Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Менің Қазақстаным» пойызы соңғы нүктесі - Жезқазған қаласында болды


24 апреля 2015, 09:34 | 1 733 просмотра



30 күн байтақ Қазақстанды аралаған ізгі ниетті пойыздың кеншілер қаласындағы жұмысы сəтті аяқталды. Жезқазған - еліміздің мысты қазынасы. Байырғы қазақ жері өзінің жер асты байлығымен əйгілі еді. Мысты кен орны адамзатқа 3000 жыл бұрын белгілі болған. Бұған куә көптеген ашық жұмыстар кесіндері, балқыту пештері, жыныстар мен кен үйінділері. Бұрынғы кен қазушылар жер қойнауынан 2 миллион тоннадан аса жоғары сапалы мыс кенін шығарған. Уақыт өткен сайын мұндай өндірулер азайған. Сонау жылдардан халықтың жадында сақталып, бүгінге жеткен жергілікті жер атауы - Жезқазған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1954 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен 30 мыңнан астам тұрғыны бар Үлкен Жезқазған жұмысшылар кенті Жезқазған қаласы болып қайта құрылды.

Қарағанды политехникалық институтының кешкі оқу факультеті ашылды, ол 1992 жылы тау-кен технологиялық институты болып қайта құрылды. Кейін осы институт пен Жезқазған педагогикалық институты базасында қазіргі О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті ашылды. Жезқазғандықтар Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атымен аталатын тау-кен металлургиялық комбинатын ерекше мақтаныш тұтады.

Жұмыс күнінің қорытындысы бойынша өткізілген брифингте қала əкімі Батырлан Ахметов Жезқазғанда жасалған қызметке жеке-жеке тоқталды.

"Бүгін күні бойы республикалық акцияның қатысушылары топ-топқа бөлініп, қала халқымен кездесулер ұйымдастырды. Мемлекеттік қызмет көрсету мəселелері бойынша 15 адам қабылданса, əлеуметтік қолдау жəне қорғау сұрақтары бойынша 22 адамның мəселесі шешілді. Қоғамдық қабылдауға 17 адам, ал бизнес жүргізу жəне ауыл шаруашылық мəселелеріне қатысты 16 адам келді", - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар əкімнің айтуынша, "Менің Қазақстаным" пойызымен келген дəрігерлер орталық ауруханада, ал осы күні қалаға келген "Денсаулық" пойызының мамандары пойызда 700-ден астам адамды қабылдап, тиісті ем-домын жүргізді.

Сондай-ақ жұмыс күні барысында О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде "Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі" атты семинар-тренинг өткізілді.

Автор:
Әбу-Асқар Мекешұлы