Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұлт денсаулығы – маңызды мәселе


25 июня 2015, 13:40 | 3 144 просмотра



Өткен аптаның сәрсенбісінде Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Медицина қызметкерлері күні қарсаңында сала үздіктерін қабылдаған болатын. Құрамында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.Қайырбекова, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы бүйрек орталығының меңгерушісі Ш.Алтынова, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының ректоры Р.Досмағамбетова, Астанадағы №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Е.Жүнісов, Батыс Қазақстан облысы санитарлық авиация бөлімшесінің меңгерушісі Ғ.Мырзағалиев, Алматы облысы «ФитОлеум» ЖШС директорының орынбасары О.Сермұхамедова, Шығыс Қазақстан облысы Қарабұйрат ауылдық дәрігерлік пунктінің фельдшері К.Дүйсенбаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі А. Байсалов бар бір топ білікті мамандармен кездескен-ді.

Г.Әбдіқалықова: «Ұлт жос¬пары медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізуді талап етеді. Ол үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан меди¬ци¬налық қызмет сапасы бойын¬ша бірлескен комиссия құры¬луда. Ұлт денсаулығы мемле¬кеттік саясаттың маңызды басым-дықтарының бірі болып табылады. Осы орайда әрдайым мем¬лекет отандық медицинаны жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударуда», дей келіп, сонымен қатар, соңғы 5 жылда қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзаруы отандық медицинаның қол жеткізген табыстарының айғақты дәлеліне айнала бастағанын, мәселен, тара¬тылған мәліметтер бойын¬ша өмір сүру жасы 3 жылға ұза¬рып, 2014 жылы 71,6 жасты құ¬ра¬ғанын, 2010 жылмен салыс¬тыр¬ғанда ана өлімі 2 есеге, ба¬лବлар¬дың өлім-жітімі 1,7 есеге дейін төмендегенін тілге тиек етті.

«Еліміз Ұлт жоспарын, яғни «100 нақты қадамды» іске асыруға кірісті. «100 қадам» экономиканы, барша қоғамды жаңарту мақсатында еліміздегі бес реформаны іске асырудың нақты іс-шаралары болып табылады. Соның ішінде, Ұлт жоспарын жүзеге асыруда денсаулық сақтау саласының маңызы зор» деп атап өткен Мемлекеттік хатшы 2014 жылы Қазақстанда 45 мың күрделі операция жасалғаны, 2011 жылдан бастап Мемлекет басшысы бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағ¬дар-ламасы жұмыс істесе, осы бағдарламаның аясында ден¬сау¬лық сақтау саласында жақ¬сы нәтижелерге қол жеткі¬зіле бастағаны, заманауи меди¬циналық орталықтар ашылып, оларда жүрекке, миға күрделі оталар жасалатыны, донорларды пайдалануда айтарлықтай оң нәтижелер байқалатыны жайында айтты.

«Дегенмен, отандық медицинада проблема жоқ емес, бар. Жүрек-қан тамырлары ауруынан өлім-жітім азаймай отыр, оның үстіне, жол-көлік апаттарынан, онкологиялық аурулардан да халық арасында көз жұматындар көп.

Сондықтан, Елбасы Нұр¬сұлтан Назарбаев атап өткендей, халық саламатты өмір салтына бет бұруы керек. Озық 30 елдің қатарына қосылу үшін біз халықтың орташа өмір сүру жасын 84-ке жеткізуіміз керек. Бүгін сіздермен медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында кездесіп отырмыз, осы кездесуді пайдаланып проб¬лемаларды талқылауымызға болады», деді Г. Әбдіқалықова.

«Ана мен бала» ғылыми орталығы Бүйрек орталығының жетекшісі Шолпан Алтынова журналистерге берген сұхбатында: «Жалпы, Қазақстанда балаға бүйрек ауыстырып салу ең бірінші рет 1997 жылы Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында жүзеге асқан болатын. Содан бері аздап болса да алға жылжушылық байқалғанымен, бірақ жылдан-жылға созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан балалардың саны күрт көбейіп кетті. Ұзақ күтудің салдарынан сәбилердің өміріне араша түсе алмай қалған жағдайлар кездесті. Соның әсерінен бір топ маманның АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Испания сынды елдерде оқып, біліктілігін арттырып келулеріне мүмкіндік туғызудың арқасында 2012 жылы қараша айында «Ана мен бала» ғылыми орталығында Қазақстанда алғаш рет 3 жасар балаға бүйрек ауыстырып салдық. Бірте-бірте мінеки, бүгінгі таңға дейін 24 баланың бүйрегін емдеп ауыстырған жайымыз бар. Нәтижесі ойдағыдай, бірі – аман-есен үйінде, енді бірі мектепте оқыса, одан кейінгісі жоғары оқу орнына түсті. Тіпті, арасында қазір отбасын құрған бір азамат бар. Енді 2014 жылдан бастап бауыр ауыстыру жүзеге аса бас¬тады. Мамандар Түркияда арнайы тәжірибеден өтіп келді. Дәл сол қарашада бір жасар балаға бірінші рет Қазақстанда өзінің нағашысының бауырын ауыстырып салдық. Оның да денсаулығын қадағалап отырмыз, бүгінгі таңда ойдағыдай өсіп келе жатыр. Жалпы, бүгінге дейін екі баланың бауырын ауыс¬тыр¬дық. Соның арқасында сырқат балалар саны азаймаса көбейіп жат¬қан жоқ. Жылына 10-12 бүйрек транс-плантациясы операция¬лары жасалады. Елімізде 3 мың¬ға жуық науқас бүйрек ауыс¬тыру кезегінде тұрса, оның 37-сі бала. Ал 24-і шұғыл отаны қажет етеді», деп қазақстандық маман¬дарды толғандыратын өзекжар¬ды мәселелер туралы әңгіме-леді. Қалалық №1 аурухана бас дәрі¬ге¬рі¬нің орынбасары Ерсін Жүні¬сов:

