Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медициналық білім беру тарихы


29 марта 2015, 11:29 | 6 491 просмотр



Елімізде 60 мың дәрігер және 120 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді екен. Жыл санап мемлекеттік медициналық мекемелердегі дәрігерлер саны бірнеше мыңға өсіп отыр. Сонда да әлі күнге дейін маман тапшылығы байқалады. Медициналық білім беру саласы әрқашан қоғамда ерекше көңіл аударатын, маңызды әрі өте жауапты сала болып қала бермек. Қазақстан медицинасы жайлы сөз қозғағанда медициналық жоғары оқу орындары туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Медицинаның дамуы, алға жылжуы – медициналық білімнің ілгері дамуымен тікелей байланысты. Медициналық университеттер тарихы - еліміздің тарихының, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының қалыптасу жолының айнасы болмақ. Ендеше сол айнаға біраз көз жүгіртсек...

Қазақ медицинасының қарашаңырағы

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бар-жоғы 33-35 жас болған. Халық арасында түрлі жұқпалы аурулар өршіп, медициналық көмекке зәру еді. Дәрігер мамандардың аздығынан, тіптен жоқтығынан сол кезде халыққа медициналық көмекті ресейлік дәрігерлер көрсететін. Бүкіл Қазақстанда 20-30 жылдары 737 дәрігер, 600-ден астам медбикелер болды. (Салыстырмалы түрде: қазір 50 мыңнан астам дәрігерлер мен 110 мың медбикелер бар). Дәрігер мамандарды оқыту ең маңызды мәселе еді. Сондықтан 1930 жылы 10 шілдеде РКФСР Ұлттық Комисарлар Кеңесінің қаулысымен Қазақстанда алғашқы Қазақ мемлекеттік медициналық институтын ашу туралы шешім қабылданды. 1930 жылдың 30 қараша күні Денсалық сақтау халкомының №260 бұйрығымен Санжар Жапарұлы Асфендияров медициналық институттың ректоры болып тағайындалды. «Сеть, структура и контингент приема в высшие учебные заведения органов, находящихся в ведении РСФСР на 1930/1931 год» деген құжатта еліміздегі сол уақыттағы жоғарғы оқу орындары туралы деректер ішінде медициналық институт туралы мынадай жазба кездеседі: «…Алма-Ата. Медицинский институт. Факультет лечебный. Прием: зима 1930/1931 года – 100 человек». Осы жазбаға сүйенсек 1930 жылдың желтоқсанында жұмысын бастаған Алматы медициналық институт алғашқы 100 студентті қабылдайды.

Санжар Асфендияров өз қызметіне 1930 жылы 2-желтоқсанда кіріскен. Сол себептен қазіргі уақытта 2-желтоқсан күні - С.Асфендияров атындығы Қазақ Ұлттық Медициналық университеттің туған күні ретінде аталып өтеді.

Санжар Асфендияровтың қазақ ғылымына, оның ішінде медицина біліміне салған үлесі ерекше. Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халкомы, Алматы медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931 – 33) қызметтерін атқара отырып, Аспандияров осы институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен бірге анатомия, қалыпты физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық-химия, гигиена бөлімдерін және хирургия кафедралар ашты. Санжар Аспандияров жұқпалы аурулармен күреске, аурулар мен індеттердің алдын алу шараларына, халыққа ақысыз дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін туберкулез, шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медицина көмек ісін ұйымдастырды. Орта дәрежелі оқу орындарында, қысқа мерзімді арнаулы курстарда әртүрлі буындағы медицина мамандарын көптеп даярлауға күш салды. Қазақстанда медициналық білім беретін оқу орынын ашылуын ұйымдастырған, осы бағытта талай күш салған Санжар Асфендияров. 1989 жылдан бастап Қазақ Ұлттық университетіне Санжар Асфендияровтың аты беріледі.Қазір бұл білім ордасы қазақ медицина білімінің қарашаңырағы саналады

