Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Нақты процестерді басқаруға көшуіміз керек


1 апреля 2010, 22:46 | 1 967 просмотров



- Ұлттық банк болжамы бойынша 2010 жылдың бірінші тоқсанында инфляция 2,5-2,7 пайызға өседі деп күтілуде. Оған биылғы еңбекақы, зейнетақы, әлеуметтік өтемақылардың мөлшері өсетіні себеп болады дейді. Өйткені елдің сатып алу қабілеті көтеріліп, инфляциялық қысым тудырады деген уәждерге қоса, Кедендік Одақтан тыс елдерден келетін импорт заттарға салық өседі, соған байланысты баға да өседі деген мәлімдемелер де айтылуда.

- Таза теориялық тұрғыда Қазақстанда инфляция жоқ. Инфляция дегеніміз, айналымдағы ақша массасының көптігінен туындайтын проблема. Елімізде бағаның өсуі бар. Ақша массасы жоқ. Бағаның өсуі біріншіден, өндірістер шығынының көптігінен болып отыр. Өндіріс шығыны өсіп отыр, нәтижесінде баға да өсуде. Ал оның нәтижесін инфляцияға жатқызып отырмыз. Еңбекақы, зейнетақы, т.б. өсуі - дәл қазіргі кезде инфляцияға ықпал жасамайды. Егер шынында да, айналымда ақша массасы мол айналып, сапырылысып жататын болса, соның нәтижесінде инфляция өсетін болса, оны монетарлық әдіспен ауыздықтауға болар еді. Еңбекақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдерді өсірмеу арқылы. Ал біздің бүгінгі жағдайымызда инфляцияны олай ауыздықтай алмайсың. Себебі инфляция бағаның өсуінен, ал баға өндіріс орындарының шығынының көптігінен шығып отыр. Өндірісшілер көп шығын шыққан сайын оның қайтарымын бағаның үстіне үстемелеп қояды. Шығарған шығынын қайтарып алуы керек. Оны сіз бен біздің қалтамыздан, яғни тұтынушылардың есебінен қайтарып алады. Біз осы бағаның өсуін инфляция деп жүрміз.

Сондықтан біз өнеркәсіптік, өндірістік саясатты өзгертуіміз керек. ҰБ-ның еңбекақы, зейнетақылардың өсуі инфляцияны өсіреді деп мәлімдеуі аталған шаралардың қажеті жоқ дегенді айтқысы келгені. Егер өндіріс шығынына байланысты бағаның өсуі инфляцияны тудыруда дейтін болса, онда олар нақты секторға инвестиция салып, инновациялық технологиялар мен техникаларды өндіріске ендіріп, шығынды азайтып, экономиканы модернизациялау керек дер еді. Инфляция проблемасын шешудің осындай екі әдісі бар. Жалпы, қазақстандық экономиканы модернизациялау бағдарламасын дұрыстап қолға алып, нақты сектор мен өндірістің шығындарын азайтуға кіріспесек, еңбекақы, зейнетақы, т.б. төлемдерді тізгіндеп қана, бүгінгі айтып жүрген уәжді бетке ұстап жүре береміз.

- Қанат Базарқұлұлы, қалай ойлайсыз, Үкімет басында отырғандардың басым бөлігі экономистер. Сонда біздің басқарушыларымыз одан хабарсыз болғаны ма, әлде түсінбей ме?

- Бұл жерде мәселе түсінбеуде емес. Жалпы, экономика - шындап келгенде, идеология. Біздің басқарушы блогымыз монетарлық теория бойынша тәрбиеленген. Сонау Дүние-

жүзілік банк, Халықаралық валюта қорынан бастап, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі басқарушылардың бәрі монетаршылар. Олар экономикаға ақшаны жинақтау арқылы ықпал етуге болады деген тәрбие алғандар. Байқап отырсаңыздар, монетарлық әдісті қолдайтындардың бастаған бағдарламаларының бәрі басталуы қарқынды болғанымен, сәтсіздікке ұшырап жатады. Үдемелі индустриалық-инновациялық бағдарлама да алдыңғыларының аяғын құшпаса деп тілеймін. Өйткені олар басқы бағытқа нақты секторды емес, қаржыны қояды. Мысалы, Келімбетов үнемі біз мемлекеттік қаржының операторы болып табыламыз деуден жалықпайды. Оны оған кім кіретіні қызықтырмайды. «ҚазМұнайГаз» немесе «Қазақмыс» па? Нақты секторды жаңартудың орнына олар екінші деңгейлі банктермен жұмыс істейді. Банктерге ақшаны бөліп береміз де, оның қалай жұмсалғанын қадағалаймыз, бәрі жақсы болады деп есептейді.

