Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ерлік пен еңбекке толы ғұмыр


12 мая 2015, 08:47 | 1 589 просмотров



Қыстың жолы ұзақ, күн қаһарына мінген желтоқсан айы түтігіп тұр. Қар көрпесімен қымтаған қыр беткейлерінде тіршіліктің нышаны жоқ меңірейіп қалған. Ат-шанаға тиелген жас жігіттер жаңа ғана жылап, сықтап соңдарында қол бұлғап қоштасып қалған туған-туыстарының қапалы жүздерін ұмыта алмай көңілдері жабығып, өз ойларымен өздері арпалысып келе жатқаны байқалды. Төмен қарай сары шұнақ аяздан танауы пырылдаған ақ боз ат желіп, тез жүрді. Шана үстіне салынған көк шөптің жұпар иісі мұрынды қытықтап, кейінде қалған ауылдың тыныс-тіршілігін көз алдына әкеліп, біраз көңілдерін қобалжытып, әлден-ақ қимастық сезімін ұялатқан.

Содан күн сәскеге келіп қалғанда қыс кезінде арнасы тарылып, иерелеңдей аққан Көксу өзеннің бойындағы жолға әскерге кетіп бара жатқан жас жігіттердің шанасы сырғанай келіп түсіп еді. Өзеннің бойындағы тал-шыбықтар ақ қырауға оранып, үлбіреп ақ жамылғы жамылған қыздай мүлігіп тұр. Қасиетті Көксу өзені бұлақтай болып, буы бұрқырап сарқырап ағып жатыр.

- Жігіттер, Көксудың суынан ішейікші, туған жердің шәрбаты ғой. Осыдан елге қайтіп ораламыз ба, жоқ па, білмейміз, ең құрығанда туған жердің бал татыған бұлақ суы таңдайымызда қалсын,-деп алдымен Тастан шанадан секіріп түсті. артынан барлығы түсе қалып, омбы қарды кешіп, өзеннің жағалауына қарай жүгірді. Жағасы сіресіп, қатып қалған әппақ мұз болғандықтан біреуінің қолына ілінген темір күрешкемен өзен суын әрең іліп алып, кезек-кезек барлығы тастай суды шіміртпей ішіп жатыр. Өзеннің жағалауына шөккен түйедей болып, тұрып қалған биік таулардың жотасындағы жалаңаш жартастар мұнартады.

- Жігіттер мына үш дүлдүл жартастың басына шығайықшы, - деді ішіндегі әлдекім қатты дауыстап. Барлығы үш ағайынды батырдай болып, қол ұстасып тұрған, табиғат пен жылдар салған ескерткіш тастарға көз тікті.

- Жігіттер, бәріміз дәл қазір басына өрмелеп шығайықта, бір-бір затымызды қалдырайық. Бұл туған жердің топырағына аман-есен ораламыз деген ырым болсын,-деді Көкен қалтасын қарманып.

- Дұрыс, кімде-кім аман-есен елге қайтса, сол затын осы үш дүлдүлдің басынан өзі шығып алатын болсын,-деді Жылқайдар төс қалтасындағы асығын шығарып жатып. 18 бен 25 жас аралығындағы өрімдей жас жігіттер дереу тау беткейіне қарай жүгіре жөнелді. Айтар ауызға жеңіл болғанымен жартасқа шығу оңай шаруа болмай шықты. Бірақ, терең жауған ақша қардың көмегімен табандары тайғанақтамай, биік үшке бөлініп тұрған жартастың шыңына шықты.

Бұл жерден Лабасы етегіндегі ауылдар мен алыста мен мұндалаған Талдықорған қант зауытының мөржарларына шейінгі сурет анық көрінді. Көк жүзінде ақша бұлттар жүзіп, бірен-саран қалықтап құстар ұшып жүр. Сонау заңғар биіктен қыстың бұлыңғырлау күні сығырайып қарап қалыпты. Жер-әлем әппақ көрпеге оранып, бұйығып жатыр.

