Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АЙТПАЙЫН ДЕСЕМ...


23 мая 2015, 23:22 | 1 763 просмотра



Қоқыс жәшігі бесігіне айналған тастанды сәбилердің саны неге артуда?

Қазақтың өзгелерге ұқсамайтын ерек қасиеттерін суреттейтін бауырмал, балажан деген анықтауыштар сөздік қорымыздан ада қалып бара жатқандай. Бұған соңғы кездері құлағымызға жиі ілінетін жантүршігерлік оқиғалар себеп. Ең сорақасы, «жаңа туған шаранасын қоқыс жәшігіне тастап кетті», «баласын азаптап өлтірді», «анасына пышақ салды», «әкесін айуандықпен өлтірді» деген ақпараттарға етіміздің үйреніп кеткені. Әсіресе, өзінің ішінен шыққан баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар газет беті мен эфир уақытын босатпайтын болды. Жөргегі кебінге, бесігі қоқыс жәшігіне айналған сәбилердің саны неге артты? Ана өз баласын өлімге қалай қиды? Патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?

«Өмірден түңілдім»

Өрімдей екі қызын буындырып өлтірген әйел өз қылмысының себебін осылай түсіндірген. Өткен айдың соңында, нақтырақ айтсақ, 23 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында болған оқиға қоғам дертінің асқынғанын көрсетті.

Өз анасының қолынан ажал құш¬қан Балымның жасы небәрі 11-де, ал сіңлісі Аманкүл 9 жаста еді. Бүлдіршіндер оқыған Сарыағаштағы Жүсіпбек Аймауытов мектебінің ұжымы мен оқушылары әлі есеңгіреп жүр. Күнделікті қол ұстасып сабаққа келетін апалы-сіңлілі қыздардың өлімі туған анасынан келгеніне сенгілері келмеген. Бірақ дерек пен дәйектің бәрі 33 жастағы Фируза Тулағанованы нұсқап тұрған соң, сенбеске лаждары қалмапты. Безбүйрек ананың полицейлерге бер¬ген жауабын естіген көршілерінің айтуын¬ша, ол алғашқыда қылмысын бүрке¬мелегісі келген. Үй ішіндегі зат¬тарды шашып, екі қыз бір-бі¬рін буындырып өлтіргендей етіп көрсетпек болса керек. Бірақ кейін¬нен екі қызын күйеуінің галстугімен қыл¬қындырып өлтіргенін мойын¬да¬ған. Қатыгез әйелдің қолына сол жер¬де кісен салынды.

Күйеуі 7 жыл бұрын дүние салып, 4 баласымен жесір қалған Фируза Тулағанова бір қызын наға¬шыларына қалдырып, бірер жыл бұрын екі қыз, бір ұлымен Сарыағашқа көшіп келген екен. Кондитер цехында жұмыс істеген әйел тапқанын пәтерақы мен бала¬лардың ішіп-жеміне жеткізе ал¬май, көп қиындық көріпті. Бірақ жоқшы¬лықты, жалғызілікті тіршілігін қан¬ша қалқан етпек болса да, айтқан уәжі әйелдің бұл қаныпезерлігін ақтай алмайды. Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаровтың айтуынша, Фирузаның тағдыры енді сот-медициналық сараптамасынан кейін шешілмек. Ол тіпті өмір бойына бас бостандығынан айы¬рылуы да мүмкін. Ең сұмдығы, болған оқиғаны бірінші болып әйелдің тоғызыншы сынып оқитын ұлы көріпті. Қарындастарының өз анасының қолынан өлім құшқанын көрген жасөспірімнің жанына жара түскені айтпаса да түсінікті. Қазір ол пси¬хологтардың жіті бақылауында. Мамандар оқиғаның салдарымен күресіп әлек, бірақ әлеуметтік дерттің бетін қайтару үшін, ең алдымен, оның себебіне үңілу керек екенін ұмыт қалдырғанымыз өкінішті.

Жұқарған жүйке – қылмысқа түрткі

Тасбауыр әке мен безбүйрек ана¬лар¬дың көбею себебін іздер болсақ, мәсе¬ленің бір ұшы елімізде психология ғылымының кенже дамуына келіп тіре¬леді. Зерттеулерге сүйенсек, жаңа туған балаларын өлтірген аналар¬дың көпшілігінің психикасында ауытқушылық бар екендігі анықталған. Қазақстанда дәл мұндай ресми статистика жүргізілді деген ақпарат жоққа тән. Сондықтан өзге мемлекеттердің мысалына жүгіндік. Мәселен, АҚШ-тың Мичиган штатында жүргізілген зерттеулер өз баласын өлтірген әйелдердің 52 пайызының бойында психикалық ауытқушылық барын көрсеткен. Үш жасқа дейінгі балаларын өлтірген әйелдер психоактивті заттар пайдаланғанын, бұрын физи¬ка¬лық күш көрсетудің құрбаны болғанын анықтаған. Аналардың тағы бір тобы мұндай қадамға әлеуметтік жағдайының нашарлығынан барады екен.

