28 августа 2015, 10:21 | 1 828 просмотров
Барлық әлеуметтік міндеттер орындалатын болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
«Біздің министрлік жергілікті атқару органдарымен және ҚР Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына қатысты күн сайын мониторинг жүргізуде. Аталған жұмыстар бізде екі заңнамалық актімен реттеледі. Өздеріңіз білесіздер, жергілікті атқару органдары деңгейінде тұрақтандыру қорлары жұмыс істеп жатыр. Сәйкесінше, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға өскен жағдайда тұрақтандыру қорлары тиісті іс-қимылдарды жүзеге асырады», - деді министрдің орынбасары. С.Жақыпованың сөзіне қарағанда, бүгінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуі байқалып отырған жоқ.
Зейнетақылық төлемдер мен жәрдемақылар бойынша ешқандай мәселе туындамайды - С.Жақыпова
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттер орындалатын болады. Осы бағытта барша әлеуметтік және зейнетақылық төлемдер мен жәрдемақылар ай сайын уақытылы төленіп келеді. Бүгінде осы төлемдердің дер кезінде әрі толық аудару бойынша проблемалар туындап отырған жоқ. Сонымен қатар 2016 жылы да барша міндеттемелер орындалатын болады», - деді министрдің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, 1 трлн. 120 млрд. теңге әлеуметтік бағдарламаларға қарастырылған және бұл қаржыны игеру жоспар бойынша жүріп келеді.