Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ ӘКЕЛГЕН ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ЕСІНДЕ МӘҢГІ ҚАЛАТЫН АЗАМАТ


12 мая 2015, 08:50 | 1 476 просмотров


Ұлы жеңіске 70 жыл толып отыр. Ұлы жеңіс әрине оңайлықпен келе қойған жоқ. Сұрапыл соғыс елімізге қаншама қайғы-қасырет әкеліп, зардап шектірді. Міне осындай ел басына қиын қыстау күн туғанда Отанымыздың еңбектеген жасынан еңкейген қарияларына дейін жұмылып бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, бәрі майдан үшін деп қайнаған еңбекке кірісіп кетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған тыл ардагерлері күн демей, түн демей жүріп зор еңбектерімен алапат соғыстың аяқталуын барынша жақындатуға зор үлес қосып, соғыс зардаптарын жоя біліп, халыққа бейбіт өмір силады. Міне осындай жандардың бірі Бабашев Мұқаш. Ұлы Отан соғысы жылдары Мұқаш ата басқарған колхоз миллионер болып, Ұлы Жеңістің жақындауына барынша ықпал етуге тырысты. Осы алапат соғысқа колхозшылар және оның басшысы Мұқаш Бабашев өздерінің көмек қолын ұсынып, ол кісі И.В.Сталинге хат жазды. Жауыз немі-фашист басқыншыларын күл –талқан етіп жеңу мақсатында танк құрастыру үшін Совет Одағының Қызыл Армиясына көмек ретінде 120 000 сом қаржылай көмектерін жіберде.

1945 жылы 9 мамырда миллионер атағы бар Еңбекшіқазақ қолхозының тұрғындары, бүкіл Советтер Одағының халқы Ұлы Отан Соғысының жеңіс күнін тойлады.

Міне бүгінде осы Еңбекшіқазақ ауылында соғысқа кетіп

қайтпай қалғандарға және елге оралғандарға арнап үлкен мемориалдық тақта жасалып, олардың барлығын мақтанышпен, құрметпен еске алу іс-шаралары ұйымдастырып жатыр.

Бабашев Мұқаш 1895 жылы, осы кездегі Алматы облысы, Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ елді мекенінде, Көксу өзенінің жағасында дүниеге келген. Әкесі Бабаш егіншілікпен шұғылданған қарапайым шаруа болған. Ол кісі 1903 жылы дүниеден өткенде Мұқаш 8 жаста еді. Ерте жетім қалған Мұқашты әкесінің жұмыс істеген шаруашылық қызметкерлері қамқорлыққа алады. Сол мекемеде 1903-1913 жылдар аралығында, қайырымды азаматтардың көмегімен әке ісін жалғастырады. Мұқаш өзіне сеніммен тапсырған жұмыстарды орындау барысында ерте есейіп, қаражат тауып, өз жағдайын жасауға кіріседі.

1913-1916 жылдары байлардың қойларын баққан. 1916-1929 жылдарда егіншілікпен шұғылдана жүріп, сауатын ашып, әріп танып, жазуды, есеп-қисап жұмыстарын үйренеді.

1929 жылдан 1930 жылдың қазан айына дейін, Талдықорған ауданында дүкенші, соңынан ауылдық кеңестің басшысы қызметтерін атқарды.

1931-1932 жылдары Талдықорған ауданындағы орталық дүкенде меңгерушілік қызметті атқарды. 1932-1933 жылдары Талдықорған ауданы, Еңбекшіқазақ колхозында өндіріс басшысы қызметіне тағайындалады. Осы 1932 жылы, Тентек елді мекенінде, қазіргі Балпық би кентінде (Көксу ауданының орталығы) қант өндіретін зауыт салуға жоғары басшылық шешім қабылдайды, осы шешім нәтижесінде Қаратал, Көксу, Жетісу өзендерінің алқаптарындағы суармалы құнарлы жерлерге (біздің ұлтымыз, ата–бабаларымыз ешуақытта егін өсірмеген жерлерге) жаңа дақыл – қант қызылшасын егіле бастады. Аталған дақылды осы елді менендерге жерсіндіру үшін, колхозшыларды жұмысқа ұйымдастыра білетін басшылар қажет болды. Осы талаптарға сай 1935 жылы Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Көксу ауылдық кеңесінің қарамағындағы, Еңбекшіқазақ колхозының ұжымының, колхозшылардың қолдауымен Бабашев Мұқаш осы аталған елді мекенге бастық болып сайланды. Ауылдағы еті тірі еңбекке құлшынып тұрған жастарды білім алуға бағыттап, әсіресе, ауыл шаруашылығын көтеретін салалар бойынша оқуға жіберіп, колхозға мамандандырылған кадрлады жинай бастайды. Сол жастардың бірі менің әкем Сулейменов Яхметті Талғар қаласындағы техникумға оқуға жіберіп оқытады. Әкем Яхмет ол техникумды қызыл дипломмен тамамдап келіп ауылда механизатор болып еңбек жасайды. Осындай білімді жастармен колхоз белседілерін топтастырып қызу еңбек майданын жүргізіп жатады.