ҚазҰМУ-нің қалыптасуы мен дамуына кезінде 20 ғ-дың 30-жылдарында КСРО-ның орталық қалаларынан шақырылған профессорлар И.С. Баккал, П.О. Исаев, М.С. Брагин, В.В. Авербург, В.А. Захваткин, Н.Н. Литвинова, т.б. ғалымдар зор үлес қосты. Олармен бірге педагогтар жұмыстарға Қазақстанның таңдаулы дәрігерлері: Х.Н. Бөкейхан, Х.А. Барлыбаев, Ә.М. Байгурин, т.б. тартылды. Тұңғыш директоры – Санкт-Петербург әскери академиясының түлегі Санжар Аспандиаров. 1931 жылы бұл жоғары оқу орнында жалғыз емдеу факултеті ғана болды. Ин-тты 1936 жылы алғашқы 66 түлек бітіріп шықты. Одан кейін педиатрия (1938), санитар-гигиеникалық (1943), фармацевтік (1951), тіс емдеу (1959) факултеттері ашылды. Қазақ медицинасында мамандарды жаппай дайындау кезеңі соғыс жылдарна келді. Майданда әскери дәрігерлерге деген қажеттілік артты. Сол уақытта Алматы медициналық институтының маман дайындау, медициналық кадрларды оқытып шығарудан үлкен белестерге жетті. Ұлы отан соғыс басталғанда 84 оқытушы мен 262 студент өз еркімен майданға аттанды. Университет түлектері Мәншүк Мәметова және Владимир Иванилов Кеңес Одағының Батырлары атағын алды. Көрнекті ғалымдар М.Әлиев, Х.Жұматов, К.Ормантаев, С.Балмұқанов осы ун-ттің түлектері. 1981 жылы университет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1996 жылы 7 тамызда институт С.Ж. Аспандияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университеті болып қайта құрылды. 2001 жылы университеттке ұлттық мәртебе берілді.

Соғыстан кейін қалыптасқан жоғары медицина мектебі

Отандық медициналық білім тарихы 1931 жылы Алматы қаласында медициналық жоғары оқу орнының ашылуымен басталды. Алайда, жалғыз институт республиканың медициналық кадрларға деген артып келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыра алмады. Соған байланысты республикалық органдар мен КСРО Денсаулық сақтау халық комиссариаты алдына Қарағанды қаласынан медициналық институт ашу қажеттілігі туралы мәселе қойылды. Қарағанды қаласы 1940 жылы облыс орталығына айналып, қала тұрғындарының саны 196 мың адамнан асқан еді. Бірақ,Ұлы Отан соғысы бұл жоспарды бұзып жіберді. Сол себептен Қарағанды қаласында медициналық институт ашу мәселесі 1947 жылы қайтадан көтеріліп, облыстық денсаулық сақтау бөлімі Кеңес Одағының Денсаулық сақтау министрлігіне шахтерлер қаласынан медициналық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсыныс жасады. КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 16 қарашадағы қаулысы Қарағанды қаласына «жұмыс істеп тұрған медициналық институттардың бірін ауыстыруды» міндеттеді. КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының 1949 жылғы 5 желтоқсандағы өкімімен «РСФСР Министрлер Кеңесі мен КСРО Денсаулық сақтау министрлігін Қазан қаласының жабылған стоматологиялық институтын белгіленген тәртіпте Қарағанды қаласының медициналық институтына айналдырып, оның профессорларын, оқытушыларын, сол сияқты бірінші курсты бітірген студенттерін соған көшіруге міндеттеу» нұсқалды. Институт директоры болып дәрігер Петр Моисеевич Поспелов тағайындалды.Поспелов басқарған 1950-1974 жылдар аралығындағы кезең бұл институттың құрылуы мен қалыптасу кезеңі болып табылады.