Өз баласын өлімге қиған әйел¬дер¬дің психикасына мән беру мәселесі тек XIX ғасырдың орта тұсы¬нан бастап қолға алынған. Бұл тәжірибені әлем бойынша алғаш рет ресей¬ліктер қолданған. 1845 жылы Ресей заңдарында жаңа туған баласының жанын алған безбүйрек аналардың психикалық жағдайын зерттеу, күдіктіге жаза тағайындау кезінде оның психикалық жағдайына байланысты жеңілдіктер жасау қарастырылды. 1980 жылдары Еуропаның көптеген елдерінде психикалық ауытқушылығы салдарынан баласына қол жұмсаған аналардың жазасы жеңілдетіле бастады.

Психолог, педагогика ғылымда¬ры¬ның кандидаты Мейрамгүл Есенғұло¬ваның айтуынша, босанған аналар қыл¬мысқа уақытша психикалық ауытқу¬шылықтың әсерінен баруы мүмкін. Өз шаранасын өлтірген әйелдер сол сәтте аффектілік күйде болады, яғни өз әрекеттеріне есеп бере алмайды. «Кез келген жүкті әйелдің бойында көңіл күй өзгерісінің болуы қалыпты жағдай. Ал кейбір әйелдер бала туғаннан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүмкін. Оның себебі болашақ анаға босанғанға дейінгі ішкі және сыртқы факторлардың қаншалықты деңгейде ықпал етуіне байланысты. Әрбір жүкті әйел психоэмоционалды күйін үнемі бақылауда ұстап және дер кезінде қажетті маманнан кеңес алып отырса, бұндай жағдайлардың алдын алған болар едік», – дейді М.Есенғұлова. Психолог сөзінің жаны бар, біздің қоғамда психологқа жүгінуді ұят санайтын, маманның қабылдауына жіберсе, кеміту, қорлау деп ұғатындар жетерлік. Тәніміз ауырғанда дәрігердің көмегіне қаншалықты жүгінсек, жа¬нымыз ауырғанда да маманның көмегіне соншалықты зәру екенімізді ескере бермейміз.

Ананың жаңа туған сәбиін өлті¬руіне себеп болған факторлардың аты аталып, түсі түстелді делік. Ал әйелдердің өсіп қалған баласына қол салуын немен түсіндіреміз? Батыс психологтары анасының біршама жасқа келген баласын өлтіруін әлеуметтік түйткілдермен байланыстырады. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі көрсетіледі. Біріншісі – әйелдің күйеуін жек көруі. Яғни күйеуіне іші жылымайтын әйел өшін баладан алуы мүмкін. Мәселен, өткен жылы Тараз қаласының 26 жасар тұрғыны бес және бір жарым жастағы екі баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген болатын. Бауыр еті балаларын өлімге қиған ана мұндай қатыгездікке «күйеуіммен жанжалдасқан соң бардым» деп түсініктеме берген. Көршілері де ерлі-зайыптының арасында жиі түсініспеушілік болатынын растапты.

Ананың өз баласын жек көруіне екінші себеп – әйелдің ішімдікке жақын болуы. Ащы суға салынған ананың жайы белгілі, ал егер күйеуі де маскүнем болса, жүйкесін ішімдік жұқартқан ата-ананың баланы жазым етуі жиі кездесетін жайт. 2014 жылдың 25 наурызында болған оқиға сөзімізге дәлел бола алады. Отбасының шырқы бұзылуын қос перзентінен көрген әйел ішімдікке сылқия тойып алып, қыздарын өлімші етіп сабаған. Соққының ауыр болғаны соншалық, екі жасар қызы сол жерде жан тәсілім етіп, 4 жастағы перзенті жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Дәрігерлер бес күн дегенде беті бері қараған баланың бұған дейін де бірнеше мәрте таяқ жегенін айтты. Екі баласын аяусыз соққыға жығып, біреуінің өліміне себепкер болған 38 жастағы әйел енді екі қызын да көре алмайды. Заң әйелде психикалық ауытқушылықтар барын ескеріп, жазасын жеңілдеткенімен, ар жазасы ауыр болатыны сөзсіз.

Психологтардың айтуынша, баланы жек көретіндердің қатарында әлі жастық буы басылмаған, желігі тарқамаған тым жас аналармен қатар өзін қатты жақсы көретін, әлем бір өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдер де бар. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Татьяна Лапаногованы көршілері осындай адамдардың қатарына жатқызады. Қаныпезер ана екі баласын бірдей пышақтап тастаған. 5 және 12-жастағы бүлдіршіндер өз үйінде қанға бөкті. Адам сенбейтін қылмысқа барған жас ананың қолынан кенже ұлы оқиға орнында көз жұмған. Ал, жарақат алған соң сыртқа қашып шыққан үлкен ұлы көршілерінің арқасында аман қалды.