Жылқайдар бір сәт мына тып-тыныш ақ әлемнің бір түпкірінде бомба жарылып, оқ атылып жатыр-ау деген ұғымның алдамшыдай болғанын сезінді. Бірақ, мынадай жарық күн, бейқам дүние осы маңда болғанымен алдарында адам жанын түршіктірер қанды соғыс күтіп тұрғанын ол ұмыта алмады. Дереу қолындағы асығын ұшқыр жартастың бір шұңқырына жасырды да алды-артына қарамай төмен жүгіре жөнелді. Шынында сол күні соғысқа аттанған он жігіттің сегізі ауылға қайтып оралған жоқ. Тек жараланып, тірі қайтқаны Көкен мен Жылқайдар ғана болды.

-Кімдер оған қайысып, жыламады,

Туған ауыл қайғырды тына қалды.

Бәрімізге бәрінен қатты батты-ау,

Ошағының оты өшіп құлағаны,- деп ақын Мұса соғыстан келемей қалған жалғыз ұлды үйдің мұң-зарын жырымен жеткізіпті.

Жас та болса, көңілінде түйгені бар, зерек Жылқайдар біздің Қызыл Армияның мүлдем мұндай соғысқа дайын емес екенін әскерге барған алғашқы күні-ақ көрді. Алда күтіп тұрған соғысқа дайындау үшін мылтықтың оғы мұрындарына келмеген өрімдей жас жігіттерді сапқа тізіп, жазықтау қар жамылған далаға алып барды. «Былай ат, шүріппесін былай бас, былай оқта» деп бір-екі рет нұсқаушылардың шала-пұла көрсеткенінен балағаттауы көп болды. Қазақ ауылдарынан әскер қатарына шақырылған көп жастар орыс тіліне шорқақ еді. Уақыттың тығыздығы соншалық, бәрін лезде үйреніп, ұғу керек болды. Оның үстіне сапырылысып, асығып-үсігіп, сасып-салбырап жүрген сержанттар мен лейтенанттардың қабақтары қатулы, қандары қарайып кеткен. Ешкімге қарауға да шамалары жоқ, мұрындарынан шаншылған. Күн сайын алдыңғы шептен келіп жатқан хабарлардың дәл қазір көңіл тыншытар емес екенін бір әскери адам жас солдаттарға қысқаша ғана айтып үлгерді.

Осындай әскер арасындағы дүбірлеңнен Жылқайдар көңілі көп жағдайды түсінген. Батыста лаулап жанған соғыс өртінің жалыны жақындап келе жатқанын ұқты. 1941 жылдың 6 желтоқсаны күні әскер қатарына алынған Жылқайдар №1045 атқыштар полкінде дайындықтан өтті. Апыл-ғұпыл әскери эшалондарға тиеп алып, орыстың бір қаласы маңында қолдарына ұстата салған мылтықтарынан он шақты оқ атқызып, іс-тәжірибесі бар деп саналған жас солдаттар соғыс өрті шарпыған майдан даласынан бірақ шықты. Ол әскери антты 1942 жылдың1 қаңтары күні сегізінші гвардиялық Панфиловшылар дивизиясында қабылдады. Одан кейін қанды шайқасқа кірді, алайда жас жігіттің қатты қиналғаны қолындағы қаруының жоқтығы еді, жауға өліспей-беріспейміз деп жігерленіп келген өрімдей жауынгерлердің көңілі су сепкендей басылды.

Командирі орыстың жас жігіті: «Солайда, солай қару-жарақ жетіспейді. Алты адамға бес оғы бар, бір винтовка, егерде біреу ажал құшып, немесе жаралана қалса дереу қаруын алып, ары қарай атысып, соғыса бересіңдер» деген-ді. Әскери тәртіп қатал, бұйрықты орындамауға хақың жоқ. Сұрақ қоюға тіпті болмайды. Осылайша қолында басыбайлы қаруы жоқ жауынгерлер бақайшағына шейін қаруланған фашистермен соғыстың қанды шайқасына кірді.

