Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бес басты қатер


28 августа 2015, 10:03 | 1 794 просмотра


Әлемде қалыптасқан бүгінгі экономикалық, саяси және әлеуметтік тәуекелдерді ескере келіп, Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы «таяу арадағы екі жыл ішінде әлемдік экономика және бизнес ахуалын елеулі өзгеріске ұшыратуы мүмкін» бес басты қатердің тізімін жариялады.

Бұл қатерлердің әрқайсысы ең жоғарғы – 25 балл бағамен белгіленді. Сөйтіп, EIU болжамы бойынша әлемдік экономикаға басты қатер мыналар болып белгіленді:

– 5. Әлемдік экономиканы тұрақсыздандыратын лаңкестік қатері. Бұл қатердің деңгейі: 12

Сирия және Ирак аумағында құрылған «Ислам мемлекеті» бүкіл әлем бойынша адамдарды лаңкестік оқиғаларға тартуда. «Егер лаңкестік шабуылдар одан әрі күшейетін болса, ол тұтынушыларға және бизнеске ерекше ықпал етіп, америкалық және еуропалық рыноктарды елеулі күйзеліске ұрындыруы мүмкін» деп атап көрсетілген EIU есебінде.

– 4. Халықаралық қаржы саясатындағы әртектілік валюта рыногының тұрақсыздығына әкеліп соғады. Бұл қатердің деңгейі: 16.

Федералдық қор жүйесі биылғы жылы негізгі ставканы көтермек. Осының салдарынан қаржылық жағдайы әлсіз елдер жоғары бюджет тапшылығын көретін болады. Сонымен бірге, олардың қатарына бюджеті шикізат тауарларының экспортына тікелей байланысты елдер де қосылады. Оған Түркия, ОАР, Ресей және Венесуэла мемлекеттері кіреді.

– 3. Ресей және Украина арасындағы ахуалдың шиеленісуі, «қырғиқабақ соғыс» әлегінің күшеюі. Бұл қатердің деңгейі: 16.

Қазіргі Батыс елдері мен Ресей арасындағы жағдай «қырғиқабақ соғыс» кезеңін еске түсіреді. Жақында Еуропалық одақ шілде айында аяқталуға тиіс санкцияны одан әрі ұзартты. Оған қарсы Ресей экономикалық жауап шараларын қолданған жоқ. Ал мұндай шаралардың болатындығы сөзсіз. «Оның үстіне сауда санкциясы жасалмаған күннің өзінде, сауда қарым-қатынасының әлсіреуі Ресей экономикасына кері әсер етеді. Ал бұл өз кезегінде Орталық және Шығыс Еуропаның өнеркәсіп өндірісінің құлдырауына әкеп соғады» делінген EIU есебінде.

– 2. Шикізат бағасының күрт құлдырауы және Қытай рыногының құлауы дамушы рыноктардың өсімінің төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл қатердің деңгейі: 20.

Қазір әлем экономикасы Қытай экономикасы өсімінің төмендеуіне, сондай-ақ, жақын арада болған Қытай рыногының күйреуіне және юаньнің құнсыздануына өте алаңдаушылық танытуда. «Дамушы әлемнің сұранысына тәуелді батыстық өнім өндірушілер мен ритейлерді ескергенде, дамушы рынок өсімі қарқынының ұзақ уақыт төмендеуі Еуропалық одақ және АҚШ елдері үшін елеулі түрде кері әсер етеді» деп атап көрсетілген есепте.

– 1. Грекиядағы қалыптасқан ахуал еуроаймақтың ыдырауына әкеп соғуы мүмкін. Бұл қатердің деңгейі: 20.

«Біздің ойымызша, мұндай қауіп 2016 жылы одан әрі күшейе түспек. СИРИЗА партиясы тап болған күрделі жағдайды ескере келгенде, несие берушілермен жасалатын жаңа келісімдердің де үлкен қиындыққа тап болатындығы сөзсіз» деп атап көрсетілген есепте. Егер Грекия шын мәнінде еуроаймақтан шығатын болса, онда Еуропалық одақ құрамындағы елдердің арасында үлкен қобалжушылық туындайды. Бірқатар мемлекеттер Грекияның жолын қууы мүмкін. Еуропалық одақта мұндай келеңсіз жағдай орын алатын болса, оның әлемдік экономикаға тигізетін кесірі зор болмақ. «Әлемдік қаржы жүйесі тығырыққа тіреліп, әлемдік экономика терең рецессияға ұрынады» дейді сарапшылар. Сонымен бірге, EIU әлемдік экономикаға және әлемдік рынокқа үлкен қатерлердің бірі ретінде Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында орын алған жанжалды да атап көрсеткен.

Автор:
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».