Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІЗДІҢ МАНДАТ


23 мая 2015, 23:18 | 1 744 просмотра



Әдетте қай елді мекеннің болса да ауыл, аудан, облыс көлеміне танымал ресми билік өкілдерінен басқа жергілікті халық ерекше құрмет тұтатын шоқтығы биік, еңбегімен елге танымал абыройлы азаматтары болады. Мұндай дәрежеге көтерілу екінің бірінің қолынан келмейтін – үлкен еңбектің жемісі. Ел жүрегінің түкпірінен орын алған ондай жандардың еңбектері адал, есімдері өміршең, атақ абыройлары тұрақты, әрі ұзақ болатыны ақиқат. Алматы облыстық ауруха¬на¬сының хирургия бөлімінің мең¬герушісі, дәрігер Мандат Есен-ғараұлы Долаев сондай жандардың бірі.

Өңірдің әлеуметтік жағ¬дайының бірегейі саналатын медицина саласында бұл азаматтың алатын орны ерекше. Тіпті, денсаулық қорғау саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Талдықорған қаласының кез келген салиқалы тұрғыны оның мақтаулы есімін, ерен еңбегін естімеуі мүмкін емес. Ақкөңіл адамгершілігі, абыройлы атағы, білікті маман екендігі облыс көлемі тұрмақ, республикаға да кеңінен танымал. Сөзіміз дәлелді болу үшін, бір ғана мысал келтірейік. Бірде бел¬гілі адамның мерейтойына Аст¬ана қа¬ласына барғанымда, Талды¬қор¬ған¬нан келгенімді естіген той қонақ¬тары: «Ол жерде атақты хирург Мандат істейді ғой», дегенді естіп, оның абырой-беделінің халық ара¬сында тым ауқымды екенін сезіндім. Кейіпкерімізді іздеген жан оны үйінен таба қоюы екіталай. «Қашан келсек ауруханада жүресіз, бұл жер сіздің екінші үйіңіз шығар?» деген сұрағыма: «Аурухана менің екінші үйім емес, бірінші үйім, себебі, өмірімнің жартысынан көбі осында өтті», – деді ол.

Расында да, қашан көрсеңіз аурухана ішінде жүретін Мандат Есенғараұлы жасы алпысты алқым¬даса да әлі тың, қимылы жіті. Әдетте түске дейін ота жасаудан қолы босап көрген емес.Ол жұмыс істейтін облыстық аурухана хирургия бөлімшесінде жылына мыңнан астам ота жасалынады екен. Егер әрбір ота әр адамның өмір жолындағы ажалмен арпалысқан қысылтаяң сәттері екенін, сол оталардың жартысынан көбі Мандат Есенғараұлының тікелей қатысуымен, қалғандары қадағалауымен өтетінін ескерсек, оның ұшан-теңіз еңбегінің бағасын сезінуге болатын шығар. Қауырт жаса¬лынатын оталарды есептемегенде бір күнде жоспарлы түрде бір¬не¬ше науқасқа ота жасалынып жатады. Негізінде кейіпкеріміз Алматы облысындағы Бөрлітөбе өңірінің тумасы.

Айтуынша марқұм әкесі кезінде Балқаш көлінің жағасында орналасқан Үлгі колхозының төрағасы болған. Кезінде Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев сияқты теңдесі жоқ саңлақ композиторлар, Сара Тыныштығұлова секілді әйгілі әнші оқыған осы ауыл мектебін алтын медальмен аяқтаған ол өзі бала күннен армандаған дәрігер мамандығын қалаған. 1978 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу бөлімін бітіргеннен кейін, туған өлкесіне келіп, еңбек жолын Талдықорған облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінен бастаған. Күні бүгінге дейін осы жерде тапжылмай 36 жыл еңбек етіп келеді. Соның соңғы 25 жылы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Білім-тәжірибесі ескеріліп, республика көлеміндегі үлкен клиникаларға сан рет шақырылса да, ол үйренген еңбек ортасын тастап кетпеді. Абы¬рой, атақты алыстан іздемеді. Оны бар құрметтің өзі іздеп келіп тапты.

Бүгінде ол Қазақстан Респуб¬ликасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары категориялы хирург-дәрігер. Талдықорған қаласы¬ның құрметті азаматы. Ең бас¬тысы – қайда барса да халқы қошемет¬теп қарсы алады. Одан артық қандай сый-дәреже болмақ. Жергілік¬ті жер-дің кез келген тұрғыны сырқат¬танса, қиналса: «Мандатқа бардың ба?» – деген сөз ел арасына мәтелдей тарап кеткен. Тіпті, терапия¬лық дерт болса да, кейіпкеріміз¬дің алды¬на бір рет барып, кеңесін тың¬да¬ма鬬 көбінің көңілі көнші¬мейді. Қа¬шан¬ көрсең де алыстағы ауылдан¬ кел¬гендерді жетелеп жүргені. Тума талантты дәрігер осындай болса керек. Бір қызығы,етжеңді, алып дене¬сіне қарамай ширақ, қағылез қимылдайды. Алып демекші, 1998 жылдың күз айы болатын.