ҚарМИ профессор-оқытушылар құрамында Қазан қаласынан Қарағанды қаласына келген мына мамандар болды: профессор Абрам Иосифович Лаббок, тарих ғылымының кандидаты Мария Михайловна Лоньшакова, биология ғылымының кандидаты Ангелина Аркадьевна Зорина, биолог Модест Евгеньевич Афанасьев, биохимик Валентина Иосифовна Якубовская, медицина ғылымының кандидаты, физиолог, Анвар Арсланович Узбеков, аға оқытушы Борис Григорьевич Мокеев, оқытушы-стоматологтар Вера Степановна және Валерьян Александрович Лавровтар, оқытушы-анатом Галия Гареевна Шамсеева, химик Борис Григорьевич Мокеев, инфекционист Абраам Яковлевич Шульгин, микробиолог Григорий Иосифович Мар, акушер-гинеколог Исаак Иосифович Каганович, хирургтер Дина Лазаревна Цирлина, Марк Григорьевич Шрайбер, Григорий Яковлевич Хволес, терапевт Евгений Израилевич Цукерштейн, дене тәрбиесі оқытушысы Евгений Петрович Шевелев.

1950 жылғы 1 қыркүйектеҚарағанды медициналық институты өзінің алғашқы студенттері: 1 курстың 127 студенті және ІІ курстың 101 студенттеріне есік ашты, олардың арасынан 69 студент Қазан қаласынан ауысып келген болатын. Сол кездегі жалғыз емдеу факультетінде 11 кафедра ашылды. 1950 жылы институтта 23 оқытушы сабақ берді, олардың арасында 3 ғылым докторы мен 3 ғылым кандидаты болды. Қарағанды медициналық институтының ғылыми саладағы бірінші жетістігі 1950 жылдың 21 қарашасында өткен институттың I ғылыми студенттік конференциясы болды. 1952 жылы институтта аспирантура мен ординатура ашылды. 1955 жылы Қарағанды медициналық институты алғаш рет алты жылдық оқу жоспарын толық көлемде аяқтап, бірінші түлектерді – 94 дәрігерді даярлап шығарды, олардың арасынан 15 адам оқуды үздік бітірді. 1957 жылы институт Ғылыми кеңесте кандидаттық диссертациялар қорғау құқығына ие болды. Ғылыми кеңестің төрағасы болып Петр Моисеевич Поспелов тағайындалды. 1958 жылдың 24 сәуірінде медицина ғылымының кандидаты дәрежесіне алғашқы диссертациялық жұмыстарды ассистенттер Н.К.Попова мен Г.Г.Шамсеева қорғады.1958 жылдан бастап 1972 жылға дейін ҚарМИ Ғылыми кеңесінде медицина ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне 186 ғылыми диссертациялар мен медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне 23 ғылыми диссертацияларды қорғау өткізілді.

1961 жылы институтқа бірінші санат берілді, бір жылдан кейін педиатрия факультеті ашылды. Өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс индустриясы ұйымдары, тігін, тамақ және басқа өнеркәсіп кәсіпорындары, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық станциялары санитарлық-гигиеналық факультеттің студенттеріне оқу үдерісі мен тәжірибеден өту үшін базалар бөлді. 1966 жылы жоғары оқу орнында Орталық ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды.1970-ші жылдардың басында Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының профессор-оқытушылар құрамына орташаодақтық көрсеткіштен жоғары деңгейдегі ғылыми дәрежелермен жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар кірді.

1974 жылы ҚММИ ректоры болып медицина ғылымының кандидаты, доцент Александр Петрович Филин тағайындалды, ол институтты 10 жыл басқарды. Бұл кезең институтта жаңа кафедралардың ашылуымен есте қалды. А.П.Филин бюджеттік мекеме қызметінде келісімшарт негізінде ғылыми зерттеулер жүргізуге бастамашы болды, соның нәтижесінде 1974 жылы құрылған ғылыми-зерттеу секторы (ҒЗС)2 жылдан кейін тапсырысты ғылыми-тәжірибелік тақырыптағы сенімді әріптес және жоғары білікті орындаушы ретінде даңққа бөленді. 1978 жылы стоматология факультеті ашылды.

1991 жылы Ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Ал 1992 жылы ҚММИ-да медико-биологиялық факультет ашылды. 1993 жылы институтта дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру факультеті ашылып, оған медицина ғылымының докторы, профессор Александр Георгиевич Швецов жетекшілік жасады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен Қарағанды мемлекеттік медициналық институты Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясы болып өзгертілді. 1999 жылы шетелдік азаматтарға арналған деканаттың базасында шетелдік студенттерді оқыту үшін халықаралық әріптестік бөлімі құрылды. Бөлімге медицина ғылымының кандидаты, доцент Александр Михайлович Филатов басшылық жасады. Мақаш ТыныштықбайұлыӘлиакпаров басқарған жылдары жоғары оқу орнында медициналық білім берудің жаңа тұжырымдамасы: оқу-әдістемелік кешені шеңберінде оқыту мен бақылаудың көпсатылы, модульді-блоктық, рейтингтік жүйесі жүзеге асырылды.

