Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ардагерді алдағаны несі?


12 мая 2015, 08:55 | 1 168 просмотров



Алматы облысында соғыс ардагерлері жеңістің жетпіс жылдығына көлік кілтін сыйлаймын деген әкімдік уәдесінде тұрмады деп шенділерге ренжулі.

Тіпті, әкімнің аузынан шыққан сүйінші хабарды ұялы телефонға да жазып алған. Алайда мерекеге санаулы күн қалғанда көлік берілмейді дегенді естіп, кейбір ардагерлер жедел жәрдем шақыртқан екен деп хабарлайды 31 арна.

Алматы облысы Қапшағай қаласында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі 10 ардагер бар. Солардың бірі – 91 жастан асқан Ескендір қария. 1942 жылы майдан даласына аттанып, 7 жылдан кейін елге оралған. Айтуынша, үлкен мереке қарсаңында қала басшылары үлкен сый-сияпат жасайтын болып уәде беріпті.

“Бастықтар айтқан, жетпіс жылдыққа машина береміз деген. Машина да жоқ, дым да жоқ. Осы күнге шейін жүрміз. Бізмейміз, қайда барамыз? Мен жеті жыл әскерге барып он бес жыл бір қасық, бір вилка алып көрген жоқпын”, – дейді соғыс ардагері Ескендір Күреңкеев.

"Көлік берілмейді" дегенді естіп, Ескендір қарияның көңілі су сепкендей басылған.

"Мемлекеттің ондай құрметіне аса зәру емес едім" деген ардагер әкімдіктің сөзіне баладай сеніп, қуанышты хабарды жақындарына жеткізіп қойған екен. Себебі қала әкімі батырдың шаңырағына да келіп, сүйінші хабарды жеткізген.

Тіпті, отандық арналардың біріне сұқбат та беріпті. Ардагердің жақындары әлі күнге бұл жазбаны көңілге медеу тұтып жүр. Ал батырдың жары қаладағы он ардагерге берілуі тиіс уәделі көліктердің қайда кеткенін сұрап, бірнеше есікті қағыпты. Тіпті, облыстық әкімдікке де барып, істің анық-қанығын білуге бекініп отыр.“Машинада емес мәселе, көңілде. Айтылғаннан кейін болу керек. Мен Алматы облысының әкімін, Қапшағай қаласының әкімін кінәлап жатқан жоқпын. Бірақ айтылған нәрсе неліктен болмай қалды?”, – дейді ардагердің жары Сажида Күркеңкеева.

Алдағы мерекеге қызу дайындық жүргізіп жатқан Қапшағай әкімдігі аталған жайтқа қатысты қандай да бір түсінік беруге дайын емес екен. Ал көлік мінеміз деп дәмеленіп қалған ардагерлер қала басшылығының уәдесі неліктен орындалмай қалғанын білгісі келеді.

Автор:
Дуанабай Жолдасбек. «Айқын»