– Соңғы 10-15 жылда отандық денсаулық сақтау саласы технологиялық тұрғыдан қарқынды дамып келеді, – деді. – Негізінен енгізіліп жатқан мұндай жаңа технологиялар мен тұжырымдар күрделі жол-көлік, өндірістік жарақаттардан келетін өлімнің санын екі есеге дейін төмендетуге септігін тигізуде. Кейбір емдеу технологиялары Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша Қазақстанда алғаш рет қолданысқа енгізілуде. Күрделі аурулар, сүйектің қатерлі ісіктеріне ота жасау технологиялары тек Астанада ғана емес, сонымен қатар өңірлерге біртіндеп жеткізілуде. Мысалы, қалалық №1 аурухана жанынан бірнеше орталықтар ашылған болатын. Инсульт және ортохирургия орталықтары жұмыс істейді. Орта буын мамандарға дейін шетелде даярланып, жұмысты шетелдік технологиялар бойынша ұйымдастыру тұжырымдамалары жүзеге асуда. Елбасының бес институттық реформасы мен «100 нақты қадамға» байланыс¬ты ағылшын тілінде конференциялар өткізу қолға алынуда. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен соңғы жылдары мыңнан астам емдеу орындары ашылып жатыр. Біздің аурухананы да Елбасының өзі 2012 жылы келіп ашып берген еді. Осындай кәсіби мереке қарсаңын пайдаланып, Елбасының атына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ал бүгінгі таңда өзім жұмыс істейтін ауруханаға 80-нен астам жаңа технология енгізілді. Олардың нәтижелері өте жоғары. Инсульт орталығындағы технология мысалы, бұрын-соңды ТМД елдерінде болмаған бағыт саналады. Бүгінде инсульттан кейінгі мүгедектік пен өлім бұрынғымен салыстырғанда, екі есеге дейін төмендеді. Бұрын арашалап алу мүмкін болмайтын науқастарды қазір аман алып қалуға шамамыз жетеді.

– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Сегізбай дәрігерлік амбулаториясына қарасты Қарабұйрат дәрігерлік пунктінде фельдшер болып жұмыс істеймін, – деді 30 жылдан бері бір жерде табан аудармай еңбек ететін Күлсім Дүйсенбаева. – Бірде түнде қалың қар жауып, боран ұйытқып, жүретін жолды жауып тастады. Сонда аяғы ауыр әйелді аудандық ауруханаға жеткізу үшін он екі шақырым жерге атшанамен баруға тура келді. Аман-есен сол белгіленген жерге жеткіздік. Соның арқасында әлгі әйел ұлды болды. Ауыл дәрігерінің өмірінде мұндай оқиғалар айта берсек, өте көп.

Сондай-ақ, ол Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Үржар ауданында 4 амбулатория салынып, қолданысқа берілді. Әлі де салына береді деп жоспарлануда. Өз учас¬кемде осы 30 жылда бірде-бір рет ана мен бала өлімі тіркелген емес. Ал соңғы бес жылда туберкулез, қатерлі ісік аурулары жоқтың қасы. Өйткені, қатерлі ісікке қарсы 11 түр бойынша скрининг өткізудің нәтижесінде аурудың алдын алудамыз, десе, Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Алмат Байсалов: «Біздің өңірде жүректің туабітті ақауымен дүниеге келген сәбилер көп. Бүгінгі таңда кардиохирургия саласы бо¬йынша 3 мыңға жуық бала жүрек ақауымен есепте тұр. Өңір бойынша жылына 400 бала осындай халде дүние есігін ашады екен. Алғашқы кезде 10 килограмнан жоғары балаларды қабылдасақ, бірте-бірте бұл салмақ төмендеп, бір жасқа дейінгі балаларға, керек десеңіз, шала туған сәбилерге дейін ота жасалуда. Соған орай жетістіктеріміз де аз емес. Жүректің туабітті ақаулары аздап болса да төмендеуде. Өлім-жітім 15 пайызға төмендеді. Операциядан кейінгі өмір сүру деңгейін 83 пайызға көтердік», деді.

Сөзінің соңында ол мамандар 2007-2009 жылдарғы бағдарлама бойынша Израиль, Польша, Ресей, Литва мемле¬кет¬терінде оқып келгенін, олардың ішінде өзі де бар екенін айтты.

Отандық медицина саласының жетістіктері мен өзекті мәселелері ортаға салынған отырыста Мем¬ле¬кеттік хатшы тарапынан құзыр¬лы мемлекеттік органдарға бірқа-тар нақты тапсырмалар берілді. Кез¬десу соңында Гүлшара Әбдіқа¬лықова ақ желеңді абзал жандар¬ды келе жатқан кәсіби мереке¬лері¬мен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Автор:
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».