2001 жылы шетелдік студенттер үшін ағылшын бөлімшесі ашылды. 2002 жылы фармацевтикалық факультет, шығыс медицинасы факультеті және медициналық колледж өз жұмысын бастады. Қарағанды мемлекеттік медицна университеті бүгінгі таңда қазақстан азаматтары мен шетелдік студенттер де білім алатын үздік медициналық оқу орындарының бірі.

Өзіндік орны бар оқу ордасы

Семей медициналық университеті – өзіндік тарихы, өзіндік орны бар жоғары оқу ордасы. 1953 жылы 6 қыркүйекте Семейде КСРО министрлері кеңесінің қаулысымен және КСРО-ның денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы (2.09.1952ж. №22611-Р) бойынша Семей медицина институты ашылды. 1959 жылы алғашқы түлектер институтты бітіріп, 275 студент емдеуші-дәрігер дипломын алды. 1963 жылы педиатрлық факультет ашылды. 1982 жылы Павлодар қаласында дәрігерлердің біліктілігін арттыру факультеті ашылып, 1991 жылы стоматологиялық факультет құрылды.1997 жылы институт Мемлекеттік медициналық академияға айналды. 2009 жылы ЖОО университет атағын алып, ресми атауы Семей қаласының Мемлекеттiк Медицина Университетi болып өзгертілді.

Институттың алғашқы құрылған жылдарында биохимия, бейорганикалық, аналитикалық, органикалық, физикалық және коллоидты химияны оқыту жалпы химия кафедрасында жүргізілді. Оның бірінші меңгерушісі Ленинград Университетінің түлегі Коновалов Александр Михайлович болды. Адам анатомиясы кафедрасы 1953 жылы құрылды. Қалыпты анатомия кафедрасының бірінші меңгерушісі профессор И.М.Турецкий, ол кісі 1953 және 1962 жыл аралығында қызмет жасады. Кафедраның алғашқы қызметкерлері болып жұмыс істегендер: доценттер: Я. М. Криницкий, С.Л. Драч; ассистенттер: З. А. Потемкина, Н.Б. Абсалямова, Ф. З. Просоленко, К. К. Власова, Н. И. Попова-Арямкина, Д. М. Балкабекова, Ж. М. Байльдинова, Т. И. Морозова. И. М. Турецкийдің жетекшілігімен көптеген диссертациялық жұмыстар орындалды: Н. И. Поповой-Арямкина (1961); К. К. Власова (1966); Т. И. Морозова (1969). 1964 жылдың күзінен 1971 жылға дейін кафедра меңгерушісі болып доцент Ф.П. Плякин қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында Ф.П. Плякин доценттермен бірге: Н.Б. Абсалямова, Т.И. Морозова, З.А. Потемкина; ассистенттер: Ж.М. Байльдинова, Ч.Д. Джумабаев, Н.Н. Пимкина, В.М. Жангелов, Г.Г. Рыхликова, А.С. Рахметов, Э.Ф. Андреева, Л.Г. Миллер, Г.В. Дружинина, И.Н. Соколова-Милюшина, А. К. Жаксылыкова мен қызмет атқарды. Жалпы гигиена және эпидемиология кафедрасы (кафедра меңгерушісі – доцент Токанова Ш.Е) мен тағамтану және гигиеналық пәндер кафедра (кафедра меңгерушісі – к.м.н. Кембаева К.У.)базаларының бірігуі нәтижесінде 2012 жылы тағамтану және гигиеналық пәндер кафедрасы құрылды. Патологиялық анатомия және сот медицинасы кафедрасы 1955-1957 жылдары құрылған. 2008 ж. осы кафедралар біріктіріліп кафедра меңгерушісі болып м.ғ.д., Шабдарбаева Дария Мұратызы тағайындалды (бұрынғы сот медицинасы кафедрасының меңгерушісі(1996 – 2008 ж.)).

