Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Үйлесімді тамақтану – денсаулық кепілі


5 апреля 2015, 13:53 | 3 830 просмотров



2015 жылдың 1-10 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде «Үйлесімді тамақтану – денсаулық негізі!» ұранымен мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру жөнінде онкүндік өткізіледі. Онкүндік шеңберінде тамақ өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін бақылау, оқушыларды ыстық тамақпен және қауіпсіз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша дөңгелек столдар және баспасөз коференциялары; мектептерде тыйым салынатын тамақ өнімдерінің сатылмауын қадағалау және бақылау жөніндегі қоғамдық рейдтер; дұрыс тамақтануды ұйымдастыру бойынша медициналық қызметкерлер мен аспаздарға арналған семинар-тренингтер, «Витаминдер және денсаулық», «Денсаулыққа пайдалы тамақ өнімдері» тақырыбындағы фотоконкурстар және т.б. шаралар өтеді.

Тамақтану бала ағзасының өсуі мен дамуының маңызды факторы екенін естеріңізге саламыз. Бүгінгі күні өмір сүру ұзақтығын 10-15 жылға қысқартатын артық салмақ және семіздік өлім-жітімнің негізгі қауіп-қатері болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, бүкіл әлемде артық салмақ 170 миллионға жуық балада бар.

2012 жылы Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы жүргізген 5-ші ұлттық әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша, энергетикалық сусындарды қалалық балалардың 25,5%-ы, ауылдық жердегі балалардың 22,7%-ы тұтынады. Тез даярланатын тағамды тұтынатын балалардың саны қалалық жерде 13,7%-ды, ауылдық жерде 13,3%-ды құрайды. Жалпы республика бойынша фаст-фудты күніне бір рет 13,7%-ға жуық бала тұтынады.

2014 жылғы мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 57-ші сессиясында қабылданған Тамақтану, дене белсенділігі және денсаулық жөніндегі ғаламдық стратегия мектептегі дұрыс тамақтануды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауға ұсыныстар жасады. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2007 жылғы наурыздағы қаулысымен газдалған және алкогольсіз энергетикалық сусындарды, майға қуырылған картопты, қытырлауықты сатуға тыйым салынғанын атап өту керек.

Онкүндікдің өткізілуі өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайту үшін дұрыс тамақтанудың маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Автор:
ҚР ДС ӘДМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.