінің жанынан құрылған жедел штабтарының құрамына біз де кірдік. Елбасы отандық тауарлар бағасын көтеруге тиым салғандықтан бар жерде жөнсіз баға көтермеу жайында ескертулер жарияланып, тексерулер жүргізіліп жатыр. Импорт бар жерде баға өсетіні түсінікті. Себебі, кәсіпкерлер шетелдік тауарларды долларға сатып алады. Әрине, бұл мүлдем жаңа жағдай. Бизнестің де, нарықтың да, тұтынушының да үйренуі, дағдылануы керек. Сондықтан комиссия мүшесі ретінде кәсіпкерлер мүддесін де естен шығармаймыз. Себебі, өзіміз отырған бұтақты өзіміз кесу миға симайтын құбылыс.

2.Теңге бағасы нарық заңына бағынышты болғандықтан, ештеңе айта алмаймын.

3.Әлемде доллар ықпалынан шығу қамына кірісіп кеткен мемлекеттер баршылық, біз де сырт қала қоймаспыз.

Автор:
Берден Қадір