1955-2008ж дейін патологиялық анатомия кафедрасында әр түрлі бағытта ғылыми жұмыстар жүргізілді, жұмысқа басшылық еткендер: профессор, м.ғ.к. Таранов Дмитрий Михайлұлы (1955-1965); доцент, м.ғ.к. Фролов Болеслав Федорұлы (1966 – 1976); профессор, м.ғ.д. Черкасский Лев Аркадийұлы (1976 – 1987); профессор, м.ғ.д. Пругло Юрий Василийұлы (1988 – 2003); м.ғ.к. Қалдыбаев Мұслим Мұзаффарұлы (2003 – 2008).

Сот медицина кафедрасының алғашқы меңгерушісі доцент, медицина ғылымдарының кандидаты Кидралиев Сапи Қыдыралиұлы (1930 ж. туған), 40 астам ғылыми жұмыс авторы, Семей мемлекеттік институттың оқу бөлімінің проректоры. Сапи Қыдыралиұлы оқытушы жұмысы мен сараптама жұмысын қоса атқарып жүрді. Биология кафедрасы 1953 жылы құрылған. Кафедра құрамында меңгеруші, үш ассистент, үш лаборант және бір препаратшы болды. Кафедраның бірінші меңгерушісі б.ғ.д., профессор Е.А. Финкельштейн болған.

Ірі ғалым, әрі тамаша педагог Е.А. Финкельштейн 1930 ж. бастап Харьков медициналық институтының биология кафедрасын меңгерген. Ол 1940 ж. докторлық диссертация қорғаған және Семейге тағайындалар алдында қырықтан астам ғылыми жұмыс, оқулық, монографиялардың авторы болған. Оның үлкен педагогикалық тәжірибесінің арқасында биология кафедрасында бірінші жылдың өзінде қажетті кестелер және препараттар болды. Олардың көпшілігін сол уақытта меңгеруші жетекшілігімен кафедра қызметкерлері дайындады. Фармакология кафедрасы Семей медициналық институтында 1955-1956 оқу жылында ұйымдастырылған. Алғашында кафедраны Гребнева Л.А басқарған, кейіннен кафедра меңгерушісі болып А.А.Алтымышев тағайындалған, әйгілі ғалым, м.ғ.д, профессор атағына ие болған, Қырғыз Ғылыми Академиясының академигі. 1962 ж. бастап кафедраны м.ғ.к., доцент К.О. Оралбаев, ал 1971 ж.бастап м.ғ.д., профессор М.Д. Гаевый басқарған. Олардың қол астында ми қан айналымының фармакологиясын зерттеу бағытында бір қатар диссертациялар қорғалған. Сондай-ақ университетте бүгінгі күні Ішкі аурулар пропедевтикасы , Апаттар медицинасы, акушерия және гинекология ,Стоматологиялық пәндер кафедрасы, Физиологиялық пәндер ,Ішкі аурулар,Жалпы дәрігерлік практика кафедрасы,Балалар аурулары, Балалар жұқпалы аурулары және фтизиатрия,Хирургия және травматология,Жалпы хирургия,Акушерия және гинекология,Неврология, психиатрия және жұқпалы аурулар ,Онкология және визуалды диагностика ,Иммунология және дерматовенерология және т.б кафедралар жұмыс істейді. Университет сайтында негізгі миссиясы былай көрсетілген: Жаһандық денсаулық мәселелерін түсінуге дайын, мемлекетіміздің дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге қабілетті, оқытушылардың, студенттердің және жұмысберушілердің өзара ерекше ортасын қалыптастыру негізінде жоғарыбілікті, бәсекелестікке қабілетті жаңа медициналық кадрлар дайындау; жоо барлық қызмет көрсету салаларына инновациялық технологияларды енгізу; өмір бойы білім және ұдайы кәсіби білім алуда біліктілікті қамтамасыз етуге талпыну; Шығыс – Қазақстан аймағы және Қазақстан Республикасының халқының денсаулығын сақтау бойынша қоғамның қажеттілігін орындау.