Сонымен Жылқайдар мен Көкен Қазақстанда жасақталған генерал-майор И.В.Панфилов басқарған № 1075 атқыштар полкін толықтырушылар қатарына тап болды. Екінші тілмен айтқанда соғыста қаза болып кеткен жауынгерлердің орнын толтырды. Кейіннен Гвардияшы деген мараптқа ие болған бұл атқыштар полкі 1941 жылдың желтоқсанында Москваны қорғау шайқасына қатысып, ерліктермен көзге түсіп атақ-даңқтары шыққан еді. Осындай атақты атқыштар полкі құрамында Көкбастаудан бірге шыққан Көкен екеуі талай даланы өртке орап, орманды күңіреткен Москваны қорғау шайқасын бастан кешірді.

Бірде «Алға» деген ұранмен оқ жаудырып, фашистермен қолма-қол айқасқа түскені бар. сен фашисті атпасаң, ол сені атып өлтіреді. Оның үстіне бір адым кейін шегінуге болмайды деген әскери қатал бұйрық тағы бар. Артыңда қолында пистолеті бар командирің жүгіріп келе жатты. Олар алды көз ұшінда мұнартқан орыстың бір кішігірім деревниясына бекініп алған фашистерді ығыстыру үшін шабуылға шыққан. Немістердің минометтінен тоқтаусыз атылған оқтар ажал шашып, жыландай ысқырып, жер әлемді отқа шарпып келіп шашылғанда, зәресі зәр түбіне жетпейтін пенде болмайтын шығар. Әйтеуір бекініп алған немістер жағынан айнала көк түтінге оранып, снарядтар жарылып, оқтың қарша жауға толастаған сәтте қараса, жанында бірге жүгіріп келе жатқан Көкенді де басқа қарулас жауынгерлері де ұшты-күйлі жоқ. Жалғыз өзі, әудем жерге ұзап кеткен. Содан қолындағы мылтығын құшақтап, шайқас шебінде ажал құшып, жайрап қалған солдаттардың арасымен жанталасып, еңбектеп кері қайтты.

Қара түнектей орман арасына кірсе шыңғырған, ыңыранған жаралы солдаттардың дауысынан ауа жаңғырып, қара жер күңірегендей болды. Бір кезде «Жылқайдар» деген әлсіз естілген дауысқа жалт қараса Көкен жараланып, құлап жатыр екен. көкеннің шинелінің қабырға тұсынан жарыншақ тесіп өткені көрініп тұр, бір қолының сыртына шейін қаны шығып, ағып жатыр екен. ол Жылқайдармен жылап көрісті. Онсызда естері шығып шайқастан кейінгі жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп жатқан медбике қыздар мен дәрігерлер дереу Көкеннің шинелін кесіп жіберіп, жарасын таңа бастады. Оқ қабырғасына және иығына тиіпті.

Көкенді емдеу үшін госпитальға алып кететінін сезген Жылқайдар «Көкен, елге қайтсаң менен сәлем айта бар. менің анама бас-көз бол. Мен елге аман-есен ораламын ба, жоқ па, ол жағына көзім жетпейді» деген. Жаны қиналып кетті ме, Көкеннің көзінен жасы шығып, тағы жылап жіберді. «Жылқайдар, аман бол! Қош, Анаңды уайымдама жаным тірі болса, мен қол ұшын беремін» деп санитар машинасына тиеп жатқанда ауылдас жігітке қимастық сезіммен көзі жәудіреп қарап, кете берген. Кейін ойласа ол кезде олар небәрі 19 жастан сәл-ақ асқан екен. өрімдей жастар қанды қырғынды көріп, соғыстың өрт шарпыған қанды даласында, осылайша шыңдалыпты.

