Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

426 науқасқа өздігінен ыдырап кететін 500 Absorb стенті орнатылды


17 апреля 2015, 10:53 | 1 506 просмотров



Алматылық кардиохирургтар күні бүгінге дейін 426 науқасқа өздігінен ыдырап кететін 500 Absorb стентін орнатқан. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихаты барысында қалалық кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы үш жылдан бері қалалық кардиологиялық орталық жүрекке қан апаратын қан тамырларын стенттеуге, яғни кеңейтуге өздігінен ыдырап, жойылып кететін «Абсорб» қантамырлық қаңқасын қолданып келеді. Оның ерекшелігі сол, «Абсорб» екі жыл ішінде толығымен өздігінен ыдырап, жойылып кетеді. Ал ең бастысы - бұдан кейін қан тамыры өзінің көлемін сақтап қалады. Абсорб бұл қаңқалық жүйе, яғни уақытша сипатқа ие. Ал бұған дейін қолданылып келген металлдық стент қан тамырында тұрақты имплантант ретінде сақталады.

«Өздігінен ыдырап кететін стент өз қызметін тұрақты атқарады. Біздің кардиоорталықта 426 науқастың жүрегіне 500 стент қойылды. Қазақстанда мұндай қаңқаны бізден басқа, бірнеше кардиоорталықтар орната алады. Бірақ операция жасалған науқастардың саны бойынша біз көш басында келеміз» - деді А. Қодасбаев.

Айта кетелік, скаффолд, яғни стент орнату жұмысы Қазақстанда кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджет қаржысы арқылы қамтамасыз етіледі. Ал бір стентті орнату бағасы орта есеппен 700 000 теңге.

Айта кетелік, 2012 жылдан бері әлемде 75 мың адамға, ал Қазақстанда 800 астам адмға Абсор стенті орнатылған.

Автор:
Қазақпарат