Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Қазақстан – туберкулезсіз болашаққа!»


29 марта 2015, 17:35 | 848 просмотров



«Қазақстан – туберкулезсіз болашаққа!»

Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні атап өтілді. 2015 жылы бұл күн елімізде «Қазақстан – туберкулезсіз болашаққа!» ұранмен өтті.Конференцияда атап өтілгендей, осыдан 20 жыл бұрын медицина саласындағы ғылыми жетістіктер мен алғабасуларға қарап, туберкулезді толық жеуге деген сенім болды. Бірақ, әлі күнге бұл дерт әлем елдерінің бас ауруы, қоғамның басты проблемасы боп қалуда. ДДҰ мәліметінше, жыл сайын 8 миллион 600 мың адам туберкулезге шалдығады. Және 1 миллион 300 мың адам жыл сайын осы дерттен көз жұмады. Осыған байланысты ДДҰ туберкулезбен күресті басым бағыт ретінде айқындап отыр.

Соңғы 10 жылдағы туберкулезге қарсы жүйелі шаралар нәтижесінде еліміздегі тұрғындардың туберкулезге шалдығу 55%, ал өлім-жітім көрсеткіші 78% төмендеді. Мұндай үрдіс 2014 жылы да жалғасын тапты. Өткен жылғы қорытынды бойынша 2013 жылмен салыстырғанда ауруға шалдығу 9,5%, өлім-жітім көрсеткіші 16% азайды.

Қазақстан Еуропалық аймақтағы көпдәріге төзімді туберкулез деңгейі жоғары 18 елдің қатарына кіреді. Бұл жерде бірінші кезекте, еліміздің барлық аймақтарында туберкулез диагностикасында инновациялық әдістердің қолданылуы әсер еткенiн атап өтуіміз керек.

ҚР Президенті мен Үкіметінің қолдауының арқасында туберкулезбен күрес шараларына бөлінетін бюджет қаржысы көбейді. Соңғы 3 жылдағы қызмет бюджеті 12%-ға артты. Елімізде көпдәріге төзімді, өте ауыр формадағы туберкулезбен ауыратын науқасқа орташа есеппен мемлекет қазынасынан жылына 1,9 млн. теңге бөлінеді. Бұл ақша науқастың дәрі-дәрмегіне, коммунальдық төлемдері мен жатын орнына, күнделікті тамағы мен жұмысшылардың айлығына жұмсалады.

2015 жылғы ақпанның 17-сі мен 19-ы аралығында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шақыруымен Қазақстандағы туберкулезді эпидемиологиялық бақылауда ұстау бағасы бойынша ДДҰ сарапшылары келіп, арнайы талдау жұмыстарын жүргізді. Шара барысында еліміздегі туберкулезді анықтау әдістері, оның қолжетімділігіне, диагностика мен туберкулез жағдайларының тіркелуіне баға берілді. Талдау нәтижелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбековамен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында топ жетекшісі Филипп Глазью Қазақстанның туберкулезге қарсы күресінің белсенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, «Қазақстан мемлекеттік деңгейде туберкулезбен күреске ерекше назар аударып отыр. Диагностика мен емдеудің инновациялық жеделдетілген әдістері халықаралық стандартқа сай. Ең бастысы, бұл республиканың әрбір азаматына қолжетімді», - деді.

Сонымен қатар, ДДҰ мамандары отандық туберкулез саласындағы ақпараттық жүйе мен өзге де есептерді сенімді деп бағалады. Және туберкулез бойынша ақпараттар мен статистикалық көрсеткіштердің растығына көз жеткізді.

Бірінші, екінші, үшінші топтағы препараттармен науқастарды үздіксіз қамтамасыз ету бұл дертті жеңудің бірден-бір жолына айналып отыр.

«Қазақстан – туберкулезсіз болашаққа!». Бұл ұран қашанда өзекті әрі маңызын жоғалтпайды. Мемлекеттік мекемелер мен халықаралық, қоғамдық ұйымдардың иық түйістіре жұмыс істеуі және БАҚ арқылы халықты ақпараттандыру арқылы ғана елдегі туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштерді төмендетуге, ақырында ауруды жеңуге мүмкіндік береді.

Автор:
ҚР ДС ӘДМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