Монетарлық идеология өзін-өзі жеп бітірді. Басқа бағытқа: нақты процестерді басқаруға көшуіміз керек. Өткен жылдың қыркүйек айында Сауат Мыңбаев мынадай мәлімдеме жасап, ішкі рынокта жанармай бағасы өседі, өйткені Ресейде ішкі баға жоғары деді. Ал қазір баға төмендеп отырған жоқ. Оны Ресейде ин фляция, Кедендік Одаққа кіруге байланысты бағаның қымбаттап отырғанымен түсіндіруге тырысуда. Өкінішке қарай, Кедендік Одақ пен инфляция екі бөлек нәрсе. Екіншіден, керісінше, Кедендік Одақ бағаның түсуіне ықпал жасауы мүмкін. Үкімет алдын ала өзінің проблемаларын Кедендік Одаққа таңып құтылғысы келетін секілді.

- Жақында Назарбаев атындағы университеттің биыл Астанадан ашылатыны, оған Батыстың халықаралық жоғары оқу орындарынан оқытушылар келіп, студент-

терге халықаралық дәрежеде білім беретіні жайында қуанышты ақпарат таратылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша сараптан өткендердің басым бөлігі осы университеттен оқуына болатыны да көкейге қонымды. Бірақ оның жылдық бағасын естігенімізде мүдіріп қалдық. Жылына 19 мың АҚШ доллары тым қымбат емес пе?

- Орыстарда «Сапалы білім арзан болмайды, бірақ қымбат білім оның жақсы болатынының кепілі емес» деген мақал бар. Сондықтан мен білімнің бағасына қарай сапалы болатындығына соншалықты сене бермеймін. Мейлі ол жылына 30 мың доллар болсын. Мені басқа мәселе алаңдатады. Ашылып жатқан элиталық жоғары оқу орындары, мектептер, балабақшалар, мұның бәрі біздің екі жүйелі білімге көше бастағанымызды көрсетеді. Бір білім жүйесі құрып барады, ол - отандық білім жүйесі, жалпы, білім беретін мектептер, балабақшалар. Екіншісі - элиталық жүйе. Екіншісін-

де көп болса, бірнеше мың ғана жас білім алады. Және ол оқу орындарында ұлттық менталитетімізге қона бермейтін батыстық білім беріледі. Оған егер бала екінші Ломоносов немесе екінші Пифагор болмаса, түсе алмайды. Төлеуге ата-анасының ақшасы жоқ. Яғни өте дарынды болуың керек немесе ата-анаң бай болуы тиіс. Былайша айтқанда, елдің ортасында әлеуметтік лифт пайда болады. Қарапайым отандық оқу жоғары оқу орындарын бітіргендер өз күшімен лауазымды қызметтерге көтеріле алмайды. Элиталық оқу орнының түлектері өздерінше топ құрып, бір-бірін сүйрейтін болады. Яғни таңдаулылар тобы қалыптасады. Қазіргі ағайын, туыс, жоғары қызметтегілердің балалары болып бөліну жайына қалады. Екі жүйелі білім беру салдарынан халықтың басым бөлігінің деңгейі өте төмен түсіп кетеді де, екінші топ елдің мүддесімен байланысы жоқ, Батыс өркениетіне бет бұрған элитаны алып келеді. Ресейде ертеректе сондай топтың болғанын әдебиеттен білесіздер. Олар өз тілін менсінбей, тек французша сөйлесіп, қарапайым халықтан өздерін жоғары қойғаны, оның соңы неге алып келгені белгілі. Сондықтан мені элиталық білім ошақтарының бағасы емес, осындай әлеуметтік жағы қатты алаңдатады.

- Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
Сұхбаттасқан Алма МҰХАМЕДЖАНОВА