Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәжікстан нәрестелерге «төре», «хожа», «әмір», «софы» есімдерін қоюды шектемек


24 апреля 2015, 09:24 | 1 450 просмотров



Тәжікстан әділет министрлігі ендігіден былай жаңа туған нәрестелерге «ұлттық мәдениетке жат бұйым мен өнімдердің және жануарлар мен құстардың атын қоюды шектеуді» ұсынып отыр. Аталған министрлік «Азаматтардың аты жөнін тіркеу туралы» заңға толықтырулар енгізе отырып, ел азаматтарының есімдері мен тегін жазғанда заңға сай, жалпыға бірдей дәрежеде ету ниетінде екендігін атап көрсете келіп, тұлғалардың ар-намысына нұқсан келтіретін және шектен тыс мадақтау мағынасындағы есімдерді қоюды тоқтату жөнінде ұсыныс білдірген.

Бұл бойынша өзгеріс енгізілген «Аза¬мат¬тардың аты-жөнін тіркеу туралы» жаңа заңның жобасы қазірден бастап-ақ облыстар мен аудандардағы осы салаға қатысы бар меке-мелердің бәріне жіберіліп жатқан көрінеді.

Әділет министрлігі жасаған заң жобасының түсін¬діруінше «тұлғалар есіміне «молла», «халифа», «төре», «хожа», «шейх», «уәли», «ахун», «әмір», «софы» сияқты жалғауларды жалғау – есім иелерін өзгелерден ерекшелеп, азаматтар арасында алауыздық тудыруға себеп болуы мүмкін» екен.

Әділет министрлігі аталған заңға жаңадан енгі¬зілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес енді жаңа туған балалардың тегі мен әкесінің атына «-зод, -зода, ёр, ниё, фар, пур, духт» деген қосымшаларды тіркеу міндеттеледі. Өз кезегінде аты-жөндегі бұл жұрнақтар есім иесінің белгілі бір тайпаға жататындығын білдіреді екен.

Жалпы, тәжік елінде жас балаларға ат қою мәселесі бірнеше жылдан бері талқыға түсіп келеді. Елдегі аты-жөнді тіркеу мекемелерінің айтуынша, жергілікті халық өз сәбилеріне көбінше арапша есім беруді ұнатады екен.

Өткен жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон халықаралық әйелдер мере¬кесі тұсында елдегі бір топ іскер әйелдермен кездес¬кенде – соңғы кезде тәжік әйел-қыздары шетелдік киімдерге елігіп бара жатқанын айта келе: «Халқымыз ешқашан қара киім кимеген, тіпті тәжік халқының аза тұтқанда киетін киімінің түсі қара емес. Бірақ көптеген әйел-қыздардың қара түсті киімге әуестігі байқалады. Бұндайлар өз тарихы мен мәдениетін білмейтіндер, тіпті, білгісі келмейтіндер. Кейбіреулер осы арқылы өз догматикасын көпшілікке таңып, қоғамды өз қалауларына қарай өзгерткісі келеді», – деп бұл құбылысқа лайықты бағасын беріп, сыртқы идеологиялық қауіптен сақтандырды.

Сол кездесуде тәжік президенті Ішкі істер министрлігіне әйелдер киімін тәртіпке салуды тапсырды. Бұдан соң Тәжікстан орта және жоғары білім ордаларында хижап киген қыз-келіншектерді оқу орнына кіргізбей, сақал қойған ер-азаматтарды қырынуға мәжбүрлеу шаралары күшейіп кетті. Сонымен бірге Тәжікстан қалаларындағы діни киім сататын көптеген дүкендерге ірі көлемде айыппұл салынды.

Өткен жылы мемлекет көлемінде ондаған мешіт¬тер жабылды, сондай-ақ бұл елде жасы 18-ге толмағандардың мешітке, 35-ке толмаған¬дардың қажыға баруға құқы жоқ.

Бір жағынан, әрине президент ретінде елдің идеологиялық тұтастығына мүдделі Эмомали Рахмонға да оңай емес, ТМД аумағын¬дағы ресми тіркелген жалғыз ислам партия¬сы осы Тәжікстанда. Сол себепті «кейінгі кезде Тәжікстандағы мемлекетшіл діни қайраткерлер мен саясатшылардың елдегі жалғыз ислам партиясының қызметін тоқтату жөнін¬дегі мәлімдеме жасауы» жиілеп кеткен. «Бұл – ресми Душанбенің экстремизмге қарсы күресу сылтауымен президент Эмомали Рахмон саясатын қолдаушы ұйымдар мен тұлғалардың өздеріне ұнамайтын топтарды жоюды көздейтіндігін білдіреді», – дейді бақылаушылар.

Автор:
Ахмет Өмірзақ