Біз білетін Батыс

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің тарихы 1957 жылдан басталады, КСРО жоғары білім министрлігінің осы жылғы бұйрығымен 1 қыркүйекте батыс және солтүстік-батыс Қазақстан аймағын жоғары білікті дәрігер мамандармен қамту үшін Ақтөбе мемлекеттік медицина институты ашылды. Алғашында тек қана «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқыту жүргізілді.Ақтөбе қалалық халық депутаттары кеңесінің шешімімен медицина институтына Ленин көшесі, 52-үйде орналасқан, осы уақытқа дейін Н.Байғанин атындағы Ақтөбе педагогика институтының жаңа оқу нысаны ретінде пайдаланылған ғимарат берілді.Институттың бірінші директоры (ректоры) болып медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, кейіннен медицина ғылымдарының докторы, академик Алмағамбет Бекішұлы ДАЙЫРОВ тағайындалды.Медицина институтының ашылуы тек Ақтөбедегі немесе Қазақстанның Батыс аймағындағы ғана емес, тұтас Қазақстан үшін елеулі оқиға болды. Сөйтіп, мұнда медицина ғылымының дамуы басталды, облыс орталығында ерекше интеллектуалдық-мәдени кеңістікке жол ашылды. Институт жұмысының тез қарқын алуына Кеңес Одағының көптеген медициналық жоғарғы оқу орындарының оқытушы ғалымдары атсалысты. Мысалы, алғашқы оқу жылының өзінде И.М. Сеченов атындағы МОЛГМИ, Ленинград және Пермь медициналық институттарының кітапханаларынан, сондай-ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орталық институтының (Ленинградтағы) кітапханасынан оқулықтар алынды.

Алғашқы оқытушылар Мәскеу, Ленинград, Одесса, Қазан, Алматы, Киев, Новосібір және т.б. КСРО жетекші медициналық институттарынан жіберілді. Олардың қатарында медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесі бар - А.П. Сорокин, С.Н. Гордина, К.В. Мельникова, В.В. Морозова, Г.Я. Красношлыков, A.M. Мамырбаев, Х.Е. Маманова, И.А. Будчанов, В.А. Яглинский, А.В. Мысляева, Ж.М. Сиджанов, В.А. Пищик және т.б. болды.

Білім берудің қысқа мерзімде үдерісі ұйымдастырылды, алғашқы талапкерлерді қабылданып, Ақтөбе топырағында жаңа оқу орнының ірге тасы қаланды. 1957 жылы қазан айында жеті кафедра ашылды.

1957-1958 оқу жылының басындағы АқММИ құрылымы төмендегі кестеде көрсетілген:

Ректор А.Б. Даиров 1957 жылдан 1963 жылға дейін институтқа білікті мамандарды топтастырып, өзі жалпы хирургия кафедрасына жетекшілік етті. Оның бастамасымен АММИ-де 33 кафедра ашылды, оның ішінде 17-сі – клиникалық бағытта болатын.

60-жылдарда Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті ұжымына оқытушылардың жаңа легі қосылды. Бұл -профессор М.Ш. Шабанов, медицина ғылымдарының кандидаты В.М. Сенников, Г.В.Овсянников, А.И. Корват, В.И. Щеняцкий, Р.М. Козачинский, ИА. Будчанов, Л.Н. Фарафонова, А.Т. Стародубов және басқалары болатын.

1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетін емдеу ісі мамандығы бойынша 157 дәрігер бітіріп шықты. 1963-1966 ж аралығында институтты Н.Д. Растопчин басқарды, оның жетекшілігімен урология кафедрасы ашылды, мөлтек ауданда морфологиялық корпустың құрылысы басталды.

Алғашқы түлектердің 7-уі үздік дипломмен аяқтады, олар: Е.С. Мамбеталин, В.М. Бондаренко, М.Ш. Ахметов, А.Х. Хамзин және басқалары.

1966-196 жылдары институтты факультеттік терапия кафедрасының меңгерушісі В.Н. Андреев басқарды. Ол ректор болған уақытта морфологиялық корпустың құрылысы аяқталып, балалар аурулары және фтизиатрия кафедралары ашылды. Сол кездегі оқытушылық құрамда ғалымдар мен әртүрлі ғылыми-мектептердің педагог-клиницистері: Х.Е. Маманова, М.А. Дудченко, P.M. Заславская, М.А.Бульиналар ерен еңбек етті.

