Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жүрегім менің қырық жамау


21 августа 2015, 17:54 | 4 668 просмотров



«Жүрегім менің қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әр неден» -деп қазақтың бас ақыны Абай жырлап өткендей адам өмірінде жүрекке түсетін ауыртпашылық көп. «Әр неден қайтқан» жүректі ауыстыруға тура келетін жағдайлар да бар. Бүгін біз жүрек трансплантологиясы турасында сөз қозғамақпыз. Биыл елімізде алғаш рет жүрек трансплантациялау отасы жасалғанына тура 3 жыл толды. Жүрек трансплантациясы. Пациенттің жүрегін (реципиента) донор жүрегіне алмастыру бойынша хирургиялық ота. Жүректің асқынған сырқаттарында өзге оталарды жасау мүмкін емес немесе тәуекелдік деңгейі жоғары болған кезде, ал жүректі ауыстырмай өмір сүру мүмкіндігі жоғары емес. «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ базасында 2012 жылғы 8 тамызда алғаш рет трансплантация бойынша ота жасалды. Отаны Чехиялық кардиохирург Ян Пирктің қатысуымен Қазақстанның алдыңғы қатардағы кардиохирургы Юрий Пя жүргізді.

Сол уақыттан бері Қазақстанда 25 жүрек ауыстырылған. Алғашқы уақытта, яғни 2012 жылы -1, 2013 жылы- 1 жүрек трансплантациясы жасалса, 2014 жылы - 6 жүрек ауыстырылып, 2015 жылы 17 ота жасалған екен. Бұл отандық медицинаның дамуының бір ғана көрінісі. Бүгінгі күні Қазақстанның денсаулық сақтау деңгейі азаматтарға «ағзалар мен тіндерді транцплантациялау» бағыты бойынша жоғарғы технологиялық қызметтреді көрсете алады. Мемлекет тарапынан транцплантациялық оталар жасау және рецепиенттерді отадан кейін оңалуына толығымен қаражыландырылады.

Бүгiнгi күнi елiмiзде жүрек ауыстыру операциясы орташа алғанда 20 мың доллар тұрады. Бұл туралы жыл басында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя мәлiм еткен. Оның айтуынша, Қазақстанда трансплантология саласы дамып келедi. Бiрақ, донор тапшылығы мәселесi өте өзектi болып отыр.

Бұл тек медициналық қана емес, сондай-ақ, әлеуметтiк мәселе. Медицина тарапынан жасалып жатқан жұмысқа тоқталсақ, трансплантация жасай алатын мамандарды даярлап жатыр, жүрек трансплантациясы жасалып та жатыр. Бiрақ, бiзде донор тапшылығы мәселесi өзектi, қоғам бұған әлi де дайын емес. Ал балалар трансплантологиясында донор табу тiптен қиын. Донор тапшылығы бізде ғана емес, әлем бойынша үлкен проблема.

...Жоқ!

Дәрігер!

Орнатпа басқа жүрек!

Басқа лүпіл жасама, басқа леп.

Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,

Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!

Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,

Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?

Сыйыңа рахмет, қайран адам!

Өзімнің жүрегімдей қайда маған?

Алмастырам!?

Дедің-ау, алмастырам!..

Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.

Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,

Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?

Тула, Жүрек!

Өкінем мен несіне!?

Туған жүрек,әрине,өлмесін бе?

...Жоқ!

Дәрігер!

Қозғама,

дамылдасын,

Әрбір жүрек өзінің кеудесінде! –деп жырлаған Мұқағали Мақатевтың бұл өлеңі бүгінгі қоғамдағы ағза трансплантациясына қарсы тұрғандардың ойтүйіні іспеттес. Жалпы транспланталогия деген көзқарас сан алуан. Біреулер қолдаса, екіншілер қарсы. Бұған адамдардың жеке өздерінің сондай-ақ діни көзқарастары себеп. Сондай-ақ, заң тұрғысынан да қадағаланып, нормативтік-құқықтық базасы қалыптасуы маңызды. Трансплантацияға қатысты түйткілдердің 25-30 пайызы медицина арқылы шешімін таба алады. Қалған мәселенің барлығы қоғамға, заңға, діни көзқарасқа тәуелді болып тұр. Қазақстанда донор болу мәселесі арнаулы заңмен бекітілетін болады, бұл заң жобасы Парламент қарауында. Бұл мәселенің қоғамның қызу талқысына түсетіні анық. Себебі, шет мемлекеттерде әбден дамыған бұл мәселе қазақ жұртына әзірге жат болып тұр.

Автор:
Мадина Омарқұлова