Онан кейін сұм Гитлер ревалюция бесігі болған Ленинград қаласын басып алып, Москва қаласына батыс жағынан соққы беру үшін «Барборосс» соғыс жоспарын жүзеге асыруға ұмтылды. Еліміздің майдан шебінде қиын жағдай туындады. Өліспей-беріспеу керек деген ұран біздің армияның басты темір қағидасына айналды. Ленинград қаласын жауға бермей ұстап қалу үшін резервте тұрған әскери, әуе күштерінің бір бөлігі жұмылдырылды.

Ленинград бағытындағы майдан шебін басқаруға армия генералы Г.К.Жуков тағайындалып, бір талай тың қарулы күштері сол қалаға шүйліккен неміс басқыншыларына қарсы тұрып, тоқтату үшін шоғырланды. Алайда, күш тең емес еді. Біздің армияда қару-жарақ, жарылғыш заттар, артиллерия және тағы басқа бақайшығына шейін қаруланған фашистерге қарсы тұратын әскери техникалар жетіспеді. Осыған қарамай Ленинград қаласының халқы қанішер жауға қасқайып қарсы тұрды. Енді бұл қаланы оңай ала алмасын білген фашистер қоршауға алды. Осы азы-түлігі жоқ, тұрғындары аштыққа ұшыраған қала 872 күн қоршауда қалды. Бірақ, қала тұрғындары асқан ерлік пен шыдамдылықтың, табандылықтың үлгісін көрсетті.

Қазірге шейін аңыздай айтылатын Ладога көліндегі қалаға азық-түлік жеткізілетін жолды халық «өмір жолы» деп атады. Революцияның бесігі болған осы қалаға ең алғашқы нан Қазақстаннан жеткізілгенін тарих беттерінен оқып білдік. Сол қиын-қыстау соғыс жылдары Жоғары әскери кеңес Волхов майдан шебін құруға мәжбүр болды. №54 армиясын күшейту үшін №4 армия құрамы берілді. Жылқайдар Егінбаев №143 атқыштар полкінің мергені Ленинградты қорғау үшін Волхов бағытындағы қанды соғысқа қатысты. Ленинград қаласын жанқиярлықпен қорғаған жауынгерлер қатарына болып, екі рет оқ тиіп, жараланып, әскери госпитальда емделіп, қайтадан алғы шепке оралды. Ол кезде жалындаған жас еді. «Отан үшін алға!», «сталин үшін алға» деген ұрандармен жаумен шайқаста алдыңғы топта жүретін. Окоптан бас көтертпейтін ажал оғы қарша жауғанда асқан бір ептілікпен қорғана білді. Мінезіндегі батылдық, қайсарлық өжеттікке өзінің талай қанды қырғыннан аман-есен шығуына көп септігін тигізгені анық. Командирі орыс жігіті риза болып, талай рет: «Молодец, Егінбаев! Наш храбрый стрелок!» деп мақтанғанда төбесі көкке екі елі ғана жетпей қалатын.

Жылқайдар аға оқушылармен бір кездесуінде сол қанды шайқас күндерін есіне алып: «Ленинград қаласының жері сазды болғандықтан, терең қазған окопымыздың іші лай суға, қарға толып кететін. Соған қарамастан жарма төсеп, күні-түні суық судың, қатқан мұздың үстінде көз іліндіріп жүрдік. Алайда суық тиіп, бір адамның жөтелгенін, ауырғанын көрген жоқпын. Недеген сол кездегі жауынгерлердің ағзасы мықты болған десеңші! Екінші бір таң қалғаным өзіңді емес, артыңда тұрған еліңді қорғау қажет екенін бір сәт естен шығармайтынбыз. Үгіт насихат өте мықты болды. Біл ел, жер үшін көзсіз батырлыққа баруға, ажал құшуға да дайын болдық. Мен патриотизмнің не екенін қанды майданнан ұғып, шыңдалып келгенмін.»