Мейірсіз анаға заң неге мейірімді?

Бауыр еті баласын өлімге қиятын аналар көбейіп кеткендіктен Қазақстан Респуб-ликасының Қылмыстық кодек¬сіне «Жаңа туған сәбиді анасының өлті¬руі» деп аталатын 97-бап ен¬гізіл¬ген болатын. Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған сә¬биін туып жатқан кезінде, сол сияқ¬ты одан кейінгі кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есінің дұрыс¬тығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі – төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостан¬дығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазала¬нады». Мысалы, жаңа туған нәрестесін әжет¬ханаға лақтырып тастаған қыз Атырау облысы, Қызылқоға аудандық сотының үкімімен 4 жылға сотталды. 2014 жылдың 23 шілдесінде сотталушының көршісі өз ауласындағы дәретхананың ішінен полиэтилен пакетке салынған сәбиді тауып алған еді. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы және дәрігер келіп, әлі тынысы үзілмеген нәрестені шығарып алды. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алғандықтан, бала облыстық перзентханада қайтыс болды. Ал оның тасбауыр анасы, Атырау облысы, Сағыз ауылының тұрғыны Айнагүл Мансұрова Қылмыстық кодекстің 97-бабы бойынша бар болғаны 4 жыл арқалады.

Тумай жатып өлім құшқан сәби¬лердің азаймауына олардың анасына берілген жазаның жеңілдігі де себеп сияқты. Мәселен, салыстырмалы түрде осы кодекстің 175-ші, «Ұрлық» бабын алып қарайық. Онда ұрлықтың қалай жасалуына байланысты, күдіктінің айыппұл төлеуден бастап, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі, он жылға дейін бас бостандығынан айы¬рылуы мүмкін екен. Сонда бейкүнә нәрес¬тенің мүлік құрлы құны болма¬ға¬ны ма?

Баласын қоқыс жәшігіне тастаған без¬бүйрек аналарға Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни өз-өзін күтуге дәрмені жоқ адамдарды, мысалы, сәбилерді, қарттарды, науқастарға көмек көрсетуге мүмкіндігі бар және міндетті болып табылатын адам оларды көпе-көрнеу көмексіз қалдырған болса, ол адамға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алынады. Ал көмек¬сіз қалған адам, мысалы, қоқысқа лақтырылған бала қайтыс болса, оны лақтырып тастаған анасына не айыппұл салынады, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады. Өз ішінен шыққан перзентіне қайырылмаған аналарға бұл заң тым қайырымды емес пе? Тәуке ханның заманында мұндай безбүйрек аналарды өлім жазасына кескен. Жеті жарғыда: «…Некесіз туған баласын ұяттан (қасақана) өлтір¬ген әйел өлім жазасына кесі-леді» делінген.

Жазаны қатаңдатсақ, соңы бала өлімімен аяқталатын жантүршігерлік оқиғалардың саны азаяр ма еді?! Перзентін жаны ашымаса да, өзім¬шіл аналар өз тағдыры таразыға тартылатынын, болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін екенін ойлап, асығыс қадам жасамас, бәлкім. Әзірге туған ата-анасының қолынан өлім құшқан сәбилердің саны көбеймесе азаймай тұр. Бір ғана Павлодар облысын тілге тиек етсек жетіп жатыр. Жуырда облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өткен жылдың статистикасын ұсынған болатын. Дерекке сүйенсек, өңірде бір жыл ішінде 6 дені сау нәресте көз жұмған. Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Жармакинаның айтуынша, олардың үшеуін ата-аналары өз қолымен өлтірген. Сондай-ақ, әке мен шешенің салғырттығынан тағы 3 қайғылы оқиға орын алыпты. Жаңа туған баласын көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен лақтырып жіберген қатыгез ана да осы өңірдің тұрғыны. Гүлнәр Жармакина өз перзентіне қол жұмсаған қатыгез әкелерді де тізіп берді: «Айуандықпен бала өлтіру оқиғалары Екібастұз қаласы мен Качир ауданында анықталды. Кеншілер шаһарында ішімдікке бой ұрған әкесі екі айлық баласының өмірін қиды. Ал Качир ауданының Федоровка ауылында әке мас күйінде үш айлық баласын өлтірген», – дейді ол. Біз бүгінгі мақалаға өз қағынан жеріген әйелдерді ғана арқау еттік. Ал тасбауыр әкелер жайлы әңгіме мүлдем бөлек.

Автор:
Анар Лепесова. «Түркістан».