Колхозды басқару жұмысына кіріскен күннен бастап, сол ұжымның халқының әл-аухатын көтеру үшін егіншілік: қант қызылшасы, астық, бау-бақша, жеміс-жидек, жем-шөп т.б. және төрт түлік мал: қой ешкі, ірі-қара, жылқы, түйе өсіріп, өнімді мол алуды негізгі міндет ретінде колхозшыларға түсіндірді. Осы атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттердің нәтижелері алғашқы жылдардан-ақ көріне бастады, оған дәлел ретінде, аудандық мұрағатта сақталған төмендегі құжаттар:

«Социалистік тұрмысты жасаушы-еңбек өнімін арттыру жөнінде, Социалистік жарыста ерекше белсенділік көрсеткені үшін: Еңбекшіқазақ колхозының ұжымына және басшысы Бабашев Мұқашқа Мақтау қағаз табыс етілсін». 30 май 1936 жылғы, 115 куәлігі. Қазақ Советтік Социалистік Республикасы – ҚазССР.

Бабашев Мұқаштың ел басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін айғақтайтын келесі құжаттың мазмұны:

«Бабашев Мұқашқа өз ауылдастары зор сенім артып, колхоздың председателдігіне бірауыздан сайлады. Осы жұмысты өз мойнына алған Мұқаш, тынбай еңбектеніп, колхозының председателдігіне сайланғаннан бері үлкен табыстарға жетті. Себебі: бұл жолдас және ол басқарған колхоздың қызылша өсіруші еңбеккерлері 1936-шы шаруашылық жылы қант қызылша түсімін арттырып, Стахановшылар қатарында озып, әр гектардан 380 центнерден өнім жинады. Сондықтан, жолдас Бабашев Мұқаш Алматы облысының аймақтық қызылша себу кеңесіне, Қаратал ауданынан анық өкіл етіп жіберілсін». Сондықтан растаймыз. Аудандық Атқару комитетінің (Атком) председателі: қолы,(Зажародников). 5.1.1937 ж.

Кеңес үкіметі билік құрып тұрған кезеңде мемлекеттік және ұжымдық мәселелерді жергілікті коммунистік партия ұйымы мен атқарушы билік – жергілікті өкімет шешетін. Сондықтан Мұқаш ауылшаруашылығына қатысы бар Республикалық, облыстық, аудандық, жергілікті жиын, жиналыстар, конференциялардың көпшілігіне қатысып, шаруашылықтың өркендеуіне кезінде тиімді пікір қосқан адам. Мұрағатта әр кезеңдердегі шақыру мандаттарының көшірмесі сақталған.

Еңбекшіқазақ колхозының ұжымы шаруашылықтың барлық саласынан жоғары көрсеткіштерге жетіп Миллионер колхозы атанып, колхозшылардың тұрмысы жақсарып келе жатқан кезде, 1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан Соғысы басталды. Бұл кезде бүкіл Кеңестер Одағының азаматтары бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін деген ұранмен кәрі жасына қарамай еңбек етті. Күндіз колхоз жұмысымен айналысқан әйел азаматшалар түнде майданға қолғап-шұлық тоқып қолдарынан келгенше майданға тірек бола білді. Соғыс болып жатқан жерлерден көшірілген қарт қариялар мен бала-шағаларды колхоздың ауқатты мүшелеріне бөліп табыстап беріп, Мұқаш атамыз өз отбасына да 2-3 баланы қамқорлыққа алып, бағып-қақты. Кейін олар өз жерлеріне кеткенімен, біздің ауылмен қарым – қатынаста болып келді. Осы алапат соғысқа колхозшылар және оның басшысы Мұқаш Бабашев өздерінің көмек қолын ұсынды, ол кісі И.В.Сталинге хат жазды. Хаттың мазмұны:

Москва, Кремль

Товарищу Сталину!

Дорогой Иосиф Виссарионович!

Желая помочь Героической Красной Армии быстрее разгромить немецко-фашистских захватчиков внес из возможных сбеережений 120 000 рублей для танковой колонны. Пусть танк, построенный на наши средства уничтожает фашистских людоедов, освободить Советскую землю от немецкой нечисти.

Председатель колхоза Енбекшиказах, Каратальского района, Алматинской области, КазССР, Бабашев Мукаш, 28.1.1942 г.

И.В. Сталиннің Бабашев Мұқашқа арнайы жазған алғыс –жауап хаты:

«Примите мой привет и благодарность Красной Армии тов. Бабашев за Вашу заботу обороне танковой силе Красной Армии.

И Сталин. 3879 36д/4 537 Печать Пред. Колхоза тов. Бабашеву Мукаш

1945- жылы 9 - мамырда миллионер атағы бар Еңбекшіқазақ қолхозының тұрғындары, бүкіл Советтер Одағының халқы Ұлы Отан Соғысының жеңіс күнін тойлады. Осы жылдың күзінде Бабашев Мұқаш қайтыс болды, ол кісінің қазасына байланысты отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтылған бірнеше мақалалар шықты. Міне біздің осындай ата-бабаларымыздың қажымас қайраттары мен тынбай атқарған еңбектерінің арқасында Ұлы Жеңіс күні елімізге бірте-бірте жақындай түсті. Ендігі айтарым, осындай еңбектер ұмытылмай, қазіргі жастарымыз білім мен ғылымға, еңбекке талпыныстары жоғары болып, ақыл парасаттары мол болғанын тілеймін.

Автор:
Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, химия ғылымдарының докторы Сулейменова О.Я.