Сол жылдары Жылқайдар аға майдан даласында қанды шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, 1942 жылы «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», 1944 жылы «москваны қорғағаны үшін», 1945 жылдың мамырында «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдары Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бірақ, наградаға қуанатын емес еді. Кейіннен 1985 жылдың 11 науырызында «Отан соғысының бірінші дәрежелі» ордені майдангерді іздеп тауып, өңіріне тағылды. Жылқайдар ұрыстан кейінгі қайта жасақталған №8 дивизиясының негізінде №224 атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болып, соғыстың тозағында неміс басқыншылармен болған қанды ұрыстарға қатысты.

Алдыңғы шепте жүрген аға сержант шеніне ие болған жігіт «Бәрі де Отан үшін», «Сталин үшін» деген ұранмен алға жылдып бара жатқан әскер құрамында от кешіп, сан мәрте ажалмен бетпе бет келді. Сол бір қанды шайқас күндері әр бір болған ұрыстан, жараланбай аман-есен шығудың өзі ең зор олжа екенін қазақтың өжет жігіті жан-дүниесімен ұқты. Бірақ, бас сағалаудың не екенін білген жоқ. Өзінің шапшаң қимыл, батыл мінезімен қармағындағы жауынгерлерге өнеге көрсете білді. Соғыстың соңғы нүктесін Финляндия жерінде қойған жас жігіт төрт жылға жуық ел, жер үшін болған соғыстың қанды қырғынын бастан кешірді. Қазақтың «Қырық жыл қырғын болса да ажалдан өледі» деген мақалы бар. қанша ұрыстарда қара ажалмен бетпе бет келіп, кездесіп жүрсе де жастықтың әсері ме, әлде адам баласының еті үйреніп кете ме, қорқыныш деген құбылысты бастан кешіріп көрмепті. Бірақ, ол дайындығы өте нашар жауынгерлердің соғыстың алғашқы айларында орынсыз қырғынға ұшырағанын өз көзімен көрді. Жаны күйзелді, қабырғасы қайысты. Бұл жөнінде қазіргі кезде аз жазылған жоқ. Қанды соғыстың шындығы айтылып, енді тарихшылар әділ сараптама жасап жатыр. Мысалы, соғыстың тек алғашқы айында кеңес әскерлері 3138 мың адамынан айырылса, бүкіл соғыс барысында қаза тапқан солдаттар мен офицерлердің 40 пайыздайы осы қанқұйлы 41 жылдың үлесіне тиеді екен.

Сәл уақыт бұрын ғана сап-сау қатарында окопта бірге жатқан қаруластары оқ тиіп, аяқ астынан ажал құшып жатты. Бірде шабуыл кезінде өзінің де танктің ішінде қалып, тірідей өртеніп кете жаздағаны бар. жанындағы жауынгерлермен бірге жанталасып жүріп, сыртқа ытқып шығып, қаптап келе жатқан немістерге оқ жаудырып, қалың орманға бой тасалаған. Әйтеуір ажалы жоқ екен аман қалыпты. Бір ғана Жеңіс үшін қаншама боздақтардың өмірі қыршыннан қиылды десеңізші.

Әй, сұм соғыс!

Сен-өлімсің...

Өлім-кек...

Кектенген ел буар сертпен белін бек...

Бейбітшілік-қырағылық,

Һәм сақтық,

Сен тіріде бей-жай жүрер жөнім жоқ...

Әлі есте...

Қытымыр қыс, бұрқақ күз,

Мейірімге шөлдегенбіз сусап біз,

Көкелерді күте-күте майданнан,

Жеңгелерім жесір қалды ұрпақсыз... – деп жырлаған ақын Өтепберген Ақыпбекұлының өлеңінде шындықтың лебі есіп тұр.

Автор:
Н. Нурлыбеков