Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қатерлі тері ісігі дертіне қарсы күрес күні атап өтілді


17 мая 2015, 20:22 | 1 900 просмотров



АЛМАТЫ. Қазақстан қатерлі тері ісігі - меланома дертіне қарсы күресте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жаһандық бастамасына қосылды.

Мамырдың 13-де Алматыда дерматолог, косметолог және онколог дәрігерлерге арналған «Меланома ауруын диагностикалау және емдеу алгоритмдері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мамандардың айтуынша, Қазақстан Орта Азия елдерінің арасында меланома дертіне шалдығу бойынша бірінші орында тұр. 2013 жылғы деректер бойынша Қазақстанда меланома дертінің айтарлықтай жоғары көрсеткіштері Алматыда, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелген.

Жыл сайын Қазақстанда меланомадан 150 адам көз жұмады. 2012 жылы 286 емделушіге меланома диагнозы қойылған. 2013 жылы дертке шалдыққандар саны 326-ға дейін артқан. 2014 жылы 340 науқас тіркелген.

«Терідегі пайда болған пигменттерді алып тастау ниетімен емделушілердің жалпы машықтағы дәрігерлерге, дерматологтарға, әсіресе, косметологтарға жүгінуі кезінде оларға лазермен, сұйық азотпен немесе хирургиялық әдіспен емдеуді рұқсат ету үшін алдын-ала онкологқа консультацияға жіберу ұсынылады. Дерматофиброма, гемангиома және бұрын-соңды жарақатсыз-ақ теріде пайда болатын тыртық түрінде байқалатын ерекше және жіктелуге жатпайтын тері меланомалары туралы біліп, есте ұстаған жөн. Тек онкологтың қорытындысынан кейін ғана дәрігерлер терідегі пигменттік невустарды (дақтарды) емдей алады», - дейді С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Дипломнан кейінгі білім беру институтының дерматовенерология және эстетикалық медицина кафедрасының меңгерушісі Ася Қабылбекова.

Меланоманың дамуын қоздыратын басты фактор - ультракүлгін сәулелердің ұзақ әсері. Айтпақшы, күн сәулесінің өмір бойғы әсері жиналып, қосыла беретінін ұмытпаған да жөн. Сонымен қатар меланомалардың дамуына пигменттік дақ жарақаттары әсер етеді. Атап айтқанда, бұл жерде әңгіме киімнің, аяқ киімнің қажауы, кесіп алған жаралар туралы болып отыр.

Мамандар сондай-ақ аса ыстық аймақтарға сапар шегуден қауіптенуге кеңес берді. Аталған ауруға көбіне терісі күнге тез күйетін аққұба терілі, секпілі және меңдері бар адамдар бейім келеді. Осыны ескере келе, суық жерде тұратын, терісі күнге бейімделмеген адамдарға бірден ыстық аймақтарға барып, күнге күюден қорғану керек.

«Меланома неғұрлым ерте анықталатын болса, соғұрлым оны емдеу жеңіл болады. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде таргеттік (нысаналы, шектелген) препараттармен емдеу, жеке тұлғаға бағытталған медицинаның бағыты кеңінен таралған. Аурудың кезеңіне байланысты емдеудің әртүрлі әдістері қолданылады. Олардың қатарында хирургиялық, сәулелік терапия, химиотерапия, иммунотерапия бар. Қазақстанда таргеттік терапия енгізіліп келеді, ол дүние жүзі бойынша тиімді емдеу әдісі саналады», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОжРҒЗИ) емханалық бөлімшесінің меңгерушісі Дина Төлеуова.

Автор:
Гүлмира Ғосманәли