Фармакология кафедрасының меңгерушісі Т.Ш. Шармановтың басшылығымен өткен 1968-1971 жылдар Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті өмірінде айрықша белсенділігімен есте қалады. Бұл мезгілдері жоғарғы оқу орындарындағы жұмыстарының түрлі бағытта қарқынды дамыды. Мысалы, педиатриялық факультет пен дайындық бөлімі ашылды, құрамына 8 кафедраны біріктірген тамақтану сұрақтарына арналған ғылыми зертхана ұйымдастырылды; жаңадан 3 кафедра ашылды. Ақтөбе мемлекеттік медицина университетнің түлектерін I МОЛГМИ жанындағы аспирантурада оқыту мәселесі оңтайлы шешіліп, төп тиражды «Медик» газеті шыға бастады.

1971 - 1995 жылдары, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын ширек ғасыр бойы А.С. Смағұлов басқарды. Ол басшылық жұмыспен бірге рентгенология және медициналық радиология кафедрасына жетекшілік етті. А.Смағұлов басқарған кезде институттың материалдық-техникалық және ғылыми базасы нығайды – ғылыми зерттеу орталығы, 2 оқу-зертханалық ғимарат, 3 жатақхана салынды, бас ғимараттың құрылысы басталды. Тұрақты түрде 7 кафедра толыққанды жұмыс жасап, орталық әдістемелік комиссия (кейін «орталық әдістемелік кеңес» болып өзгерді) және орталық әдістемелік бөлме (1973 ж.) ұйымдастырылды, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің біліктілігі және білімін жетілдіру факультеті (1979 ж.), орта медицина қызметкерлерінің факультеттері (тіс дәрігерлік бөлімі, 1193 ж.), оқытушылардың біліктілігін көтеру бөлімдері (1994 ж.) ашылды. 1993 жылдан бастап университетте түрлі мамандық бойынша кандидаттық диссертациялар қорғау үшін диссертациялық кеңес құрылды.

2000 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына осында 20 жылдан астам қызмет атқарған, экономика ғылымдарының докторы, танымал қоғамдық-саяси қайраткер, ҚР Мәжіліс Төрағасы Марат Оспановтың аты берілді де, бұл жоғарғы оқу орыны Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина акдемиясы деп аталды. Бұл кезде академияға Ж.А. Досқалиев басшылық еткен болатын (1998- 2000 жж.)

2001-2002 жылдары университет орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісі бойынша мемлекеттік лицензияға ие болды.2009 жылы ақпанда оқу орыны университет статусын алды. 2010-11 оқу жылының қараша айында университет медицина білімінің дүниежүзілік федерациясының бас кеңесшісі Йорген Нуструптың (Дания) қатысуымен білім беру жұмыстарының Ұлттық ҚР БҒМ стандарттарына сәйкестігін дәлелдейтін институционалдық аккредитациядан өтті. Батыс Қазақстанның (Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау) қалалары мен облыстарының және Қызылорданың медициналық мекемелеріндегі дәрігерлердің негізі Марат Оспанов атындағы БҚММУ-дың түлектерінен құралған. Жыл сайын университетте 3000 қазақстандықтар мен шетелдіктер (студенттер, интерндер, клиникалық ординаторлар, аспиранттар, біліктілік көтеру факультетінің тыңдаушылары, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің білімін жетілдіру факультетінің курсанттары) тыңдаушылар білім алады. Әр оқу жылындағы бітушілер саны 400-ден жоғары жас маманды құрайды.

Дайындаған: Мәдина Омарқұлова

P.S. Газетіміздің сайтына көпшіліктің еліміздегі медициналық университеттері туралы ақпарат беру ұсынысы салдарынан осы мақала дайындалды. Жоғарыда көрсетілген тарихи мәліметтер университеттердің жеке сайтынан және энциклопедиялық дерек көзінен алынған.

Автор:
Мәдина Омарқұлова