Ел экономикасы қазіргідей көтеріле қоймаған кез. Жапониядан келген делегация өкілдері облысымыздың медициналық жай-күйімен танысып жүрді. Осы топты қарсы алушылар құрамында облыстық ауру¬хананың сол кездегі бас дәрігері Шаймерден Садықов бастаған дәрі¬герлер арасында мен де жүрген едім. Арамызда Мандат та бар. Қарсы алып, жайғасқаннан кейін қонақтар әй-шай жоқ: «Сумо, сумо», – деп мәз-мәйрам болып Мандатты қоршап алыпты. Басқаны түсінбесек де жоғарыдағы сөзді түсінетініміз анық. Біз де күліп тілмаш арқылы олардың ойын түсінгенімізді, алдарында тұрған балуан денелі азамат «сумо» емес, ең беделді хирург-дәрігер екенін айтып жеткіздік. Осының өзі оның жанының ғана емес, дене ірілігінен де хабар беріп тұрса керек. Бірде мынадай оқиға болды. Қарапайым жұмысшы Әсет деген кісі жалғыз ұлының ауруы асқынып кеткенін кеш байқап, жанын қоярға жер таппады. Осы біледі-ау, деген талай адамдармен іздеп барып жүздесті, кеңесті. Алматыдағы үлкен медициналық мекемелерге баруды да ойлаған.

Алайда көптің берген кеңесі жеңді ме, көңілі облыстық ауруханадағы хирургия бөлімінің меңгерушісі Мандат Долаевқа тоқтады. Өзі қарапайым еңбек адамы, зайыбы еден жуушы болып істейтін Әсет ең білікті хирургқа жолығарда әуелде қымсынғаны рас. Халық айтса қалып айтпайды деген рас екен. Облыстық аурухананың хирургия бөлімшесін жылдар бойы басқарып келе жатқан, аты аңызға айналған Мандат Есенғараұлы атақ-дәрежесіне қарамай, өте қарапайым жан болып шықты. Құдды бір бұрынғы танысындай жатырқамай қарсы алып, жылы сөйлесті. Әлде¬кімдер сияқты әлеуметтік жағдайы¬на қарап бөлмейтіні көрініп тұр. Қайта жағдайларын мұқият тыңдап, науқас жігітті жатқызып аса бір ыждаһаттылықпен қарап тексерді. Ара-тұра сұрақ қойып, әңгімелесті. Анализдеріне үңілді. «Уайымдай бермеңіздер, әлі-ақ құлан-таза жазылып кетеді. Тек көп созбай, үш күннен кейін бір орын босайды, сол орынға жатқызамыз. Ота жасамаса болмайды», – деді ол. Көңілдері сүлесоқ ата-ана үшін одан жақсы хабар болуы мүмкін де емес еді. …

Міне, ота жасалып жатыр. Мұндайда езуінен күлкі кетпейтін Мандатты тану қиын. Науқасқа жасалынатын отаны іштей жос¬парлап, сырқат денеге қырандай қадалған көздерінде жаңағы жы¬лылықтың ізі де қалмаған. Кесек пішінді, қоңырқай реңі салқын тартып, қабағы қатуланып алыпты. Қолындағы жалтылдаған скалпельмен алдындағы науқастың іш терісін аса бір ептілікпен жарып өтті. Жағдай тым асқынып кеткен. Ішектің біршама тұсы іріңдеп қабысып қалған. Оның үстіне әр қимылыңа абай болмасаң жоғары тұстары торсылдап жарыл¬ғалы тұр. Іріңдеп жабысқан жерле¬рін кесіп алып, екі ұшын жалғау оңайға түспейтін шаруа. Адам¬ның ішегі мата емес екені белгілі, оның үстіне сау емес, ісінген ауру ішек. Епті саусақтары жіті қимыл¬дап маңдайынан аққан терді де бай-қамайды. Арасында шәкірттеріне әр жерін шұқи көрсетіп, сөйлеп қояды. Айтқан ауызға жеңіл бол¬ғанымен бұл адамның өмірі мен өлім арпалысқан сәттер еді. Операция ұзаққа созылды.Өзіне түскен жауапкершіліктің жүгі тым ауыр екенін жете ұғынатын тәжірибелі хирург бұл операцияны да сәтті аяқтады.

Сырқаттың ата-анасының дәрігерге айтқан рахметінде шек жоқ. Алматы облыстық аурухана¬сы¬ның хирургия бөлімшесі С.Асфен¬дияров атындағы Алматы медицина университеті түлектерінің соңғы интернатура курсын өтетін оқу базасына айналғалы көптеген жылдардың жүзі болған. Тәжірибелі хирургтің әрбір қимылын жіті бақылап, айтқан сөздерін миларына мұқият тоқып үйренген шәкірттер ұстаздарына дән риза. Онымен бірге операцияға қатысқандарын мақтан тұтады. Бәрінің ойындағы арман белгілі хирург Мандат Есенғараұлындай білікті маман болу.

«Басқа мамандықты білмеймін, хирургке қателесуге болмайды», деді ол, отадан кейін тынығу бөлмесінде ыстық көк шайды сораптай отырып. Оның маңдайынан аққан мөлдір тер осы жүрекжарды сөзінің мөлдірлігінің белгісіндей әсер қалдырды.

Автор:
Мырзахмет ЕРЕЖЕПОВ, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. ТАЛДЫҚОРҒАН.